Тәуелсіздік жылдарында халқымыз үлкен сыннан өтті
Қасымхан БЕГМАНОВ, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты:
«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы
«Айтөбел» хабарының жазбаша нұсқасы
Авторы: Едiл Анықбай
Хабардың тiкелей толқындағы уақыты: 101 ҒМ, сәрсенбі күні сағат 14:05-15:00
– Қасымхан аға, «Айтөбел» хабарына қонақ болуыңыз төл мерекеміз – Наурызбен сәйкес келіп тұр. «Дәстүр» атты журналыңыз бар, этнограф-ғалым, марқұм Жағда Бабалықпен екеуара ұлттық тақырыпта сырласуыңыздың нәтижесі ретінде «Этнографпен әңгіме» атты кітап шығардыңыз. Демек, Наурыз мерекесі жайлы әңгімелесуге толық негіз бар деп ойлаймын.
– Міржақып Дулатовтың үлкен мақаласы бар. Ол: «Қазақтың ең басты мерекесі – Наурыз» дейді. Наурыз мерекесін діни наным-сенімдерден бөлек қарауымыз керек. Наурыз – діни мереке емес. Міржақып Дулатовтан бастап, Алаш қайраткерлерінің барлығы дерлік, Мұстафа Шоқай, кешегі Жағда Бабалық та, жалпы, қазақтың ұлымын деп жүрген азаматтарымыздың барлығы Наурыз мерекесіне тоқталған. Наурызды тектен-текке Ұлыстың ұлы күні деп айтпаған. Наурыз 21-і күні түнгі сағат үштен кейін келеді дейді. Егер сол күні ауа райы жаңбырлы, найзағайлы болмаса, бір гуіл естіледі екен-міс. Сол гуіл Әз деп аталады. «Сәуір болмай, тәуір болмайсың, Әз келмей, мәз болмайсың» дейді қазақ. Күн мен түннің теңелуі, жәндіктердің, табиғат-ананың оянуы, бүкіл он сегіз мың ғаламға жан бітуі Наурыздан басталады. Қозы маңырап, бұзау мөңіреп, дала у-шуға толып, мал төлдейді. Ағаштар бүршік жарады, қырға гүлдер толады, құстар қайтады т.б. Міне, Наурыз – табиғат тойы.
Біздің бала күнімізде, ол кез «қызыл заман», ешқандай қаулы-қарарсыз, нұсқаусыз тойланатын. Оның ар жағында халқымыз Наурызды ғасырлар бойы тойлап келе жатты. Биыл Наурызға бес күн демалыс беріп отыр. Халыққа Наурызды тойлауға мүмкіндік жасағанын биліктің үлкен көрегендігі деп айтуға болады. Мәселен, Жағда Бабалық ақсақалмен екі жылдан аса сан түрлі тақырыптарда әңгіме өткіздік. Әсіресе қазаққа қатыстылары бір төбе болса, Наурызға байланысты да аз әңгіме болған жоқ. Он сегіз мың ғалам, Аспан, Жер әлемі жайлы сұхбаттар өрбіттік. Мысалы, төрт түлік мал, аң-құс, дүние жаратылысы да тасада қалмады. Осы әңгімелер 35 баспа табақ кітап болып «Этнографпен әңгіме» деген атпен басылып шықты. Наурызға сол жерде жан-жақты тоқталдық. Тыңдаушыларымыз, оқушы қауым Наурызды тереңірек білгісі келсе, сол кітаптан оқуына болады.
– Жағда Бабалық ақсақалмен көзі тірісінде Наурыз тақырыбына біздің де әңгімелескеніміз бар еді. Бір аңыз есіме түсіп отыр. Мәселен, «Наурыз өте ертеден тойланып келеді. Бағзы заманның патша-қағандары Наурыз келер түні таңға жуық құбылаға қарап, күй тартады екен. Патша күй тартып болып артына қарайды, ал артында 365 күйші отырады. Олардың әрқайсысы бір-бір күй тартқаннан кейін барып Наурыз мерекесі басталған» дегенін естігенім бар. Мұның сыры неде екен және бүгінгі күні Наурызды қалай тойлап жүрміз?
– Бұл аңызды маған да айтқан еді. Мұның астары тереңде жатыр. 365 күй тарту – 365 күнмен байланысты ма деймін. Бәлкім, әр күнді бекер өткізбеу керек дегеннен шығар. Сонымен қатар Жағда ақсақал Мәскеудің мұрағатында болғанда қолына «Наурыз» деген жыр түскенін айтқан. Наурыз адамның аты екен, сол азаматты ұзақ жырға қосқан дейді. Осы жырда Нұқ пайғамбардың кемесі Қазығұрт тауына тоқтағаны қамтылады. Нұқ пайғамбар қолындағы жемшөбін жануарларға, азық-түлігін адамдарға таратып, күн мен түннің теңелгеніне байланысты той жасапты. «Наурыз» жырындағы кейіпкер – Наурыз Нұқ пайғамбардан кейін 300 жылдан кейін өмірге келіпті-міс. Сол Наурыз «Бабамыз Нұқ пайғамбар 300 жыл бұрын күн мен түннің теңелуін тойлаған, біз де сол мерекені тойлауымыз керек» деп бар күшін салып тойлатқан екен. Содан бері Наурыз тойы тойланады деген аңыз бар. Бұрын Наурызды тойлау табиғи өткен. Халық алты ай қыс дайындалып, қыстан сақтаған сүрін қазанға салып, әдемі киімін киіп, күйін тартып, әнін шырқап, шынайы тойлаған. Ал қазір наурызкөже ішеміз, теле-радиодан түспейтін 20-30 әншіміз бар, Қазақстанның қай қаласына барсаң да, солардың күнде естіп жүрген әні айтылады. Әрине, көре алмағаннан айтып отырған жоқпын, дегенмен барлығымыз білетін бағдарлама бойынша жасанды өтетіні жасырын емес және Наурыз келгенде ғана үстімізге шапан киеміз. Мұнымен Наурыздың мәнін арттыра алмаймыз. Ол үшін Наурызды жалпыхалықтық мерекеге айналдыру керек. Құдайға шүкір, еліміз есін жинап, етегін жапты. Бүкіл ел болып, балабақшадан бастап, мектептер, ЖОО-лар, биліктің түрлі сатысындағы әкімшіліктер, министрліктер түгел бірігіп, бағдарлама жасап, баспасөзде талқылап, басқа жағдайларды ескеріп, жаппай кірісетін уақыт жетті. Наурызды бір немесе екі күн ғана тойламаған.
– Қазақ байтақ жеріне байланысты Жетісу, Сыр, Батыс, Шығыс т.б. болып бөлінеді. Халық саны аз болғанымен, жергілікті ерекшеліктері бар. Мәселен, батыстағы «көрісу» дәстүріне не айтасыз?
– «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» дейді қазақ. Бұл – арнайы зерттелетін нәрсе. Теледидарда наурыздың 13-інен бастап хабарлар ұйымдастырып, «көрісуді» көріп жатырмыз. Аман-есен қыстан шықтық дегендей. Ол да өзінше жарасып тұр. Оның да өзінше мәні, мағынасы бар деп ойлаймын. Оны этнограф-ғалымдарымыз арнайы зерттеуі керек. Ал мен терең зерттеген жоқпын.
– «Дәстүр» журналында салт-дәстүріміздің танымдық жағын қаншалықты қамтисыздар?
– Басқа басылымдардың барлығын мен 10 жылға жуық зерттедім. Біздің республикада басылымдар, құдайға шүкір, өте көп және халық мойындаған, ел іздеп жүріп оқитын газет-журналдар бар, бірақ соларда салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызға орын өте аз беріледі. Мен осыған қатты көңіл бөлдім. Күніне 30-40 газет алып оқимын. Менің байқағаным, салтымызға қатысты көп болса 40-50 жол арнайды, сонымен болды. Түбегейлі зерттеп жүрген басылымдар жоқ. «Дәстүр» журналына, өкінішке қарай, өмірден өтіп кетті: Ақселеу Сейдімбеков, Сейіт Кенжеахметов, Жағда Бабалық – барлығы да атсалысты. «Дәстүр» журналында тек Наурыз ғана емес, қазақтың ата дәстүрін, ырым-тыйым, жол-жоралғыларын жан-жақты қамтып, халыққа қайта талдап беруді мақсат етіп отырмыз. Мысалы, біздің жастарымыздың басқа діни ағымдарға түсіп кетуі, өзіне-өзі қол жұмсау, көшеге қару алып шығу, жара салу дегендерге еріп кетуі ата тарихымызды, салт-дәстүрімізді толық білмегеннен деп ойлаймын. Біз өзіміздің түп қазығымызға, ұлттық негізгі болмысымызға оралмайынша, бақытты, сау-саламат, өсіп-өнген, төрт құбыласы тең, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған, таңғажайып ғаламат дәуірге келеміз деп ойламаймын. Мысалы, жастарымыз Қозы мен Баянның күнін, Төлеген мен Жібектің күнін атап өтейік дегенге аса ықыласты бола қойған жоқ. Баспасөзде жазылғанымен, сол айтылған жерде қалды. Демек, әрине, барлығы емес, бірақ көпшілік жастардың ата-салтқа оралуға құлқы жоқ секілді. Мәселен, интернетті қарап отырсаңыз, қайдағы бір Валентин күнін тойлап жүр. Бұған тек жастар кінәлі емес. Барлық жағдайды жақсартуымыз үшін ата тарихымызға, ата салтымызға оралуымыз керек.
– Тәуелсіз Қазақстанның 20 жылдығын тойладық, 21-жылы басталды. Осы уақыт аралығындағы өзіңіз айтып отырған ата салт, әдет-ғұрпымыздың қайта жаңғыруына қандай баға берер едіңіз?
– Ауызды қу шөппен сүртуге болмас, бірақ біз түбегейлі ата тарих, ата салтымызға оралдық деу қиын, дегенмен түк жоқ деп тағы айта алмаймын. Біз ата мұраларымызды том-том кітап қылып шығарып жатырмыз, бірақ оның, біріншіден, таралымы аз, екіншіден, ол түбегейлі халыққа жетіп жатыр ма? Жеткен күнде халық оны қызығып оқи ма? Бұл – үлкен мәселе. Содан кейін біздің көгілдір экран, Қазақ радиосы, жалпы БАҚ халықтың көкейіндегі бүгінгі күні елді мазалап жүрген сұрақты дер кезінде көтеріп жатыр ма? Қаншалықты айтып, қаншалықты дәрежеде жеткізіп жүрміз? Осы мәселенің барлығы қайтадан түбегейлі қаралуы керек деп ойлаймын. Әрине, 20 жылдың ішінде Тәуелсіз ел болдық, Елтаңбамыз бар, Көк Туымызды аспандаттық, төл теңгеміз айналымда жүр, мемлекет ішінде сан қилы жұмыстар жүріп жатыр. Десек те, бағанағы сөзімді қайтып айтамын, өзіміздің әдет-ғұрпымызға, салт-дәстүрімізге, ата тарихымызға, әсіресе бүгінгі жас ұрпақты мемлекетшіл, отаншыл, қазақшыл етіп тәрбиелеу үшін қыруар жұмыстар күтіп тұр. Жасыратыны жоқ, Тәуелсіздікпен бірге елімізге түрлі қиыншылықтар келді. Тәуелсіз ел сол қиыншылықтардың барлығымен күреседі. Демек, халқымыз осы жылдар ішінде үлкен сыннан өтті деп есептеймін.
– Жоғарыда «Бүгінгі БАҚ халықтың көкейін дөп басып жүр ме?» дедіңіз. Сіздің ойыңызша, халықтың көкейінде қандай сұрақтар болуы мүмкін?
– Әсіресе телеарналардағы ұзақ сонар, айлап көретін шетелдің фильмдері, түріктің, кәрістің, орыстың болсын, тек қазақтікі емес, меніңше, осылар халықтың жанын ауыртады. Мысалы, шетелдерге аэропортынан бастап жіті, сергек қарайсың және әр нәрсені көңілге түйіп, санаға жазып алуға тырысасың. Шетел қанша жерден керемет болса да, 10 күннен артық шыдай алмайсың. Туған жерің тартып тұрады. Мәселен, менің жылына үш-төрт рет шығатын жағдайым бар. Арасында арнайы демалыс үшін барасың. Мысалы, былтыр Монакоға футболға бардық, биыл Барселонаға барсақ деген жоспарымыз бар. Шындығында, мен бәлендей жанкүйер емеспін, ел, жер көргім келеді. Шетелден көріп, көкейіңе түйіп, санаңа жазып келген жайттарды елге келгеннен кейін салыстырасың, айдалада, теңіздің жағасында жатып «Біздің қазақ осындай жағдайға қашан жетеді?» деп армандайсың.
Институтқа түскеннен бастап, бүгінге дейін өмірім орысша сөйлейтіндердің арасында өтіп келеді. Әлі күнге дейін қызмет етіп келе жатқан мекеменің қақпасынан осылай. Кейде Тәуелсіз ел екеніңе ойланып қаласың. Мұндай жайт Қазақстанның талай жерінен кездеседі. Әрине, бүгінгі баспасөз қазақтың жырын жырлап, жоғын жоқтап келе жатқанын жоққа шығара алмаймын, бірақ әлде де ұлтқа керек нәрселерді сұрыптау, екшеу, әлде де тереңірек барып, жақындай түсетін нәрселер өте көп деп ойлаймын.
– Наурыз Халықаралық мерекелер қатарына кірді. Шетелдерде Наурыз қарсаңында болып көрдіңіз бе? Қазақтан басқалар Наурызды қалай тойлайды?
– Шынымды айтсам, Наурыз кезінде шетелдерде болған жоқпын. Наурыз – шығыс халықтарының барлығына ортақ мейрам. Өзбек, түрік, әзірбайжан, қырғыз – барлығы да Наурызды тойлайды. Бізден артық тойлайды деп айта алмаймын. Мәселен, Наурызды наурыз айында ғана еске алып, күнделікті ағымдағы жұмыстардың қатарына санауға болмайды. Өйткені біз Көк Туымыз желбіреген, Елбасымыз бар, Елтаңбамыз айқын, Әнұранымыз әуелеген еркін, егемен, ешкімге жалтақтамайтын Тәуелсіз елміз деп жүрміз. Әрине, ел ішінде ішкі қиыншылықтар жоқ емес. Біздің елде кезек күттірмейтін мәселенің бірі – Наурыз мерекесі. Ұлт болып ұйысып, халық болып қалу үшін дәстүрге, ғұрыпқа оралмайынша, ата тарихымызға келмейінше, түп тегімізді танымайынша, өркениетті елдерге жетеміз, үлкен мемлекет боламыз дегенге сеніңкіремеймін. Аллаға шүкір дейік, барлық нәрсе салыстырмалы түрде анықталады ғой. Көрші жатқан елдердің қай-қайсысынан да біздің халықтың жағдайы жақсы деп баспасөзде күндіз-түні айтылып жатыр. Солай болса солай шығар, лайым солай болғай! Дегенмен мемлекеттік тұтас идеология керек-ақ. Ұлттық мәселелерге ұйысу керек деп ойлаймын. Ал ұлттық мәселенің басы осы Наурыздан басталады. Қазір Мемлекеттік хатшы болып ұлт зиялыларының бірі, Тәуелсіздік таңы атқалы бері Президенттің ең сенімді серіктерінің бірі Мұхтар Құл-Мұхамед мырза келді. Ақпарат және мәдениет министрі болып журналист Дархан Мыңбай мырза келді. Осы екі азаматтан халық үлкен үміт күтеді, әсіресе зиялы қауым қатты үмітті.
– Наурыз жайлы біршама әңгіме түрілгендей. Енді талай жылдан бері талмай еңбек етіп, елге танытқан сан қырлы тұлға – Мұстафа Шоқайға келсек. Әрине, Мұстафа Шоқайға арнайы уақыт бөлген күннің өзінде, бұл тақырыпты бір хабардың ауқымына сыйғыза алмаймыз. Сол себепті екі сұрағым бар: 1. Мұстафа Шоқай тақырыбына қалай келдіңіз? 2.Мұстафа Шоқай Түркістан легионын құрған ба, құрмаған ба?
– Мұстафа Шоқай тақырыбына бала кезімде келдім. Бала кезде Сағит Жәкібаевтың «Үлкен Түркістанның күйреуі» деген кітабын оқыдым. Ол кітапты бүкіл біздің толқын оқыды. Сол кітапта обер-лейтенант Әлихан Ағаев бастаған қазақ жігіттері Ақтөбе облысының аймағына диверсиялық соғыс жүргізуге тасталады. Оқиға осыдан басталады. Бұл кітап Мұстафа Шоқай Түркістан легионын құрған, немістерге сатылған деген сияқты КГБ-ның нұсқауымен жазылған. Осы кітапты оқығаннан соң мен бір нәрсеге таңғалдым: «Қазақтың баласы басқа жақта жүріп, өзінің еліне қалай жау болады?» Осы сауал көкейіме жатталып қалды. Қазіргі қызмет істеп жүрген мекемеме бірінші күннен бастап, қарапайым менеджерліктен бүгінде департамент бастығының орынбасары қызмет аралығын 13 жылда жүріп өттім. Осы 13 жылдың жеті жылында Алаш ардақтылары жайлы зерттеу жүргізіп, кітап жазуды, сан түрлі мұрағаттарда отыруды, оны ұйымдастыруды, тарихшыларды жіберуді, мәселен, Омбыға, Ташкентке, Мәскеудің КГБ-сына, Питердің мұрағатына ғалымдарды жіберіп, игілікті іс істеу жөніндегі ұсынысымды жыл сайын беріп отырдым. Сөйтіп, Алаш қайраткерлері туралы 10-20 томдық зерттеу кітаптарын шығаруды армандағанмын. Әрине, ол арман күйінде қалды. Мен жеті жыл бойы осы ұсынысымды жазып қоймаған соң, жетінші ретінде: «Сіздің беріп отырған қызметтік хатыңыз – өте орынды нәрсе. Бірақ сіз 10 адамды ұсынып отырсыз. Біздің 10 адамға мүмкіндігіміз жоқ. Сіз осылардың ішінен біреуін ғана алыңыз» деді. Мен сонда Мұстафа Шоқайға тоқталдым. Өйткені Мұстафа Шоқайдың өмір жолы өте аянышты. Оның өмір жолы орындалмайтын арманға толы, қайғылы, қасіретті, азабы мол десек те, романтикаға да бай. Бармаған жері жоқ. Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы Наршоқыдан бастап, Ташкент, Қоқан, Ферғана, Санкт-Петербург, Баку, Тбилиси, Кутаиси, Стамбул, Париж, Шель, Портоплино, Берлин. Міне, Наршоқыдан бастап Берлинге дейін жүріп өттім. Бұл жолда 20-дан аса мұрағатты қарадық, сан түрлі адамдармен кездестік. Осы зерттеуде Мұстафа Шоқайдың Түркістан легионына мүлде қатысы жоқ екеніне анық көзім жетті. Тіпті арнайы зерттеген жігіттер де бар. Олар Мұстафа Шоқайдың бойынан адами, пенделік кемшіліктер таба алған жоқ. Мұстафа Шоқай 1941 жылы желтоқсанның 27-сінде Берлин қаласының «Виктория» қонақүйінде дүниеден өтті, Наршоқыда дүниеге келді. Әлихан Бөкейханов құрған Алашорда үкіметінің 15 мүшесінің бірі де – Мұстафа Шоқай. Бұл – ешқандай дау туғызбайтын, тарихта таңбаланған анық мәселе. Мұстафа Шоқайды сол заманда қадірлейтін, қастерлейтін, оқыған, әр халықтың арасынан шыққан озық ойлы азаматтар аз болған жоқ. Мәселен, мен солардың ұрпақтарының барлығымен дерлік кездестім. Бакуде, Тбилисиде болсын, Кутаис, Батумиде болсын Мұстафа Шоқайды естігенде баскиімдерін шешіп, осылай да адам баласы жаратылады екен-ау деп таңғалғандарын 80 сағаттық таспаға жазып алғанмын. Сол 80 сағаттық бейне-таспадан бір сағаттық презентациялық серия-нұсқасын жасап, Алла қаласа, «Қазақстан» РТРК-ның төрайымы Нұржан Мұхамеджанова ханыммен тікелей келісімшартқа тұрып, үш сериясын Наурыз өтісімен кестеге саламыз деп отыр.
Екі жаңалығым бар. Бірі жағымды, екіншісі жағымсыз. Жағымдысы – биылдан бастап білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мырза «Мұстафа Шоқай жолымен» деректі фильмін Қазақстандағы орта мектептерде тарихқа қосымша пән ретінде тізімге кіргізіп, бағдарламаға енгізді. Ал жағымсызы – Мұстафа Шоқайға байланысты соттасуға тура келіп тұр. Себебі Алматы, Астана, Шымкент, Кентау, Қызылорда, Өскемен қалаларында «Мұстафа Шоқайдың жолымен» деректі фильмінің тұсаукесерін жасадым. Өскемендегі тұсаукесерінде, әлбетте, фильмнің орыс тіліндегі нұсқасы көрсетілді. Осыдан кейін Өскемен қалалық орыстілді газетте «Как черное становится белым» деген үлкен мақала шықты. Бұл мақалада: «Мұстафа Шоқай Түркістан легионын құрған, бізде ардагерлер бар. Олар Ұлы Отан соғысына қатысып, бізді қорғады. Олар «баррикаданың» бер жағында, ал Мұстафа Шоқай сияқты сатқындар «баррикаданың» ар жағында. Біз бірінші айырып алайық. Мұстафа Шоқай – халықты сатқан адам», – деп қаралап жазды. Бізде әлі күнге дейін басқа ұлтты былай қойғанда, өз ұлтымыздың, қазақтардың арасында Мұстафа Шоқайға деген анық көзқарастың жоқтығы менің жанымды күйзелтті. Бұл интернетте үлкен әңгіме болды. Онымен тоқтамастан, әлгі өскемендік орыстілді газет екінші рет мақала жариялады. Енді бұдан кейін намысы бар адам Мұстафа Шоқайдың арын тек сотта ғана қорғауға болатынына көз жетіп отыр. Алдымыздағы демалыста өзімнің есебімнен Өскеменге ұшамын. Қаншаға созылса, сонша күн болып, осыны бір жағына шығарып келейін деп отырмын. Кезіндегі Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының Мұстафа Шоқай туралы берген сұхбатын Мемлекеттік кітапхананың мұрағатынан шығарып алдым. Осыдан 10 жыл бұрын берген сұхбат екен. Сол сияқты зерттеушілердің бірен-саран құжаттары бар. Соның бірі – 1948 жылы Мұстафа Шоқайға байланысты Мәскеуден Берлинге сұрау салған: «Мұстафа Шоқайдың Түркістан легионына қатысы бар ма?» деген анық сұраққа: «Мұстафа Шоқайдың Түркістан легионына мүлде қатысы жоқ» деп жауап берген. Міне, осындай дәлелді құжаттардың бірнешеуін буып-түйіп, дайындалып, Өскемендегі жалдаған адвокатыма бердім. Наурыз айының аяғында сот өтеді. Алла қаласа, сол сотта біз міндетті түрде жеңеміз.
– «Аққа Құдай жақ» дейді. Біз сізге тілектеспіз. Әңгімеңізге рақмет.