Табыл ҚҰЛЫЯС, тарихшы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
– Табыл аға, біз сіздің Ресейдің иелігіне өтіп кеткен қазақтың жер-суларын жан-жақты зерттегеніңіз жайында жақсы білеміз. Өкінішке қарай, бұған дейінгі және бүгінгі оқулықтарда ол туралы мәліметтер айтылмайды, тарихи деректер де тым аз. Біз сол жерлерді даулау мақсатында емес, қазіргі жастар білсін деген ниетпен бүгінгі әңгімемізді содан бастасақ.
– Негізі, қазақтың жеріне көз салып, оны иеленуді көздейтіндер көп. XVI-XVII ғасырларда көрші Ресей біздің жерімізде қоныстандыру саясатын жүргізу арқылы біраз территориямызға ие болып қалды. Сол кезде Феле деген француз жазушысының «Қызылтаудың» (Орск қаласы) басында отырып, І Петрге жазған бір хаты бар. Ол хаттың негізгі ойы «Ресейдің болашағы – Қазақстанда. Себебі оның жерасты қазба байлықтары мол» дегенге саяды. Ресей патшалығы оны біліп, қазақтың жеріне орыстарды көптеп қоныстандыруға тырысты. Ал орыстар өзі қоныстанған жерге белгі қойып, шекараларын белдеулеп отырған. Қазақ болса, атпен шауып, кезінде әлемнің біраз жерлерін жауласа да, ондай белгі қоюға онша ынталы бола қоймаған. Мысалы, анау Саратов жағында жазғы жайлау болған. Оған келген орыстар қулық жасап, «Мен бұл жерде малымды уақытша суара тұрайын», – дейді де, ақырындап жерді өз иелігіне алып қалады. Ондай деректер бар. Осылайша көшіп-қонып жүрген қазағымыз біраз жерден айырылып қалды. Саратов Орынбор, жалпы, Астраханьға дейінгі ұлан-байтақ жер кезінде қазақ халқының иелігінде болған. Осы орайда, атап өтер бір жайт, Әбілқайыр әрбір жердің қазақ тіліндегі атауларын сол күйінде картаға түсіріп алып үлгерген. Мәселен, Әбілқайырдың атасы Сүйіндіктің есімімен бір көл аталады. Сосын Сүйіндіктің қызы, Әбілқайырдың бәйбішесі Бопай деп аталатын өзен де бар. Ол Орынбор жерінде орналасқан. Осының барлығын орыс пен шетелдің картографтары, сәулетші мамандары және тарихшылары айна-қатесіз қазақ тілінде картаға түсірген. Оны Әбілқайыр ханның өзі қадағалағанға ұқсайды.
– Әрине, қазақ атауларының қаз-қалпында қалуы жақсы ғой. Дегенмен біз ол жерлерді жайдан-жай бере салдық па? Қалай өзі?
– Ресей қазақтың жерін қоныстандыру саясатын жүргізу арқылы алды. Мысалы, Орск қаласы «Жібек жолы» сауда қатынасы үшін екі мемлекеттің бекеті ретінде заңдастырылып құрылды. Ал кейбір тарихи деректерге сәйкес, қазақтың кейбір старшиналары хан-билердің рұқсатынсыз-ақ ол жерлерді кәдімгідей сатқан. Мен сол кездегі Ресей империясының патшайымы II Екатеринаның жазған хаттарын оқығанмын. Оның Орынбор генерал-губернаторына жазған бір хатында: «Қазақ жерін түгел алу үшін бір руды екінші руға айдап салып, олар бір-бірінің етін жейтіндей қырқысуы тиіс» деген сөздері бар. Халық арасындағы «Қазақ бір-бірінің етін тірідей жесе де, сүйегін далаға тастамайды» деген сөз содан қалған болуы керек деп ойлаймын.
Шекарамыз әлемдік негізде бекітілгеннен кейін Алланың әмірімен жұлдызымыз жоғарылап, жолымыз ашылды. Осы мәселені шешуде Президентіміздің де еңбегі ерекше.
– Ал Ресейдің иелігіне өтіп кеткен жерлерді қайтарып алу бастамалары көтерілген жоқ па?
– Иә, Ермеков сияқты ұлтымыздың асыл перзенттері билікпен айтысып, Лениннен Астраханьға дейінгі жерлерді сұраған еді. Сосын Жанша Досмұхамбетов те Астраханьға дейінгі жерде автономия кұру бастамасын көтерді. Жалпы, ол азаматтар барын сақтап қалуға тырысқан ғой.
Мен өзім Қазақстан – Ресей шекарасында болып, біраз жерлерді аралап шыққанмын. Қазіргі кезде ол аймақта 240 бекет бар. Мен соның жеті-сегізінде болдым. Ол жерде ежелден мекендеп қалған орыстар қазақтың жеріне көшетіндерге барынша көмектесіп отырады.
Ал енді мынау Қытаймен екі ортадағы шекара туралы айтатын болсақ, қазақта «Иесіз жатқан жер жау шақырады» деген мақал бар. Бүгінде қазақ-қытай шекарасында болған жеті-сегіз совхозымыз ыдырап, халқы қалаға көшіп кеткен жоқ па? Сапарбаев «шекараны бекіту керек» деп жатыр. Өскеменде қазір пәтер кезегінде 15 мың адам тұр. Соларға ақша беріп, шекара аймағында қоныстандырса, кешегі Арқанкерген сияқты оқиғалар болмас еді деп ойлаймын.
– Өткен жылдары Күншығыс елінің мектептерінде Балқашқа дейінгі аймақ Қытайдың жері деп оқытылатын ежелгі карталардың да бар екендігін естігенбіз. Ал біз болсақ, кезінде Ресейдің қарамағына өтіп кеткен жерлер туралы айтпаймыз да, қазіргі тарих оқулықтарында ол жайында бірде-бір мәлімет те жоқ. Неге?
– Әрине, тарих болғаннан кейін жастар оны білуі керек. Мәселен, менде теріден жасалған ескі карта бар. Онда қазақтардың қоныстанған жерлері көрсетілген. Бірақ оның барлығы бүгінгі оқулықтарда жоқ. Оны енгізу керек. Ол – біздің Мәдениет және ақпарат министрлігінің жұмысы.
Әрине, бүгінде біз осы тақырыпты көтеріп, кезінде Ресейдің иелігіне өтіп кеткен жерлерді даулаудан аулақпыз. Ресей байырғы жер атауларын өзгертіп отырған жоқ. Себебі оның да заңдық негізі болуы шарт. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, белгілі бір жерде тұратын ұлттың саны 25 пайыздан асқан жағдайда ғана ол жергілікті халықтың жері болып танылады.
– Соған қарамастан, бүгінде көрші елдерде тұратын кейбір азаматтардың жат пиғылы, Қазақстанға деген империалистік көзқарасы әлі де өзгермей жатқан сияқты...
– Шыны керек, мені қазақ ұлтының азаматы, қариялардың бірі ретінде орыстың кейбір пиғылы қатты алаңдатады. Мысалы, Акимов деген біреу: «Қазақтардың мемлекеттік жері жоқ, олардың жері Моңғолия мен Қытайда» деп көкіген сөзін естіп, көлгірсігеннің көксегені «мұқату ма, жанжал, ұлтараздықты қоздыру ма?» деп түсіндім. «Қызғаншақтың ішінде доңыз дөңбекшиді» деген осы ма дерсің?! Акимов адасқақ Патшалық Ресейдің отаршыл тырнағында қалған Омбы, Орынбор, Орск, Саратов жерлерін қазақтар даулайды деді ме... Басқаны айтпағанда, Әбілқайыр ханның тұсындағы картаны көрсін. Кирилловты оқысын. Оның бұзық ойы бірте-бірте ұшындыра түсіп, лаңкестікке тірейтінін сезбей ме? Желкеуде кейде шіренеді. Аспанды алақандай, жерді тебінгідей көретін, бетін қақпаса, көңірсіген лас пікірін шіреп айтуын тоқтатпауы да мүмкін-ді. Апыр-ай, кейбір пасықтар біреуді жерлеп жатпаса, бойына ас сіңбей ме деп түңілесің.
Акимовтың «қазақ жері – қытайда» дегенінен шошып, жер даулайды деді ме, Ху Хұң Бау деген қытай жазушысы: «Қазақтар – қонақжай халық, қонағын күткені сондай – қой сойып, ет беріп күтуімен қоймай, ұзатылмаған үлкен қызын қонағының қойныңа салып береді. Төріне отырғызып, алдыңа адал дәмін үйіп қояды да, етегін жел көтермесе, ер көтермеген қызын қойнына салғанда тартынасың ба?» – деп, бүкіл қазақ ұлтын масқаралады. Осы жазушының тағы бір сорақысы – қазақты айуаннан әрі көріп, «Атасы алғаш түскен келінін бірінші иемденеді. Сондықтан тұңғыш немересін өз баласы етіп, бауырына алады» деп беті бүлік етпей, ұлттың намысын тас-талқан етуі желкеуденің шектен шыққан зәлімдігі емес пе?! Бұл бүкіл мұсылман халқының сүйегіне таңба салу еді.
Қазақтағы ата-бабадан ғасырлар бойы дала заңындай сақталған, темірдей тәртіп бойынша үйіңе келген мейман дастарқаннан дәм татып отырып әйеліңе көзін тастаса, нағыз дұшпан деп есептелетінін Ху Хұң Бау түсінгісі келмесе де, көзін шұқып тұрып айтайын.
Меңіреу пенденің адасуы тым аянышты. Бәрінен бұрын әлем ойшылдарының бірі Абайдың: «Иттеніп жүріп өлмей ме, өлсе бәрі қалмай ма?!» деген бір сөзіне тұрмайтын талай шығармалардың сыйлық алып жатқаны да белгілі. Оған ақылды адам көкірек көтере қоймайды. Жұмыр жердің ашықтан-ашық көріне бастаған азғындығын, басыну мен тасынуды Жаратқан ием кешірмей солардың жеріне табиғат апатымен ажал төндіріп, өлім-жітімге ұшыратып жатқанын алдымен жазушы сезінуі керек еді. Мысалы, АҚШ басшылығының әлемде соғыс өртін тұтатуға деген құмарлығы үшін Алла олардың жерінде табиғат апатымен халқының апшысын қуырып жатқан жоқ па?!
– Табыл аға, өзгелердің біздің жерімізге көз тігіп отырғанының негізгі себебі осындай ұлан-байтақ аймақта қазақтың аз болып қоныстануы емес пе? Мәселен, Қазақстанға келген қытайлар игерілмей жатқан жерді көріп, соған қатты қызығып жүрген жоқ па?
– Ресейдің отарында болған кезде, біз төрт бірдей аштықты бастан кешіріп, халықтың 80 пайызынан айырылып қалдық. Ол оқиғалардың құпиясы әлі ашылмады. Ресми дерекке сәйкес, 1900 жылы Қазақстандағы 200 рудың саны 8 миллион 200 мың адам болған. Сонда қараңыз, 100 жыл өтті, біз әлі күнге дейін 10 миллиондық межеден аса алмай отырмыз. Көрші өзбек елі болса 1893 жылғы әлем халықтарының санағы бойынша қазақтардан екі есе аз болды. Бүгінде олар 30 миллионға жетті. Негізі, қуғын-сүргін мен аштықтың азабы болмағанда, қазақтың саны бүгінде 70 миллион болатын еді. Кеңес өкіметінің бір зияны – ол қазақ сияқты ұлттардың тектілігін, содан соң тарихын жойды. Бас көтертпей, үреймен мыжып тастады.
– Шынымен де, бүгінде бізге сол тектілік жетіспейтін сияқты. Біз егемен ел атанып, ата-бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздікке де қол жеткіздік. Дегенмен мемлекеттің мүддесін қорғап жүрген кейбір азаматтардың қыруар қаржы ұрлап, қылмысқа барғанын естігенде ішің күйеді. Сонда қазақтың тектілігі қайда? Бізге ата-бабаларымыздың қаны дарымаған ба? Жоқ, әлде оның басқа бір себептері бар ма?
– Мені де бұл мәселе қатты мазалайды. Қазақтың кең-байтақ даласын қорғап қалған ата-бабаларымыздың асқақ рухы қайда кетті? Отаршылдық оны жаншып бір езді. Содан соң төрт бірдей аштық қабырғамызды қайыстырып тастады. Бәрімізді қорқытып, қызыл империя үреймен ұстады. Мәселен, менің әке-шешем түнде бір-бірімен қоштасып, «Таң атқанда, тірі шығамыз ба, жоқ па, кінәм болса, кешір», – деп жататын. Неге? Себебі ол кезде НКВД-ның адамдары түннің бір уағында келіп, «халық жауы» деп алып кете салатын. Біле білсек, оларға белгілі бір «лимит» берілген. Республика басшылары әр жыл сайын хат жазып, қоғамды тазартуға «лимит» сұраған. Саяси бюро осы сұраныс бойынша 8-10 мың адамға рұқсат беріп келген. Сотталғандар атылды, түрмеде жазасын өтеді. «Лимитті» орындау қажет болды. Осылайша Кеңес өкіметі халықты үрей арқылы басқаруға тырысты. Бесіктегі баланың өзі қорқып жатты. Осының бәрі рухтың бәсеңдеп кетуіне себеп болды.
– Ал енді сол рухты ояту үшін тағы 300 жыл күту керек пе?
– Мен өзім мына бір есепке жүгінемін. «Жеті атасына тартқан» деген сөз бар емес пе? 25 жылдан есептесек, жеті атада ол 175 жыл болады. Кеңес өкіметімен біраз жылдар кетті ғой. Енді бір 20-25 жылдан соң біздің рухымыз баяғы қасиетіне, қалпына келеді деп ойлаймын. Өз басым жастармен жиі кездесемін. Сонда жастардың рухын көріп қуанамын. Бұл рухтың оянып, сілкіністің бар екендігін аңғартады.
– Бүгінде кейбіреулер Кедендік одақты бұрыңғы кеңестік жүйенің жаңғыруы деп түсінеді. Олардың айтуынша, Қазақстан қайтадан Ресейдің аясында топтасып, енді оның ықпалынан мүлдем шыға алмайтын болады...
– «Үйренген жау атыспаққа жақсы» дейді атам қазақ. Қазіргі біз олардың тілін, ділін, жақсылығын және әлсіз тұсын білеміз. Соны мемлекет мүддесі үшін пайдалана білу керек. Әрине, ондайда мемлекеттік тіл мәселесі туындайды. Тарих көрсетіп отырғандай, көп халықтың үстемдігі болмай тұрмайды. Ұйғырдың «Көп картоптың ішіндегі пияз күйіп кетеді» деген мақалы бар ғой. Біздің де күйіп кететін жағдайларымыз бар. Бұрын да болған, әлі де болуы әбден мүмкін. Алайда «Елім!» деп атқа қонған азаматтар соның барлығын ескеріп, халықтың атақ-абыройын сақтап қалады деп сенеміз.
– Сонда қазақтың империалистік экспансияға қарсы иммунитеті бар дейсіз ғой?
– Әрине, бар. Ең бастысы, біз өз шекарамызды бекітіп алдық. Былай қарасаң, 96-жылдан бері қарай қазақ халқының жұлдызды жылдары ұлы өзгерістермен әлемге таныла бастады. Аллаға сенсең, құстай ұшасың деп мұсылмандық дініміз оралды, діліміз жаңарды. Мен оны мына бір дәлелмен келтірейін, бұрын Мәскеудің ауа райы үш күннен кейін Ақмолаға келетін. Қазір ондай жоқ. Мәскеуде боран соғып жатса, Астанада бір апта бойы жылы болып тұрады. Алланың әмірімен жұлдызымыздың өзгергенін осыдан-ақ байқауға болады.
– Жақында сіз «Жиембет батыр» атты роман-эссеңізді жарыққа шығарып, дүйім жұртқа таныстырдыңыз. Сөз жоқ, бұл еңбек жастардың рухын көтереді, патриоттық сезімін шыңдайды. Осындай шығармаға қажетті тарихи деректерді жинау аса қиын. Себебі XVII ғасырға қатысты тарихи дереккөздер тым аз. Оның барлығы ел аузындағы атадан балаға мирас болып қалған сөздер екені белгілі. Сіз болсаңыз, қазақ халқының құймақұлақтық ұлттық қасиетін шебер пайдаланып, романдағы Жиембет батырдың өр бейнесін көрсете білдіңіз...
– Әкем «халық жауы» болғандықтан, мен әкемнің ағасының тәрбиесінде болдым. Ол Жиембет батыр туралы араб тіліндегі барлық жинақтарды сақтап келген. Сосын әкемнің айтқан әңгімелері бар. Ал осы романды жазуыма Әбіқұл Ыбырайымов деген досым себепкер болған. Ол «Қазақ батырлары» атты газет шығаратын. Бір күні телефон соғып, «Жиембет батыр туралы тарихи деректер көп жазылмай жатыр. Осыны бір жазып көрші»,– деді. Содан кірісіп, бір бет материал шығардым. Одан кейін ол еңбегім хикая болып жарық көрді. Жалпы, Жиембет өзі батыр әрі сазгер, Есім ханды сөзбен тоқтата білген жырау болған ғой. Қазір біз патша түгіл, шенеуніктерге де қатты сөз айта алмаймыз.
– «Орбұлақ шайқасында ерліктің өшпес рухын көрсеткен 600 батырдың әрбіреуі туралы бір-бір том кітап жазуға болады» дегенсіз...
– Әрине, болады. Оны сол батырлардың ұрпақтары жазуы тиіс. Сонда олардың рухы қайта оралып, бүгінгі жастарды желеп-жебеп жүретін еді.
– «Жиембет батыр» кітабына қатысты пікір айтқан мамандар осы шығарманың негізінде кино түсіруге болады деп отыр. Сонда қазіргі жастар қайдағы бір «Гарри Поттер» және шетелдің басқа да ойдан шығарылған кейіпкерлеріне қызықпай, өз ұлтының нағыз батырларын көріп, тәрбие алатын еді. Осыған байланысты қандай да бір жоспарлар бар ма?
– Ондай ойымыз бар. Кино түсірілсе, оның ішінде бәрі – батырлық, адалдық, әділдік, қазақ қыздарының тәрбиесі, хандар мен би-жыраулардың айтысы болатын еді. Сондай киношығарманың арқасында қазақтың өлгені тіріледі.
Алашқа айтар датым...
Қазақтың «Жерінен безген түбінде оңбайды» деген сөзі бар. Қазір өз ішімізден шыққан жемқорлар шекара асып, халықтың ақшасын ұрлап жатыр. Ал ондай эмигранттардың өмірі белгілі, дұшпанға да тілемейтін қайғы. Мен өзім шетелде жүргенде, басқа елден келген азаматтарды жерлеу рәсімін көргенмін. Оған бір-екі адам ғана қатысады. Өлген адамның кім екенін де білмейді. Белгі де қоймайды. Ол кім? Атағы қандай? Адамды жоқтап, артындағы ұрпақтарына оның атақ-абыройын жеткізетін біреу қалуы керек қой. Елден қашқан да бір, тірі өлік те бір. Қазақ ондайды «бір шіріген жұмыртқа» деп есептен шығарып тастайды.
ОҚШАУ ОЙ...
Алдымызда EXPO-2017 деген үлкен белес тұр. Оны абыроймен өткізіп, әлем алдында ұятқа қалмау қажет. Ол үшін барлық қазақстандықтар бір жұдырық болып жұмылып, «Мен өзім не істей аламын?» деген сауалдың төңірегінде қызмет етуі тиіс. Бүгінде Қазақстан жан-жақты танылып жатыр. Енді осы халықаралық шара да «шіркін-ай, қазақтар осылай өткізді» деп айтатындай өтсе екен дейміз.