Қазақ газеттеріне ауызбіршілік өте қажет

Қазақ газеттеріне ауызбіршілік өте қажет

Қали СӘРСЕНБАЙ, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы:

– Аға, осыдан 25 жыл бұрын, тап осы уақытта алғаш жарық көрген  «Алма­ты ақшамы» бүгінде өзіндік бет-бейнесі бар, қолтаңбасы  айқын  басылымдар­дың қатарынан саналады. Газеттің дең­гейі жоғары, оқырманға қажетті басы­лым­ға айналуын сіз немен байла­ныс­ты­рар едіңіз?
–   Мен «Алматы ақшамының» басшы­лы­ғына біраз баспалдақтардан, түрлі мектептерден өтіп барып келдім. Ең алғаш жұмысымды «Лениншіл жаста» корректор­лықтан бастадым. Сол жерде өстік, өндік, қабырғамыз қатайды. Кейіннен «Өркен-Горизонтта», «Жетісуда», «Егемен Қазақ­стан­да» жұмыс істедім. «Жас Алашта» бас редактордың орынбасары болдым. Ол басы­лым­дарға да өз қабілет-қарымымызша үлес қостық. Дегенмен әр кездің өз талабы, өз ерекшелігі бар. Мысалы, жалаң сенсация қуған да кездер өтті. Біреуді жамандап жазсаң, біреудің қолымен от көсесең, жұрт соған қызығатын, соны оқитын. Бірақ қазір ондай заман жоқ. Бүгінгі оқырман мен ол кездегі оқырманның арасы жер мен көктей, ел көп нәрсеге селт етпейді. Бір жағынан, ақпарат та көп. Сондықтан да оқырманды адастырмай, дұрыс мәлімет беру керек, елдің интеллектісін көтеретіндей дүниелер­ге бару керек. Абайдың «Көпте ақыл жоқ» дегені – рас сөз. «Халық – тобыр» деп М.Әуе­зов те айтқан. Бұл – халыққа топырақ шашу емес, «деңгейді өсіру керек, жұртты тәрбиелеу керек» деген әңгіме. Біз осы ба­ғытта жұмыс істедік. Әдемі, қоңыр басылым жасау керек болды.
– Сөйтіп, нақты қандай жобаларға басымдық берілді?
– Біріншіден, газетке ойы бар, айтары бар дуалы ауыздарды, үлкен интеллек­туал­дарды тарта бастадық. Мысалы, «Зиялының сөзі» деген айдар бойынша көп мәселе қозғалды. Былайша айтқанда, олар – бі­реу­дің пікірімен өмір сүрмейтін, өзінің көзқарасы айқын адамдар. Біз сосын газет­ке мақала жазумен ғана шектелуді жөн көрмедік, мақсатты түрде қосымша бір жо­ба­ларды қолға алдық. «Алматы ақшамы­ның» кітапханасы» деген сериямен кітаптар шығара бастадық. Соның алғашқысы – «Алматыны басқарғандар» деген атпен жарық көрді.
– Ол әуелде газеттің айдары болды және сол бойынша материалдар беріліп тұрды...
– Иә. Мен осында келген бойда жігіт­тер­ді мұрағатқа жіберіп, арнайы материал­дар дайындаттым. Ол материалдар «Алма­тыны кімдер басқарды?» деген айдармен газетте жарияланып тұрды. Сонау Колпа­ковский, Зенковтардан бастап, Алматыны басқарған адамдарды түгендеп шықтық. Бұл жан-жақты қарастырылған, жүйелі жұмыс болды. Қарап тұрсақ, біз көп нәрсені білмейді екенбіз. Алматы үшін жаны күйген талай адамдар өтіпті. Осы қаладағы Сей­фул­лин көшесінің атын қоярда қалалық атқару комитетінде үлкен талас-тартыс бо­лып­ты. Біреу Кировты, біреу Орджони­кид­зені, біреу басқаны айтып жатқанда бұрыш­та отырған бір қазақ «Сәкен Сейфуллин ше?» деп айтып қалыпты. Қалалық мәдениет басқармасының бастығы бір еврей әйел екен. Сол әйел: «Ол кім тағы? Ондай рево­лю­ционер бар ма еді?» – депті. Қаланың сол кездегі басшысы сонда: «Бар ондай революционер. Қалалық мәдениет басқар­ма­сының бастығы Сәкен Сейфуллинді білмейтін болса, онда біз оны несіне ұстап отырмыз? Сіз боссыз», – деп, бірден қыз­меттен босатыпты. Содан «Енді көшеге кімнің атын қоямыз?» дегенде бәрі «Сәкен Сейфуллин» депті. Алматыдағы ең үлкен көшеге Сәкен Сейфуллиннің аты солай беріліпті. Міне, осындай қызықты әңгімелер көп. Ресми сарында ғана болып қалмасын деп, біз сол адамдардың өміріндегі осын­дай ерекше бір оқиғаларды, Алматы үшін атқарған айрықша жұмыстарын сұрастыр­дық, тіпті туыстарымен сөйлестік.
Негізі, газетте жұмыс шашыраңқы жү­ре­ді ғой. Уақытша да, тұрақты да айдарлар, тақырыптар болады. Бірақ мен жігіттерге: «Артымызда салмақты бір дүние қалатын­дай осындай жұмыстарды істейік», – де­дім.
– Бұл, бір жағынан, Алматының тарихын зерттеу, зерделеу тұрғысынан да айтарлықтай еңбек болған екен. Жалпы, осы тақырыпты қолға алуға не себеп болды?
– Осыдан 7-8 жыл бұрын «Алматыға – 150 жыл» деген әңгіме көп айтылатын. Орыстілді басылымдардың бәрі солай деп жазатын. Осында келісімен, мен соған қарсылық ретінде газеттің маңдайшасын өзгертіп, «Мың жасаған шаһардың шамшы­рағы» деп жаздым. Сосын осы бағыттағы мақалаларды 1-бетте үзбей жариялап тұр­дым. Сол материалдар қоғамда үлкен көз­қарас, пікір туғызды. Осыдан екі-үш жыл бұрын Елбасымыздың тікелей қол­дауы­мен Алматының тарихына байланысты халы­қаралық конференция өтті. Дүние­жүзінен келген ірі ғалымдар сөз сөйлеп, Алматының тарихын 1000 жыл емес, тіпті 2000 жылға жақындатты.
– Содан қандай нәтиже шықты?
– Әлі нақты бір шешім жоқ. Бірақ кон­ференцияға қатысқан ғалымдар ЮНЕСКО-ның атына үндеу қабылдады. Енді таяу арада ЮНЕСКО бір шешім шығаруы тиіс. Бізде қазір Алматының тарихына байла­нысты бір кітап дайын тұр. Айтайын дегенім, Алматының өзінің үш атауы бар. Біріншісі – Алмату. Баяғыда ғалымдар осындағы шекара училищесінің маңындағы қорымға қазба жұмыстарын жүргізіп, сол жерден шағатай тіліндегі «Алмату» деген жазуы бар көне тиындар тапқан. Одан кейінгі аты – Алмалық. Сосын араға «Верный» деген атау түсті де, кейіннен Алматы болды. Енді осы үш сөзді алып қарасаң, бәрінің түбірі өз-өзінен сөйлеп тұр. Алматы – Ұлы Жібек жолындағы аса ірі жеті кенттің бірі. Бізді осы тақырып қатты қызықтырды. Онда да бұл – жай қызығушылықтан емес, намыстан туындаған әрекет болды. Мұның сыртында Асанәлі Әшімовтің газетімізде жарияланған «Менің жанрым – күнделік» деген атпен жарияланған дүниелері кітап болып шықты. Енді Сәбит Оразбаевтың «Жақсыдан сөз қалсын» деген айдармен жарияланып жатқан материалдарын кітап қып шығарсақ деп отырмыз. Бұл да – біз айналысып жатқан жұмыстың бір саласы.
– Ол кітаптардың таралу жағы қалай болып жатыр? Кітапханаларда, сауда нүктелерінде бар ма?
– Біз оларды сатып, пайда тауып жатқан жоқпыз. Демеуші тауып шығарамыз да, автордың қолына тапсырамыз. Бір бөлігі Алматы кітапханаларына беріледі. Негізі, кітап шығару тұрақты жолға қойылған шаруа емес, мүмкіндікке қарай шығарамыз.
– Ал газеттің күнделікті өмірге араласуы қалай? Алматы – алып мегаполис. Білім, мәдениет, денсаулық, өнеркәсіп салалары бойынша қаншама мәселелер бар! Газет соған қаншалықты атсалысады және ықпал ете алады? Қандай мәселелерді үнемі назарда ұстап отырады?
– Алматы үлкен қала болғаннан кейін оның мәселесі де жетіп-артылады. Бізге арыз-шағымдар да көп келеді, телефон да соғылып жатады. Кейде болмашы нәрсе­лер­ге бола да хабарласып жатады. Қалай дегенмен де өзекті мәселелер біздің назар­дан тыс қалған емес. Тіпті «Мына жерде мынадай қоқыс жатыр» деген нәрсенің өзін біз сырт айналып өтпейміз. Шешіліп жатқан ағымдағы мәселелер де баршылық. Бұдан бөлек, жаңағыдай «Алматының 1000 жылдығы» деген сияқты елдің рухын көте­ретін, елге барынша пайдасы тиетін келелі мәселелерді көбірек назарда ұстауға тыры­самыз. Қаладағы денсаулық, білім сала­сы­ның мәселелеріне де газеттің ықпалы болады.
– Осыдан 25 жыл бұрын қазақша газет ашу ерлікпен пара-пар іс еді. Тура сол тұста «Алматы ақшамы» үлкен күшпен жарық көрді, тұрақты шығып жатты. Бірақ, негізінен, ресми болды. Сіз газетке еркін мазмұн, еркін көзқарас алып келдіңіз, форматын өзгерттіңіз. Осы тұрғыда қиындықтар, қарсы­лық­тар болған жоқ па?
– Жоқ, қаланың қай әкімінің кезінде де мен алғыстан басқа ештеңе естігем жоқ. Айтатын ойымды газет бетінде айтып, жазатынымды жазып жатырмын. Бұрын бізде 32 бет деген болмаған. Қазір бейсенбі сайын 32 бет болып шығамыз. Мен өзім бұрыннан «Комсомольская правданы» оқимын, жақсы көремін. «Ақшамның» да бас-аяғын сондай жинақы етіп, А3 форма­тына көшірдік, кейбір айдарларымыз да өзгерді. Мысалы, «Комсомолкада» «Кар­ти­на дня» деген айдар бар. Біз де сол мазмұн­да «Қала – қарбалас» деген айдарды шығарамыз. Форматты өзгертуіміздің бір себебі – үлкен форматта дизайн, безендіру дұрыс болмаса, материал далиып, газет тартымсыз шығады. Ықшам форматтың бір жақсы жері – мұнда ірі материалды көп бермейсің. Көрнекті интеллектуалдардың кейбір оқылымды дүниелері болмаса, былайынша, күнделікті мақалалар шағын әрі сұранысқа сай болып келеді.
– Оқырмандар тұрғысынан келген­де, «біздің газеттің аудиториясы – мы­нау» деген сияқты нақты ұстанымы­ңыз бар ма?
– Жалпы, газетті оқырманға лайықтап жасау қажет. Бірақ «Қарапайым жазсаң, оқырмандарың көп болады, ал егер күрделі жазсаң, оны тек түсіндірушілер болады» деген сөз бар. Сондықтан мейлінше қара­пайым жазуға, газетті қарапайым етіп шы­ғаруға тырысқан жөн. Сонымен бірге елдің интеллектуалдық деңгейін өсіру керек. Осы екі мақсат үнемі қатар жүріп отырады. Мы­салы, бізде «Зиялының сөзі» деген оқыс, озық ойлар топтасқан айдар мате­риалдары мен қарапайым оқырман­ның ұғымына лайық дүниелер аралас шығады.
– Ал басқа басылымдар сырт айна­лып өтетін қандай мәселелер сіздердің үнемі назарларыңызда болады?
– Әр газеттің өз бағыты, өз тақырыбы бар. Біз газеттің бірнеше бетін қала тіршілі­гіне, әр сала бойынша ағымдағы жаңа­лықтарға арнаймыз. Ары қарай әртүрлі мәселелерге ойысамыз. Ол, мысалы, бүгінгі күні елдің назарында жүрген тақырыптар болуы мүмкін. Тақырыпты таңдауда шек жоқ.
– Демек, қаланың газеті болған­дық­тан, көбінесе осы өңірдің өзекті мәсе­лелерін, қаланың тіршілігін қамтуға тырысасыздар...
– Иә, негізінен, қаланың тіршілігін қоз­ғай­мыз. Бірақ «Алматы ақшамы» тек қалаға ғана тарамайды. Осы оңтүстік бағыттағы Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан об­лы­с­­тарына, тіпті Астананың өзіне де әжеп­тәуір көлемде таралады. Бізде «Алыстан келген хат» деген айдар бар. Сонда көбінесе сырттан келетін материалдар жарияланады. Бізге сондай-ақ батыс өңірлерден де жиі хабарласады. Сондықтан газеттің сондай аудиториясын да ескеруге тура келеді.
– Мысалы, батыс өңірінің тұрғын­да­ры «Алматы ақшамына» қандай мәсе­лемен, қандай сұрақпен хабар­ласады?
– Олар осы газет бетінде көтерілген мәселелерге үн қосып жатады. Қайсыбір жылдары Алматының 1000 жылдығына байланысты материалдар бергенімізде соған орай хабарласқандар, пікір айтқан­дар көп болды. Сосын бізде «Сағындым Алматымды» деген айдар бар. Астана, әрине, Астана ғой. Бірақ Алматының өзінше бір киесі, құдіреті бар. Кезінде қазақтың астанасы болды. Қазір де үлкен рухани орталық.  Бұрын  Алматыда оқыған, жүр­ген, тұрған, тіпті бір рет көрген адамдар­дың өзі оны ешқашан ұмытпайды, сағынып жүреді. Мәскеу вокзалдарында Олег Газмановтың Мәскеу туралы әні шырқалып тұрады екен. Сол сияқты «Алматы вокзал­дарында неге Алматы туралы ән айтылып тұрмайды?» деп, біз бір кезде мақала жаз­ғанбыз. Сол мақала көп резонанс туғызды. «Шынымен де, Алматыға барсақ, баяғы Алматы жоқ сияқты. Елдің рухын көтере­тіндей бір нәрселер істелсе, тым болмаса «Сағындым Алматымды» әнін қойып қойса болады ғой» дегендей хаттар келді. Бұл мәселе тіпті Алматы қалалық әкімдігінде де қозғалып, біраз әндер таңдалды, өкініш­ке қарай, аяқсыз қалды. Мұны әлі де қолға алуға болады. Осындай нәрселерді сына­лап енгізе берсек, елдің рухы, еңсесі өз-өзі­нен көтеріледі.
– Алматының рухани келбеті қа­лыптасады дейсіз ғой...
– Әрине. Осы мәселе мені көптен тол­ғандырып жүр. Мысалы, қарап тұрсаңыз, Жазушылар одағы, Алматы консервато­рия­сы, Өнер академиясы, кезінде А.Жұба­нов, Е.Брусиловский, Б.Ерзакович, Л.Хами­ди сияқты кілең зиялылар тұрған үй, ар жағын­да Опера театры – бәрі өздері бір шоғыр болып тұр. Осы маңайды әдемі рухани ал­лея немесе кешенге айналдырсақ, қандай ғанибет болар еді! Біз мұны айттық та, жаздық та. Әйтеуір, елге ой тастауға ты­рыс­тық. Қазір орындала қалмағаны­мен, түбі бір қолға алынар деген үміт бар.
– Сол сияқты апортқа, домбыраға ескерткіш қою жөнінде ой айтқаныңыз да елдің есінде...
– Иә, ол рас. Алматының апортына Көк­төбеде ескерткіш қойылды. Бірақ айтарлық­тай керемет емес. Ал апорт деген Алматы­ның символы ғой. «Домбыраға ескерткіш қою керек» деген мәселені де біраз қозға­дық. Мұның бәрі қаланың ұлттық болмы­сынан, келбетінен айырылып қалмауы үшін қажет.  Балтық жағалауында халық әніне тұрғызылған ескерткіш бар. Ұшып бара жатқан аққулар бейнеленген. Әлгіні көріп, ішпей-жемей-ақ ән салғың келеді.
Тағы бір айтар нәрсе, «Қыз Жібек» филь­мі ең алғаш «Целинный» кинотеат­рында қойылған.  Ол сұмдық құбылыс болып, ел кинотеатрдың есігін қиратып кірген. Осы кинотеатрдың атын «Қыз Жі­бек» деп өзгерту туралы біз бірнеше рет жаздық, мұны да жұрт қолдап жатыр.
– Сонда бүгінгі таңда «Алматы ақшамы» қаланың рухани келбетін айшықтауға атсалысып жатыр ғой?
– Иә, негізгі бағыт – сол. Былтыр қала әкімі А.Есімовтің қолдауымен «Күміс көмей, жезтаңдай» деген атпен әншілер байқауы өтті. Ол жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп тұратын болып ұйғарылды. «Алматыға ұлттық рух керек» деген әңгіме сол кезде де айтылды.
– «Журналистік ынтымақтастық»  деген бар. Бір газет көтерген ұлттық мәселені басқа газеттер де іліп алып кетіп өзінше жазса, қоғамдық пікір туғызып, шешімін табуына ықпал етсе, қандай керемет! Осы жағынан алғанда, сіз «Алматы ақшамында» қозғалған қандай мәселенің басқа басылымдар тарапынан да қолдау тапқанын қалар едіңіз?
– Алматының мәселесі елдің бәріне ортақ. Сондықтан ұлтқа пайдалы бастама­ны, акцияны бәріміз қолдауымыз керек. Қазақ басылымдарының басы біріккені дұрыс. Баяғыда «Бас редакторлар клубы» деген болған. Сонда «мынадай газетте мынадай мәселе көтерілді» деп, тікелей эфирде айтып отыратынбыз. Тым қатты кетіп қалдық па, әйтеуір, 5-6 хабардан ке­йін сол тоқтап қалды. Негізі, қазақ газетте­ріне осындай ауызбіршілік өте қажет. Мы­салы, бізде көтерілген домбыра мәселесін басқа басылымдар да іліп әкетіп өзінше жазса, қоғамда үлкен сілкініс, серпіліс туар еді. Өйткені қазақта домбырадан киелі не бар? Анау ер Түріктің заманын, қағанаттар кезеңін айтпай-ақ, хандық дәуірден бергі бес жүз жылдық тарихты алып қарайтын болсақ та, бүкіл халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған жан серігі осы домбыра емес пе?.. Кешегі өткен батырлар мен ақындардың қанжығасында әр уақытта домбыра жүрген. Қазір, мысалы, қазақтың бес мың күйі белгілі. Ал бес мың күй деген – бес мың жылдық тарих деген сөз! Сон­дықтан домбыраға ескерткіш орнату – тіпті күн талабындағы мәселе. Басқа елдерде адамға ескерткіш қою деген сирек кездесе­ді. Одан гөрі осындай символдық нәрселер арқылы елдің санасына әсер етуге көбірек ден қойылады. Міне, осы нәрсені бірігіп көтеруге болар еді.
– Қазір қоғамда өзекті, өткір нәрсе көп, бірақ соны айтуға, көрсетуге ен­жар­лық басым. Журналистердің бел­сен­ділігін қалай арттыруға болады?
– Көп көрінетін, әсірепысық журна­лис­тер бар. Бірақ сөзінде салмақ жоқ. Олар, әрине, белсендіге жатпайды. Көтерген мәселесі қоғамнан қолдау тауып, тиісті орындар оған назар аударып жатса, әне, сол – белсенді. Баяғыда «Егемен Қазақстан­да» Нури Муфтах деген журналист болды. Жұрт бас редакторға емес, Нури Муфтахқа келіп, соның қабылдауын күтіп отыратын. Ол сот құрылымдарымен жұмыс істейтін және әбден зәбір көрген, жапа шеккен адамдардың тағдырын жазатын. Міне, журналист сондай деңгейде болуы тиіс, мәселені солай көтеруі қажет. Өкінішке қа­рай, халыққа жаны ашитын, әркімнің мұң-зарына, өтінішіне білек сыбана араласып кететін ондай журналист бүгінде кемде-кем. Теледидардан жұртты аузына қаратып, ел ішіндегі мәселелерді, олқылықтарды қозғаған болып жүргендердің бәрінің көздейтіні – тек танымалдық. Бізге қазір елжанды, ұлтжанды журналистер керек. Өткенде жаңалықтарды тыңдап отырсам, бір журналист, әй-шәй жоқ, «Бүгінгі хаба­рымызды өрттен бастайық» деп қарап отыр. Тура бүкіл ел өртеніп жатқан сияқты немесе бұл елде өрттен басқа іліп алар ештеңе жоқ секілді. Біреу мысықты басып кетсе, соны да көрсетеді. Көрсетпейтін бәлесі жоқ. Арасында бір жақсылықты айтпайды. Тіпті «осындай біреуді бауыздап кетті, келесі жолы сол туралы айтамыз» дейді. Осыдан кейін ел қалай өседі? Тобыр болған үстіне бола түседі емес пе? «Тағы не боп қалды екен? Кімді өлтіріп кетіпті? Кімді басып кетіпті?» деп, соны күтеді де отырады. Қаптаған үрей. Теледидарға қарасаң бітті, кілең бір-бірін қуып жүрген бәле, атыс-шабыс. Бір тазалық, рухани әдемі леп деген жоқ.
– Ал өзіңіз тілшілеріңізге қандай талап қоясыз?
– Талап сол манадан бері айтып отырған әңгімеден келіп шығады ғой. Мысалы, өрт­тің де хабарын бер. Бірақ айғайлатпай, өзінің орнымен, жөнімен баянда. Ең дұры­сы, оқырманға әйтеуір бір пайдасы тиетін­дей мәлімет бер. Әдетте, жұрт «бірдеңе жа­нып кетті», «ана бір мектеп ашылды» деген сияқты шолақ нәрсенің бәрін ақпарат деп ойлайды. Ақпаратты жеткізудің түрлі жолдары болады. Интеллектуалдық үлкен дүниелердің ішінде де қаншама ақпарат бар.
– Кім кімді көбірек тыңдайды, сіз тілшілеріңізді ме, әлде тілшілер сізді ме?
– Негізі, көбінесе мен оларды тыңдағым келеді. Олар жас қой, өзіндік ой-пікірі, көзқарасы бар. Әзірге жолдарын кескен кезім жоқ.
– Қазір енді газеттің жұмысы жүйе­ленді, бір арнаға түсті, өз деңгейінде деп айтуға бола ма?
– Жоқ, өз деңгейінде деп айтуға бол­майды. Газетте үнемі шедевр жасау мүм­кін емес. Осы газетте аптасына бір жақсы дүние шықса, ол – мен үшін үлкен жетістік. Жалпы, елде газет туралы мағлұмат бар, «Алматы ақшамын» жұрт біледі. Оның қандай деңгейде шығып жатқанын бағалайтын да – оқырманның өзі...
– Әңгімеңізге рақмет. «Алматы ақ­шамы» бір қаланың ғана емес, бүкіл елі­міздің шамшырағы болып жарқы­рай берсін!

Алашқа айтар датым...
...Бізде көтерілген домбыра мәселесін басқа басылымдар да іліп әкетіп өзінше жазса, қоғамда үлкен сілкініс, серпіліс туар еді. Өйткені қазақта домбырадан киелі не бар? Анау ер Түріктің заманын, қағанаттар кезеңін айтпай-ақ, хандық дәуірден бергі бес жүз жылдық тарихты алып қарайтын болсақ та, бүкіл халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған жан серігі осы домбыра емес пе?.. Кешегі өткен батырлар мен ақындардың қанжығасында әр уақытта домбыра жүрген. Қазір, мысалы, қазақтың бес мың күйі белгілі. Ал бес мың күй деген – бес мың жылдық тарих деген сөз! Сондықтан домбыраға ескерткіш орнату – тіпті күн талабындағы мәселе.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста