Қазақтың қазақша сөйлемеуі, шетелден бапкер, әртіс шақыртуы – бәрі намыссыздығынан...

Қазақтың қазақша сөйлемеуі, шетелден бапкер, әртіс шақыртуы – бәрі намыссыздығынан...

Жасан Зекейұлы, Халықаралық инемен емдеу академиясының мүшесі, медицина ғылымының докторы, профессор, академик:

Шығыс-Тибет медицинасы біздің еліміз үшін күні бүгінге дейін қыр-сыры белгісіз ғылым болды. Оның ауруға пайдасы зор екенін сіз арқылы танып-біліп жатырмыз. Осы орайда аталмыш ілімнің ерекшелігі жөнінде кеңінен әңгімелеп берсеңіз...
— Бұл ғылым негізінен Қытайда жақ­сы дамыған. Біздің одан хабарсыз қа­луымыз­дың басты себебі Қазақстан 70 жыл Ресейдің құрамында болғандықтан, КСРО шекарасын асып келіп, біздің елі­міз­де дамуына мүмкіншілік болмады. Еге­мен­дік алғаннан кейін, ел арасындағы ты­ғыз байланыс пен адамдардың қарым-қатынасы нәтижесінде ғана ел ішіне тарала бастады. Шығыс-Тибет медицинасы байыр­ғы бес мың жылдық тарихы бар Шы­ғыс елінің медицинасымен ұштасып жа­тыр. Бұл саланың басты мақсаты — адам денесіндегі табиғи энергия көздерін ашу. Табиғи энергия көздерінде 12 жұп, 24 меридиандық жолдар болады. Онда 700-ден астам нүктелер бар. Солардың бар­лығы адамдардың 12 мүшесімен жал­ғасып жатыр. Инелер сол нүктелер арқылы адамдардың ішкі ағзасын емдейді. Дәрі кейде бір жеріңізді емдегенімен, екінші жеріңізге зардабын тигізеді. Оның үстіне еліміздегі медициналық қызметтің на­шар­лығы да рас. Соның айғағы, қазір халық жағдайы келсе, шетел асып ем­де­луге тырысады. Себебі еліміздің меди­ци­насына сенбейді. Ал алтын ине емі басқа жеріңізге зиянын тигізбей, тек ауыр­ған жеріңізге ғана бағытталады. Және біз бел омыртқасының жарығы, мас­топатия секілді ауруларды отасыз емдейміз. Мысалы, инсульт алған адам сал болып қалады. Медицина инсульт алған адамды алғашқы көмек жасап, бетін бері қаратқанымен науқастың одан әрі қарай аяқтан тұрып кетуіне қауқарсыз. Ал ол адамның бұрынғыдай аяқтан тұрып кетуіне тікелей көмек жасайтын Шығыс-Тибет медицинасы. Алтын ине емі адамды емдеп қана қоймай адамның бойындағы ауруға деген қарсылық иммунитетін көтеріп, адамның бойындағы қуат көздерін ашады. Кейде адам күнделікті қым-қуыт тіршілік, мазасыз жұмыс, ластанған ауа мен дұрыс тамақтанбау секілді күнделікті режимнің бұзылуынан шаршап, әлсірейді. Көптеген өркениетті елдерде адамдар ауырмай-ақ, бойындағы әлсіздікті жойып, дене қуатын арттыру үшін Шығыс-Тибет медицинасының қызметіне жүгінеді. Адам бойындағы қуат көздері жеткілікті жұ­мыс істесе, кез келген ауруға төтеп бере алады. Шығыс-Тибет медицинасын зерт­теп, жұмыс істеп жатқаныма қазір 20 жылдай болды. Ал медициналық орта­лық­ты ашқаныма 5 жыл. Осы уақытқа дейін 40 мыңдай адам ем алды. Оның ішін­де әлеуметтік жағдайы нашар 1500-дей адамға тегін ем жасалды.
— Бірнеше профессорлар мен академиктер «Үкіметке үндеу жазды» деп естідік. Солардың ішінде сіз де бар екенсіз. Үндеу жазуларыңызға не себеп болды?
— Дүниежүзілік қаржы дағдарысын пайдаланып, кейбір азаматтар адам ем­деуді бизнес көзіне айналдыруда. Қазіргі таңда Қытайдың Да Лиян қаласындағы Шығыс-Тибет медицинасымен айналы­са­тын орталықты елордамыз Астанаға әкелуге мүдделі болып отырғандар бар. Бір анығы, Қытай жақсысын сыртқа жі­бер­мейді. Қытайда өз Үкіметінен қол­дау таппай отырған бұл орталықты ел­ор­да­­мызға әкелу – өзге елдің қаңсығын таң­сық көрумен барабар. Шындығына ке­лер болсақ, қаны қазақ, Шығыс-Тибет меди­цинасынан кандидаттық, докторлық диссертация қорғаған білгір мамандар Қытайда жетерлік. Тіпті олар елге оралуға ниетті. Неге соларды әкелмеске?! Олардың көп бөлігі Қазақстанға көшіп келіп, осында тұрып жатыр, жұмыссыз жүргендері де жетерлік. Қытайдан гөрі білгір маман қан­дасымыз артық емес пе?! Таяуда ғана Президентіміздің өзі халыққа Жолдауында шетелден маман әкелуді тоқтатып, ең ал­дымен отандық мамандар мен ішкі ең­бек күшін жұмыспен қамтуды атап өтті. Ен­деше, қытайлықтарды жерімізге әкелу ар­қылы біз не ұтамыз? Шетелден барып бі­лім үйренетіндердің өзіне медицина­лық құпиясын ашпайтын Қытайдың ем-домшылары біздің елді емдеуі былай тұрсын, жы­мысқы саясат жүргізбейтініне кім ке­піл? Олар Қазақстанға жаны ашып емес, нан табу мақсатында келуде. Сон­дықтан шетелдің көзбояушыларына жол бермей, Астанамызда заманауи тех­ни­­калармен жаб­дықталған, отандық ма­ман­дар топтас­қан, жалған емшілерге де тосқауыл бола алатын бір орталық ашу қажет. Бұл – бір жағынан, ұлттық қауіпсіз­дігімізге тиімді болса, екіншіден, өз ма­мандарымызды жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осы жайлар 100 шақты профессор мен академиктердің Үкіметке хат жазуына түрткі болды.
— Қытайлықтар күнделікті тұтынатын тауарымызды басып алды, мұнайымыздың да бір пұшпағын иемденді. Енді медицинамызға ауыз салуға талпынуда. Осы орайда көпшілік «қытай үнсіз жаулайды» деген пікір айтып жүр. Жалпы, біздің елімізге қытайлықтардан осындай қауіп бар ма?
— Егер шынымен Астананың қақ тө­рінен медициналық орталық ашып ал­са, қауіп болады деуге негіз бар. Онда жан­ды жерімізден ауыз салды деп те айту­ға болады. Ал қытайлық сапасыз тауар­ға келер болсақ, бұған алдымен өзіміз кінәліміз. Дәл қазіргі кезеңде біз Қытай тауарына өзіміз мүдделі болып отырмыз. Олар жаулайтын болса зиянды тағамы­мен улау арқылы емес, өз қызмет тү­­рін мойындату арқылы жаулайды. Олар­­дың «Қазақстанға жөнелтеміз» деп әдейі­леп сапасыз тауар шығарумен айна­лы­сып жатқан зауыттарын көргенім жоқ. Басқа елдер алдында ұятқа қалмас үшін олар ондай тірлікке бармайды да. Қазір қытайлықтардың жалпы саны 2 мил­лиард­қа жетіп қалды. Осынша адамды тұтыну тауарларымен қамту мүмкін емес. Сондықтан халыққа арнап сапалы да, саны көп, сапасы жоқ тауар да шыға­рады. Себебі 2 миллиард халықтың бәрін сапалы тауармен қамту мүмкін емес. Ал біз олардың сапасыз тауарына «ортақтасамыз». Бұған ең алдымен елі­мізге ала дорбамен тауар тасымалдап жат­қан кәсіпкерлер кінәлі. Болмаса, ал­ма­ның отаны – Алматыда тұрып, аула­мыз­дан бір себет алма жинай алмай отыр­мыз. Қытайдың 2 миллиард халқын қам­тамасыз ету үшін көп өнім беретін тыңайтқышпен улап тастаған алмасына ұмтыламыз. Жұртты кінәлаудан бұрын өзімізге қарап алуымыз керек. Өз-өзімізді қамтамасыз етіп, қытайға ауыз ашпайтын болсақ, кім бізге қой деп отыр...
— Жалпы, Қытайдың қай жағынан болсын алға озып, дамуында не сыр бар?
— Қазір Американың өзі Қытаймен санасады. Қытай көп салада алда келе жатыр. Осыдан бірнеше ғасыр бұрын Қы­тайдың белгілі ғұламасы «Біз ғы­лыммен ға­на алдыңғы орын­­ға шы­ға­мыз» деген еді. Аспан асты елі әлі күнге осы қағидамен өмір сүріп келеді. Қа­зір Қытай сол ғы­­­лымымен тех­­­но­логиясы, эко­­­номикасы да­­мы­­­ған ал­дың­­­­­­ғы қатарлы ел­дер­дің қата­ры­­на шығып отыр. Ал біз қа­зір тек мұ­­найға се­ніп ал­­дық. Байлық қашанға жетеді? Ертең ол тау­сыл­са, күніміз не болады?! Сондықтан бізге де басшылыққа ғылымды алатын кез жетті.
— Әңгімемізді медицина саласына бұрсақ, қазір адамдар көбінесе қандай ауру түрімен жиі шағымданады?
— Бүгінгі таңда аурудың барлық түрі дерлік жасарып кетті. Бұрын инсультпен тек жасы келген адамдар ғана ауырса, қазір қалшылдаған жастардың өзі инсульт алып жатады. Тек қана Алматы қаласының өзінде күн сайын 10-11 адам инсульт ауруы­мен тір­келсе, бір күн ішінде екі-үш адам инсульт сал­дарынан қаза табады екен. Бұрын 70-80-ге келген қарттарды «белінен шойырылып қапты, қарттық қой» — деп жа­татын, қазір белінен шойырылып жас­тар келіп тұрады. Себебі адамдардың көп­теп қалаға ойысуымен, халқымыздың тұрмыс салты өзгерді. Соған сай сүйек өсуінде де өзгерістер болып жатыр. Сүйек арасындағы өзгеріс жұмсарғаннан кейін сіңірлер қысылып, арада жарықтар пайда болып жатады. Ол жастардың белінің құяңы ұстауға себеп болады. Бұрын жас­тар үйленгеннен кейін келер жылы сол уақытта ата-бабаларымыз сәби күтіп оты­ратын. Қазір үйленгеніне 5-6 жыл болған, бірақ бала көтере алмай жүрген жастар өте көп.
— Диагнозды тамыр басу арқылы анықтайды екенсіз. Тамыр басу арқылы барлық ауруларды анықтауға бола ма?
— Тибет медицинасының басты мето­дикасы – тамыр басу. Қанның көтеріліп немесе түсіп тұрғанын, қан айналымы­ның бұзылғанын, анықтауға толық мүмкіндік бар. Тамыр басумен анықталмайтын да аурулар бар. Мәселен, бүйректегі тасты, сынған сүйекті, жұқпалы ауруларды тамыр басу арқылы анықтай алмайсыз.
— Аурулардың бәрінің айығуына толық кепілдік бар ма?
— Тибеттік емнің негізі қаланған Қы­тайда арнаулы Тибеттік зерттеу акаде­мия­сы бар. Сол академияның зерттеуі бойынша осы ауруларды емдеп жазуға болады деген шешім шығарған. Мен пәлен ауруды емдеп жаздым деп мақтанбай-ақ қояйын. Талай рет медицинада «кеспесе болмайды» деп, диагноз қойылған мас­топатия секілді ауруларды екі сеанста емдеп жазған күндеріміз болды.
— Кіреберіске қазақтың түбіне жететін төрт кесел бар. Олар күншілдік, жалқаулық, рушылдық, намыссыздық деп жазып қоюыңыздың себебі неде?
— Біз барымызды қадірлей алмайтын елміз. Елімізде адам құндылығы сақтал­маған. Кезінде спорт шебері атанып, қа­заққа талай алтын, күміс әперген тар­ландарымыздың аула сыпырып жүргені бар. Түскен киносы қазақ елінің алтын қорына сақталған шеберлерімізді анда-санда журналистеріміз «сіз қайда жүрсіз?» деп іздеп қойғаны болмаса, мемлекеттің іздеп жатқанын естімейміз. Осындай адам­дарымыз бола тұра шетелден бапкер ша­қыртып, шетелден актер іздейміз. Жат елдің адамының жүрегі қазақ деп соғып, қазаққа жаны ашып тірлік ете ал­май­ты­ны бесенеден белгілі ғой. Ен­де­ше, өзіміз­дің саф алтынымыз тұр­ғанда, неге біреу­дің қаңсығын таңсық көреміз?! Тіпті біреу­ге иек артуға неге намыстанбаймыз?! Мұ­ның себебі біз күн­шілміз, намыссызбыз. Бір-бірімізді көре алмаймыз. Қазақтың қазақша сөй­ле­меуі, шетелден бапкер, әр­тіс шақыртуы – бәрі айналып келгенде, на­мыссыздығынан... Намыссыздықтан қор­­­қуымыз керек. Мен Қытайда жүріп, қытай қызына үйленген бір қазақ жігітті көргенім жоқ. Ал Қазақстанда қазақ қызына үйленген талай қытайды көрдім. Тағы да сол намыссыздығымыздан. Қытай елі кезінде шенеунік болған ада­мын кейін ол орнынан түсіп қалса да төбе­сіне көтереді. Ал біз елеусіз қалдыра салуға үйренгенбіз. «Жүзігі бар да Сүлеймен, жүзігі жоқта сүмірейген» болады да шы­ғады. Қытайлықтар белгілі адамы орны­нан түсіп қалса да арнайы мәшинесі мен жүргізушісін, оққағарын беріп қояды. Ең бастысы, адамдық құндылық сақталады. Ал бізде адамдық құндылық аяқ асты бо­лып тапталуда. Жақында менің қабыл­дауым­да кезінде белгілі депутат болған кісі болды. Бүгінде ешкім іздемейтін халге жеткен. Оны көрген бүгінгі ұрпақ халыққа қызмет етуден де бас тартпа­сы­на кім кепіл?! Осы секілді кемші­лік­тер­­дің барлығының түп төркіні жоғарыдағы төрт кемшілігімізден. Қай кезде де дұш­­пан қарсыласының жанды тұсынан ұстағы­сы келеді. Біздің кем­шілігіміз әрдайым қаперімізде болып, жоюға тырыссақ екен деген ниетпен оны кіреберіске жазып, іліп қойдым.
— Қазір ел арасында жалған емшілер көбейіп кетті. Жалған емшілердің әрекетіне тосқауыл қоя аламыз ба?
— Бұл жалған емшілердің әрекетін сіз бен біз дәлелдей алмаймыз. Бұған мемлекеттік тұрғыдан тосқауыл керек. Халық емшілеріне арнап, міндетті түр­де Астана немесе Алматыдан арнайы бір орталық құрылуы керек. Ал қалта­сын қағып, алаяқтарға алданғысы келме­ген­дер осы орталықтан басқа жерге бар­масын. Орталықты әрбір жұмысы үшін заң алдында жауап беруге міндеттеуіміз керек. Арнайы комиссия орталықтың жұ­мысына тексеру жүргізіп отырса құба-құп. Бір кездері мұндай алаяқтар Қытайда да қаптады. Алайда олар осы әдіс арқылы оларға тосқауыл қойды.

Датым!
Мен датым ретінде ана тілдің мәселесін айтқым келеді. Қазақ тілінің Қазақстаннан басқа Отаны жоқ. Қазақ тілін көтеретін де, қадірлей­тін де — Қазақстан. Алайда қазақ тілі Қазақстанда жетімсіреп жүр. Мен Қытайда жүргенде мамандығым да, кәсібім де болды. Бірақ той­ған жерінде жүре беретін ит емеспін ғой, туған жеріме барайын деген шешімге келіп, еліме келгендегі ең бірінші кедергі қазақ тілін білмеуім емес, орыс тілін білмеуім болды. Біз Қытайдан оқу үшін кетіп бара жатырмыз демесек, жібермейтін. Сондықтан мен қайтсем де Қазақстанда аспирантураға түсуім керек болды. Ал орыс тілін білмесең, аспирантураның есігінен де сығалатпайтын. Сол үрдіс әлі күнге дейін бар. Алдағы уақытта ана тілімізді дамыту басты мәселеміз болуы керек. Керек десең, қазақша білмейтін адамға айыппұл төлету керек.

Сөз арасында
Есірткі сатушыларды әлі күнге құрықтай алмай келеміз. Неге? Себебі біздің заңнан ешкім қорықпайды. Қы­тай­да бір рет ескертеді. Екінші рет есірткі сатып ұсталса, бірден атады. Бізге де осындай тәртіп керек. Жақын­да құқық қорғау органының маманымен осы мәсе­ле жө­нін­де сөзге келіп қалдым. Ол «бізге ол тәртіп жара­май­ды. Біздің ЕҚЫҰ-мен келісіміміз бар» — дейді. Әр мем­­ле­кет­тің даму ерекшелігіне байланысты өзіндік тәрті­бі болуы керек қой. Мақұл, елдер арасында адам құқы туралы заңдар қабылдансын. Бірақ «ерекше жағдай­лар­да қолданылады» деп жазып қойса бола­ды ғой.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста