Жолды саламыз, ал жол бойындағы экологиялық ахуалды ойластырып жатқан жоқпыз

Жолды саламыз, ал жол бойындағы экологиялық ахуалды ойластырып жатқан жоқпыз

Орденбек Мазбаев, Қазақ географиялық қоғамы ғылыми кеңесінің хатшысы, география ғылымының докторы, профессор:

– Орденбек Білісбекұлы, өткен жыл­дың қорытындысы бойынша жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы атан­дыңыз. Құтты болсын! Өткен жылы оқы­тушылық қызметіңізбен бірге, қо­ғамдық еңбегіңіздің де жемісті бол­ға­нын білеміз. «Қазақстан аңыздары» ат­ты тұңғыш қазақстандық ғы­лы­ми-­та­­нымдық автоэкспедицияны қо­­ры­­тын­­дыладыңыздар. Осы сапар гео­граф­тар үшін қандай нәтижеге қол жеткізді?
– Бұған дейін біздің бірлестіктің түрлі экс­педициялары болғанымен, Қазақстанның бар­лық аумағын қамтитын саяхаттар ұйым­дастырмаған едік. Оңтүстік полюске сапар ше­герде Mercur Auto компаниясының бас­шысы Қанат Ақышевпен кездейсоқ кез­дес­ке­німізде, ол «Қазақстан туралы қандай іс-ша­раларыңыз бар?» деп сұрады. Біз аздап ұят­­қа қалдық, өйткені Қазақ географиялық қо­­ғамы өз елімізге қатысты ешқандай та­ным­­дық экспедицияны қолға алмаған екен. Осыдан кейін дереу 2012 жылы «Қа­зақстан аңыздары» атты саяхатты ұйым­дас­тыруды ойластырдық, оның жауапкершілігі ма­ған жүктелді. Нәтижесінде біз Қазақ­стан­ның 12 облысының аумағынан өтетін бағыт бо­йынша табиғи, тарихи деректерді жи­науды, аңыз әңгімелерді жинастыруды, ай­мақ­тардың экономикалық-әлеуметтік даму ерек­шеліктерін бағамдауды, туристік мүмкіндіктерді бажайлауды көздейтін ғы­лыми жобаны дүниеге әкелдік. Экс­пе­ди­цияның басты ерекшелігі – оған бұқаралық ақ­парат құралдары өкілдерін көп қа­тыс­тырып, солардың еңбегі арқылы халыққа кең насихаттауды мақсат еттік. Бұл мақ­сатымыз толық орындалды, себебі Көк­тө­беден бастап, 10 800 шақырымды 18 күнде жү­ріп шыққан автоэкспедиция құрамындағы 68 адамның 70%-ы журналистер болды. Сәй­кесінше, экспедицияның әр күні, әр саға­ты туралы хабарлар, фото-бейне материал­дар еліміздің негізгі ақпарат құралдары арқылы тарап жатты. Бұған біз өте қуаныш­ты­мыз, өйткені журналистер естігенін емес, өздері көзбен көрген, сезінген нәрселерін жазады. Енді экспедицияның ең негізгі мақ­са­тына келсек, еліміздің аумағы өте үлкен, ол табиғи ерекшелікке де, ресурстық мүм­кін­діктерге де, тарихи орындарға да бай, ал біз экспедиция арқылы осы айтылғандардың қазіргі жағдайын көзбе-көз бақылап шықтық. Ол кезде EXPO-2017 көрмесінің Ас­танада өтетіні белгілі болған жоқ еді, соған қарамастан, біз экспедиция кезінде осы көрменің талаптарын ескеріп, ай­мақ­тар­дағы жел және күн энергиясын, су ресурс­та­рын, биоресурстарды пай­да­ланудың мүм­кіндіктеріне көңіл аударып, сондай жерлерді есеп­ке алуға тырыстық. Қазақстан аумағын тү­гел жүріп өткен кезде біз еліміздің ау­мағында екі-үш жерде ғана желден энергия алып отырған қуат көзі барын байқадық. Қай аймақта, қай тұста қандай жел бар еке­нін, олардан қалай қуат өндіруге болатынын, қалай пайдалану керектігін де есепке алдық. Мысалы, Жетісу Алатауында, Торғай ойы­сын­да жыл он екі ай жел соғып тұрады. Қа­зақтың кең даласында желдің соғу үрдісі Еу­ропа елдеріне қарағанда көп. Соған қа­ра­мас­тан, айталық, Скандинавия түбегінің өзінде қаншама жел диірмені тұр?! Ал бізде – екі-үш жерде ғана. Сондықтан да елімізде энергия өндірудің баламалы әдістерін да­мы­туға мүмкіндік мол. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы EXPO-2017 көрмесіне де­йі­н осы мә­селеге ерекше ден қойып отыр­ғаны да со­дан. Ол кезге дейін желден қуат өндіру орын­дарын жасап алатын болсақ, бізге жаңа тех­нология да келеді. Енді осы зерт­теу­лерімізді пайдалана отырып, EXPO-2017 көр­месі аясындағы кейбір бағдарламаларға қа­тыссақ деген ниетіміз бар. Біз мемлекеттік бюд­жеттің мойнына масыл болмай, туристік әле­уетті арттыруға, ғылымды дамытуға ба­ғытталған, елімізге септігі тиетін басқа да жо­баларға алпауыт компанияларды, қар­жысы бар «қазақпын» деген азаматтарды тарт­сақ дейміз. Онсыз біз мұндай үлкен сая­хат­ты өткізе алмас едік. Енді осы экспе­ди­цияның негізінде әзірленген материалдарды ары қарай ғылыми ізденушілер, ма­гис­трант­тар мен студенттер өздерінің зерттеу ең­бектеріне пайдаланатын болады. Елбасы өзі­нің халыққа арнаған Жолдауында Қа­зақстан ғылымын дамытуға көңіл бөлгені ме­ні қуантады. Біз, Қазақ географиялық қо­ғамы, ғылымды дамытуда осындай жеке бас­тамаларға мұрындық болғымыз келеді. Мы­салы, Оңтүстік полюске сапар шегіп, Қа­зақ­станның метеостансысының ашылу үдерісін жақындаттық. Енді мемлекеттен қол­дау бол­са, онда ары қарай зерттеулер жүр­гізуге ешқандай кедергі жоқ. Тағы бір айта кететін жайт, «Қазақстан аңыздары» бо­йынша жа­рық көрген материалдар жастарға оқу­лық-көр­некілік құралдар ретінде ұсы­нылып, олар­дың атамекенге деген сүйіс­пен­шілік се­зімін жетілдіруге ықпал етіп жатыр. Өл­­ке­міздің әсем табиғатының фото­су­рет­терін та­машалаған жас қазақстандық қа­лайша елі­нің патриоты болмасын?! Қазақ гео­гра­фия­лық қоғамының өзінің ендігі сая­хат­­та­рына студенттер мен жас оқыту­шы­ларды көп қа­тыстырғалы отырғаны да сондықтан. Жуыр­да «Этнос бесігі: Қазақстанның киелі жар­тастары» атты танымдық альбом шы­ғарған болатынбыз. Мұнда Қазақстанның та­рихы, табиғаты туралы үш тілде мағ­лұ­мат­тар берілген және кітап фотосуреттермен безендірілген.
– Сапар барысында елімізде туристік ин­­фра­құрылымның кемшілік тұстарына көз жет­кіздік. Ол – жолдардың нашар­лы­­ғынан бас­тап, көрікті табиғи орын­дар­­да био­дә­рет­хананың жоқтығына де­­йін. Сіздің ойыңызша, ішкі туризмді да­­мытуды неден бастау керек жә­не қан­дай мәселелерге көңіл аудару кер­ек? Туристік реестр жасалды ма?
– Иә, бізбен бірге өзің де куә болдың, шы­ғыста Марқакөл, Жайсаң жағаларынан біз шетелдіктерге мақтана көрсете алатын туристік кешендердің жоқтығын көрдік. Алакөл жағалауында да ауыз толтырып айтарлық жөнді демалыс орны жоқ. Мен Антарктидада болғанда сол мұзды, өмір сүруге қолайсыз құрлықтың өзінде туристік сервистің жолға қойылғанын көрдім. Демек, оны дамытуға кез келген жерде де мүмкіндік бар, бұл адам факторына тікелей байланыс­ты. Алакөлдің жа­ғасында биодәретхана қою­ға неге мүм­кін­дік жоқ?! Әрине, бар. Ол түгіл, жердің со­нау шыңырауынан тұнық су да шығаруға бо­лады ғой. Сол себепті жер­гілікті атқарушы ор­гандардың осы мәсе­ле­лерге айрықша ден қоюы керек деп ой­лай­мын, өйткені ай­мақ­тың дамуына солар жа­­уапты. Қазір елімізде Өңір­лік даму ми­нистр­лігі құрылды. Бұл Пре­зи­денттің кө­ре­гендігі деп ойлаймын, енді мұ­ның ішкі ту­ризм­ді дамытуға септігі тиеді, жа­ңадан құ­рылған министрлік бұл істе ди­рижер сияқ­ты әкімдердің жұмысын қада­ға­лап, олардың жауаптылығын бақылайтын бо­лады. Қазақ географиялық қоғамы да ішкі ту­ризмді да­мытудың мүмкіндіктерін қа­растыра оты­рып, аймақтардың тұрақты өр­кен­деуіне үле­сін қосып келеді. Мысалы, Ала­көл мен Балқаш жағдайына көңіл ау­да­рып, бұл екі табиғи өлкеде емдеу-сауықтыру ісін да­мытуды ұсынып жүрміз. Сол сияқты Қы­зылорда об­лы­сындағы Қамбас көлінің жағасында бір­не­ше профилакторий салу туралы бастама кө­терудеміз. Үкімет сондай орталықтардың құрылысын қаржыландырса дейміз. Бұл жерге «бесжұлдызды» қонақүй қажет емес, ондағы қызмет құны қымбатқа түседі. Ал бізге қарапайым қазақ­стан­дық­тар­дың қолы жететін сауықтыру орындары керек. Қазір шетелдіктердің өзі Қазақстандағы емдеу-сауықтыру орта­лық­тарында баға тым жоғары екенін айтады. Мұн­дай орындарда қызмет көрсетуді, олар­ды керек-жарақпен, азық-түлікпен қам­та­ма­сыз етуді тиімді шешудің жолдарын қа­рас­ты­ру қажет. Айталық, демалушыларды та­мақ­тандыру ісіне жергілікті тұрғындарды тарту керек. Бұл мәселеде Қытайдың, Біріккен Араб Әмірлігінің тәжірибесі тамаша. Мен 1989 жылы Амур жағасындағы Қы­тай­дың Хэйхэ және Ресейдің Благовещенск қа­ла­ларында болғанмын. Сол уақытта Хэйхэ біз­дің Тұздыбастау сияқты елді мекен бо­латын. Ал кейін қытай-орыс шекаралық қа­тынастарының ашылуына байланысты Хэйхэ қа­ласы Қытайдың ең көрікті қалаларының біріне айналды. Бүгінде онда туризм мен кәсіпкерлік жақсы дамып кетті. Енді «Қа­зақстан аңыздары» экспедиция барысында қол­ға алуды көздеген туристік реестр мен кадастр мәселесіне келейін. Өзімнің туризм са­ласындағы 16 жылдық зерттеуім бо­йынша, өкінішке қарай, Қазақстанда мұндай ту­ристік құжатты, мәліметтер жиынтығын жа­сау қолға алынбаған. Біз Алматы облысы бойынша немесе Жамбыл облысы бойынша қай жерде не жатқанын, өңірдің қай жерінде қандай табиғат ескерткіші, қандай тарихи ес­керткіш, қандай мәдени-экономикалық ны­сан орналасқанын білмейміз. Ондай ны­сан­дардың құндылығы неде, ол жерлердегі ба­ға қандай, тіпті қазіргі хал-ахуалы қандай, оған баратын жол бар ма, жоқ па, ол жерде энер­гия көзі бар ма, жоқ па, міне, бұл тағы анық­талмаған. Осындай мәліметтер жи­нақ­тал­ған болса, біз туристік реестр жасаймыз. Ал ондай құжат болмағандықтан, қай жерде нені дамыту керектігін тағы білмейміз. Білім және ғылым министрлігі тарапынан бөлінетін грант­тарға осындай құжатты дайындау жо­басын ұсынсақ дейміз. Қазіргі кезде «Батыс Қы­тай – Батыс Еуропа» жолы салынып жа­тыр. Бұл құрылысқа қатысты даулы мәселе бар. Жолды саламыз, ал жол бойындағы эко­логиялық ахуал қалай болады, мұны ой­лас­тырып жатқан жоқпыз. Меніңше, бұған жер­гілікті әкімдер тікелей жауапты. Ал ту­рис­тік реестр мен кадастр жасау мәселесіне Ту­ризм индустриясы комитеті айрықша назар ау­дарса дейміз.
– Экспедиция кезінде көптеген жер-су атау­ларындағы ала-құлалықты, орыс­­тілді зерттеушілердің қателігінен те­ріс қалыптасып кет­кен топонимдерді бай­қадық. Жер-су атау­ларын реттеуде қандай бастама көтеріп отырсыздар?
– Иә, елімізде шығу тарихы беймәлім жер-су атаулары бар. Олардың көбінің мәні мек­­теп оқушыларына да, тіпті үлкен ше­неу­нік­тер­ге де белгісіз. Ұранқай не себепті бұлай аталады? Марқакөлдің атауы қайдан шық­қан? Ешкім нақты білмейді. Міне, Қа­зақ­­стан­дағы жер-су атаулары түбегейлі зерт­теуді қа­жет етеді. Бұл іске филологтер, та­рих­­­шы­лар, географтар бәрі атсалысуы ке­рек. Топонимикалық атаулар жеті қат жердің астында жатыр. Үстіңгі қабаты орыс атаулары болса, мұның алдындағы жоңғар, ойрат, қалмақ тілінен енген атаулар, одан арғыдағы түркі тіліндегі атаулар да зерт­тел­мей келеді. Қазақ жеріндегі өлке атау­ла­рының тарихы, төркіні тек өз еліміздің ау­ма­ғы­нан табылмауы мүмкін, олардың шығу тегін Сібірден де, Моңғолиядан да, сонау Кам­чаткадан да, Кавказ бен Еуропадан да іздеу керек. Қазір елімізде жер-су атау­ла­рын­дағы ала-құлалықты реттеумен ай­на­лы­сатын арнайы комиссиялар бар. Осындай ко­миссиялар бұл іске өте мұқият және ғы­лыми тұрғыдан қарауы тиіс. Біреуі солға, келесісі оңға тартып жатса, бұл – жер-су атау­лары тарихына қиянат. Атаудың мәні осын­дай себептен жоғалып кетеді. Біз «Рах­ман бұлағы» деп атап жүрген жердің атауын осы кезге дейін Рахманов деген орыс аң­шысы туралы аңызбен байланыстырып кел­дік. Ал, негізінде, ол  кезінде қа­тон­қа­ра­ғай­лық Рахман деген ақсақалдың  тапқан бұ­ла­ғы екен. Ол кісінің ұрпақтары әлі бар деп  естідік. Еліміздің солтүстігінде орыс ті­лінің атаулары басым. Көбі кеңестік дә­уірден қал­ған. Мұндай жерлердің бұрынғы атау­ла­рын қайтаруды қарастыруымыз қажет. Өйт­ке­ні қазақтың даласы болғаннан кейін ол жер­­лердің кеңестік дәуірден бұрын да өз ата­­уының болғаны анық қой. Жер-су атау­ла­рына қатысты тағы бір ерекшелік, қазақ – ақкөңіл, қонақжай халық. Сол себепті кей­бір жерлердің атын өзге елдің құрметті адам­дарының атымен атап, тарихта қал­ды­рып отырған. Айталық, жаугершілік за­ман­ның өзінде Қаскелең, Шамалған деген атау­лар жоңғар батырларының құрметіне қо­йылған, халқымыз өзінің жауы болса да, олардың батырларының ерлігіне бас ие білген. Тағы бір айтатын нәрсе, бізде бір ба­тырдың құрметіне берілген жер-су атаулары өте көп. Ал олардың бәрі бірдей бір ба­тыр­дың емес, өзара аттас тұлғалардың аты бо­луы мүмкін. Мысалы, Алматы, Шығыс Қа­зақ­стан облыстарында Қабанбай батыр есі­мімен аталатын бірнеше елді мекен бар. Бұл жерлердің атауы бір Қабанбайға емес, әр ғасырда өмір сүрген Қабанбай аттас бас­қа батырлардың құрметіне берілген болуы ық­тимал. Кейін Қаракерей Қабанбай ғана ха­лықтың санасында жақсы сақталып, атау­лар сол кісіге телініп кетуі әбден мүмкін. Міне, топонимикамен айналысатын арнайы комиссиялар осындай мәселелерді мұқият зерттеуі керек.
– Еліміздегі теңіз деңгейінен осынша ша­­қы­рым жоғары нүкте деп белгіленген би­ік­тік­терінің көбінде атау жоқ екен. «Қа­зақстан аңыз­дары» экспедициясы ке­зінде осы жайт­қа да назар аударылып еді. Тіпті олардың кей­біріне атау беру ту­ралы да бастама көтерілді. Бұл жө­нін­де не айтасыз?
– Мұндай биіктіктердің көп екені рас. Бірақ біз оларға кешенді зерттеулерден соң ғана атау беру керек деп ұйғардық. Өйткені асы­ғыс­тықтың салдары мағынасы түсініксіз атау­лардың қатарын көбейтіп жіберуі мүм­кін. Мысалы, Үстірттегі теңіз деңгейінен мың­даған метр биіктіктердің көбінің атауы түсініксіз. Сол себепті биіктіктерімізге гео­гра­фиялық атау беру мәселесін үлкен ғылыми ме­кемелердің құзырына қалдырып отыр­мыз.
– Қазақстанда шетелдіктерге ғана емес, өзімізге де беймәлім орындар көп пе?
– Өте көп. Бір ғана мысал – еліміздің шы­ғы­сындағы ескі австриялық жол. Рахман бұ­ла­ғының өзі туралы білмейтін қазақ­стан­дық­тар жетерлік. Сол сияқты Үстірттегі Тұзбайыр, Боз­жыра атауларын еліміздің өзге ай­ма­ғын­дағы жұрт білмейді. Заманындағы атақты ем­ші, әулие, көріпкел Ырғызбай Дос­қан­а­ұлы­ның бейіті де – туристік орын боларлық қа­сиетті жер. Асанқайғының, Қорқытата­ның табаны тиген жерлердің өзі сырын бүккен күйі жатыр.
– Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы той­лан­ған жылы Оңтүстік полюске сапар ше­к­кеніңізді білеміз. Қазақстандық сая­хат­шылардың тұңғыш сапары не берді?
– Иә, бұл сапар 2011 жылдың желтоқсан айында әйгілі полюстік саяхатшы, ғалым Руаль Амундсеннің Оңтүстік полюсті ашуына 100 жыл толуына және Қазақстан Тәуел­сіз­дігінің 20 жылдығына арналған болатын. Бұл саяхат арқылы біз еліміздің әлемнің өзге мем­лекеттерімен терезесі тең деңгейге жеткенін көрсеткіміз келді. Үш автокөлікпен бес қазақстандық, бір ресейлік және бір исландиялық, барлығы жеті адам болып, Антарктидаға барып қайттық. Басты мақсат­та­рымыз Қазақстан – Антарктика (Ан­тарк­ти­ка туралы келісімшарт) келісімшартына ену және Оңтүстік полюсте қазақстандық полярлық стансысын ашу болатын. Бізге Антарктика туралы келісімшарт ұйымына ену аса қажет. Біз Оңтүстік полюсте Ресейдің, АҚШ-тың, Үндістанның метеостансыларын көрдік. Бұл олардың ғылымының жаңа табыстарға жетуіне айтарлықтай ықпал етіп отыр. Сол сияқты Антарктика туралы ке­лісім­шартқа Украина, Эстония тағы басқа елдер де мүше болып отыр. Антарктика туралы конвенцияға сәйкес, Антарктида ешқандай мемлекеттің меншігіне кірмейді, 2041 жылға дейін оны игеруге тыйым салынған. Онда әскери мақсаттағы әрекеттер жүр­гі­зіл­мейді, сондай-ақ ол ядролық қарусыз аймақ бо­лып есептеледі. Құрлықта бейбіт мақ­саттағы іс-әрекеттер, негізінен, ғылыми-зерт­теу жұмыстары жүргізілуі керек. Бұл жердің ауасы өте таза, мұнда спутникпен жұмыс істеу тиімді, қолайлы. Америкалықтар Антарктиканың қақ ортасына тұңғыш рет 1956 жылы Амундсен – Скотт мете­о­стан­сы­сын салды. Кейін мұнда Кеңес Одағы да бір­неше ғылыми стансы салған еді, қазір олар­дың бәрі Ресейдің қарамағында. Бірақ бүгінде бәрі ескіріпті. Сол себепті егер біз бұл келісімшартқа қосылсақ, Қазақстан да Ан­тарктидада өзінің ғылыми кешенін ашып, ке­лешек үшін қажет үлкен ғылыми-зертт­еу­лер­ді бастар еді. Қазір ҚР Сыртқы істер ми­нистрлігі мен Әділет министрлігі тарапынан бар­лық қажет құжаттар дайындалып жатыр. Біздің бұл келісімшартқа биыл қосылып қалуымыз мүмкін. Солай болса, онда Оңтүстік полюсте ғылыми кешендер салуды 2014-2015 жылдары қолға алуымыздың мүмкін екеніне сенімдімін.
– Бүгінгі адамзаттың негізгі алаң­дай­тын мәселесі ғаламдық жылыну болып тұр. Осы құбылыстың елімізге әсері қан­ша­лықты?
– Қазір ғаламтордағы күнбе-күнгі ақпа­рат­тарға қарайтын болсаңыздар, бай­қай­сыздар – Африкада қар жауып жатыр, Еу­ро­пада – бұрын-соңды болмаған қар көшкіні, кей­бір елдерде алапат су тасқыны болды. Мұз­дықтардың еріп азаюымен бірге мұ­хит­тарда айсбергтердің пайда болуы көбейіп ке­ле жатыр. Бұл ғаламдық жылыну ма, жоқ па?! Мүлдем қыс болмайтын аймақ­тар­да, тропикалық белдеулерде қар жауып жат­са, бұл, әрине, ғаламдық жылыну құбы­лы­сының бізге сезіле бастағаны. Бірақ табиғатта рит­микалық цикл деген болады: белгілі бір ке­зең сайын, 500 жыл бола ма, миллион жыл бола ма, кейбір бірегей ауытқушылықтар қайталанып отырады. Бұл – сондай та­би­ғи құбылыс. Мысалы, өзендердің тартылуы, мұз­дықтардың кемуі, желдердің бірнеше ға­сырлық ормандарды қиратып кетуі тағы бас­қа. Арал теңізінің өзі бірнеше рет жо­ға­лып кетіп, кейін қайта тіріліп, қалпына келіп отыр. Әрине, осындай ритмикалық цикл­дер­ге адамның іс-әрекетінің де ықпалы бар еке­ні сөзсіз. Алматының өзінің ауа райын алып қарайық. Қаланың соңғы 10 жылдағы климатының өзгеріп кетуіне кім кінәлі? Кінәлі – қала құрылысы, қаладағы көлік жүйесі және халық санының шамадан тыс болуы. Ауа райы табиғатқа деген мұндай нем­құ­райдылығы кешірмейді. Дегенмен мен ғаламдық жылынудың салдары қаншалықты орасан болса да, оны табиғатта белгілі бір кезеңдерде ритмикалық циклге сай болып тұратын және реттелетін құбылыс деп білемін. Бірақ әр адам табиғаттың өзі өмір сүрген уақыттағы жағдайының жақсы болғанын қалайды ғой, сондықтан адамдар әрқашан қоршаған ортаға ұқыпты болуы керек, табиғатты аялай, сыйлай білуі керек. 
– Алматының үстіндегі Мәметова мұздығы түбіндегі мұздақты көлдің сел ту­ғызу қаупі туралы жиі айтылып қала­ды... Қауіп бар ма?
– Көлдің бір кездері қауіп төндіргені рас. Бі­рақ кейінгі уақытта оның суы азайтылып, селді болғызбаудың шаралары тұрақты түрде қолға алынды. Қазіргі мезгілде алма­ты­лықтардың алаңсыз ұйықтауына болады. Жоғарыдан келетін сел қаупі жоқ деуге толық негіз бар. Мамандар таудағы көлдің тасып кетпеуін, мұздықтардың шамадан тыс еріп кетпеуін әрқашан қадағалап отырады.
– Әңгімеңізге рақмет.

Алаш-анықтама
Орденбек Білісбекұлы Мазбаев
• Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің география-экология факультетінің деканы
• География ғылымының докторы, профессор
• ҚР Білім және ғылым министрлігінің шешімі бойынша 2012 жылдың жоғары оқу орнының үздік оқытушысы
• Қазақ географиялық қоғамының ғылыми хатшысы
• Авто және мототуризм бойынша, тау мен шөлдегі жаяу туризм бойынша тәжірибелі маман
• Автомототуризмнен 1989 жылы өткен КСРО чемпионатының күміс жүлдегері
• Антарктидадағы қазақстандық тұңғыш эскпедицияның ғылыми жетекшісі, 2011
• Ш.Уәлиханов сапарлары бойынша және Жетісу аймағы бойынша экспедициялардың ұйымдастырушысы, 2005-2010
• «Қазақстан аңыздары» тұңғыш автоэкспедициясының ғылыми жетекшісі, 2012

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста