Мектеп директорларының барлығы топ менеджер болуы керек
Берік АСУБАЕВ, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы Алматы қалалық филиалының директоры:
– Берік мырза, еліміздегі білім саласында ең басты шешілуі тиіс мәселе деп нені айтар едіңіз?
– Бұрын жоғары оқу орнында алған білім қартайғанша тыныш, әрі алаңсыз өмір сүрудің кепілі болатын. Қазір бұл жеткіліксіз. Заман бір қалыпты тұрған жоқ. Біз де заман ағымына ілесіп отыруымыз керек. Сондықтан, үздіксіз білім беру жүйесін дамытудың маңызы зор. Бұл ретте әсіресе мұғалімдер, дәрігерлер өмір бойы білімін жетілдіріп жүруі керек. Өкініштісі сол, ЖОО-ны бітіргеннен кейін әрі қарай оқуды, ізденуді, біліктілікті жетілдіруді қоямыз. Бұл жалғыз мұғалім мен дәрігерлерге қатысты емес, жалпы кез келген салада солай. Қазір қоғамның қажеттілігі өзгеруде. Біз соған сай болуымыз керек. Сондықтан адам баласы үздіксіз білім алғаны дұрыс деп есептеймін. Мәселен, қазір оқушылардың білетінін мұғалімдер білмейтін кездер кездесіп жатады. Интернетпен қалай жұмыс істеу керектігін мұғалімдерге қарағанда оқушылар жақсы біледі. Ұялы телефондардың да функцияларын 40-50 жастан асқан ұстаздардан гөрі, 7-8 сыныптың оқушылары жақсы меңгерген. Қарап тұрсаңыз, қазір қоғамның талабы басқаша. Бізде мұғалімдер балаға өзінің білетіндерін үйретіп жатады. Жоқ, олай болмауы тиіс. Біз оқушыларға өзіміздің білетінімізді емес, бүгінгі бала нені қажет етеді және оқушыға болашақта 10-20 жылдан кейін не қажет болады, осыны үйретуіміз керек. Сонда ғана баланың білімге деген құштарлығы артады. Ал қазіргі білім беру жүйесінде біз бағдарламада не бар, ол балаға керек пе, жоқ па, қызығушылығын арттыра ала ма, ол жағын ойламай, тек сол бойынша білім береміз. Одан кейін келеміз де «бүгінгі балалар ешнәрсеге қызықпайды, оқымайды, білім алмайды» деп кінә тағамыз. Біз неге баланы жазғыруымыз керек? Ең алдымен олардың білімге деген құштарлығын арттыруымыз қажет. Мәселен, Ресейлік мамандар мектеп оқушылары арасында сауалнама жүргізген екен. Сонда оқушылардың 70-80 пайызы «мен мектепке достарымды көру үшін келемін» деп жауап берген. Міне, көрдіңіз бе, бүгінгі балалар мектепке білім алу үшін емес, достарымен әңгімелесу үшін келеді. Ал бұдан кейін білім сапасы туралы не айтуға болады? Қазір мектепке білім алу үшін келетін бала өте аз. Оқушылардың білім алуға деген қызығушылығы төмен. Бұл жерде балаларға кінә артудың керегі жоқ, біздер, мұғалімдер өзіміз олардың білімге деген құштарлығын арттыра алмай отырмыз.
–Баланың білімге деген құштарлығын арттыру үшін не істеуіміз керек?
–Бұл ретте мен мынадай мысал айтайын. Өткенде мен пойызбен Астанадан келе жатқанда бір купеде тәжірибесі мол ұстазбен әңгімелестім. Сонда әлгі ұстаз: «Бүгінгі балалар кітап оқымайды, ештеңеге қызықпайды, білім деңгейі төмен. Оған басты себеп – қазіргі қоғам солай. Теледидарларда атыс-шабыс көп көрсетіледі. Интернетке кірсеңіз, тіптен шошып кетесіз. Осының барлығы баланың психологиясына кері әсер етуде. Оның үстіне, ата-аналар балаларына дұрыс тәрбие бере алмай отыр. Мұғалімдердің еңбекақысы мен мектептің материалдық-техникалық базасы нашар. Осыдан келіп мұғалімдердің жұмыс істеуге деген ынтасы төмендеп, соған қарай баланың да білімге деген құштарлығы азайып отыр», – деді. Бұл бір ғана мұғалімнің ойы емес, көпшілігі осылай айтады. Шынында да, бұл уәж бір жағынан дұрыс та. Одан кейін мен әлгі мұғалімге: «Балаларды тәрбиелеуге сіздің жеке басыңыздың үлесі бар ма?» – деп сұрақ қойдым. Алғашында ол: «Жоқ, мен қоғамды түзете алмаймын, ата-анаға қарсы келе алмаймын, жалғыз өзім бүкіл баланы тәрбиелей алмаймын», – деді-дағы, кейіннен шабыттанып кетіп, мынадай әңгімеге көшті: «Кезінде біздің мектепке, бір 8-сыныпқа өте нашар оқитын балалар жиналған болатын. Ол сыныпқа ешқандай мұғалім сынып жетекшісі болғысы келмеді. Содан мектеп директоры мені шақырып алып: «Сіз тәжірибелі ұстазсыз, мына балаларға сынып жетекшісі болыңыз», – деп маған тапсырма берді. Мен әрбір оқушымен жеке-жеке жұмыс істедім, ата-аналарын шақырып, келмесе, телефон арқылы сөйлесіп, балалардың білімге деген құштарлығын арттыруға барынша тырыстым. Кейіннен сол оқушылар мектепті бітірер кезде ең үздік сынып болып шықты. Мектеп мұғалімдер маған таңғалған болатын. Әлі күнге дейін мен соған мақтанамын. Соларды адам қылып тәрбиелегеніме қуанамын. Сол үшін менің қанша уақытым кетті, көп еңбек еттім. Бірақ сол ісімнен әлі күнге дейін материалдық емес, моралдық ләззат аламын», – деді. Міне, көрдіңіз бе? Егер мұғалім шынайы беріліп жұмыс істесе, дұрыс тәрбие беруге, оқушылардың білімге деген ынталарын оятуға бар ынта-жігерімен талпынса, жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады. Өкінішке қарай, бүгінде мұғалімдердің барлығы балалардың білім алуға деген құштарлығын арттыруға бар ынты-шынтысымен жұмыс істейді деп айта алмаймын. Арасында жақсы жұмыс істеуге бейімділігі аз мұғалімдер де бар. Сондықтан мұғалімдердің біліктілігін арттыруымыз керек. «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталықтарының құрылуының негізгі мақсаты осында жатыр.
– Республикалық мұғалімдердің Тамыз конференциясында білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов: «Ұлттық бірыңғай тестілеуде көрсетілген төмен нәтиже үшін мұғалім жауапты болуы тиіс», – деді. Жалпы ҰБТ-да әртүрлі жағдайда төмен балл жинап қалған бала үшін мұғалімнің жазықты болуы қаншалықты дұрыс?
– Өкінішке қарай, біздер, мұғалімдер осы жауапкершіліктен қашамыз. «Жоқ, оған біз емес, қоғам, ата-ана жауапты болуы тиіс» дегенді алға тартамыз. Тіпті «алатын еңбекақымыз аз» деп сылтау айтамыз. Алайда оқушы алты сағат мектепте жүреді. Демек, алты сағат бойы білім ғана емес, тәрбие де беруіміз керек. Оқушылардың білім алуға деген, ізденуге деген дағдысын қалыптастыруымыз керек. Мұғалімнің негізгі мақсаты – осы. Ойлап қараңызшы, егер баланың біліміне, тәрбиесіне мұғалім жауапты болмаса, онда кім жауап береді? Бәрін ата-анаға сілтей салсақ, онда бүкіл ата-ана жұмысын тастап, тек баламен ғана отыруы тиіс емес пе? Ондай болса, мұғалімдердің керегі қанша? Бұл жерде мұғалімнің ең бірінші міндеті – балаға білім беру. Егер бала білімсіз болса, онда оған мұғалім жауапты болуы тиіс. Әрине, мен барлығына тек мұғалімдер кінәлі деп айта алмаймын. Дегенмен әркімнің өз жұмысын сапалы орындауы – міндет.
–Білім берудің 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында «педагогтердің беделін көтеру үшін мұғалімдер БАҚ құралдарына шығуы тиіс» делінген. Осы артық іс емес пе? Себебі мұғалімдер газетке шығуға міндетті болғаннан кейін ертеңгі күні олар редакция жағалап кетпей ме? Қазірдің өзінде кейбір мұғалімдер «мені газетке шығар, менің атымнан газетке материал жазшы» деп өтініштер айтатын болып жүр. Бұған не дейсіз?
–Мұғалімдердің білім саласы төңірегінде іргелі ойларын, жинаған тәжірибелерін, жалпы ағартушылықтың жақсы тұстарын БАҚ құралдарында жария етуін артық іс деп қарауға болмайды. Елбасының өзі «қоғамдағы жақсы нәрсені көре біліп, оны насихаттау керек» дегенді алға тартып отыр. Мәселен, мен оппозициялық газеттерді мүлдем оқығым келмейді. Тіпті кейбір телеарналарды көрсеңіз, олардың ең бірінші беретін жаңалықтарын «бүгін пәленшені өлтіріп кетіпті», «пышақтап кетіпті», «зорлап кетіпті» дегеннен бастайды. Қанды, адамның өлімін көрсетеді. Әрі «бүгін кешке жаңалықтардан осы болады, жіберіп алмаңыздар» деп қайта-қайта насихаттайды. Бұл баланың санасын өзгертпек түгіл, үлкендердің де психологиясына кері әсер етеді. Мұндай жаңалықтар адамды езіп жібереді. Ал жақсы жаңалық көрсең, жаның жадырап, көңілденіп қаласың. Мысалы, кешегі өткен Олимпиада жұрттың көңілін қалай көтерді? Бір жігерлендіріп тастады емес пе? Сондықтан жағымды жаңалықтарға да көп мән берілуі керек. Сонда адам жақсы жағына қарай бұрылуға тырысады. Осы ретте адамның интеллектуалдық ой-өрісін дамытатын хабарлар көптеп ашылса, жақсы-ақ болар еді. Қалай десек те, БАҚ адамның санасын жақсы жаққа қарай өзгертуге ұмтылуы тиіс. Осы тұста қазір мұғалімдер төңірегінде сыни пікірлер көптеп айтыла бергеннен оларға деген көзқарас мүлдем төмендеп кетті. Тіпті мұғалімдердің өзі осы саланың жақсы мен жаман жағын айт десең, мыңдаған қиындығын тілге тиек етеді. Енді ұстаздың өзі ағартушылықтың теріс жағын көп айтып отырса, бұл салаға біз жастарды қайтіп тартпақпыз? Егер мұғалімдердің барлығын сынай берсек, оқушылардың білім деңгейін қалай көтермекпіз? Бұдан кейін кім мұғалім болғысы келеді? Сондықтан БАҚ құралдарының ұстаздар туралы да жылт еткен жақсы жаңалықтарын насихаттап тұрғаны жөн. Егер мұғалімдер өз саласын сынай бермей, бір сәт жақсы жақтарын ойлап, соған үміттеніп, оқушыларға дұрыс тәрбие, білім беруге ұмтылса, онда нәтижеге жететініміз анық.
– Жалпы, сіздерде мұғалімдердің біліктілігін жетілдіру мақсатында үш айлық курстар қалай ұйымдастырылады?
– Бұған дейін бізде мұғалімдердің біліктілігін арттыру екі апталық курспен аяқталатын. Бірақ көп жағдайда ол кезде мұғалімдер шын мәнінде білімін жетілдіруге келмейтін. Әрине, білім үйренеді, керекті ақпараттарын алады. Дегенмен ол кезде мұғалімдердің негізгі мақсаты – сертификатты алып кету үшін келетін. Онсыз санатын көтере алмайтын. Ал қазіргі үш айлық курс, бұл – «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» ішіндегі Педагогикалық шеберлік орталығының негізгі жобасы. Жоба арнайы деңгейлік оқыту бағдарламасы бойынша жалпы білім беретін мектептер мұғалімдерінің біліктілігін арттыруды ұйымдастыруды көздейді. Бұл бағдарлама Кембридж университетінің Білім беру факультетімен бірлесе отырып әзірленді. Мұғалімдер мұнда үш ай оқиды. Бірінші айында теориялық білім алады. Тәлімгерлермен, топпен жұмыс істеп, жалпы бағдарламаны меңгереді. Бұл бір айға созылады. Екінші айында сол алған білімін, жинаған іскерлігін мектеп оқушыларына сабақ беру арқылы тәжірибеден өтеді. Бұл ретте мұғалім күнделікті істеген жұмысын жазып отырады. Қай тақырыпта дәріс берді, ол сол тақырыпты өткізу арқылы оқушылардың қызығушылығын тудыра алды ма, неден кемшілік жіберді, осының барлығына талдау жүргізеді. Кемшілік жіберсе, оны келесі сабақтарда түзетіп, өткізген сабағын бейнекамераға түсіріп, оқушыларда қандай өзгеріс пайда болды, бұрын қандай еді, қазір қалай болды, өзіне есеп беру арқылы зерттеу жүргізеді. Одан кейін үшінші айында мұғалімдер бірінші айында жинаған білімі мен мектептегі тәжірибесін ұштастыра отырып, осында әр мұғалім өзінің ойларын айтады. Мұның бұрынғы курстардан ерекшелігі – мұғалімдер жинаған біліміне орай емтихан тапсырады. Сынақ тапсыру өте қатаң жағдайда өтеді. Бұл жерде тәртіп былай: мұғалімдерді үш ай бойы мен оқытқаныммен, олардың алған білімін, тапсырған емтихандарын мен бағаламаймын. Сырттан келген басқа тәуелсіз сарапшы тексереді. Ол мұғалімдердің жұмысына қарай, емтиханда алған бағасына байланысты тренер ретінде мені де бағалайды. Бұл ретте айтарым, осы уақытқа дейінгі үш айлық курстан өткен мұғалімдердің 100 пайызы, яғни барлығы бірдей сертификат ала алған жоқ. 92 пайызы ғана сертификатқа ие болды. Қалғандары емтиханнан өте алмай қалды. Сынақтан өте алмай қалу мұғалімдердің ешқайсысының категориясына, еңбекақысына зиянын тигізбейді. Олардың бір-екі ай өткеннен кейін қайтадан курстан өтуіне мүмкіндіктері бар. Ал біліктілікті арттыру курстарында үшінші деңгейлі сертификатқа ие болғандардың жалақысына 30 пайыз ақы қосылады, ал екінші деңгейді оқып, сертификатқа ие болған мұғалімдердің ақысына – 70 пайыз, бірінші деңгейден өткендерге 100 пайыз қаржы қосылады. Бұл жергілікті бюджеттен емес, республикалық бюджеттен беріледі. Сөзсіз, мұның мұғалімдердің жұмыс істеуге деген ынтасын оятатыны анық.
Мектептегі тәжірибе барысында мұғалім оқушыларға жаңа тәсіл бойынша дәріс берді. Бұл ретте мұғалім оқушылармен ынтымақтаса отырып жұмыс істеді. Сондай-ақ бұрынғыдай мұғалім түсіндірмейді, тек бағыт береді. Ал оқушы өзі ізденеді және сабақ үстінде тақырыпты бір-біріне түсіндіреді. Ал тәжірибе ретінде өткен сабақ барысында 10 жыл бойы тек үшпен ғана оқып келе жатқан кейбір ұл-қыздардың бұрын байқалмаған қырлары ашылған. Оны оқушылар да растады. Бастауыш сыныпта «үшке» шыққан бала мектеп бітіргенше «үшпен» оқиды деген қалыптасқан ұғым бар. Тіпті осы ұғымға мұғалім түгіл, оқушының өзі бейімделіп алады да, «айтсам да – үш, айтпасам да – үш», не болмаса «былай десем ұят болады-ау» деп, өзінен-өзі қымтырылып отырады. Ішкі сенімсіздік дами береді. Ал жаңа тәсілде еркіндікті оқушыға бергеннен кейін барлығы топтасып, өзара пікірлескен кезде үндемей отыра беретін балалар өте жақсы оқитын оқушының ойына келмеген салмақты пікірлер айтып қалатын жағдайлар да кездесті. Бұған дейін мұғалім біреу сабақ айтып жатқан кезде үнсіз тыңдап қана отыруды талап етсе, ал жаңа сабақта оқушылар бір-біріне түсіндіріп, бірінің айтқанын екіншісі толықтырып, өзара пікір таластырған кезде оқушылар бұл тәсілдің мұғалімнің түсіндіргенінен өз бетінше оқулықтан оқығаны, ізденгені тиімді екенін түсінеді.
– Өткенде білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов: «Назарбаев университеті» жанындағы Жоғарғы білім мектебі алдағы уақытта орта білім беру саласын басқарудың мамандарын даярлайтын болады» дегенді айтып қалды. Іле-шала Кембридж университеті Білім беру факультетінің меңгерушісі Колин Маклафлин де: «Назарбаев университеті» орта білім менеджерлерін дайындайды және 2013 жылдан бастап осыған студенттер қабылдай бастайды», – деді. Жалпы, мектеп директорларының барлығы топ менеджер болуы керек пе?
– Бұл ретте «Назарбаев университетінде» білім беру саласындағы топ менеджерлерді дайындайтын факультет ашылуы мүмкін. Әрине, бұл бізге керек. Өйткені қазір біз мұғалімдерді үш айлық курстан өткізіп жатырмыз, ертең сол мұғалімдер оқушыларға жақсы білім беруі үшін мектеп директорлары оларға қолғабыс көрсетуі тиіс. Егер мектеп директоры методиканы жақсы меңгермей, жалпы сабақты қалай тиімді ұйымдастыруды білмейтін болса, онда ол бұл жүйенің дамуына кедергісін келтіреді. Шыны керек, қазір мектеп директорларының көпшілігі мектептің әкімшілік-шаруашылық ісімен айналысып кетті. Олардың бар жұмысы қаржыландыру, бухгалтерия, мектептің материалдық-техникалық базасын нығайтуды ойлайды да, ал білім беру екінші планда қалып кетті. Қазір ауылдық жерде мектеп директорлары көп жағдайда жазда – күрделі жөндеу, ал қыста тек жылу жүйесімен ғана алысады. Сондықтан осыған мән беруіміз керек. Бұл ретте мектеп директорлары топ менеджер болғаны жөн. Мектеп ол ең бірінші білім беретін мекеме болғандықтан, осы жағын жандандыратын білікті маман болуы қажет. Сондықтан мектеп директорларын да оқытқанымыз дұрыс деп есептеймін. Олар да бүгінгі талапқа сай болуы тиіс.
– Білім жөнінде әңгіме болғанда оқулық жайын айтпай кетуге болмас. Қазір оқулық жетіспеушілігі, оқулық сапасы және әр мектепте әртүрлі оқулықтармен оқыту жайы көп әңгімеге арқау болып жүр. Бұл туралы не айтасыз?
– Мен сізге бір-ақ нәрсені айтайын. Балаға керекті білімнің барлығын оқулық бере алмайды. Ол жерде тек бағыт көрсетіледі. Оқулықтағы айтылатын жайлар қысқа-нұсқа жазылады. Оқулықтағы білімді беру, оқушының санасын дамыту – мұғалімнің міндеті. Кітаптағы бар нәрсені мұғалім айтып, оны қайтадан оқушылардан сұрау – ол білімге жатпайды. Сондықтан мұғалім оқулықтағы ақпаратты, оқиға желісін ала отырып, тақырыпты қызықты етіп жүргізіп, баланың білімге деген құлшынысын оятып, әрі қарай ізденуіне көмектесуі тиіс. Бізде кейде ата-аналар: «5-сыныптың математикасындағы есептерді шығара алмаймыз, өте қиын, бұрын оңай болушы еді», – деп дау туғызып жатады. Біріншіден, ондағы есепті шығару ата-ананың міндеті емес. Оны шығарып, үйрету – мұғалімнің жұмысы. Менің түсінбейтінім, 20 жыл бұрын бітіріп кеткен ата-ананың білімімен қазіргі бала қалуы тиіс пе? Қазір қоғам дамып жатыр, қоғамға ұшқыр ойлайтын жас мамандар қажет. Көптеген жаңа технологиялар шығып жатыр, оларды тез игеретін адам керек. Ал біз мектепті 20 жыл бұрын бітірген ата-ананың деңгейіне баламызды түсіргіміз келеді. Олай болмауы керек. Мен оны қаламас едім. Жарайды, қиын болсын. Білім қиын болған сайын баланың миы ашымайды, керісінше, қиын болған сайын адамның мүмкіншілігі де жоғарылайды. Бала сол қиындықтан шығудың жолын іздейді. Сол жолға жету үшін дамиды. Біз білім «қиын, қиын» деп баланы жасыта берсек, ол оқушының көңіліне кері әсер етеді. Оқу қашан да қиын. Бірақ оқыған адамға бәрі жеңіл. Ал оқымаған балаға күннен-күнге қиындай береді. Сондықтан бала өзін-өзі қалай бағыттаса, көп нәрсе соған байланысты өрбиді. Егер адам қаласа, бәріне де жетеді, бәрін де меңгереді. Тек мақсатқа ұмтылып, ерік-жігер мен табандылық көрсету қажет. Қиындық та керек, ол баланы шынықтырады. Ол балаға қажетті қасиеттерді қалыптастырады. Сондықтан мен қиындықты бағалаймын. Қиындық болмаса, біз өмір мен білімнің бағасын білмеген болар едік. Үлкен ғалым, оқымыстылардың барлығы – сол қиындықты жеңгендер. Қиындық жеңіске бастайды. Сондықтан мен оқушыларға тек жеңіс тілеймін.
Алашқа айтар датым...
Өкінішке қарай, біз оқушыларға сапалы білім бермейміз де, жақсы нәтиже көрсетуге тырысамыз. Оған жетудің жолы деп 11-сыныптың оқушыларына жаппай тест жаттатқызамыз. Бүгінгі жаттатқан тесттің бірлі-жарымы ғана болмаса, барлығы бірдей келе бермейді. Тіпті ҰБТ-дан өте алмай қалған бала «мен дайындалған тест сұрақтары келмеді» деп өкініп жатады. Ата-ана да шулайды. Егер алдын ала дайындалған тесттің барлығы ҰБТ-да кездессе, онда оның несі ҰБТ? Сондықтан бар мәселе тестте емес, оқулықта, алған білімде жатқанын түсінетін уақыт жетті. Сол үшін баланың өміріне қажетті білім беруіміз керек.
Оқшау ой
Қит етсе болды, «жүйені өзгерту керек» деп шығамыз. Ал егер ҰБТ-ны алып тастасақ, бәрі керемет болып кете ме? Жоқ! Біз бұрынғы емтихандық жүйеге қайтадан көшетін болсақ, онда нағыз жемқорлықтың көкесі сонда болады. Сондықтан бұл жүйенің немесе баланың нашарлығынан емес, сол оқушылардың оқуға деген ынтасын оята алмай отырған мұғалімдердің білім беру әдісінің әлсіздігінен деуіміз керек.