Өкпе құрт ауруын емдеу саласында білікті мамандар жетіспейді
Тілеухан ӘБІЛДАЕВ, Туберкулез мәселелері ұлттық орталығының директоры, медицина ғылымының докторы:
– «Қазақстан құрт ауруына шалдыққан адамдар санының көптігі жағынан ТМД мен Еуропа елдерінің алдында келе жатыр» деген қауесет бар. Осы қаншалықты рас? Маман ретінде айтыңызшы, еліміздегі құрт ауруы таралуының қазіргі деңгейі қалай?
– Кеңес кезінде Қазақстан туберкулез аурулары жөнінен басқа одақтас мемлекеттерге қарағанда көрсеткіш жағынан жоғары деңгейде болды. Одан кейінгі экономикалық тоқырау жылдарында аталмыш індет елімізде күрт өсіп кетті. Оның ішінде алғашқы науқастану да, құрт ауруынан қаза болатындар саны да артты. Мұндай жағдай 1991-ден 1998 жылға дейін тұрақты түрде өсіп отырды. Осыны ескере отырып, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев 1998 жылы «Денсаулық сақтау саласындағы кезек күттірмейтін шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Осыдан бастап елімізде туберкулезге қарсы күрес бағдарламасы бекітілді. Бағдарлама аясында қаржыландыру мәселесі нақты қолға алынды. Мемлекеттік қамқорлықтың арқасында ауруханаларды дәрі-дәрмекпен, тамақпен қамтамасыз ету, науқастарға жіті көңіл бөлуге ерекше назар аударылды. Бұрын толыққанды ем ала алмай жүрген науқастар бұдан кейін барынша емделуге мүмкіндік алып, өлім көрсеткіштері азая бастады. Қаржыландыру күшейгеннен кейін науқастарға нақты әрі тез арада диагноз қою мүмкіндіктері жоғарылады. Осылайша біз халықтың құрт ауруымен науқастану деңгейін төмендете бастадық. Демек, 1998 жылдан 2009 жылға дейін өлім көрсеткішінің төмендеу қарқыны 100 мың адамға шаққанда 38,0-ден 12,9-ға төмендеді. Бұл 66 пайызды құрайды. Ал алғашқы науқастану көрсеткіші 165,1-ден 105,4-ке азайды. Демек, бұл – 36 пайыз төмендеді деген сөз. Мұның барлығы – мемлекеттік қамқорлықтың әрі қолға алынған бағдарламаның дұрыс бағытта жүргізілгендігінің нақты айғағы. Алдағы уақытта да біз алғашқы науқастану мен өлім көрсеткіштерін бұдан да төмен дәрежеге жеткіземіз деген сенімдемін, оған мүмкіндігіміз толық жетеді. Өйткені бізге республикалық бюджеттен бөлек, халықаралық қорлар да жәрдемдесіп тұрады. Олар құрт ауруын емдейтін заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп отыр. Мәселен, туберкулезге диагноз қоюда бактериологиялық диагностикасыз жұмыс жасау қиын. Себебі ол туберкулездің бар-жоғын 100 пайыз анықтай алады. Ал флюрорентген түсіргенде ондағы түрлі көлеңкелер туберкулезді нақты анықтауға кедергі келтіреді. Демек, ол – «туберкулездің бар болуы мүмкін» деген күдік қана береді. Ал абсолюттық 100 пайыз диагностиканы анықтаудың жолы тек қана бактериологиялық жолдармен шешіледі. Міне, құрт ауруын емдейтін ауруханалар осындай заманауи қондырғылармен жабдықталып отыр. Егер де туберкулезбен күрес бағытында осындай игі шаралар жиі атқарыла беретін болса, онда 2015 жылға дейін біз туберкулездің эпидемиологиялық негізгі көрсеткіштерін жалпы қоғамға қауіпсіз деңгейге дейін түсіруге мүмкіндігіміз бар. Сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талаптарына сай, дәрігерлерді жоғары дәрежеде қорғайтын мұрындықтармен (маскалармен) қамтамасыз етіп отырмыз. Бұл – жеке басты қорғаудың тәсілдері. Ауруханаішілік ауаны алмастыру жүйелері де ретке келуде. Сонымен қатар адамға жұқтыру дәрежесі күрделі ауруларды тек өздерінің дәрежесіндегі науқастармен бір бөлімшеге шоғырландырдық. Қазіргі таңда туберкулездің жаңа түрлері пайда бола бастады. Тіпті біздің тағайындаған дәрілеріміз оларға әсер етпейтін де жағдайлар кездесіп жатыр. Сондықтан біз оларды бірнеше бөлімге бөліп, емдеу шараларын қолға алып отырмыз. Мәселен, бірінші қатардағы науқастарды қажетті дәрімен емдесек, екінші-үшінші қатардағы науқастар дәрінің көп түріне бейімделіп кеткендіктен, оларды ұзақ уақыт емдеуге тура келеді.
– Жалпы, сіздерде дәрі-дәрмек жеткілікті ме? Шетелден әкелінетін дәрілердің сапасы қалай?
– Дәрі-дәрмек жеткілікті. Әлгінде айтқанымдай, бізді республикалық бюджеттен бөлек, халықаралық қорлар да қажетті дәрімен қамтамасыз етіп отыр. Қор арқылы келетін дәрілер еуропалық стандарттарға сай, сапалы келеді. Республикадан келетін дәрі-дәрмектердің те тиімділігі жоғары, арнайы тексерілген. Бұл жағынан бізде мәселе жоқ. «СК-Фармация» компаниясы дәрі-дәрмектерді орталықтандырылған түрде жеткізіп беріп отыр.
– Сіз әлгінде ғана дәрігерлердің мұрындық (маска) тағу мәселесін айтып қалдыңыз. Қайбір жылдары туберкулезді емдеу орталықтарында жұмыс жасайтын медицина қызметкерлерінің өзі құрт ауруына шалдықты. Бақандай 33 қызметкер. Бұл дәрігерлердің салақтығы ма, әлде басқалай себептері бар ма?
– Біз бір нәрсені мойындауымыз керек. Кеңес үкіметінің тұсында елімізде құрт ауруы көп белең алды. Тіпті туберкулезді емдемек түгілі, нақты диагноз қоюдың өзі қиынға соғатын. Себебі заманауи аппараттар болмады. Одан кейін экономикалық тоқырау жылдары басталды. Осы кезде біз науқастарды туберкулездің дәрісімен тұрақты қамтамасыз ете алмадық. Осылайша елімізде түберкулездің күрделі түрлері пайда бола бастады. Қазірдің өзінде біз туберкулездің жалпы деңгейін азайтқанымызбен, оның күрделі түрлерінің үлес салмағы басым екендігін байқап отырмыз. Сондықтан да аурухана ішіндегі ауа алмастырғыштарды заманауи қондырғылармен қамтамасыз етіп, жеке басты қорғайтын маскаларды пайдалануға деген талапты күшейтіп отырмыз. Негізінен, бұл әр адамның жеке басының тазалығы мен ұқыптылығына байланысты. Бізде кейде орта буын, кіші буын медицина қызметкерлері, тазалықшылар ауруханада жүргенде маскасыз науқастармен тілдесіп қоюы мүмкін. Осылайша ол өзінің денсаулығына залал келтіріп, уақыт өте келе иммунитеті әлсіреген тұста түберкулезбен ауыру қауіптілігі жоғарылай бастайды. Сондықтан бұл әркімнің жеке басына, медицина қызметкерлерінің өзінің денсаулығына жауапкершілігінің жоғарылығына байланысты болады. Сонымен қатар біз ауруханаға келген науқастардың туыстарына да маска киюді талап етеміз. Ауру да, оған келуші адам да міндетті түрде маскада болуы керек. Бірақ кейбіреулер аурулардың көңіліне қарайды немесе кейбір аурулар «ой, мен бір ай емделіп шықтым, мен жұқпалы емес екенмін, маскасыз жүре беруіме болады» деп жалған ақпарат таратып, немқұрайдылыққа салынады. Мұндай кезде ол ең бірінші өзінің жақындарына қауіп тудырады. Әйтпесе, республикамызда ауруларды тек өздерінің жұқпалы дәрежесіне қарай бөліп, орналастыру мәселесі жолға қойылған. Мәселен, бір облыста бірнеше тубдиспансерлер болады. Оның бірінде тек жұқпалы емес ауруларды емдейміз, екіншісінде жұқпалы болғанымен, дәріге сезімтал түрлерін шоғырландырамыз, үшіншісіне дәрінің көп түрлеріне бейімделіп кеткен аса ауыр науқастарды бөлек бөлімше немесе басқа ғимаратқа жатқызамыз. Бактериологиялық лабораториялардың өзі таза және жабық зона болып екіге бөлінген. Таза зонада күнделікті жұмысымен медицина қызметкерлері қағаз толтырып отырса, ал екінші зонада қақырықпен, іріңмен бактериологиялық жұмысшылар бөлек отырады. Олардың өз ауа тазалағыштары, филтрлері, қауіпті сақтайтын жоғары деңгейдегі маскалары болады. Міне, осылайша біз науқастан – науқасқа, немесе науқастан медицина қызметкерлеріне жұқпайтын жолдарын қарастырып отырмыз.
– Институт құрт ауруын анықтауға және емдеуге қажетті заманауи қондырғылармен толықтай жабдықталған ба?
– Туберкулез мәселелері ұлттық орталығында рентген аппараттарының ең жоғарғы түрі – компьютерлік томограф жұмыс жасайды. Мұның туберкулезді анықтауда пайдасы мол. Мәселен, өкпе ауруларының ішінде өкпенің тесілген түрлері өте көп кездеседі. Міне, сол тесіктің нақты қай деңгейде тұрғандығы, ол емделгеннен кейін қаншалықты жабылып келе жатқандығын анықтауда таптырмайтын құрал. Сондай-ақ сүйек, буын туберкулезін тексеруге де өте қолайлы. Екінші бізде бактериологиялық лаборатория жұмыс жасайды. Одан кейін былтырғы жылы халықаралық қордың қаржыландыруымен заман талабына сәйкес, жұқпалы ауруларды бақылау Ұлттық референс – республикалық бактериологиялық зертхана ашылды. Осы арқылы біз ауруханада жатқан науқастардың ауруын бактериологиялық жолмен анықтауға және облыстағы бактериологиялық лабораториялардың сапасын тексеруге мүмкіндік алдық. Қазіргі таңда Еуропадан әкелінген соңғы үлгідегі аппараттардың барлығын сонда орналастырып жатырмыз. Сонымен қатар, бізде Батек Мжит 960 аппараты бар. Бұрынғы қондырғылар бойынша, қақырықты «питательный средаға» еккен кезде туберкулез таяқшалары үш айдан кейін өсіп шығатын. Осыдан соң ғана біз соған байланысты дәрі тағайындайтынбыз. Демек, аурудың нақты жолдарын емдеу үшін 3,5 ай уақыт жоғалтамыз. Ал науқас 3,5 айға дейін алғашқы топтағы дәрілермен емделгенімен, олардың кейбіріне бұл дәрілер әсер етпейтін болып шығады. Оның үстіне, осы уақытқа дейін олар қанша маска кисе де, басқа аурулармен байланыста болады. Міне, айналдырған 3,5 айдың ішінде басқа ауруларға да туберкулездің күрделі түрін жұқтырып алу қаупі туындайды. Ал бұл ретте Батек Мжит 960 аппаратының тиімділігі ерекше. Өйткені ол небәрі екі аптаның ішінде-ақ туберкулездің таяқшаларын өсіріп шығарады. Қазір біз осы қондырғының көмегімен бір айдың ішінде аурудың дәріге төзімділігін анықтауға мүмкіндік алдық. Демек, бұрынғы бактериологиялық зерттеудің жұмысын біз қазір үш есеге қысқартып отырмыз. Сонымен қатар бұл қондырғыны тек қана өзімізде емес, облыстағы барлық тубдиспансерлерге және Қарағанды облысында орналасқан бір қылмыстық жазаны өтейтін колонияға алып беруді қамтамасыз еттік.
– Жаңа аппараттарды әкелген бөлек те, оны қолдана алатын мамандардың болуы – мүлдем бөлек әңгіме. Елбасы айтқандай, жаңа аппараттарды қолдана алатын мамандар болмай, олардың кейбірі бөлмелерде шаң басып тұрған жоқ па?
– Осы мәселе туындамас үшін біз мамандықты жетілдіру оқу орталығын ашып, дәрігерлердің кейбір жаңа қондырғыларды үйренулеріне мүмкіндік жасап отырмыз. Өйткені жаңа қондырғыларды пайдалануды облыстағы дәрігерлеріміз, бактериологтарымыз біле бермеуі мүмкін, сондықтан олардың іс-тәжірибесін арттыру үшін, осындағы оқу-әдістемелік базасына шақырып, теориялық және практикалық жағынан үйретіп жатырмыз.
– Бұрындары ауыл-ауылдарда туберкулезге шалдыққандарды анықтау үшін жылжымалы флюорографияны жиі қолданатын. Көлікпен жүріп-тұрғындарды тексеретін еді. Қазір осы жүйе сақталған ба?
– Облыс, аудан тұрғындарының арасындағы туберкулезді анықтау мәселесі алғашқы медициналық көмектің жұмысы болып табылады. Демек, әрбір облыс, аудан-ауылдардағы емхана-амбулаториялар түберкулезді анықтаумен айналысады. Осы ретте олар жылда туберкулезге қарсы тексерулер ұйымдастырады. Жылжымалы флюромен жергілікті халықтың денсаулығын анықтайды. Оның ішінде дәрігерлер, мұғалімдер т.б. бюджет саласының қызметкерлерінің барлығы тұрақты түрде тексеріліп тұруы тиіс. Бұдан бөлек туберкулезбен ауырып қалу қаупі жоғары топтар да үнемі облыстық-аудандық денсаулық сақтау саласының назарында болады. Қазір біз екі жолмен анықтаймыз. Бірі – жылжымалы флюро болса, екіншісі қақырықты микроскоппен тексеру жолы. Мысалы, жылжымалы флюро жылына бір-ақ рет келеді. Одан кейін ауыл тұрғындары не істейді? Олар жергілікті дәрігерлік амбулаторияларға барады. Демек, жөтеліп, қақырық тастап, одан қан араласып шықса, температурасы көтеріліп, әлсіздік пайда болса, онда оны жергілікті дәрігерлер емдеп көреді. Егер оңды нәтиже болмаса, олардың қақырықтарын алып, лабораторияларға жібереді. Бактериологиялық жолмен тексергенде олардың нақты түберкулезбен ауыратынын немесе ауырмайтынын 100 пайыз білуге мүмкіндік бар. Одан кейін ауруханаға жатқызып, ем-домын қабылдайды. Негізі, ауылдық жерлерге жылжымалы флюроны апару әр кезде әрқалай ұйымдастырылады. Мәселен, кейбір аудандардың өздерінің флюросы бар. Олар кесте бойынша жылына бір рет ауылдарға шығып, тұрғындардың денсаулығын анықтайды. Ал кейбір аймақтарда екі ауданға бір флюро берілген. Мұндай кезде екі ауданның келісімі бойынша, бірінші туберкулез қаупі көп ауылды тексеріп, одан кейін басқа ауылдарды тексеру жалғаса береді. Міне, осы жүйе бізде бұрыннан қалыптасқан.
– Осыдан біраз бұрын мамандар «Өзбекстан мен Қырғызстаннан келетін арзан жұмыс күшінің арасында туберкулезбен ауыратындар толып жүр» деп мәселе көтерген еді. Мүмкін сырттан келетіндердің денсаулығын шекарада тексеріп өткізу керек шығар. Бұған не дейсіз?
– Қазіргі таңда бізде шеттен келетіндерді шекарадан арнайы тексеріп өту мәселесі қарастырылмаған. Себебі «сырттан келетін гастарбайтерлер арасында да туберкулезбен ауыратындар кездесіп жатады» дейді білетіндер. Дегенмен бізде еңбек мигранттары арнайы медициналық тексеруден өтеді. Өйткені уақытша еңбек мигранттары алғаш келгенде облыстық немесе аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру департаменттеріне тіркеледі. Олар жұмыс істеуге рұқсат қағаз берерден бұрын мигранттардың қолында медициналық кітапшалар болуы міндетті. Егер олардың арасында туберкулезге шалдығуы мүмкін деген күдіктер болатын болса, онда оны бірден еліне қайтарады. Бізде осындай заң бар. Бірақ оның қаншалықты деңгейде орындалып жатқандығын мен нақты айта алмаймын. Себебі әлеуметтік сала бізге емес, аймақ басшыларына және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарайды.
– Елімізде құрт ауруына шалдыққан адамдардың нақты саны қанша? Олар сіздерде арнайы тіркеле ме? Әсіресе, қай өңірлерде басым болып тұр?
– Әлбетте, құрт ауруына шалдыққандар бізде тіркеледі. Жаңа науқастанған адамдар да, бұрыннан емделіп келе жатқандар да біздің республикалық базамызда тұрады. Сонымен қатар, бұрын бізде Батыс Қазақстан, Атырау, Қызылорда, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарында туберкулезге шалдыққандар көрсеткіші басым болатын. Қазір олардың барлығы орта деңгейге түсіп келе жатыр. Десек те, қазіргі таңда Астана қаласы аталмыш ауру көрсеткіштері жөнінен алда келеді. Себебі онда миграциялық процесс қарқын алған. Шетелден де, өзіміздің аймақтағы басқа өңірлерден де барып жұмыс істейтіндер көп. Қазіргі біздің жүйе бойынша егер адам бір жерде алты-жеті ай жұмыс істеп, сондағы емханаға қаралса, оның науқастану деңгейі сол жерге тіркеледі. Осыдан келіп Астана қаласындағы көрсеткіш басқа өңірлерге қарағанда жоғары болып тұр. Дегенмен де, Құдайға шүкір дейік, осыдан біраз жыл бұрын туберкулезге шалдыққандар көрсеткішінің көптігі жөнінен әлем бойынша 22 орында тұрсақ, қазіргі кезде 33-інші орынға төмендедік. Демек, елімізде туберкулез мәселесі біршама жақсарып келеді деген сөз. Оның үстіне, халықаралық қорлар да бізге бұрынғыдай қаржы бөлуді бірте-бірте шектеп келеді. Неге? Оның себебі: олар бізді жек көргендіктен емес, Қазақстанның экономикалық мүмкіндігі Орталық Азиядағы басқа мемлекеттерден көшілгері болғаннан кейін осындай қадамға барып отыр.
– Денсаулық сақтау саласы құрт ауруын емдейтін білікті мамандармен қаншалықты қамтылған? Ауылдарда кәсіби фтизиатрлар мен рентгенологтар жеткілікті ме? Әлде олардың да көпшілігі айлық-жалақы аз болғандықтан, басқа салаға кетіп қалып жатыр ма?
– Шыны керек, құрт ауруымен күрес саласында ауылдық жер тұрмақ, облыс орталықтарының өзінде мамандар жетіспейді. Ауруханалардағы медициналық қызметкерлерді қажетті деңгейде ұстап тұру үшін зейнет жасындағы дәрігерлердің жұмысын пайдалануға мәжбүрміз. Дегенмен бұл бағытта да жұмыстар жасалынуда. Қазір туберкулез саласында жұмыс жасайтын медициналық қызметкерлерге инфекциялық қауіптілігі жоғары орында жұмыс істегені үшін айлықтан бөлек 29 мың теңге шамасында қосымша ақы төленеді. Аурудың күрделі түрін емдейтін дәрігерлерге де қосымша ақы тағайындалған. Бұл шара соңғы 2 жылдан бері жүзеге асып отыр. Егер де дәрігерлерге қосымша ақы төлеу бұдан да жоғары дәрежеде шешіле беретін болса, онда бұл салаға жас мамандардың қызығушылығы артатыны сөзсіз.
– Кейбір сала мамандарының айтуынша, елімізде туберкулездің таралуына негізінде түрмелер септігін тигізіп отырған көрінеді. Өйткені ондағылардың көбі абақтыдан босап шыққаннан кейін, өздерінің нақты тіркелген мекенжайында болмай, әр жерде жүреді екен. Мүмкін, абақтыдан шыққандарды бостандыққа шығармастан бұрын олардың денсаулықтарын тексеріп, тубдиспансерлерге емделуіне мүмкіндік жасауымыз керек шығар?..
– Абақтыдан шыққандардың басым бөлігі өздерінің тұрғылықты тіркелген мекенжайларында болмай, жан-жақта шашырап жүреді деген дұрыс емес. Қазіргі талап бойынша, абақтыдан жазасын өтеп шыққан адам міндетті түрде өзінің тұрғылықты жерінде болып, жергілікті туберкулезді емдеу мекемелерінде тексеріліп тұрады. Егер оның мекенжайы дұрыс көрсетілмей немесе онда өзі болмайтын болса, онда жергілікті тубдиспансер мамандары бұл туралы Қылмыстық атқару комитетіне хабарлайды. Бүгінгі таңда туберкулезді емдеу мекемелері Қылмыстық атқару комитетімен де, колониялардан босап шыққандармен де байланысты нығайту мәселелерін жолға қойып келеді. Әрине, кейбір жазасын өтеушілер өздерінің тұрғылықты мекенжайларында болмай қалатын бірен-саран фактілер кездесуі мүмкін. Бірақ бұл да бірте-бірте шешімін тауып жатыр. Бұл жерде ең бірінші туберкулезге шалдыққан адам бір нәрсені жете түсінуі керек. Ол ауырғанын біле тұра, емделуге келмей, өз денсаулығына немқұрайды қарайтын болса, онда ол осы арқылы өзін ғана емес, өзінің жақындарына да қауіп тузызатынын жақсы түсінуі керек. Сондықтан бұған кез келген емделуші немқұрайды қарамаса деймін.
Датым...
– Туберкулезді әлеуметтік қолдауға көп назар аударуымыз керек. Себебі құрт ауруына шалдыққандардың басым көбі жұпыны жанұялардан шыққан. Оларды біз ауруханада қанша емдеп шыққанымызбен, бәрібір олар отбасына барғаннан кейін, дұрыс тамақтанбай, өзін-өзі дұрыс күтпей, қайтадан ауруын асқындырып алу қаупі бар. Сондықтан туберкулезге шалдыққандардың отбасына әлеуметтік қолдау көрсетіп, жұмыс тауып беруге немесе азық-түлікпен қамтамасыз етуді жолға қоюымыз керек. Сонымен қатар кейбір облыстарда туберкулездің күрделі түрімен ауыратындар бар. Оларды отбасынан оқшаулап ұстауымыз қажет. Ол үшін мұндай науқастарды шағын пәтерлермен қамтамасыз етсек, дұрыс-ақ болар еді. Әрине, туберкулезді әлеуметтік қолдау кейбір аудандарда тәуір жүзеге асып келеді. Бірақ құрт ауруының күрделі түрімен ауыратындарды шағын пәтерлермен қамтамасыз ету мәселесі ақсаңқырап тұр. Сондықтан бұған аймақ басшылары селқос қарамаса екен деймін. Сондай-ақ жергілікті әкімдер тубдиспансерлердің материалдық-техникалық базаларын ДСҰ талаптарына сай жабдықтау, жөндеу жұмыстарын басты бақылауда ұстаса деген тілегім бар. Негізі, біз әдістемелік ақыл-кеңес беретін орталықпыз. Ал одан нәтижелі қорытынды шығару жергілікті басшылардың біліктілігіне байланысты. Егер біз көтерілген мәселеге дұрыс көзқарас танытып, оны болдырмаудың жолдарына барынша көңіл аударсақ, онда алдағы уақытта дұрыс жолға қойылып келе жатқан жұмыс одан әрі жақсара түсетініне сенімдімін.