Қорқыттың жатқан жерін туристік орталыққа айналдырсақ деген ниеттемін

Дүйсен ҚАСЕЙІНОВ, «ТҮРКСОЙ» ұйымының бас директоры:

– Әлемде 200 миллионнан аса түркі тектес халық бар екен. Осының ішінде «ТҮРКСОЙ» ұйымына тек 14 түркі мемлекеті мүше болып отыр. Ал басқа түркілердің жағдайы қалай болады? Олардың жойылып бара жатқаны бәрімізді де алаңдатады. Осы орайда «ТҮРКСОЙ» қаншалықты пәрмен танытып отыр?
– Түркі тілдес халықтардың арасында осы күнге дейін «ТҮРКСОЙ-дан» басқа ха­лық­аралық ұйым жоқ. Ұйымның жар­ғы­сында оның ешқандай да саясатқа ара­лас­пайтындығы жазылған. Оның жұмысы таза гуманитарлық, мәдени сипатта өр­биді. Көп адамдар «ТҮРКСОЙ» дегеннің ма­ғынасын түсінбей сұрайды. Түсінікті болу үшін түрікшесінен түсіндірейін. TURK де­ген баршамызға түсінікті, ал SOY тү­рік тілі­нен аударғанда, «тек» деген ма­ғы­наны біл­діреді. Екіншіден, S – sanat – өнер, O – ortak – ортақ, Y – yonetimi – ұйымы. Бұл – түркі тектес халықтардың мә­де­ниеті мен өнерін дамытуға бағыт­тал­­ған халықаралық ұйым деген сөз. Осы­нау ортақ халықаралық ұйым құ­рып, бірлесуге қол қойған мемле­кет­тер: Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрік­менстан, Әзірбайжан және Түркия. Осы­лар­дың ішінде бұрыннан тәуелсіздікке ие ел бір ғана Түркия болса, қалған бес ел­дің тәуелсіздіктерін алғанына 20 жылға жуық­тады. Тағы да алты ел, Ресейдің субъек­тілері: Татарстан, Башқұртстан, Ал­тай, Тыва, Хакас, Якутия, сондай-ақ Мол­да­вияның құрамында жатқан га­гауыз­дар мен Солтүстік Кипр бар. Бұлар ұйымға әзір бақылаушы мүше болып отыр. Осы 14 елдің министрлерінен тұ­ра­­тын тұрақ­ты кеңес жылына екі рет бас қосып отыра­ды. Мен басшылыққа бар­ғалы үш рет кез­дес­тік, оның алдында екі жыл басқосу бол­май кеткенге ұқсайды. Се­бебі Ресейде көп­те­ген саяси өзгерістер, атап айтқан­да, ор­та­лықтандыру саясаты орын алып, құ­ра­мындағы саны аз түркі халық­тары­­ның бел­сенділігі азайып кеткен. Бірақ кезін­де Ресей президенттігіне Ельцин­нің келуі «ТҮРКСОЙ-дың» құрылуына жақсы жағ­дай жасады деуге болады. Ал қазір Ресей­дегі жағдай басқаша сипат алып ба­ра­­ды. Сондықтан ұйым тарихтың ұтымды сә­тін­­­де құрылды деуге негіз бар. Қазір «ТҮРКСОЙ» Ресейдегі ғана емес, әлемнің басқа да түкпірлеріндегі түркілердің мәде­­ние­тін сақтау бағытында талпыныс танытып келеді.
Мәселен, жақында біз түркі республи­каларының суырыпсалма ақындарын ша­қырып, Түркияның Анкара және Чорум қалаларында «Түркілердің суырыпсалма өнері» атты конференция өткізіп, бірнеше жерде «Түркі әлемінің ұзандары» атты концерт қойып, айтыс ақындарының, ашык­тардың өнерін көрсеттік. Түпкі ойы­мыз – ЮНЕСКО ұйымының мәдени мұра­лары тізіміне «айтыс», «хоомей», «мугам» секілді түркі өнерінің ерекше түрлерін бірігіп ұсыну. Ал 14-24 сәуір аралығында Конияда екінші «Бин нефес, бир сес» (мың дем, бір үн) халықаралық театр фестивалі өтті. Өткен жылы осы фестивальға түркі республикаларынан бір-екі ұжым ғана қатысқан. Ал биыл «ТҮРКСОЙ-дың» тіке­лей қолдауының арқасында Конияға біз­дің ұйымға мүше 8 елден (150-180 адам) театр ұжымдары қатысты. Бұл – әрине, біз сияқты енді ғана етек-жеңін жинай бастаған ұйым үшін қуанарлық жетістік.
– Құдай бетін әрі қылсын, бірақ болашақта Ресей тарапынан әлдеқандай бір қысым болып, соның кесірінен оның құрамындағы автономиялардың ұйым жұмысына атсалыспай қалуы мүмкін бе?
– Жоқ, олай болмайды. Мен өзім де бұл жағына аса мән беремін. Себебі ТМД елдердің мәдени-гуманитарлық әріп­­тестігі жөнінде қызметтер атқару ба­ры­сында біраз нәрсе белгілі бола бас­та­ды. Гуманитарлық әріптестік кеңесі мен Гу­манитарлық әріптестік жөніндегі халық­ара­­лық қор құрғанбыз кезінде. Бұған мә­де­ниет министрлері кіруі керек еді. Бірақ сол тұстағы біздің елдің мәдениет және ақ­па­рат министрі Ермұхамет Ертісбаев «ай, я не хочу» деп құлықсыздық танытты да, білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев қордың басшылығына баруға келісті. Осы қорды қазіргі кезде «ТМД-ның ЮНЕСКО-сы» деп айтуға болады. Айта кетерлігі, егер Ресей субъектілері бол­маса, «ТҮРКСОЙ-дың» не қажеті бар? «ТҮРКСОЙ-ды» құрған 6 мемлекет те тәуел­сіз, өз қаражаты бар, өз иелігі өзін­де ғой. Солар енді қалған бытыраңқы жат­қан түр­­кі халықтарының басын қосу үшін осын­­дай бір ұйымға күш біріктіруді жөн деп тауып отыр. Бірақ бізді алаңдатып отыр­ған бір мәселе – ұйым жұмысынан өз­бек­тердің тартыншақтап жүргендігі. Содан кейін түрік­мен­дер де соңғы кезде біртүрлі суынып бара жатқандай...
– Бұл екі елдің бұйығылық танытуының себебі неде деп ойлайсыз?
– Меніңше, барлық гәп саясатта жатқан сияқты. Біз саясатқа араласпаймыз. Де­ген­мен саясат бізді жай қалдырғысы жоқ. Былтыр түркі елдері мәдениетінің фес­тивалі болды, соған башқұрт театры кел­мек­ші болды. Алайда аяқ астынан олар­ды жібермей қалды. Бірақ одан кейін арақатынасымыз түзелді. Енді осын­дай кедергілерді жою үшін біраз іс-шара­лар­ды жасауды қолға алып отырмыз. Соның бірі – Ресейдің өзін «ТҮРКСОЙ-ға» бақы­лаушы мүше етіп кіргізу. Осы жолда көп­теген келісімдер жасалды. Енді алдағы маусым айында Ресейдің сыртқы істер ми­нистрімен кездесіп, мәселені түбегейлі шешеміз деп отырмыз.
Ал Өзбекстан ұйым жұмысына атса­лыс­пай жүргенімен, ебін тауып осы ел­дің мәдениет қайраткерлерін тікелей ша­қыртып алып жүрміз. Себебі саясат қазір қа­таңдау болғанымен, түбінде өзгеретіні анық. Ал өзбек мәдениетінсіз түркі мә­де­ниеті толыққанды бола алмайды. Біз қазір түркі халықтарын біріктіретін үлкен бір жо­ба бастағалы жатырмыз. «Көроғлы» опе­расын барлық түркі халықтарының опера әншілеріне хормен айтқызбақ ойдамыз.
– «ТҮРКСОЙ-дың» қалтасы, қоры қалай екен? Жалпы, ұйымды қаржыландыру мәселесі қалай жоспарланған?
– Бұған дейін ұйымға мүше елдердің жыл­дық жарнасы 25 мың АҚШ долларын құрады. Бірақ бұл – 1993 жылғы мөл­шер­де қалған жарна. Әр ел сондай ақ­ша­дан шығарған күнде де оның түк бол­майтынын өздеріңіз бағамдап отыр­ған шығарсыздар. Осы қаражат жағы­на келгенде, түріктерге үлкен алғыс айтуы­мыз керек. Өйткені осы уақытқа дейін бар­лық шығынды көтерген – Түркия. Мә­се­лен, 2006 жылдың соңында «ТҮРКСОЙ-ға» арнайы ғимарат тұрғызып берді. Биыл құрыл­тайшылар арасында қайтадан ше­шім шығарып, мүше елдердің жарнасын 150 мың долларға өсірдік. Ал бақылаушы елдердің әрқайсысының жарнасы 50 мың доллардан айналады. Осының өзі «қар­жы­сы бардың қаруы бар» дегендей, жағ­дайымыздың біршама дұрысталуына сеп­тігін тигізеді...
Біз, жалпы, барлық уақытта ЮНЕСКО-ға қарап бой түзейміз. Олар қаржы мә­се­лесін қалай шешті дегенге келсек, ұйым­ға мүше елдердің жарнасымен қо­са қосымша қанша демеушілері бар. Олар мүше мемлекеттермен жақсы жұ­мыс істейді. Мәселен, біздің Таңбалы тари­хи ескерткішін ЮНЕСКО бүкіләлемдік мә­­де­ни мұралар тізіміне аларда соның бар­лық қаражатын Норвегия көтер­ген еді. Отырар шаһарында қазба жүргі­зіп, оған Жапонияның назарын аудар­тып, қаржы­лай көмек бергізген де – ЮНЕСКО. Қожа Ахмет Яссауи кесе­не­сін реставрациялауға түрік бауырла­ры­мыз­­дың қол ұшын бер­генін өздеріңіз білесіздер.
– ЮНЕСКО-мен қатар ISESCO деген де бар. «ТҮРКСОЙ» да болашақта солардың қатарындағы ұйым болуы керек қой. Сондықтан осы ұйыммен ынтымақтасу, тәжірибе алмасу жоспарларыңызда бар ма?
– Әрине, оның алғышарт­тарын жасап та жатырмыз. Таяу­да «Өркениеттер диа­ло­гы» атты үлкен конференция бол­­ды, оған Түркия премьері Р.Ер­доған мыр­за мен ISESCO-ның бас хатшысы Абдул Азиз әл-Тувейджри қа­тысты. Сон­да әріп­­тестік қаты­нас жа­сау туралы құ­жат­қа да қол қой­дық. ISESCO-ның штаб-пә­те­рі Мароккода орналас­қан. Олар­­дың қар­жылық ресурстары жақ­сы, бұл – бір. Екіншіден, олар­дың Ислам кон­фе­рен­ция­сы ұйымы секілді мықты саяси қол­дау­шы­лары бар. Бұл жағынан біздің әл­сіздеу екеніміз рас. Соңғы кездері Ел­ба­сы­мыз бұл мәселені жолға қою үшін Түр­кі елдері Парламентінің ассамблеясын құ­ру туралы ұсыныс айтып жатыр. Сая­си тұр­ғыда қолдайтын халықаралық ны­сан бол­мағандықтан, біздің саясаттан бойы­мыз­ды аулақ ұстауымызға тура келеді. Оның астарында ұйымды қорғау мәселесі жатыр.
– Жалпы, жарғы бойын­ша халықаралық ұйым­дардың өз тілі болады ғой. «ТҮРКСОЙ» қай тілді ұйым тілі ретінде бекітіп отыр?
– Ұйымның ресми тілдері – түрік және орыс тілі. Күнделікті қатынаста орыс тілі болса, ресми құжаттар мен кездесулерде тү­рік тілі қолданылады. Аудар­ма­шылар жұмыс істейді.
– Алматыда «Өркениеттер диалогындағы түркі әлемінің рөлі» тақырыбымен өткен симпозиумға қатысқан зиялылар қауымы бірауыздан «түркіге ортақ телеарна құру керек» деген тұжырымға тоқталды. Бұл мүмкін бе және қанша уақытта жүзеге асырылады деп айта аласыз?
– Ол мүмкін, тіпті бар деп те айта ала­мын. Осы бір ай ғана болды, «Түрк ава­зы» атты жаңа арна ашылды. Бұл – әрине, бірнеше жылдық жұмыстың нәти­же­сі. Себебі әу баста TRT арнасының басшы­ла­рымен кездескенімізде «ТҮРКСОЙ-дың» не екенін де білмейтін. Қазір ұйымның жақ­сы танылғанының арқасы шығар, осын­дай арна ашуға мүмкіндігіміз жетті. Әр халықтың тілінде үш сағаттан хабар тара­ты­лады.
– Иранда «түрік» дегенді Кеңес Одағы кезіндегі «чукча» секілді қа­былдайды. Ирандағы саны аз түркі ха­лықтары: жалайырлар, қарлұқ­­­тар, қашқаилардың, әйтпесе Ауған­стан­дағы түркілердің, сондай-ақ Ирак­тағы түркомандардың, сондай-ақ басқа да елдердегі иісі түркі бауыр­ларымыздың мәдениетін дамытуға «ТҮРКСОЙ» ықпал жасай ала ма?
– Бұл жағы – әрине, қиын мәсе­ле. Мәсе­лен, қытайлар ұйғырларды «ТҮРКСОЙ-ға» жібере ме? Жіберген күнде де олар бізге мүше бола алмайды. Ал енді ақпараттық жағынан біз олармен байланысты үзбеуге тырысамыз. Ресей құрамындағы елдердегі жағдай да дәл сол сияқты. Мысалы, Чува­шиядағы чу­ваштар саны 75 пайыз екен. Бі­рақ олар­ды бізге қатыстырмайды. Чува­шия­ның президенті де Ресейдің рұқса­тын­сыз қадам жасай алмайды. Сондықтан олар­­мен әлі келіссөздер де болған жоқ. Ал Олжас Сүлейменов кезінде «түр­кі тілі­нің байлығы чуваштардың көне еңбекте­рінде көп байқалады» деп атап көр­­­сет­кен болатын. Мұнымен салыс­тыр­ған­да са­ны едәуір аз түркілердің ішінде бізбен бай­ла­нысып тұратындары бар. Сон­дық­тан мә­се­ле халықтың санына емес, ру­хы­на бай­ла­нысты екен. Құмықтар мен қара­шай­­­лар­ды да біртіндеп өзімізге тар­тып жа­тырмыз. Оларды да кезінде бөліп тас­тауға ұмтылған ғой. Дағыстанда бізбен бай­ла­нысып тұратын ноғайлар бар. Но­ғай­лар­дың қазақтармен ұқсастығы өте көп.
– 200 миллион түркінің жартысы ғана белсенді де, қалған бөлігі араб, парсы, т.б. ұлттардың құрамына сіңіп, жоғалып бара жатыр. Қытайға сіңіп бара жатқан саларлар, сары ұйғырлар сынды түркілер бар. Жер бетінде жеті-ақ мыңы қалған долғандар жайы алаңдатады. Оларға өздері өмір сүріп жатқан мемлекеттер онсыз да көмектеспейтіні белгілі. Саясатына, басқасына бармай-ақ, олардың этнографиясына, тіліне көмектесу мақсатында жекелеген фильмдер түсіру арқылы сәл де болса қол ұшын тигізу мүмкін бе?
– Әрине, мүмкін. Ол туралы сөз бас­тал­ды. Біз оларға нақты көмек бере алмасақ та, «міне осындай болудан сақтаныңдар» деген ниетте әлгіндей жұмыстар атқара аламыз. Бүгінде осы тұрғыдан экспедиция жасақтап жатырмыз. Кезінде, айтпақшы, шор халқының бір ақсақалын алдырып, ол кісінің аузынан бар білетінін жаздырып алғанбыз. Сондағы қолындағы аспабы – кәдімгі біздің қара қобыз, жыры – біздің жырлар. Ол кісі соларды білетін соңғы тұяқ екен. Одан кейін ешкім қалған жоқ.
– Ең үлкен трагедия осы болып тұр емес пе? Түркі халықтарының бүгінде діні де әртүрлі болып кеткен. Ислам дініндегілердің өзі шейіт пен сунниттер, буддаға табынып кеткендері қаншама?! Діни сенімдерінің әртүрлілігі онсыз да біріге алмай жатқан түркілерге кері әсерін тигізбей ме?
– «ТҮРКСОЙ» дін жағынан гөрі мәде­ниет пен өнерге аса көңіл бөледі. Бірақ соның негізінде осы дінге де жағдай ту­ғызатын көптеген іс-шаралар жасау ал­дағы жос­пар­ларымызда бар.
– Дүйсен аға, сіз өзіңіз музыкатанушысыз. Осы қазақтан басқа түркілердің әуендерінде бір өзгешелік байқалады. Жалпы, салыстырмалы түрде алғанда, көне түркі әуенінің бояуы, ырғағы қазақ музыкасында жақсы сақталған ба, әлде өзбектер мен түріктердің музыкасында ма? Ежелгі түркі музыкасының нағыз мұрагері қайсысы?
– Ежелгі түркі музыкасы біздің қазақ­та жақсы сақталған ғой. Мұны мен дә­лел­деп, орыс ғалымы әрі менің досым Спи­ваковтың қолын қойдырып алғаным бар. Ол өзінің біздің Елбасымызға риза екендігін білдіріп, жеке қорынан скрипка тарту етті. Сосын «Скрипка – потомок ве­ли­кого кобыза Деда Коркыт» деген ма­қа­ла жазды. Расында да, қобыз – ең ежелгі шекті аспап, оның шегін баба­ла­ры­мыз жылқының қылынан жасаған. Одан кейінгі шекті аспаптар қойдың іше­гінен, кейін түріктер металдан жасай бастады. Олардың аспаптарының ши­қыл­­дап шығатыны сондықтан. Ал қазір­гі кез­дегі қазақ домбырасының шегі ней­лон­нан екенін көріп жүрсіздер. Ал Қор­қыт­тың мекендеген жері қазіргі Қызыл­ор­да облысының Жаңакент деген жері екендігін мен түріктерге әдейі айтып жүр­­мін. Бұйырса, алдағы жылдар ішін­де сол Қорқыттың жатқан жеріне арнайы мемориалдық кешен салдыруға оғыз­дар­дың тікелей ұрпағы түрікмендер, түрік­тер, гагауыздарды да жұмылдырмақ ниет­темін. Егер солай етсек, әлгі жер туристік орталыққа айналар еді.
– Дағдарыс ұйымдарыңызға қалай әсер етіп жатыр?
– «ТҮРКСОЙ-да» дағдарыс жоқ. Тек бір өкінетінім, жағдай бұдан жақсырақ кезде «ТҮРКСОЙ-ға» көбірек қаржы құйып алу керек еді. Соны кезінде ұйым басшылығы дұрыс пайдаланбаған екен. Қайта қа­зір қаржы дағдарысы кезінде біздің ұйым­ның қаржысы үш есеге ұлғайды. Қызмет­кер­лердің санын аздап қысқартып, жа­ла­қыларын екі есе өсірдік. Арасында ұйым­ның құрылғанына он бес жыл толған мерей­тойды да атап өттік.
– Сонда бұрын «ТҮРКСОЙ» қызметкерлері қанша жалақы алушы еді, қазір қанша болды, яғни кәсіби мамандардың деңгейі қаншалықты бағаланады және ұйымда барлығы қанша қызметкер жұмыс істейді?
– Мен келгенде ұйымда 31 адам жұ­мыс істейтін, қазір 24 қызметкер қалды. Мұ­ның сыртында 2-3 қызметкердің орны бос тұр. Әлі күнге баспасөз хатшымыз жоқ. Бұрын ұйымдағы орташа жалақы шама­мен 500 доллар болса, бүгінде жалақы өскеннен кейін басқарушы бас мамандар 1200-1400 доллар алса, техни­ка­лық қыз­меткерлердің жалақы көлемі 700 дол­лар болды. Ал әр елдің өкілдері 2000 АҚШ доллары көлемінде жалақы ала­ды. Олардың пәтерінің, көлігінің және іссапарларының ақысын бөлек төлейміз.
– Қызметіңізден тыс өз өнеріңізге келсек, қат-қабат тіршілікпен жүріп, скрип­каңыз тасада қалып қойған жоқ па?
– Әзірге солай болып тұр. Былтыр мен осы ұйымға бас директор болып сайланған күні Түркияның мәдениет министрі маған айтпай, опера театрының директорына ха­барласып, бір скрипка алып келген екен. Сол кезде скрипка тарттым. Ал кон­церт дайындауға уақыт жетпейді. Іс­са­пар­лар өте көп. Қазір жоспарда Сібір халықтарына барып, экспедиция ұйым­дас­тырып, олармен байланыс орнату мә­селесі тұр. Алдағы күндері ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының ауқымды тұсаукесерін өт­кізу жоспарлануда. Осы таныстырылым аясында түркі елдерінің ең үздік өнер­паздары «ТҮРКСОЙ» жұлдыздары» атты концерт қойып, түркі әлемі суретшілерінің көр­месін өткізбекшіміз. Сондай-ақ әлем­дік деңгейде алғаш рет «Түркі халық­та­рының дәстүрлі асханасы» атты ас мәзірі фестивалін де ұйымдастырмақ ойдамыз.
Биыл қазақ халқының ғажайып ға­шық­тық жыры «Қыз Жібек» эпосының тари­хына 500 жыл толып отыр. Қазақ­стан тарапынан осы мерейтойды ЮНЕСКО деңгейінде атап өтуге қатысты жұмыс­тар­дың қандай нәтижеге жететініне қа­ра­мастан, біз қазақ фольклорының ке­ре­мет үлгісі – «Қыз Жібек» эпосының құр­­метіне өз тарапымыздан бірнеше ша­­ра ұйымдастырмақпыз. Жетінші рет өткізілетін «ТҮРКСОЙ» ұйымының дәс­түр­лі опера күндерін бүгінде 75 жыл­ды­ғын өткізіп жатқан Қазақтың мем­ле­­кет­тік Абай атындағы Опера жә­не ба­лет театрының «Қыз Жібек» опера­сы­­мен бастамақ ойымыз бар. Бұл – бір. Екіншіден, Түркияда «Қыз Жібек» фильмі­нің күндерін ұйымдастырамыз. Оған кинода басты рөлдерде ойнаған әртістерді шақырмақпыз. Үшіншіден, «Қыз Жібек» эпосын түрік тіліне аударып, кітап етіп бастырып шығармақ ниетіміз де бар. Ал елдегі ағайын да өздеріне тиесілі шаралардан шет қалмаса керек. Жалпы, түркі халықтарының мерекелері Кіші Азияның төрінен бұрын өз бесігінде бастау алғаны зор абырой болар еді.
– Дүйсен аға, арнайы уақыт бөліп, келгеніңізге ұжымның атынан, оқырмандарымыздың атынан үлкен рақмет! Өзіңіз сынды Алаш азаматының үлкен ұйымды ұйытып, түркілік алып ұйымға айналдыруына тілектеспіз!

Ұтқыр ой:
– Мен «ТҮРКСОЙ-ға» басшы бол­­ғалы арнайы кездескен бірін­ші редакциям сіз­дер болып отыр­сыздар. Сондықтан мен үшін бұл есте қалатын оқиға болды. Газет­тің аты басқаша болғанда, бәлкім, кел­мес пе едім, бірақ «Алаш айнасы» деп тұрған­нан кейін аттап өтуді өзі­ме ар санадым. Кейде айнаға да қа­рап қою керек!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста