Сәдуақас МҰСТАФАЕВ, медицина ғылымының докторы, профессор:
– Ақ халат киіп, талай жанды дертінен айықтыруға күш салып жүргеніңізге де ширек ғасырға жуықтап қалыпты. Кәсіби маман ретінде көзқарасыңыз: бұрынғымен салыстырғанда адам денсаулығының бүгіні қалай?
– Денсаулық сақтау саласында қол жеткізген жетістіктер көп болғанымен, кейде артқа тартатын кемшіліктер де жоқ емес. Алғашқы еңбек жолымды Қызылорда облысында бастағанмын. Осы салада жүргеніме, міне, 40 жылға жуықтап қалыпты. Ол кездері бүгінгідей ақшаңқан, заманауи үлгіде жабдықталған ауруханалар атымен жоқ болатын. Жоғары технология деген түсімізге де кірмейтін. Ескірген құрал-жабдықтармен жұмыс істегенде де бүгінгідей ана мен бала өлімі деген болмайтын. Қандай жағдай болғанда да адам өмірін сақтап қалуға барымызды салатынбыз. Бүгінде денсаулықтары нашарлағандықтан да болар, көп науқас өз дертімен күресе алмай жатады. Оған себеп – экология деп қоямыз. Оның да әсері бар ғой, әрине. Алайда денсаулығын күтуді әрбір адам бала жасынан үйренуі керек. Ауруы әбден асқынып кетіп, халі нашарлағанда ғана аурухана табалдырығын аттап, содан бар кінәні дәрігерге артып қою дұрыс емес дер едім. Көп жағдайда дәрігерлердің тарапынан да қателіктер кетіп жатады. Бұл енді басқа әңгіме... Бүгінгі ұрпақ, расында, әлжуаз. Спортпен айналыспайды, дене қимылы аз болған соң ауру үйірмегенде қайтсін?!. Кәсіби шеберліктен бөлек, дәрігер кәнігі бесаспап болуы тиіс. Ол, ең алдымен, психологияны жетік меңгеруі керек. Алдына келген ауруды жылы сөзімен-ақ демеп, дертін жеңіп шығуына үмітін оята білуі қажет. Бұл – дәрігерге қажет ең бірінші қасиет. Бүгінгі адамдардың стрестен, депрессиядан көп зардап шегетіні белгілі. Сондықтан да сіркесі су көтермейтіндер көп. Олардың бәрімен тіл табысып, сөйлесе білу керек. Дәрігер ауруына шипа тілеп келген жанға дәрі жазып берумен ғана шектелмеуі тиіс... Әр операцияға кірісерде алғаш рет қолыма скальпель ұстағалы тұрғандай толқимын. Бұл жауапкершілік жүгін айқын сезінгендіктен болар. Отаның әр деталіне дейін талдаймын. Қалай жасау керек, қалай сәтті шығару керек, бәрін де саралаймын. Дәрігерлік жұмысқа кіріскелі бергі 40 жылдың ішінде қанша ота жасағанымды есептеп көрмеппін. Білетінім, әйтеуір, аз емес. Шамамен алғанда жылына 400-дей ота жасаймын. Ота жасағандардың 30-40 пайызының жатырын, 30 пайызының аналық безін сақтап қаламыз. Ал қалғандарына ісіктердің онкологиялық түріне сәйкес хирургиялық жәрдем көрсетіледі. Көмек сұрап келгендердің 80 пайызы бедеулік мәселесімен келеді. Жүргізілген емдерінің нәтижесінде бесеудің үшеуі сәби сүю бақытына ие болады. Бұл – үлкен жетістік, әрине.
– Сіз басқаратын клиника – бүгінде еліміздегі алдыңғы қатарлы клиникалардың бірі. Бәсекелестік басым боп тұрған шақта халық сенімін ақтаудың жүгі ауыр екені анық. Клиникаңыздың өзге ұжымдардан ерекшелігі қандай?
– Расында, бәсекелестіктің бәсі артып тұрған шақта жарып алдыға шығу оңай емес. Ол үшін сапалы қызмет алдыңғы орында тұруы тиіс. Мамандардың кәсіби шеберлігі де қамшы салдырмауы керек. Интегралды медицинаның қағидаттарын қолданысқа енгізу арқылы батыс пен шығыс медицинасының озық технологиясын кәдеге жаратып отырмыз. Бедеулік дертімен келген әйелдердің басты проблемасын оңтайлы шешу – басты міндетіміз. Сырқатының себебін анықтап, диагнозды нақтылап қойып, айықтыруға күш саламыз. Бір шарананы аңсап келген жарым көңіл жандардың ем-домымыздың арқасында сәби құшақтап қайтуы – біз үшін зор қуаныш. Баласыз үйде бақыт жоғын ескерсек, аналардың балалы болсам деген ұлы арманына қол жеткізуіне тамшыдай болса да үлес қосып жатсақ, онда, әрине, мұны сауапты іс деуге болары сөзсіз... Мамандардың біліктілігін жоғарылатып, кәсіби шеберлігін арттырып отыруды да күн тәртібінен түсірген емеспіз. Бүгінде клиникамызда 60-тан астам адам жұмыс істейді. Олардың барлығы да ұлтымыздың ертеңгі жалғасы – ұрпақ үшін жұмыла жұмыс атқарады. Сапалы қызмет көрсету – басты талабымыздың бірі. Клиникамызда ғылыми‑тәжірибелік орталық бар. Осы орталықта кибернетик, химик, физик ғалымдар ана мен балаға, отбасына сапалы да жүйелі дәрігерлік көмек көрсетеді. Бүгінде әйелдер арасында жиі кездесетін аналық бездің ісігі орын алған жағдайда көбіне жатырды алып тастайды. Біз бар күшімізді, білім-білігімізді осы жатырды сақтап қалуға жұмсаймыз. Ең басты ерекшелігіміз де осы дер едім. Тәжірибемде 24 келі тартатын ісікті алған күннің өзінде жатырды аман сақтап қалған болатынбыз. Құрсақ дегеніміз, ол – қазақтың болашағы.
– Маман ретінде айтыңызшы, бүгінде елімізде бедеулік дертінің кең етек жаюының сыры неде?
– Жасыратыны жоқ, соңғы кездері бедеуліктің белең алып бара жатқаны рас. Оның кең етек жаюының түрлі себептері бар. Оның ең бастысы – денсаулықтың нашарлауы. Суық тигізу, күтінбеу, салауатты өмір салтын ұстанбау осының бәрі де қасіретке ұласады. Темекі, ішімдік деген жауымыз тағы бар. Уақытында дұрыс тамақтанбау, табаннан сыз өту, гигиеналық талаптарды сақтамау, ең бастысы – аборт жасату мұның бәрі де бедеулікке апарар төте жол. Негізінде, әйел адамның денсаулығы мықты болса, онда 40-тан асқаннан кейін де бала көтере алады. Экологияның да денсаулыққа тигізер әсері орасан. Тұқым қуалайтын аурудың да әсері болуы мүмкін. Адам денсаулығының мықты болуының 85 пайызы өзіне байланысты болса, 15 пайыздайына медицина ықпал етеді. Барлығы да дұрыс болуы үшін дәрігерге уақытында қаралып тұруы керек. Қазақылыққа салынып, дәрігерге қаралмай жүре беретіндер көп. Соның салдарынан ауруы әбден асқынып кеткен кезде келіп бармағын тістеп қалатындар да жоқ емес. Отырып қалған кәрі қыздар физиологиялық үдеріс атқарылмауынан жатырдың, аналық бездің ісігіне душар болады. Көбіне жыныстық қатынас арқылы жұғатын инфекциялық кеселдердің салдарынан аналық безде ісік пайда болады. Дертті байқаған сәтте-ақ бірден дәрігердің көмегіне жүгінуі қажет. Сондай-ақ көп нәрсе біздің өмір сүру салтымызға байланысты. Кесірлі кеселдің кең етек жаюына әйелдердің де, еркектердің де гигиеналық тұрғыдан осы заманға сәйкес болып жатқан сексуалдық революцияның да әсері бар. Екінші жағынан алып қарағанда, «революцияның» салдарынан адамдар арасындағы жыныстық жолмен жұғатын аурулардың көбеюі осы мәселенің ушығуына әкеп соқтырып отыр. Қабылдауыма көптеген пациенттер келеді. Жуырда жап-жас жігіт келді. Жасы 24-те. Жастайынан бей-берекет жыныстық қатынасқа түскен, содан жыныстық жұқпалы ауруға шалдыққан. Бүгінде жыныстық қатынас жағынан әлсіздікке ұрынған. Үйленейін десе қорқады, қалай болады екен деп... Психологиялық жағынан да ыңғайсыз жағдайға ұшыраған. Не істерін білмейді. Үлкен орталықтарға барып емделуге жағдайы көтермейді. Өстіп жүріп ауруын тағы біреуге жұқтырады... Сондықтан да жастарды осындай бей-берекетсіздіктен сақтау үшін оларға салауатты өмір салтын ұстануды жастайынан құлақтарына құю керек.
– Елімізде ең алғаш рет УДЗ аппаратын қолданысқа енгізген ғалым ретінде атыңыз аталады...
– Ол аппарат алғаш рет Акушерлік-гинекологиялық ғылыми-зерттеу институтының қабырғасында 1982 жылы қолданылды. Содан бері, міне, 30 жылдан астам уақыт өтті. Сол жылдары елімізде бір ғана аппарат болса, бүгінде, шүкір, еліміздің түкпір-түкпіріндегі аудан, қалаларды былай қойғанда, ауылдық ауруханаларда да бар. Орталық Азия бойынша медицина саласын УДЗ аппаратымен толықтай қамтып отырған елдің біріміз. Бірақ оны қалай пайдаланып жатырмыз? Ол – екінші мәселе.
– Адам ағзасының барлық мүшесін айнадай көрсететін керемет аппараттың мүмкіншілігін барынша пайдалана алып отырмыз ба? Құрылғыда жұмыс істей білетін маман тапшылығы мәселесін қалай шешуге болады?
– Маман жетіспей жатқаны рас. Егемендік алғаннан кейін саяси, әлеуметтік мәселелердің басым бөлігі өзгерді. Кәсіби, кәнігі мамандардың толқыны соңғы шепке жетіп, яғни қартайып, орнын босатып жатыр. Ал олардың орнын басатын мамандардың аздық етіп отырғаны рас. Денсаулыққа керекті көлемдегі жағдайды кішкене жоғалтып алдық. Денсаулық сақтау министрлігі маман даярлау мәселесін бүгінгі таңда бірінші кезекке қойып отыр. Жеткілікті түрде маман даярлау мәселесінде үлгере алмай жатқанымыз да рас. Жақсы мамандармен қамтамасыз етуде ауыл, аудан түгіл, қаланы түгел қамти алмай отырғанымыз да шындық. Оның үстіне мамандардың сапасы да әртүрлі болуы соған байланысты. Сондықтан да бүгінгі күні дәрігерлерді жедел дайындау да, сапасын арттыру да, жаңа технологияларды енгізу де – Үкіметтің мойнына жүктелген міндет.
– Медицина ғылымының докторы ретінде мынаны айтыңызшы, шетелдерден ағылып келіп жатқан дәрі-дәрмектерді сатумен айналысатын желілік маркетинг туралы пікіріңіз қандай?
– Елімізде интерактивтік медицинаның мүмкіншіліктері қандай, алар орны қандай, тиімділігі қалай, ол арқылы қандай нәтижелерге жетуге болады, соны ашып айтуымыз керек. Бұл тұрғыда халықтың санасын оятып, білімін жетілдіруге мүмкіншілік жасауымыз да қажет.
– Өзіңіз осы желілік маркетингтің өнімдерін пайдаланасыз ба?
– Иә, біз дәріні де, оны да пайдаланамыз. Мәселен, менің жасым 64-те. Күніне үш-төрт ота жасауым қажет. Ол оңай шаруа емес. Оның бәріне күш-қуатты қайдан аламыз? Оның барлығын астан, дәрумендерден аламыз. Тамаққа үстемелеу арқылы оның мүмкіншіліктерін жақсартып, адамның ағзасына қажетті заттарды уақытында алып отыру қажет. Дене қимылдарымен айналысу, ұйқыны дұрыстау керек. Кешкісін жұмыстан сілелеп шаршайсың, ертесіне тағы жұмыс күтіп тұрады. Сонда кешкісін «тұздалған қиярдай болып қайтып, ертесіне бақшадан жаңа үзілген қиярдай болып» келу керек. Соның бәріне керекті затты орны-орнымен пайдалану арқылы алуға болады. Салауатты өмір сүру салтын икемдеу, қалыпқа келтіру арқылы күш-қуатыңды да реттеуге болады.
– Шетелде жасалынған дәрілік заттар қазақстандықтардың ағзасына сай келе ме? Пайдасы бар ма?
– Бұл жерде барлық компания туралы айтпаймыз. Барлығы бірдей жақсы емес қой. Жақсысы да, жаманы да бар, пайдасы тиетіні де, пайдасы жоғы да бар. Олардың барлығының да артында тұрған нәрсе – адамдарды бизнеске шақыру, кәсіби жұмыс орнын беру. Өзінің күнкөрісін түзеу, тіпті байып кетуге мүмкіншілік жасау. Мұның бәрі де жоспар. Желілік маркетинг дегеніңіз – арғы жақтағы капиталистік елдердегі күнделікті өмір. Шығыс пен батыстың медицинасын қосқанда біз қай жағының тиімді екенін, жақсысын алып, адамдарға жеткізіп, соның нәтижесін көрсету керекпіз. Оның ішінде медицинаға көп тиімділігін көрсететін компанияларды айтып отырмын. Оның тиімділігін, зауыттарда қалай шығарылатындығын барып, көріп келгеннен кейін айтып отырмын. Америкалық әріптесім жасап шығарған илларгенин дәрісінің сіңімді дүние екенін, онсыз адамның өмірінде дұрыс жағдай болмайтындығы ғылыми негізделгеннен кейін айтып отырмын. Оны жасаған адам Нобель сыйлығын алған. Ғылыммен негізделген, лабораториядан, халал фудтан өткеннен кейін біз оны медицинада да пайдалануға мүмкіншілік тауып отырмыз. Ал қалғандарын да пайдалануға болады, бәрінікі жақсы деп айта алмаймын. Бірақ адам үшін жасалған дүниенің бәрінің зияндылығы болмауы керек. Оның сертификаттары болуы керек. Аккредитациялық лабораториядан өтуі керек. Содан өткеннен кейін ғана халыққа жеткізсе, одан зиян болмайды. Ал шала компаниялардың өнімдеріне сене беруге болмайды. Өйткені базарда ол да бар, бұл да бар.
– Сізді көбіне «құрсақты құтқарушы» деп атайды. Астарлы әзіл болса да, шындыққа жанасымды екені рас. Бүгінде түрлі асқынған дерттерге байланысты ота жасағанда жатырды алып тастамаса болмайды деп жатады. Құрсақты құрту қазақтың болашағына балта шабу емес пе, бұған не дейсіз?
– Жыл бойы жасайтын операцияларымның 80 пайызы – осы жатырды сақтап қалатын оталар. Өйткені біздің клиникаға еліміздің түкпір-түкпірінен келеді. Жасалған әр отаға сараптама жасап, санақ жүргізіп отырамыз. Нәтижесіне назар аударамыз. Мәселен, бес әйелге ота жасап, жатырын сақтап қала алсақ, екі жылдың ішінде солардың үшеуі бала тауып жатса, ол – біз үшін үлкен жетістік. Клиникамызға келіп, бала құшақтап қайтып жатқан бақытты аналар алғыстарын жаудырып, тілектерін жазып қалдырады. Ол кітапшада еліміздің әр өңірінен келіп жатқандардың қолтаңбасы бар. Тек еліміз ғана емес, бұрынғы Кеңес Одағының қол астында болған туыстас елдерден де ат арытып келетіндер көп. Біз үшін науқас санының көп болуы емес, дертіне дауа тауып, нәтижелі емделгендердің мол болғаны керек. Медицина саласына қатысты әлемдік қолданыстағы немесе жаңадан енгізіліп жатқан жоғары технологияларды да тиімді пайдалануға тырысамыз. Адамдардың денсаулығына жауапты сала болғандықтан, медицина да заман ағымынан қалыс қалмауы тиіс. Сондықтан да соңғы жаңалықтармен танысып, кәсіби білім-білігімізді көтеріп, тәжірибе алмасып тұрамыз. Жаңадан ендіріліп жатқан соны, заманауи тәсілдерді меңгеру үшін мамандарымызды шетелге жіберіп оқытып тұрамыз. Онсыз болмайды. Ескі сүрлеумен жорта берсең, таптаурын болып тұрып қаласың. Алға жылжу үшін жан-жақты болу керек. Клиникамызда барлық эндокринологиялық, терапиялық, урологиялық, неврологиялық сырқат түрлерін емдейміз. Жыныс органдарына ота жасаймыз. Сондай-ақ жүктілікті жоспарлау және бақылау, ер мен әйелдің бедеулігін, климактериялық қозуды емдеу және түрлі физиотерапевтикалық емдеу түрлерін жүргіземіз. Елімізде оқыған-тоқығаны көп мықты ғалымдарымыз жетерлік. Солармен және шетелдік ғалымдармен тәжірибе алмасып отырамыз. АҚШ-қа, Германияға, Кубаға барып, халықаралық жиындарға қатысып тәжірибе алмасамыз.
– Жыл сайын неше түрлі бағдарламалар қолға алынады. Соның бірі – 2016 жылға дейін бағдарланған «Салауатты өмір салты» атты бағдарлама. Бастау алғанына бес жылдан асса да, өмір сүру салауатымыз артып кеткені шамалы. Аяқталғанға дейін де нәтижелі болатынына сенім аз. Жалпы, сіздің ойыңызша, осы жолда жұмыла жұмыс істеу үшін не жетіспейді?
– Аталмыш бағдарлама дер кезінде қолға алынды. Насихаты кемшін түсіп жатқан жоқ. Алайда өз денсаулығына немқұрайды қарайтындар қатары азаймай отыр. Шылым шегу, ішімдік ішу сияқты жат қылықтарға қарсы түрлі жарнамалық роликтер түсіріліп, баннерлер жасалып жатыр. Осыған қарап, оның арты азапты болатынын ескеріп жастарымыз бас тартып жатса, онда бағдарламаның дұрыс бағытта жүргізіліп жатқаны деу керек. Бірден бәрін тындырып тастау мүмкін емес қой. Сол сияқты біртіндеп, жаймен жүйе бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, қоғамда қызу талқыға түскен қоғамдық орындарда темекі шекпеу мәселесін оңтайлы шештік. Бүгінде мейрамхана, дәмханаларда бұрқыратып отыратындарға жол жоқ. Тәртіп сақшылары байқап қалса, айыппұл салуға құқылы. Сол сияқты адамзатқа соқыр тиындық пайдасы жоқ кальян шегуге шектеу қою да дер кезінде қолға алынып отыр. Оған қарсы шығып жатқандар да жоқ емес. Алайда денсаулыққа пайдасы жоқ нәрселерден бойымызды аулақ салуға сіз боп, біз боп атсалысуымыз қажет. Бұл – қоғамдық мәселе. Осындай бағдарламалар арқылы біз халықтың денсаулығын жақсартып, орташа өмір сүру ұзақтығын ұлғайта аламыз. Елімізде бүгінде шылым шегетіндер мен алкоголь тұтынатындар, артық салмақтан азап шегетіндер көбейген. Дәрумендерді молынан пайдаланбайтындар да, денешынықтырудан мүлдем бас тартқандар қатары да көп. Дамыған елдерде алкоголь мен темекі өнімдеріне салықты көбейту арқылы халықтың денсаулығына жіті көңіл бөлуге күш салынуда. Осының орнына бюджетке түсетін түсімді көбейтіп, халықты емдеуге кететін шығынды азайтуға қол жеткізіп отыр. Үлгі алатындай-ақ тәжірибе.
Сөз сарасы
Дәрігер деген үнемі ізденіс үстінде жүруі қажет. Анатомия, физиология, медицинаға байланысты соңғы шыққан ғылыми жаңалықтарды, кітаптарды жиі оқып, білімін жетілдіріп отыруға күш салуы керек. Қызметкерлерімнен де мен соны талап етемін. Науқастарды емдеуге байланысты пікірлерін біліп, жасаған оталарына қатысып, білім деңгейін, кәсіби шеберлігін тексеріп отырамын. Кемшіліктерін айтып отыру да парыз. Табалдырықты аттаған әр пациентке жоғары деңгейде қызмет көрсетуге тырысамыз. Оларға нәтижелі емнен бөлек, жанын сауықтырар жылы сөз де аса қажет.