Аманкелді САДАНОВ, Микробиология және вирусология институтының бас директоры:
Материалдық мәселе шешілген кезде ғылымның да алға жылжуы басталады
– Аманкелді Құрбанұлы, өзіңіз басшылық жасап отырған институттың кеңес өкіметі кезінде үлкен әлеуеті бар, маңызды құрылым болғанын білеміз. Қазіргі кезде институт шаруашылық пен өндірістегі өзінің рөлін қаншалықты сақтап, дамытып отыр?
– Микробиология және вирусология институының алпыс жылдан астам тарихы бар. Осы жарты ғасырдан астам уақытта аталған институт тек іргелі ғылыммен ғана айналысып қоймай, соның нәтижесін өндіріске енгізуге үлкен күш жұмсады. Біздің ұстазымыз – Әлфарид Илялетдинов атты ғалым осы институтқа 30 жыл басшылық жасады. Кеңес Одағы кезінде осы ұстазымыздың басшылығымен біраз еңбек жасадық. Мәселен, академик ағамыз күріш дәнін тұқымсепкішпен емес, ұшақпен себуді ойлап тапты. Өйткені Қытайда, Үндістанда, Кореяда болсын, күріш егетін алқаптар ешқашан күріш дәнін топыраққа сеппейді. Өйткені құрғақ топыраққа сепсең, дәннің 50 пайызы өнбей қалады. Ал күріштің биологиялық қасиетінің өзі сонда – оны шылқылдаған сулы топыраққа егу керек. Сонда оның өнімділігі, шығымдылығы артады. Негізі, гектарына 250 келі себетін болсаңыз, ұшақпен сепкенде 250 емес, 100-120 келі ғана күріш дәнін себесіз. Кеңес өкіметі кеткеннен кейін бұл жұмыстар тоқтап қалды. Осы жұмыстарды қайтадан қалай жалғастырарымызды білмей отырмыз. Екіншіден, мал шаруашылығы азығын дайындауда да ұстазымыз үлкен еңбек жасады. Сондай-ақ алтынды кен байлықтарынан бөліп алуда микроорганизмдерді пайдалануды ойлап тапты. Мәселен, алтынды бөліп алар кезде кенішке барып, микроорганизмдерді пайдаланған кезде, аз уақыттан кейін алтынды бір бөлек, тасын бір бөлек, басқасын бір бөлек шығарып тастайды. Осы мәселелерді қайта жаңғыртуды қазір қолға алып жатырмыз.
Мұнай төгілген алқаптарды микроорганизмдер арқылы тазалау – Тәуелсіздік жылдарындағы біздің ғылыми буынның қол жеткізген жетістігі. Өсімдік пен мал ауруларына қарсы препараттарды да дайындап жатырмыз. Мәселен, өсімдіктегі ауруды тудыратын бір микроорганизм болса, оны екінші бір микроорганизм жояды. Міне, осы бағытта қазір біраз жұмыстар атқарылуда.
– Сіздердің институттарыңыз еліміздің Білім және ғылым министрлігіне қарайды. Нарықтық қоғамда ғылымның дамуы бәсеңсіп қалғанын ескерсек, институттың бүгінгі әлеуеті қандай?
– Қазіргі кезде қаржы тек қана бағдарламаларға, гранттарға, жобаларға бөлінеді. Бірақ бағдарламалар мен жобаларға қаржы текке бөліне бермейді. Елбасының тапсырмасы бойынша қазіргі кезде Үкімет мемлекеттік тапсырыс жасайды. Үкімет немесе министрлік қатардағы зерттеулермен қатар, зерттеудің нәтижесі өндіріске енетін маңызды зерттеулерге ғана тапсырыс береді. Әсіресе коммерциялық, инновациялық зерттеулерге көбірек қаржы бөледі. Қазіргі кезде институтымызда 150-ге жуық адам жұмыс істейді. Мемлекеттен бөлінетін қаржымен қатар, өзіміз өндіретін биологиялық препараттардан да қаржы түседі. Осы қаражат арқылы институт пен оның қызметкерлері өз жұмыстарын жүргізіп келеді. Әрине, тағы да қаржы көбейетін болса, институттың дамуына, ғылыми зерттеулер аясын кеңейтуге, құрал-жабдық сатып алуға, тіпті мамандарымызды шетелдердегі ғылыми-зерттеу орталықтарымен танысуға жіберуге мүмкіндігіміз арта түсер еді.
– Ғылымды «оңай шағылатын жаңғақ емес» деп айтсақ болады. Сондықтан бүгінгі нарық заманында жастардың ғылымға құштарлығын осы институтта қызмет етіп жүрген жастар арқылы білуге бола ма?
– Әрине, ғылым жолы – қиын жол. Мен сізге бір мысал айтайын. Қазір біздің институттың ғылыми қызметкерлерінің орташа жасы – 37 жас. Бұл – жақсы жас. Олар бергенінен берері көп ғалымдар. Әрине, Кеңес Одағы тарап, еліміз егемендік алған кезде еңбекақы аз болды, басқа жағдайлар болды. Бірқатар мамандар сол уақытта жан-жаққа тарап кетті. Ал қазіргі жастар ғылымға мойын бұрып, соңына түсіп, бір нәтиже шығарар болса, алдында жарқын болашақ болатынын сезіп-біліп отыр деуімізге болады. Өйткені біз ғылыми қызметкерлерімізге қала жағдайындағы орташа еңбекақыны ұсынып отырмыз. Ғылыми дәрежесі жоғары ғалымдарымыз жоғары көлемдегі айлық алады. Сондықтан материалдық мәселе шешілген кезде ғылымның да алға жылжуы басталады. Осы себепті қазіргі жастардың бізге лек-легімен келуі қуантады. Дегенмен зейнетке дейінгі барлық жастағы қызметкерлер біз үшін маңызды. Өйткені ғылыми дамудың жолында олар бір-бірінің орнын басып отыруы тиіс.
Топырақтың өзіне тірі организм есебінде қарауымыз керек
– Өзге өңірлерде осы тақылеттес институттар, ғылыми орталықтар бар ма?
– Қазақстанда Микробиология және вирусология инситуты біреу ғана. Бірақ Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де микробиология кафедрасы бар. Сондықтан еліміздегі микробиология мен вирусологияға қатысты мәселенің барлығын шешетін осы институт болып табылады. Қазіргі заманда өндірістік микробиология, тағам микробиологиясы өте қажет. Айран, сүт, ірімшік сынды күнделікті тұтынатын тағамдарды сапалы дайындаудың барлығы микроорганизмге келіп тіреледі. Мәселен, ашытқының өзі – микроорганизм. Ауыл шаруашылығына қатысты айтар болсақ, топырақты иненің ұшымен бір түртіп алсаңыз, басында миллиондаған микроорганизм болады. Сондықтан топыраққа топырақ ретінде қарауға болмайды. Топырақтың өзіне тірі организм есебінде қарауымыз керек. Кейбір агрономдар «тыңайтқыш берсек, оның 20-30 пайызын ғана өсімдік бойына сіңіреді» дейді. Сонда қалғаны қайда? Қалғанының барлығы – микроорганизмдердің үлесінде. Мұның барлығы – тіршілік, топырақ қабатындағы микроорганизмдердің тіршілігі. Топырақтағы микроорганизмдермен есептеспей, ол жерден үлкен өнім аламын деуге болмайды. Сондықтан микроорганизмдермен есептесетін уақыт келді. Мұны қазір көпшілігі біле бастады.
– Сіз топырақ микробиологиясына ғұмырыңызды арнаған ғалымсыз. Сондықтан Қазақстан территориясы аумағында егістікке қолайлы аумақтың қаншалық пайыз құрайтынын айта аласыз ба?
– Жүгері, бидай, қызылша, соя, мақта, күріш болсын – барлығы суармалы егістікке жатады. Мұндай жерлер елімізде баршылық. Қазақстанның өзін-өзі асырауына жеткілікті. Бірақ сол суармалы жерлердің құнарлылығын сақтау мәселесіне ешқайсысы бас ауыртпайды. Бұрынғы кезде ауыспалы егістік деген болатын. Оған екі жыл егін еккеннен кейін екі жыл тыңайтатын. Үшінші, төртінші жылы жоңышқа егіп, одан кейін барып бұрынғы егістігіне қайта пайдаланатын. Топырақ – тірі дүние. Ондағы микроорганизмдерді демалдырып отыру керек. Мысалы, қазіргі шаруалардың қандай үлкен мүмкіндігі болып тұрса да, бір жерден жылда өнім алсам дейді. Алайда екі-үш жыл қатарынан өнім берген топырақтың төртінші жылы қарашірігі таусылады. Құнарлылық – мәңгі емес. Осы мәселені игеру біздің ауыл шаруашылығы мамандарына жеткіліксіз болып тұр.
– Микробиология және вирусология институты тек қана ғылыми зертханалық жұмыстарын жүргізіп қана қоя ма, әлде биопрепараттарды өндіруге де мүмкіндігі бар ма?
– Біз биопрепараттарды өндіріске беріп отырмыз. Біріншіден, топырақтың құнарын арттыру керек. Топырақтың құнары артса, кез келген дақылдан өз дәрежесінде өнім ала аласыз. Сондықтан қазіргі негізгі көтеретін мәселе топырақтың құнарын сақтау, мүмкіндігінше арттыру туралы болуы керек. Топырақтың құнары болған жерде өнім болады. Өнім болған жерде мал азығы болады. Мал азығы болған жерде сүт те, ет те болады. Міне, осылай бір-біріне сабақтасып, айналып келе жатқан дүниенің тепе-теңдігін мейлінше сақтап отыру қажет.
Қазіргі жағдайда бесжылдық өнім жоспарымен ғана қарау қағидаты орын алуда. Егер топырақ азса, ауру пайда болады. Басқа микроорганизмдер – адамға, өсімдікке, топыраққа зиянды микроорганизмдер пайда болады.
– Сіздер елімізді биопрепараттармен қаншалықты қамтамасыз етіп отырсыздар? Әлде бұған сұраныс жоқ па?
– Биыл Алматы облысының өзі 15 мың гектар соя егетін жерге тыңайтқыштарымызды алып отыр. Бізге жетпей тұрған бір ғана мәселе бар. Микробиологиялық өнімдер шығаратын шағын зауытымыз жұмыс істеуде. Сол зауытты үлкейтейін деп жатырмыз. Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің алдына сұраныс көбейіп жатқанын жеткізіп, осы мәселені қойып отырмыз.
Мұнаймен ластанған топырақтың барлығын тазалайық деп жатырмыз. Атырау облысының өзінде мұнаймен ластанған 200 мың гектар аумақ бар. Мұнай шығатын скважина мен оны тасымалдайтын құбырлардың жарылған төңірегі мұнаймен ластанған. Біз былтыр осындай жерлердің 40 гектарын ғана тазалай алдық. Осы тазалау жұмыстарын жалғастыру үшін мемлекет бізге тапсырыс береді. Соған енді үлкен мөлшерде препараттарымызды шығарайық десек, зауытымыздың шамасы жетпей жатыр. Осы мәселе турасында министрлікке хат жаздық. Егер мемлекет тарапынан қаржы бөлініп, зауытымызды салсақ, Қазақстанның микробиологиялық препаратқа деген қажеттілігін екі-үш жылда өтеуге мүмкіндігіміз туады. Экология, мал азығын дайындау, егістік салаларының барлығына қажетті препараттарды өндіретін боламыз.
– Мұнаймен ластанған 200 мың гектар жерді айтып қалдыңыз. Әрине, аз жер емес. Бірақ сол мұнайдың пайдасын көріп жатқан алпауыт компаниялар бар. Мұнаймен ластанған жерлерді тазалауға неліктен сол компаниялар емес, мемлекет қаржы бөледі?
– Атырау облысының өзінде – 200 мың гектар. Ал басқа өңірлерде қанша жер ластанды?! Алпауыт компаниялар климатты, табиғатты, топырақты бүлдіргені үшін мемлекетке үлкен көлемде айыппұл төлейді. Осы айыппұлдың қаржысы ластанған жерлерді тазалауға, қайта қалпына келтіруге жұмсалуы тиіс. Өйткені топырақты қайта қалпына келтіру ол компаниялардың қолынан келмейді. Олардың мақсаты – мұнайды өндіріп алып, өңдеп, алып кету. Ал біздің мақсатымыз – солардың шашып-төгіп ластаған аумақтарын тазалау. Бізге қаржы бөлсе болды. Бірақ мұны кәсіпкерлікпен шатастыруға болмайды. Бір айта кетерлігі – ластанған аумақты тазалауға аз ғана шығын кетеді, ал келтіретін пайдасы өте зор.
Мәселен, соя егістігінің бір гектарына 500 теңге ғана кетеді. Ал одан 20 центнер өнім алады. Біздің тыңайтқыштарымызға арқа сүйесе, өнімділік тағы 30 пайызға дейін ұлғаяды. Біздің бір гектар мұнайды тазалауға кететін препаратымыздың құны – 8 мың теңге. Яғни бір гектар аумақ қап-қара лай болып, мұнайға батып жатса, біз сол жерді тазалап, соңында өсімдік өсіріп, топырақты бастапқы қалпына келтіреміз.
– Ал мұнайдан тазаланған аумақта өскен өсімдіктің экологиялық тұрғыда тазалығына кепілдік бере аласыздар ма?
– Әрине. Жартылай топырақ, жартылай мұнай болып жатқан жерді 4-5 ай ішінде тазалап береміз. Сосын келесі жылы көктемде сол аумаққа жергілікті өсімдіктердің ұрығын апарып себеміз. Енді өсімдіктердің өсуіне мүмкіндік болады. Бұл жерлердің барлығын біздің ата-бабаларымыз ғасырлар бойы қорғап қалды ғой. Сондықтан оның азып-тозуына жол бермеуіміз керек. Тазаланған жерге мал жайылады. Мал жайылса, оның еті мен сүтін пайдаланамыз. Сондықтан ластанған аумақты тазалау, қай тұрғыдан болсын, пайдалы.
– Қазіргі уақытта Қытайдан көптеген жеміс-жидек келеді. Күнделікті өмірде тұтынып та жүрміз. Алайда сол жеміс-жидекте дәм жоқ. Барлығы коммерциялық жобалар бойынша өсірілген. Осы мақсатта олар өсімдіктің шығымдылығын арттыру үшін микробиологияны пайдалана ма?
– Жоқ. Оларға микробиологияның керегі жоқ. Өсімдік өсу үшін не керек? Топырақ, жарық, жылылық керек. Олар да табиғи топыраққа егеді. Бірақ жарық пен жылуды қолдан жасайды. Күннің жарығы мен жылуына электр энергиясы арқылы жасалған жарық пен жылудың жете алмасы анық қой.
«Ризовит АКС», «Қазбиосил», «Бакойл KZ» препараттарына сұраныс көп
– Көптеген ғылым докторлары мен кандидаттарын дайындап шығардыңыз. Олар ғылымға қандай үлес қосты?
– Мен дайындаған шәкірттердің барлығы өз дәрежелерінде микробиология ғылымына үлес қосты деп айта аламын. Мәселен, топырақтың құнарлылығын арттыру жолында жасап шығарған препараттарымызды біз бірге дайындадық. Шәкірттерімнің барлығы қазір әр өңірлерде, Атырауда, Шымкентте, Қызылордада, Астанада, Алматыда, еңбек етіп, осы саланың ары қарай дамуына ықпал етіп келеді. Ал кейбір шәкірттеріміз жоғары оқу орындарында ғылым мамандарды даярлауға қызмет етуде.
– Өзіңіздің бастамаңызбен өндіріске енгізілген жаңа технологиялар, препараттарға шетелдерден және еліміздің ішкі нарығында сұраныс бар ма?
– Біз дайындаған «Ризовит АКС», «Қазбиосил», «Бакойл KZ» препараттарына сұраныс көп. Мәселен, Ресей мал азығын дайындауға көмектесетін «Қазбиосил» препаратына қызығушылық танытып отыр. Биыл олар бізбен келісімшартқа отырды. Яғни біздің институт жасаған технология Ресейдің технологиясынан жоғары болып тұр. Жуырда «Ризовит» препаратымен танысу үшін Қытай елінің шаруашылық өкілдері келіп кетті. Олар мұны өз технологиясымен салыстырып көрмек. Егер біздің технология қытайлық технологиядан жоғары болса, олар бізге жүгінеді. Қазақстанда бұл препараттардың қолдану аясы өте жоғары. Барлық өңірде пайдаланып жатыр. Атырау мен Маңғыстаудағы топырақтың құнарлылығын арттыруға бұрын Ресей мен Белоруссияның технологиясы пайдаланылатын. Енді олар біздің өнімдерімізді пайдаланады. Екі-үш жыл пайдалануға тегін ұсынатын кездеріміз де бар. Пайдасын көргеннен кейін олар өздері бұған мұқтаж болады. Өйткені бұрынғы кеңестік замандағыдай партияның міндеттеуі жоқ. Қазіргі шаруашылықтар алақандай жеріне пайдасы болмаса, бекерден-бекер препаратты алмайды. Қазір біз препараттарды шығарып үлгере алмай жатырмыз. Сондықтан зауытымыздың қуаттылығын ұлғайтатын қаражат сұрап отырмыз. Егер тиісті қаржы бөлінсе, Қазақстанның микробиологиялық препаратқа деген қажеттілігі өтеледі.
– Қытай мамандары бұл технологиямен танысып алғаннан кейін, өздеріне көшіріп алып өндірмей ме?
– Біз мемлекетаралық келісімшартқа отырамыз. Өйткені микробиологиялық штаммдары, технологиясы, сертификаты, тауар белгісі бізде болғандықтан, оған код қоямыз. Сондықтан ондай қауіп жоқ.
– Ауыл шаруашылығы министрлігімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейсіздер ме?
– Негізінен, жергілікті шаруа қожалықтарымен жұмыс істейміз. Облыспен, аудандармен байланысқа шығамыз. Шынын айтқанда, шаруа қожалықтары ешкімге бағынышты емес, өз мәселелерін өздері шешуге тырысады.
– Жуырда Алматыда 4 жарым балдық жер дүмпуі болғаны белгілі. Осы ретте халықтың арасында жер сілкінісі бола қалған жағдайда, қандай қауіптер туындауы мүмкін деген сауалдар қатарында, қалада микробиологиялық зертхананың қауіптілігі туралы әңгімелер айтылып қалды...
– «Жаман айтпай, жақсы жоқ». Құдай жер сілкінісінен сақтасын. Десек те, зертханадағы микроорганизмдерді сақтаудан қауіптенудің қажеті жоқ. Өйткені олардың сақталатын орны халықаралық талаптарға сәйкес жабдықталған. Сондықтан оның қауіпсіздігіне кепілдік беруге болады.
– Әңгімеңізге рақмет!