Мәселенің анық-қанығына көз жеткізбейінше, қара аспанды төндірудің қажеті жоқ

Сапарбек ТҰЯҚБАЕВ, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:

– Сапарбек Құрақбайұлы, жер­гі­лік­ті бұ­қаралық ақпарат құрал­да­рын­да облыста жаңадан ашылған 15 кәсіп­орын жұмысының тоқтап тұр­ға­ны тура­лы жазылуда. Осы қан­ша­лық­ты шын­дыққа саяды?
– Шындығын айтар болсақ, бүгінде көп адам мәселенің байыбына бармастан тез шешім шығаруға құштар болып бара жат­қан­дай. Иә, оңтүстікте 15 кәсіпорын тоқтап тұр деген ақпардың тарағаны рас. Деген­мен түсінбейтінім, олар ешқашанда зерттеу жүргізбеген, тіпті өңірімізде қанша кәсіп­орын бар екенін де білмейді. Түптеп кел­ген­де, кәсіпорындардың жа­бы­лып қал­ға­нына ол адамдардың жүрегі ауырып тұрған жоқ. Егер өз елінің шын жана­шыры болса, әуел баста осы мә­се­лені дер кезінде неге көтер­меген? Мә­се­лен, «Елімізде эконо­ми­ка­лық дағ­да­рыс­тың белгілері жүріп жатыр. Мемлекет кәсіпорындарға неге көмек­тес­пейді?» деп 2011 жылы неге жазбады? Менің ойымша, «15 кәсіпорын тоқтап тұр» деп жерден жеті қоян тап­қан­дай жар сал­ған мақалалар арнайы тап­сы­рыс­пен жа­зыл­ған. Оны мен әу баста айт­қанмын. Жал­пы алғанда, олардың дәл бұлай байбалам салуына ешбір негіз жоқ. Қысқаша айтар болсам, ол кәсіпорындар түгелдей дерлік өз орнында. Тіпті өңірі­міз­де кәсіп­орын­дар­дың саны арта түсуде. Оған себеп, оң­түс­тікте Кәсіпкерлерге қыз­мет көрсету орта­лы­ғы ашылды. Атап айт­қан­да, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы аумақтағы жас мамандарды жұ­мыспен қамтып, жергілікті мекемелерді жоғары санатты мамандармен қамтам­а­сыз ету мақсатында «Оңтүстіктің кадрлық ресурстары» атты жаңа жобаны іске қосты. Жобаға сәйкес, Кәсіпкерлерге қызмет көр­сету орталығында оңтүстік өңір­дегі әртүрлі саладағы бос жұмыс орындары туралы дерекқор құрылды. Осыған бай­ла­ныс­ты орталық облыстағы жұмыс жасап жат­қан мекемелер мен ірі компания бөлім­ше­ле­рінің басшыларын серіктестікке ша­қы­рады. Осылайша орталық өңірдегі меке­­ме­лерге жоғарғы санатты маман­дар­ды таңдауға көмектеспек. Енді олар жазып, айтып жүрген ақпардың зерттеусіз жазыл­ған­дығын осы фактілер дәлелдеп бермек.
– Әрине, Шымкент қаласының ірге­­сінде орналасқан индустриялық аймақ өңір тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр­ғаны белгілі. Осы жайлы айтып өтсеңіз...
– 2011-2012 жылдары Индустриялық карта бойынша облысымызда біраз жоба жүзе­ге асырылған. Жылдың соңына дейін оларға тағы біраз жоба қосылады. Табыс­ты өндіріс орындары қатарында Кентау транс­фор­матор зауытын атап өткен жөн. Сон­дай-ақ «Далатранс» пен «Скат» компа­ниялары да өз саласында жетістікке жетті. Жа­қында  «Экофарм» жаңа кәсіп­орны ашыл­­мақ. Ол қан алуға арналған құ­рыл­ғы­ларды шығаратын болады. Өндірістің өнімдеріне  «Экофармация» та­ра­пынан   келі­сім түзіліп, тапсырыс жа­сал­ған. Хим­фарм­ның да аясы кеңеюде. Жаңа кәсіп­орындардың ашылуы нәтижесінде жұмыс орындары көбейіп, бюджетке кіріс молая­ры сөзсіз. Алайда барлығы ойда­ғы­дай емес. Телекөпір барысында Елбасы ашып бер­ген арнайы экономикалық аймақтағы «Окси текстиль» өндіріс орны қазіргі таңда жұмыс істемей тоқтап тұр. «Ок­си текстиль» жеке инвестордың қар­жы­сына салынған. Алайда ол біздің өңірде болғандықтан, біз қолдау көр­се­ту­деміз. Қазіргі таңда серік­тес­тікке  қосымша  несие ұсынылды. Тағы бір тоқтап тұрған кәсіпорын — «Азия­кера­мик» ЖШС. Түрік инвесторлары құрылысқа қажетті керамикалық плиталардың өнді­рі­сін жолға қоймақ болып әрекеттенген еді, алай­да шикізат тапшылығы салда­ры­нан ойларын жүзеге асыра алмады. Қазіргі таңда облыс әкімдігі басқа ин­вес­тор­ды іздестіруде. Италиялық «Итал­Кера­мо­ма­ра­цо»  компаниясы жобаға қызы­ғу­шылық танытып отыр.
– Елбасы тапсырмасына сәйкес, жос­пар бойынша 2020 жылға қарай жа­ңартылатын энергия көздері 1040 МВт қуат көлемінде болады деп күті­лу­де. Ендеше, баламалы қуат көздерін пай­далануда облыс аумағында қан­дай тындырымды жұмыстар атқа­ры­луда?
– Оңтүстікте электр энергиясына тап­шы­лық 50 пайызды құрайды. Сондықтан жаңармалы қуат көздерін пайдаланып, өңір­дегі электр энергиясына деген сұра­ныс­ты толықтыруымыз керек. Ол үшін облыс­та күннен, желден және ағынсудан қуат өндіру стансылары салынады. Пилот­тық жобаның негізгі орталығы ретінде Бәйдібек ауданы таңдалып отыр. Өйткені онда үш түрлі қуат көзін алуға болатын күн шуағы, су һәм тау бар. Бастамашылар алда­­ғы бес жыл көлемінде ауданнан оннан астам шағын гидроэлектрстан­сы­сымен бірге екі ірі жел стансысының құ­ры­лысы жүр­гізілетінін айтады. Ал күннен қуат ала­тын құрылғылар да облыстың өзге аудан­да­рына орнатылмақ. Баламалы энергия заңы қазір қабылдану үшін түрлі деңгейде талқылану үстінде. Егер кәсіпкер ретінде қуат көзін өндіруші орталық құрар бол­саңыз, мемлекеттен тиісті қам­қор­лық­тың бәрі жасалады. Бұл – қабылданбақ жаңа заң­ның тиімді тұстары. Биылдың өзінде оң­түстікте қуаттылығы 250 мега­ват­ты құ­рай­тын үш желпаркі салынса, бір шағын гид­ро­электрстансысы мен бір күн сәулесінен қуат алатын бекет салынады. Жаңармалы энер­гия көздерін жасауға кеткен шығын бес жылда өзін-өзі ақтайды.
– Өзіңіз жоғарыда айтып өткендей, бір­ді-екілі кәсіпорын қаржылық қиын­­дыққа байланысты аз-кем кідір­ген екен. Ендеше, сол кәсіп­орын­дар­дың қан­дай себептермен кедергіге ұшы­ра­ған­дығын айтып өтсеңіз...
– Тағы қайталап айтамын, олардың саны 15 дегенді қайдан алғанын біл­мей­мін, бірақ облыста екі кәсіпорынның тоқтап тұр­ғанын жұрттың бәрі білді. Оның бірі – Кеңес Одағынан бері құрылысы жүр­мей тұрған Кентау экскаватор зауыты. Ал екіншісі – шпал шығаратын зауыт. Өйт­кені олар –кішігірім зауыт емес, өте үлкен ке­шен­дер. Бүгінде олардың құрылысы қар­қынды жүргізілуде. Менің таңға­ла­ты­ным, өткен жылдан бері осы мәселені көтер­­генде БАҚ бізге неге қолдау көр­сет­педі? Бұл зауыт­тарды әкімдік қаржы­лан­дыр­маған, кәсіпкер мен банк арасында келі­сіліп, іске асырылған жоба. Тоқтап қал­ған­нан кейін, әрине, өңірде болған­дық­тан, тиісті шара қол­данып, оларды іске қосып жатырмыз. Жыл соңына дейін жұмыс істейтін болады. Шын мәнінде, бұлар Мемлекет басшысы Н.Назарбаев ашқан кәсіпорындар емес. Жалпы елімізде Кеңес өкіметі кезінде тоқтап қалған ірі өндіріс базалары бар. Оларды қайтадан қалпына келтіру мақсатымен арнайы тізім жаса­ғанбыз. Міне, жұрттың айтып жүрген «15 кәсіп­орын тоқтап тұр» деге­ні – осы. Оның біразын қазіргі таңда іске қосып жатыр­мыз. Мысалы, тоқтап тұрған Кен­тау экска­ватор базасында үш жаңа жоба бастадық. Оның бірі – құны 10 мил­лион АҚШ дол­лары болатын Қазақстан темір­жолына қатысты итальян техно­ло­гия­сымен шпал шығаратын зауыт. Бұдан өзге аяқкиім шығаратын өндіріс. Бұл республика бойын­ша ең бірінші аяқкиім шығаратын кешен болмақ. Міне, осы сияқты жо­ба­ларды біз қазірден бастап іске асырып жатыр­­мыз. Бұдан басқа шина зауыты, қорғасын зауыты бар. «Неге осылар тоқтап тұр, бұларды неге қол­данбайды?» деп еш­кім айқай салмайды. Олар жеке кәсіп­керлер меншігінде, қол­дана алмай­ды, басқаға да бермейді. Ал мемлекеттің меншігінде бол­ған бұрынғы фосфор зауы­ты базасында 40 млрд теңгеге 57 жаңа жоба іске асырылуда.
– Оңтүстікте соңғы жылдары кәсіп­орындардың саны артып келеді. Ал өңірдегі Индустриялық карта бағ­дар­ламасына байланысты облы­сы­мыз­да нендей шаруалар жүзеге асып жатыр?
– Ел экономикасына қажетті деген жобаларды Индустриялық картаға енгізіп, бағдарламалар аясында ол жобаларға қолдау көрсетіледі. Тек біздің облыстан осы картаға 150 жоба еніп, олардың екеуі ғана тоқтап тұрған (1,3%). Бірақ олар бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Біз ұйықтап жатқан жоқпыз. 2011 жылғы дағдарыс кезін­де биржада шикізат бағасы бір көте­ріліп, бір түсіп отырды. Мысалы, мақтаның бағасы екі айдың ішінде 1500 АҚШ дол­ла­рынан 5 мың АҚШ долларға дейін көтеріліп кетті. Сөйтті де, екі айдан кейін баға қайтып құлдырап, кәсіпкерлер не істерін білмей қалды. Өйткені ірі кәсіпорындардың мақ­таға жылдық қажеттілігі, орта есеппен ала­тын болсақ, 50 млн АҚШ долларын құрай­тын. Бұл оңай ақша емес. Ал енді мақтаны үш есе өскенде сатып алған кәсіпорындар баға бірден құлағанда оңбай ұтылды. Менің ойымша, БАҚ осы кезде айқай-шу көтергенде, бұл кәсіпкерлердің пайдасына шешілер еді. Кім білсін? Жалпы, оларға несиені банк бергендіктен, бұған әкім­діктің еш қатысы жоқ. Бірақ бір өкініш­тісі, мұның зардабын кәсіпкерлер тартты. Өйткені олардың айналымдағы қаржысы бітіп, банкке белшесінен қарызға батты. Ашығын айтсам, «Окси текстиль» кәсiп­орны әбден тұра­лап, өздігінен жұмыс істеуге шамасы жетпей қалған болатын. Бірақ біз тоқыма өнеркәсібімен айна­лы­сатын зауытқа қолдау көрсететін инвестор тауып, қазіргі таңда келіссөздер жүргізіліп жатыр. Енді бір-екі ай банк жұмыстарының шешілгенін күту керек. Болды. Сондай-ақ алдағы уақыт­та плита шығаратын «Азия Керамик» зауыты іске қосылмақшы. Оған екі инвестор қызығушылық танытып отыр. Оның бірі жергілікті болса, екіншісі – шетелдік кәсіп­кер. Біз аталған зауытқа қатысты барлық мәселені шештік. Қазіргі таңда техникалық жағынан кәсіпорын дайын. Енді банк инвес­тормен келісімге келсе, сол кезде жұ­мыс басталады деп күтілуде. Қазіргі уақытта картаға байла­нысты тоқтап тұрған екі-ақ кәсіпорын қалды. Ол, әрине, «Азия Кера­ми­ка» зауы­ты мен «Окси текстиль» кәсiп­орны. Бірақ бүгінде оның екеуінің де мәселесі шешілді.
– Бүгінде индустрияландыру бағ­дар­ламасының өңірдегі қарқыны қалай? Индустриялық картаға рес­пуб­лика бойынша неше жоба енгізіл­ген? Оның облысқа қатыстысы қанша?
– Қазіргі таңда Индустрияландыру картасына республика бойынша 865 жоба енгізілген. Оның ішінде біздің облы­сымызға тиесілі жоба саны – 150! Бұл көрсеткішті өзге облыстармен салыс­тыр­сақ, айтар­лық­тай көп. Мысалы, бізден кейін екінші орын­ды 83 жобамен Қара­ғанды облысы алса, тіпті кейбір өңірлер 20-30 жобамен шектелген. Қазір осы 150 жобаның ішінде іске қосылғаны 58 кәсіпорын болып отыр. Осы 58-дің 56-сы қазіргі таңда жұмыс істеп тұр. Ойлап қарасаңыз, осы 56 зауытқа бақылау жасау оңай шаруа емес. Жақында Үкімет басшысы Серік Ахметовтің төраға­лық етумен үлкен жиын өтті. Біз сол бас­қо­судың нәтижесінде ұсынылған жоба­лардың 39-ына Үкімет тарапынан қолдау алдық. Жал­пы республика бойын­ша 111 жоба қол­дау тауып, оның 35%-ы біздің өңірге тиесілі болғанын айта кеткен жөн. Мұның бәрі, әрине, кішігірім зауыттар емес. Нақ­ты­рақ айтар болсам, Шымкент қаласында құны 50 млн АҚШ доллары тұратын транс­фор­матор зауытын Индус­триялық картаға енгіздік. Сондай-ақ түрік инвесторларымен бірлесіп кабель шығаратын жаңа кәсіпорын іске кірісті. Бұған қоса құны 4 миллиард болатын тағы да тоқыма зауытын және құны 18 миллиард теңгеге бағаланған «Стан­дарт-цемент» ЖШС-нің жаңа жоба­сын Индустриялық картаға енгіздік. Ал италиялық инвестор «Шымкент-цемент» зауытына 60 миллион доллар инвестиция салып жатыр. Бір қызығы, олар көмір емес, оның орнына қоқыс жағады. Және екі кілем-тоқыма фабрикасының құры­лысын бастадық. Сонымен қатар үш логис­тикалық орта­лық ашуды көздеп отырмыз. Бұл тура­лы тапсырманы Мемлекет басшысы жақын­да ғана берді ғой. Бірақ біз мұны бір жыл бұрын бастаған болатынбыз. Мәселен, 20 гектар жерге үш инвестор логистикалық орталық құрылысын салып жатыр. Бұл еуропалық талаптарға сай келетін еліміздегі бірден-бір кешен болмақ. Оның пайдасы бұқара халық үшін шаш етектен. Мысалы, өзге өңірлерге қарағанда, оңтүстікте жеміс-жидек пен әртүрлі көкөніс көптеп өндіріледі ғой. Өкінішке қарай, оларды сақтау жағы әлі де болса шешілмей отыр. Ал егер логис­тикалық орталық ашылып жатса, шаруалар өздерінің өнімдерін екі есе қымбат бағамен сатар еді. Сонымен қатар біздің облы­сы­мыз­да энергия тапшылығы бар. Өйткені басқа жақтан электр энергиясының 50 пайызын аламыз. Осы мәселені оңтайлы шешу үшін қуаттылығы 100 МВт болатын күн сәулесі электрстансысы мен қуаттылығы 145 МВт болатын екі ірі жел электрстан­сы­сының құрылысын бастағалы отырмыз. Бұлар жеке инвесторлар есебінен қаржы­лан­дырылып, әрқайсысы 250-300 млн долларды құрайды. Бұдан басқа «Жүз шатыр» деген бағдарламаны әзірлеп жатыр­мыз. Осы арқылы әрбір үйге күн сәулесі арқылы электр энергиясын алу көзделуде. Мұның құны қазіргі кезде 7-8 мың АҚШ доллары болады. Жалпы, аталған қаржыны бұл күн энергиясы төрт-бес жылда ақтап шығады. Қысқасы, биыл республикада 111 жаңа жоба басталса, оның 39-ы – біздің облыста. Жыл соңына дейін республика бойынша іске қосылуы жос­парланған 146 жобаның үштен бірін біздің өңірде ашқалы отырмыз. Бұл – 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны деген сөз.
– Жоғарыда айтып өткеніңіздей, «кәсіп­керлікпен айналысамын» деген аза­маттарға бар мүмкіндік берілген. Деген­мен кәсібін жаңа бастағандар өз­деріне мемлекет тарапынан қандай қол­дау болатынын білмейді. Мұның себе­бі неде деп ойлайсыз?
– Өкінішке қарай, көпшілік азамат­та­рымыз мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге қан­дай қолдау көрсетіліп отырғанын біл­мейді. Білгендерінің өзі мемлекеттің өзде­ріне қол ұшын созатынына сенбей, аяқ тар­тады. Қазіргі кезде Шымкент пен әр аудан орталығында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары ашылды. Онда өз кәсібін ашамын дейтін азаматтар барып, ондағы қызметкерлерден тегін ақыл-кеңес ала алады. Жалпы, бұл орталық кәсіпкерлерге «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет көр­сетеді, яғни бүгінгі таңда мемлекеттік органдарды аралап жүрудің қажеті жоқ, барлық құжаттарды және толық ақпаратты осы орталықтан алуға болады. Алты айдың ішінде 5 мыңнан астам кәсіпкерге қолдау көр­сетіліп, 12 млрд теңгеден астам жоба қар­жыландырылды.
– Оңтүстік өңірге келіп қызмет етке­ні­ңізге көп болмады. Жұмыс бары­­сын­да қандай да бір қиын­дық­тарға кез­дестіңіз бе?
– Шыны керек, осында облыс әкімінің орынбасары болып келер кезде «Сен қайда бара жатқаныңды білесің бе?» деп сұраған адам­дар болды. Бірақ та мен оларға Шым­кент өзімнің туған жерім екендігін айтып бердім. Әйтсе де мен мектеп бітіргеннен кейін Шымкенттен жырақта білім алдым. Яғни 15 жыл бойы өзге жерлерде жүріп, ту­ған жеріме жаңа ғана келдім. Міне, осы уақыт аралығында заман өзгерді, тіпті заман­мен қоса халықтың менталитеті де өзгерген. Ашы­ғын айтсам, қиыншылығы туралы ойла­нып та жат­падым. Мем­лекет басшысы Н.Назар­баев мүмкіндік берді ме, демек, оны абыроймен атқарып шығуым керек. Деген­мен бұл жер­де жұмыс істеу күрделі. Өйткені оңтүстік халқы саяси және кәсіпкерлік жағынан өте белсенді. Тіпті біздің кішігірім кемшілік жасауы­мызға да жол бермейді. Ал шын ниетпен жұмыс істейтін болсаң, халық қа­шанда қолдап отырады. Менің мақ­тан­ға­ным емес, бізді БАҚ сынап жатыр ма, жедел түрде мен ол адамға жауап беремін. Ал енді кемшілік жіберсек, оны мойын­дай­мыз және оны дер кезінде түзетеміз. Шын­дығын айтсам, жоғарыда айтқан істер­дің бәрін жасап жатқан мен емес. Оның бірде-біреуі мемлекеттік жоба емес. Біз тек қана олардың әртүрлі мәселесін шешіп беріп, қолда бар мүмкіндікті аямай, көмектесіп отырмыз. Жалпы, біздің оңтүстіктің әлеуеті өте жоғары. Басқа облыстар «Мұның бәрін қалай істеп жатырсыңдар?» деп таңғалады. Осы қарқынмен енді екі-үш жыл жұмыс істейтін болсақ, дәстүрлі өнеркәсібі дамы­ған Қарағанды, Кереку (Павлодар), Шы­ғыс Қазақстан облыс­тарымен деңгейлес боламыз. Өйткені өткен жылдың қоры­тындысы бойынша (мұнай мен кенді алып тастағанда) өңдеу өнеркәсібі жағынан Оңтүстік Қазақстан облысы алтыншы орын­да тұр. Біздің алдымызда Қарағанды, ШҚО, Павлодар, одан кейін Алматы қала­сы мен Алматы облысы тұр. Соңғы екі өңір­ге бүкіл еліміздің статистикасы жиналған. Мәселен, көптеген кәсіпорын Алматы аумағында болмаса да, сол жерге барып есеп береді. Сондықтан да олар төртінші және бесінші орынды еншілеп отыр. Ал жеке өзім Алматы қаласы мен Алматы облысын өнеркәсіп саласында оңтүстікке басты бәсекелес болады деп қарамаймын. Өнеркәсібі дамыған үш дәстүрлі облыстан кейін төртінші болып оңтүстік тұр. Осы қарқынмен 150 зауыт­тың бәрін іске қосатын болсақ, олармен иық тірестіруге мүмкіндігіміз бар.
– Шымкент әуежайы маңынан ірі  халықаралық маңызы бар сауда-логистикалық орталығы салынады екен. Оның құрлысы туралы ой бөліс­сеңіз...
– Сауда орталықтары мен заманауи қоймалар, көрме залы мен қонақүй және кедендік терминал орнату бастамасы облыс әкімінен шыққан. Жоба іске асқан жағдайда тауарын электрондық жүйе­лер­мен жабдықталған қоймада сақтауды шешкен қожайынның өнімінің қанша­лықты дәрежеде сақталып тұрғанын әлемнің кез келген жерінен білуге мүмкіндігі бар. Әзірге мұның бәрі шағын үлгіге сыйып тұр. Бірақ таяу уақытта дәл осындай орталық Шым­ша­һарда бой көтеретін болады. Орта­лық­тың қызметін кез келген тауар өндіруші тұтына алады. Ал өнімнің түріне бай­ланысты арнайы жағдай қарастырылмақ. Яғни фарма­цевтикалық өнімнен бастап, ауыл­шаруашылық тауарларына дейін. Сауда логистикалық орталығы үшін бүгін­нің өзінде қала әуежайы маңынан 72 гектар жер бөлініп қойылған. Қазір инженерлік желілер жағы реттеліп жатыр. Құрылыс жұмыстары алдағы уақытта жүр­гізілмек. Жобаның жалпы құны 150-200 миллион АҚШ доллары болады деп отыр. Орталықтың құрылысы екі жылда аяқта­ла­ды деп жоспарлануда. Мәселен, осы жаңадан бой көтерген орталықтағы ірі қой­ма­ларда өңіріміздің жеміс-жидек, көкөніс тауарларын сақтап, шетелдерге экспорттай аламыз. Мәселен, биіктігі 100-150 санти­метрді ғана құрайтын будандастырылған Түлкібас алмасының әр гектардан түскен өні­мін осы қоймада сақтай алатын бола­мыз.
– Арнайы уақыт бөліп, әңгіме­лес­ке­ніңізге көп рақмет.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста