Ұлттық сана-сезім болмаған жерде педагогика үстемдік таныта алмайды
Құбығұл ЖАРЫҚБАЕВ, педагогика және психология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, профессор:
– Құбығұл аға, ғылым үздіксіз дамитын процесс болғанымен, оның да белгілі бір кезеңдерде өзіндік кемеліне жететін шағы бар. Сіз шұғылданып жүрген тәрбие мен адамның ішкі жан дүниесінің ерекшеліктері туралы ғылымда бүгінде неге қол жеткіздік, енді қандай міндеттер атқарылуы тиіс?
– Иә, дұрыс айтасыз, психология – адамның жан дүниесінің ерекшеліктері туралы ғылым. Оның кіріспейтін саласы жоқ. Өмірде қандай іспен шұғылдансаң да, психология сол істің тұтқасындай қызметті атқарып отырады. Бірақ, өкінішке қарай, Қазақстан бұл салада айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізе алған жоқ. Қазірдің өзінде елімізде 40-тан аса ғылым докторы бар. Бірақ барлығы да осы саланы дамыту жолында қолайсыздықтарды бастан кешірді. Сол мамандар ғылыми жұмыстарын қорғау үшін 40 мақаласын бекіте алмай, қанша сандалды. Мысалы, мен докторлық диссертациямды қорғау үшін 15 жыл уақытымды жұмсадым. Әрине, қазір бір-екі жылда доктор болып шыға келетіндер де бар, талап та өзгерген. Қазіргі заманда сол жұмысыңды қорғау үшін шетелдік, танымал жерлерде мақалаларың жариялануы керек. Әсіресе PhD-ларда осындай қатаң тәртіп енгізіліп отыр. Бірақ өзгеге жазғызып, оны шетел тіліне аудартып жүргендер де жоқ емес. Білуімше, төрт-бес беттік материалдың бағасы 500 АҚШ доллары тұрады екен. Ал біздің ғалымдарға мұндай қаржы қайдан келсін?! Қорғай алмай әлі жүр. Мұның барлығын не үшін айтып отырмын? Себебі бұл сала дамып, бір нәрсеге қол жеткізуі үшін алдымен сол саланың мамандары болуы тиіс. Ал жаңағы айтылған 40 адамның тек екеуі ғана өз уақытында докторлығын қорғай алды. Бірінің тақырыбы қазақтың ұлттық өнері – айтыстың психологиясы туралы, ал екіншісі қазақтың салт-дәстүрі жайлы. Қарап тұрсаңыз тақырыптың өзі мүлдем бұл саламен байланысы жоқ, мәнсіз, мағынасыз десек те, олар өз жұмыстарын докторлық дәрежеде қорғады. Мұндай шикіліктерді айта берсек өте көп, ал енді жетістіктерге тоқталсақ, ол қандай жетістік? Кітап бар. Тек біреу ғана! Ұлттық психология жайлы қазақ тілінде жазылған кітап бізде біреу ғана, сенесіз бе, жетістігіміз бе, білмеймін. Қалғаны кілең орыс тілінде жазылған. Жалпы психология туралы жазып, оны қайта-қайта басып, ақша жасап жүргендерді де білеміз. Ал ұлттық психологияны зерттеп жатқандар жоқтың қасы. Диссертация қорғау дегеннің өзі – ғылымды дамытудың бір үлкен көзі. Тіпті біздің елдің ғалымдары түрлі басылымдарда бірнеше рет «диссертация қорғалмай, ешбір сала дамымайды, Қазақстанның ғылымы тоқырауға айналады» деп жар салды. Бұл мәселе тек психологияға ғана қатысты емес. Ал енді ұлттық психологияның алдағы уақытта атқаруы тиіс міндеттеріне келсек, біріншіден, биліктің бұл салаға оң көзі керек. Билік деп отырғанымыз – тікелей Білім және ғылым министрлігі. Екіншіден, ұлттық идеологияны дамытуымыз қажет. Тағы бір мәселе – кадр дайындайтын орындардың жоқтығы. Мысалы, көршілес елдерде арнайы факультативтер бар. Ал біздің елдегі жоғары оқу орындарында психологияның оқытылатыны мүлдем жазылмайды да. Тек Қарағандыдағы университетте «философия және психология» деген бір ғана маңдайшаны көзімнің шалып қалғаны бар. Психология десе, бірден ойға сап ете қалар елеулі мәселелердің бірі – грант мәселесі. Сенсеңіз, республикамыздың барлық өңірін жалпы санағанда бар-жоғы 30 грант осы психология саласына бөлінеді екен. Ал Алматыдағы Қазақ ұлттық университетінде психологияны оқу ақысы – 600 мың теңге. Мұндай ақшаны төлеп, ақылы бөлімде оқуды кез келгеннің қалтасы көтермейді, балаларымыздың оған мүмкіншілігі жоқ. Сол себепті де бізде психолог мамандар өте аз. Мысалы, биыл атақты ҚазҰУ-дің психология факультетіне жеті бала ғана түсті. Осыдан-ақ маман тапшылығының нендей себептерден туындап жатқанын түсінуге болады. Айта берсек, ұлттық психологтарды даярлауда ақаулар жеткілікті-ақ.
– Бұл саланың мамандары біздің елде тапшы деп отырсыз. Ал сол барын оқытатын отандық ғалымдардың еңбектері бар ма? Мұндай сұрақтың туындайтын бірден-бір себебі: психологияда қай кезеңде де батыстық теориялар, Ресей ғылымының тұжырымдары, тіпті, қазақстандық орыстілді мамандардың еңбегі үстемдік етіп келеді. Бұл салада өзіңіз сияқты отандық ғалымдардың еңбегі қаншалықты еленіп жүр?
– Еңбектер бар, бірақ олар еленбей жүр. Оның үстіне студент қауымның да оқуға деген құлшынысы, таңдаған мамандығына деген қызығушылығы тым бәсең. Мемлекет оқу ордаларында білім беретін ұстаздар үшін қыруар қаржы аударады. Ал біздің салада оқып жүргендердің саны тым аз. Тіпті жеті балаға шүкіршілік айтатын халге жеттік. Себебі кей жерлерде бір-екі студентті оқытатын оқу орындары бар екен. Сондай-ақ білім беру саласына бакалавр сатысының енуі қиындықтар тудыруда. Неге десеңіз, біріншіден, төрт жыл оқыған студенттің білімі жоғары болып саналмайды. Екіншіден, магистратураны оқуға барлығымыздың шамамыз келе бермейді, тағы да сол қымбатшылық мәселесі алдыңды орап шыға келеді. Оқыған күннің өзінде олардың қорғайтын жұмыстары ешкімге пайдасы жоқ дүниелер болып қалып жатыр. Ал, негізінде, магистр деген – ғылыми атақ. Әрине, бұл – жеке әңгіме, бірақ еліміздегі психология мен ұлттық психологияға деген салғырттықтың бұған да әсер етіп жатқаны анық. Ал отандық ғалымдардың еңбегіне келсек, шындығында, өзіңіз айтып өткендей, психологияда батыстық теория мен ресейлік оқымыстылардың тұжырымдамалары, болмаса Қазақстандағы орыстілді мамандардың еңбектері үстемдік етіп келеді. Неге? Себебі қазақ тілінде жазатын ғалымдардың еңбектерін қолдау, қолпаштау жоқ. Сондықтан ұлттық психологияның зерттеулері некен-саяқ. Бір кездері ғалымдар жиналып, этнопсихология мен этнопедагогиканы зерттейтін орталық ашу жөнінде жоғары жаққа ұсыныс жасадық. Ұсынысымыз қабылданып, сол орталықты ашу туралы қаулыға қол қойылды. Бірақ ол мәселе сол жерден үзілді, соңына дейін жеткен жоқ. Бұдан бір түсінгеніміз: бұл өз қаржыңа орталық тұрғызып, жұмыс істеймін десең болады дегенді білдірді. Бірақ ғалымдардың ол орталықты мемлекеттің қолдауынсыз аша алмайтыны сөзсіз. Мысалы, Украина, Ресей елдерінде мұндай арнайы зерттеу орталықтары ертеде-ақ ашылған, жұмыс істеп жатыр. Олар мемлекеттің бір құрамдас бөлігі болып есептеледі. Жоғары оқу орындары мен зерттеу орталықтары емес, мектептердің өзінде бұл сала мүлдем қарастырылмайды. Әйтпесе бізде оқушыларға арналған оқулықтар да бар. Мысалы, Ресейде психология пәні 3-сыныптан бастап оқытылса, Өзбекстанда 1-сыныптан басталады. Жарайды, біздің елде психология мектеп бағдарламасына енгізілмесе, енгізілмей қалған шығар, тіпті сол балалармен жұмыс істейтін психологтар барлық мектепте бар деп айта алмаймын. Сарапшы мамандардың айтуынша, Қазақстан психология саласының дәрежесі жағынан ТМД елдері ішінде ең артта қалып келеді екен. Ал қазіргі қоғамның ең басты проблемалары ересектермен ғана байланысты емес, керісінше, балалар мен жасөспірімдер арасындағы мәселелер қатары күн санап өсіп жатыр. Бүлдіршіндерге әрдайым психолог мамандардың көмегі ауадай қажет. Ал жеке психологтардың қызметі қаншалықты қымбат екенін бәріміз білеміз. Мұны не үшін айтып отырмыз? Біздің елде психологияны дамытудың барлық мүмкіншілігі бар. Тек бұл салаға деген оң көзқарас қана жетіспей тұр. Демек, өзімізге-өзіміз жіпсіз байлау болып отырмыз.
– Сіздің әңгімеңізден байқағаным, біздің елде психология саласының, оның ішінде ұлттық психологияның мамандары тапшы және бірен-саран болса да ғылыми еңбек бар, бірақ оқытылмайтынға ұқсайды. Сонымен қатар сіздің қазіргі таңда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жалпы және этникалық психология кафедрасының профессоры екеніңізді білеміз. Ал осы еліміздегі жоғары оқу орындарының көшбасшысы саналатын ұлттық университеттегі психологияның ахуалы қалай? Жеті балаға болса да дәрістер тиісінше жүргізіліп жатыр ма?
– Мәселенің дөп үстінен түскендей болдыңыз. Себебі жуырда осы білім ошағының басшысына ұсыныс хат жолдаған болатынмын. Өзіңіз білесіз, еліміз егемендігі мен Тәуелсіздігін алғаннан кейін халқымыздың рухани мұрасын игеру мәселесіне ерекше көңіл бөліне бастады. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен «Мәдени мұра» бағдарламасының жасалуы – осының жақсы айғағы. Қазақ халқының өзіндік рухани мұрасы ұшан-теңіз, орасан мол. Біз айтып отырған Қазақ ұлттық университетінде де осы салада жүргізіліп жатқан іс-шаралар өте көп. Дей тұрғанмен, рухани тыныс-тіршілікке бір қадам жақын тұрған психология, яғни жантану ғылымының ұлттық астарларына жөнді көңіл бөлінбей келеді. Мәселен, «Қазақтың ұлттық психологиясы», «Қазақстандағы психология ғылымы», «Әл-Фарабидің психологиялық мұралары», «Қазақтың салт-дәстүр психологиясы», «Қазақ елін мекендейтін этностар психологиясы», «Қазақ этнопсихологиясы» және тағы да басқа осы секілді дәрістердің бағдарламалары мен оқу құралдары жазылып, жарыққа шыққанымен, олар жыл сайын кафедра төңірегінде дау-дамай тудырып, тиянақты түрде оқу жоспарына енгізілмей, тіпті элективтік дәрістің циклінен де тыс қалып жүр. Мәселен, бакалавриаттағы психологтардың оқу жоспарларындағы 69 пәннің біреуі ғана, оның өзі «Әл-Фарабидің психологиялық мұралары» элективтік пән ретінде енгізілді де, қалғандарының бәрі қазіргі әлемдік психологияға да, қазақ елінің тыныс-тіршілігіне де еш қатысы жоқ дүниелер екендігі хақ. Солардың кейбірі: «Нейропсихология», «Психосемантика», «Психология смысла», «SPSS в психологии» тағы да сол сияқтылар. Сөйтіп, төрт жылда оқылатын дәрістердің бір пайызының ғана бізге қатысы бар екен. Психология магистратурасының оқу жоспары да осындай, бір сөзбен айтқанда, оқу жоспары, бағдарламалары түгелдей Ресей жоғары оқу орындарының көшірмесі болып отыр. Ал біздің университеттің психология кафедрасында сегіз ғылым докторы мен 20-ға жуық кандидат тұрғанда мұнымыз қалай деген де сұрақ туады. Осыдан-ақ мәселенің мән-жайын түсіну қиын емес.
– Енді бүгінгі қоғамның өзекті мәселелеріне келсек. Тәрбие жайлы айтып өтсеңіз, біздің қоғамға жас ұрпақ тәрбиесі мәселесінде не жетіспей отыр?
– Қоғам, жас ұрпақ тәрбиесі дегенде бірінші орында психология тұрады. Себебі тәрбие дегеннің өзі – тұнып тұрған психология. Адам өзін-өзі танымай, жан дүниесін білмей жатып, дұрыс тәрбие ала алмайды. Ал егер қазіргі қоғамдағы жас ұрпақ тәрбиесі мәселесіне не жетіспейді десек, жалғыз айтарым, психология жетіспейді. Өскелең ұрпақтың сана-сезімі өзгерген, заман бір орында тұрып қалмайды. Уақыт өтеді, адам өзгереді, қоғамның талабы да осыған орай бір қалыбын сақтамайды. Мысалы, педагогикада түрлі журналдар бар, оқылып, айтылып жүр. Демек, біз педагогика саласында ұлттық көзқарасты тудыруға атсалысып келеміз. Бірақ ұлттық сана-сезім болмаған жерде педагогика ма, басқа ма үстемдік таныта алмайды.
– Құбығұл аға, бала тәрбиесіне қатысты әңгімелесіп отырмыз ғой. Қазіргі қоғамдағы педофилия құбылысының белең алуы жайлы не айтасыз? Екі күннің бірінде осындай қылмыс жайлы естіп, соған бойымыз үйреніп барады. Мәселе қайдан туындады, қалай құтылу керек?
– Қоғамда не көп? Проблема көп. Бірақ оның барлығын шешу үшін жалғыз адамның еңбегі, жан айқайы болмаса сол баяғы біз үйренген әдіс – мектептегі ұстаздарды кінәлау, мұғалімдерді жазалау деген түсінік, әрине, қате. Сол проблемалардың ең бір сорақысы да, қорқыныштысы да – сіз айтып отырған педофилия. Бірақ педофилияны зерттейтін, емдейтін ғылым мүлдем бөлек. Оның ұлттық психологияға болмаса педагогикаға қатысы жоқ. Бірақ бұлай деген күннің өзінде адами қасиеті жоқ сол педофилдердің есінің дұрыс еместігі анық. Бірақ оны медициналық психиатрия қарастырады, бұл – сол саланың тақырыбы. Жалпы, өз басым педофилияны азғындаушылық деп санаймын.
– Халқымыз ерлердің рөлін жоғары қойғанымен, қыздар тәрбиесіне ұлдардан да айрықша мән берген. Қазіргі қазақ қыздарының мінез-құлқына қатысты ойыңыз қандай?
– Иә, расында да, қазіргі таңда қоғамдық мәселе, жас ұрпақ тәрбиесі деген аяда сөз қозғала бастаса, қазіргі заман қыздарының мінез-құлқына қатысты, қыз балалардың психологиясына қатысты айтпай, айналып өту мүмкін емес болды. Әлі есімде, осыдан біраз уақыт бұрын бір газеттің журналисі келіп, дәл осы тақырыпта «қазақ қыздарының психологиясы» деген материал жазыңыз деп қолқа салды. Мен ат-тонымды ала қашып, бас тарттым. Неге дейсіз ғой? Себебі қазіргі қазақ қыздарының психологиясы жайлы айту өте қиын, зерттеу мүлдем жоқ. Бірақ бұл тақырып сол басылымда кеңінен талқыланып, мәселе көтерілгелі жатқандықтан, еріксіз зерттеуге кірістім. Бір-екі ай уақытымды арнадым. Соңында мақаламды жазып, ішіне сонау Тоғжандардан бастап, қазақ қыздарының баяғы теңдессіз қылықтарын келтіріп, «қызға қырық үйден тыю», «қыздың жиған жүгіндей» деген сөздерді тағы бір еске салдым. Мектеп жасындағы қыздардың психологиясы мен олардың бойында есейе келе пайда болатын өзгерістерді айта келе, эпиграфқа Абайдың «Білектей арқасында өрген бұрым, Шолпысы сылдыр қағып, жүрсе ақырын. Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты, Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін?» деген өлең жолдарын қолдандым. Кейін қарасам, сол сөздер толығымен алып тасталған, бір сөзі де жоқ. Сұрасам, «аға, қазіргі қыздарға мұндай сөздер жараспайды ғой, оны не қыласыз» деген жауап алдым. Осыдан-ақ қазіргі қыздар мен сол ұлы ақынымыз өмір сүрген замандағы қыздардың арасындағы айырмашылықты және сол айырмашылықтың қаншалықты үлкен екенін түсінеміз. Сонда біздің қазіргі қыздарға қандай теңеу айтылмақ? Ауылдан қалаға оқу іздеп келген бойжеткендер шаштарын өріп, кіндіктерін жауып-ақ келеді. Бірақ университет қабырғасында жүріп, еліктеушілік деген жаман қасиетке бой алдырады. Батысты көріп, көйлегінің етегі де, шашының ұзындығы да қысқарады. Болмаса ұзын шашын жалбыратып, екі көзін жауып қояды тағысын тағы. Мұны не үшін айтып отырмыз? Себебі біз, ұстаздар қауымы, алдымыздан жүз-жүздеп оқушыны өткізіп, соларға дәріс оқимыз. Дәл алдыңда шашы жалбыраған қызды көріп, аталарымыздың айтып кеткен өсиеттерін еске аламыз. Қазақта қыз бала шашын жайып жүрмеген. Кей кездері «қызым-ай, сол Абайды оқымап па едің» деп басымды шайқап қаламын. Қазақ халқында әйел заты күйеуі өмірден өтіп, жесір қалғанда ғана шашын жайған. Қазір айтсаң, құлағын түріп тыңдайтын жан жоқ. Дәріс оқылып біткенше шаштарын арттарына жіберіп қойып, сыныптардан шығар-шықпас қайтадан алдарына түсіріп алады. Сонда ол айтқаннан не пайда?!
Қазақтың кереметтігі сол, қыз баланы ерекше тәрбиелеп, құрметтеп, қастерлеп өсірген. Бойжеткен тұрмыс құрып, бөтен үйге келін болып түскенде шай берудің өзінің жеке ережелерін сақтаған, ерекше мән берген. Үйге келген 30-40 адамның кеселерін шатастырып алмай, өзіндік байыбымен шай ұсынған. Самаурыннан шай құйса да, дыбысын естіртпей, қонақтың бетіне тіке қарамай, әдеп сақтаған. Айта берсек, қазақтың қыз баланы тәрбиелеуде мұндай өсиеті мен қасиеті өте көп болған. Неге біз болған дейміз? Себебі қазіргі заманда мұндай тәрбие беріп, ақылын айтатын адам жоқ. Оның үстіне қыздың психологиясы ұл балалардікінен мүлдем бөлек. Бұл тақырып соншалықты күрделі болса да, айтылып, жазылып жүр, өкінішке қарай, еш нәтиже жоқ. Батыста бір жаман әдет пайда болса, ертеңіне үйрене қоятын қазақтың бұл қылығының жақсылыққа апармасы анық. Бірақ қыздардың психологиясы – тек қыздардың ғана емес, ұлттың психологиясы. Себебі қыз – ана. Ұлды өмірге әкеліп, жұрттың ертеңін тудыратын қыздардың психологиясы ұлттық психология мәселесінде де ең бірінші орында тұруы тиіс. Құрсақта жатқан баланың болашағы, оның ұлтжандылығы, отансүйгіштігі, жақсы да жаман қасиеттері еш уақытта жүре пайда болмайды. Ол сол құрсақта бойына сіңіре бастайды. Сол себепті де қоғамдағы басты мәселелерді қарастырмас бұрын алдымен қыздарымыздың психологиясын жөнге келтіріп, оң жолға сілтеме жасауымыз қажет. Айтылғанның барлығынан қорытынды жасай келе, қазақ қыздарын жаман атты қыла алмаймыз, әрине. Себебі қазіргі заманның қыздары өте белсенді. Қай салада болсын әйел адамдар жұмыс істейді. Әсіресе біздің өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп жүрген ұстаздарымыздың басым бөлігі – әйелдер. Сондықтан болашақта ана атанатын қыз балалардың психологиясына ұлт болып, жұрт болып терең мән беруіміз керек.
– Әңгімеңізге көп рақмет. Ұстаздар күні құтты болсын!
Алашқа айтар датым...
– Елбасымыздың өзі қазақтың психологиясы теңдессіз, керемет, бірақ зерттелмей жатыр деп айтқан болатын. Бірақ «жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас» демекші, халықтың қолпаштауынсыз, шенеуніктердің қолдауынсыз қалып отырған бұл сала жетімсіреп әлі жүр. Жерін сүйетін, елін сүйетін әрбір қазақ баласы ұлтымыздың ұлы мұраттарға жетуі үшін ұлттық психологияны мықтап қолға алуымыз керектігін түсіне білуі қажет. Себебі Қазақстанның ұлт үшін қызмет ететін салаларының арналары ұлттық психологиясыз тоғыса алмайды.