Ішкі рухани қуатты, ұлттық болмысты жоғалтуға болмайды

Ішкі рухани қуатты, ұлттық болмысты жоғалтуға болмайды

Қуандық ТҮМЕНБАЙ, жазушы, «Үркер» журналының бас редакторы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:

– Аға, сізді бүгінгі өмірді шы­найы суреттеп жүрген жазу­шылардың қатарына қосады. Айтыңызшы,  қоғамдағы көңіл күйді оқырманға ұсынуыңызға не түрткі болды?
– Мен өзім әу бастан, бала кезімнен еркіндікке құмар болдым, тәуелсіз болуды армандадым. Құдай жарылқап, осы ті­легімізді қабыл етіп, еліміз Тәуелсіздікке жетті. Ол бізге келгелі әдебиетіміз де еркін­дікті қатты сезініп жүр деп ойлаймын. Өйт­кені қазір ешкім мынаны жазуға болады, ананы болмайды деген шектеу қойып отыр­­ған жоқ.  Кеңес Одағының тыйымы мен нұсқауы көп кезеңдердің өзінде де бі­раз еркіндікке барып, таяқ жеген кездеріміз болды. Мен жазуды мектепте бесінші, алтыншы сыныптарда жүргенде бас­тадым.  Аудандық газетке мақалалар жазып жүр­дім.  Алғашқы мақалам «Хат тасушы» деген еді. Онан кейін үлкен әдебиетке келген соң жадағай сыдырта бермей, қоғамның ұң­ғыл-шұңғылына, адамның жанына үңілуді үйрендік. Бірақ адам жанына үңілгенің үшін де кейде белгілі бір дәрежеде таяқ жейтін жағдайлар болады. Көп жазушы­ла­рымыз осындай күйді басынан кешірді де. Мысалы, менің «Адам» деген бір әңгімем «Қазақ әдебиеті» газетіне шықты. Кейіпкері  Ауғанстан оқиғасына қатысқан жігіт еді. Дұшмандар оның екі қол, екі аяғын кесіп, қайтадан өзіміз жаққа тастайды. Әлгі жігіт­тің шешесі орыс та, әкесі мұсылман. Жасы келген жігіт. Мен осы жігіттің адами арпа­лысын көрсетуге, мүгедек жігіттің басын­дағы жағдайды беруге тырыстым. Ал сол кезде  Орталық комитет маған сол үшін жақ­сылап тұрып «сыбаға» берді.  Ал қазір құдай­ға шүкір, дәл сондай бақылау жоқ. Бірақ «еркінбіз» деп, тым еркелеп кететін кезде­ріміз де бар. Не болса соны жаза са­ла­ды. Мен қазір жастардың «Үркер» деген басы­лымында отырмын. Жастар неше түрлі туын­дыларын жазып әкеледі. Тіпті әдебиет­тің теориялық талаптарына жауап бермей­тін нәрселерді жазады. Көргенін сүйкей сала­ды. Жазу деген де үлкен өнер ғой. Онда автордың ойы, автордың алаңы болуы ке­рек.  Тақырып пісіп, автордың көңіліне қоз­ғау салмай, дұрыс шынайы нәрсе шығады деп ойламаймын. Тамақты да шайнап-шай­нап жұтатын болсақ, олар оны толықтай қылғыта салғысы келеді. Сондықтан бізге еркіндіктің берері де, бергені де, онымен қоса,  тигізіп жатқан зияны да көп.
– Соңғы кездердегі еңбектері­ңіздің көпшілігі әйелдер тақыры­бын қамтиды. «Қырықтағы қыз», «Жұмыртқа жарған келіншек», «Бұқа баққан қыз», «Қарындас», «Асығыс әйел» секілді, одан өзге де көптеген әңгімелеріңіз бар. Сіздің шығармаларыңыздан әйелдің қуанышы, әйелдің күйзелісі, әйел­дің психологиялық ахуалы­ның әр кездердегі күйін көре аламыз. Мұның сыры неде? Сіз аналарды, қарындастарды, заман­дастарыңызды қалай зерттейсіз?
– Біз бала кезімізде Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» деген атақты повесін оқығанда «мынадай да жағдай болады екен-ау» деп таңғалып едік. Онан кейін Сайын Мұратбековтің әңгімелерін оқыдық.  «Махаббатым менің», «Көкорай» сияқты. Мархабат Байғұттың әңгімелерін оқыдық осы заманда. Бізді, негізі, тәрбиелеуші әдебиет қой. Сол әдебиеттен көргенімізді, оқығанымызды қорытып, өзіміз де сондай нәрсе жазғымыз келді. Кейіннен класси­кадан Анна Каренинаны әуелі түсінбей, со­сын қайта-қайта оқыдық. Ол өзін по­йыздың астына тастап, махаббаттың құр­банына ай­­налатынына таңдандық. Максим Го­рьки­­й­­дің әңгімелерін оқыдық. Онда да ғашықтық хикаялар. Осының бәрі адамға әсер етпей қоймайды екен. Сондай нәрсе жазғың келеді, айналаңа қарайсың, неше түрлі тағдырларды көресің. Менің бұл тақырыптағы дүниелерім осыдан туған шығар деп ойлаймын. Одан кейін тәрбиеге де байланысты шығар. Шешеміз нәзік жан­ды адам болатын. Ешкімнің көңілін қал­дырмайды, өте кең, өте мейірімді бол­ды. Әлі тірі, жасы 92-ге келді. Соғыстың кезінде трактор айдаған. Сол кездердегі аңқаулық­тарын айтып отырады. Еркек жоқ, кілең әйел­дер далада ауыр жұмыстар істеді.  Сонда араларында жалғыз бір механик бар екен. Аналарымыз ол кезде 17-18-дегі ке­лін­шектер. Әлгі механик бұларды ылғи алдайды екен. «Трактордың айран ішкісі келіп тұр, трактордың қауын жегісі келіп тұр, тракторға тамақ әкеліңдер» деп.  Со­дан бұлар  үйден сұрағанын әкеліп береді екен. Ал ол болса бұларға  «трактор деген өте ұялшақ болады, сендер көзіне көрін­беңдер, ол сендер қарап тұрсаңдар бұлар­ды жей алмайды, кетіңдер алысқа» деп қуып жібереді екен өздерін. Шешелеріміз әлгінің сөзіне иланып, тракторымыз тамақ жеп алсыншы деп, қамыстың арасына ба­рып, теріс қарап отырады екен. Содан  бір­де бір келіншек сығалап отырып, әлгінің сырын біліпті. «Әй, анау трактордың көлең­кесінде жатып алып, біз әкелген айранды өзі ішіп жатыр» дейді. Міне,  трактордың еш­теңе жемейтінін бір топ келіншек сол кез­де ғана білсе керек. Бұл біздің аналары­мыз­дың аңқаулығын, аналары­мыз­дың нәзік­тігін, ер-азаматты сыйлай­тынын көр­сетеді. Міне, қазақ әйелінің осындай қы­лық­тары ойымызды тербейді, соны оқыр­манға беруге тырысамыз.
– Сіздің кейіпкерлеріңіздің көбі қазіргі замандағы тағдыр иелері...
– Иә. Қазір қарап отырсаңыз, осы замандағы қыздардың да тағдырлары оңай емес, тіпті өте қиын. Жаңа «Қырықтағы қыз» деп қалдыңыз. Сол әңгіме шыққаннан кейін «Қазақ әдебиетінің» редакторына бір кәрі қыз «мынау дұрыс емес» деп барыпты. Бұл әңгімеге қатысты пікірталастар өте көп болды. Біреулер «керемет» десе, біреулер бүгінгі замандағы «Шұғаның белгісі» деді,  енді біреулер «түсінбедік» десе, біреулері «автор не деген оңбаған еді» дейді. «Жұ­мырт­қа жарған келіншек» деген әңгіме де оқырманға көп қозғау салды. Бала сүйе алмай алғашқы күйеуі шығарып жіберген келіншектің жұмыртқа сатумен айналысуы, жұмыртқа сатып жүргендегі күйзелісі, бала асырап алуды армандауы – бәрі-бәрі бүгін­гі таңдағы қазақ әйелінің басында бар көңіл күй. Маған қыздарымыздың, қаракөз қарындастарымыздың тағдыры көп қозғау салды, жанымды ауыртты.  Біздің қазақ қыздарының тағдыры жақсы болса екен деймін.
– Өкінішке қарай, талай қазақ­тың қызы қалада әлі де ауыр жұмыстарда жүр ғой. Бұған не дейсіз? Қыздарына атпалдай азаматтар қамқор болуға тиіс емес пе еді?
– Рас, Тәуелсіздік дейміз, қуанамыз. Бі­рақ елде  жұмыссыздық басым. Нәзікжан­дылар, ұрпағымыздың аналары әр жерде еден жуып, қап сүйреп жүр әлі күнге дейін. Кейде мен кеңес кезінде бүгінгіге қарағанда жұмыс орындары көп болды ма деп ойлай­мын.  Әсіресе мынау АХБК  деген мекемеде біздің мыңдаған қыздарымыз аянбай еңбек етті. Ол бүкіл Одаққа мәні бар меке­ме еді. Сол жабылған тұста қыздарымызға өте қиын болды. Қыздардың үміттерін үзбей, сол фабриканың алдына ағылып күнде баратынын көзіміз көрді. Негізінен, басым бөлігі қазақтың қыздары еді. Менің бір «Еңбек Қызыл Ту орденді жезөкше» деген әңгімем сол кезде туған болатын.  Қыздар жұмыстың алдына күнде  келіп тұратын. Бірақ ол келістерінен еш қайран болмады. Сосын әлгілер біртіндеп  Саин көшесіне ығысты.  Талай қарындастарымыз осылайша көліктерде кетті. Саинның бойы осы кезде шықты, сол кезде дүркіреді. Міне, бұл дерт әлі де талай жерде меңдеп тұр. Бұл – жан ауыртатын жағдай.
– Жазушы ретінде сізді қандай мәселелер толғандырады?
– Мені бірінші толғандыратын нәрсе, ол – адамның жаны. Біз адамның жанына үңілген сайын таңғалумен келеміз. Ол үде­ріс ешқашан тоқтамайды. Мысалы, «Абай жолын» бәріміз оқып өстік. Абайдың тау­сыл­майтын кен сияқты терең екендігіне, оның қажыр-қайратына әлі оқыған сайын таңданамыз. Құнанбайды оқыдық. Не деген қатты, не деген зұлым адам дедік. Әуе­зовтің өзі де кетерінде «Құнанбайды нағыз Құнанбай жасай алмадым» деп өкі­ніш қылыпты. Сол сияқты адам жаны тау­сы­лмайтын қазына. Оны зерттеу, оны көру өте үлкен ғылымға үңілген сияқты дүние. Одан бөлек, мен мемлекеттік тілімізге алаң­даймын. Тілдің мәртебесінің шын мәніндегі тұғырына қона алмай жатқаны үлкен алаң. Тілі жоқ ел болмайды. Мемле­кеттік тілін менсінбейтіндер көп. Соларға қарап қынжыласың. Баяғыда Мәскеуде оқып жүргенде, армяндар, грузиндер тек қана өз тілінде сөйлеуге тырысатын. Мұға­лімге «мен орыс емеспін, маған бір үшіңді қойып бер» дегенді ашық айта алатын. Сол кезде біз оларды «қандай артта қалған» деп күлетінбіз. Олар бізге таңғалатын «неге орыс тілінде ғана сөйлесесіңдер» деп.   Өз­бек келе жатса, жоғары курстың орыс жігіт­тері «Армысыз, әкә» деп амандасатын. Міне, осының бәрі біздің ерік-жігеріміздің аздығынан екен ғой. Қазір ойлап қарасам, олардікі ерлікке пара-пар екен. Одан бөлек, мен қазір біздің елдігімізді білдіретін символдардың аяқасты болып бара жатқа­нына қынжыламын. Кез келген киімдерде, шалбарлардың арт жағында, есіктің аузын­да, базарларда қалай болса солай жатады. Ол да бір киелі ұғымға бастайтын құндылық емес пе.
– Сіз бір мақалаңызда «Идеологияға биология көмекке келетін кез келді» депсіз. Ол пікірге де осындай алаңдардан соң келдіңіз бе?
– Иә. Қазақтың түп негізі өте мықты. Қазір бір қабілетсіз халық кейпінде көріне бастағанымыз өтірік емес. Тілімізді әлі тұғырына қондыра алмай жүрміз, оның пәрменін жастарға сезіндіре алмай келеміз. Сондықтан да бізге бір биологиялық эксперимент керек деген шығармын. Шын­дығында, біздің санаулы болса да қыз-жігіттер ұлттың ұлылығын көрсетуде. Ол білімде болсын, мейлі спортта болсын. Ұлтқа сапа керек. Ол үшін әртүрлі экспери­менттерге баруға тиіспіз. Бұл – тірілу керек деген сөз.
– Қазіргі әдебиетте жастар бар ма? Олар аға буынның көлеңкесін­де қалып қойған жоқ па?
– Жастарды таныту мақсатында біз «Үркер» журналын шығарып жатырмыз. Осы журналдан қазіргі әдебиеттегі жастар­дың шығармашылығымен танысуға бола­ды. Әдебиетте қазір, құдайға шүкір, жақсы жазып жүрген қыз-жігіттер баршылық.  Тіп­ті талантты деуге әбден лайық. Бірақ ара­ларында дөрекі, мәдениетсіз жастар да кездесіп қалады. Ақылды тыңдағысы кел­мей­ді, жазғанына айтқан пікірді қабылдай алмайтындары да бар. Олар міндетті түрде өздерін дамытып, өздерін тәрбиелеуі керек. Сын әркезде болған, бола да береді. Сондықтан өзін өте ақылды санаудан ары­лу, ақылға келіп, жазғанына қайта бір қарау қазіргі әдебиеттегі жастарға ауадай қажет. Үлкендер де бұрынғыдай көп ақылси бермейді, азды-көпті жинаған тәжірибе­лерін ақыл сұраған жас болса аямайды. Сон­дықтан осындай келеңсіздіктерді жас­тарымыз ескерсе деген тілек бар. Мен өзі жастарға қатты сын айтудан, оларға орын­сыз мін тағудан аулақпын. Қолымнан келсе, оларға қамқорлық жасап, көтергім келеді. Бірақ бүгінгі жастарда романтика жоқ. Оның үстіне олардың көбі әдебиетке жүрдім-бардым қарайды, аз оқиды, ізден­бейді. Оларда жастыққа тән жалынның қызуы мен күш-жігердің қуаты әлсіз. Сондықтан да жас қаламгерлердің шығар­ма­ларының дені пессимистік сарынға құрылған. Бәлкім, заман солай шығар... Қазір заманауи ақпараттық технология­лардың дамыған тұсы ғой. Осыны пайда­ланып, жастар өз шығармаларын редак­цияға электронды пошта арқылы жолдап жатады немесе біреуден флешкасын беріп жібереді. Бұл жедел қатынас пен байланыс үшін жақсы шығар. Алайда жас авторлар­дың маған хабарласып, «ағай, он шақты әңгімемнің ішінен дұрысырақ біреуін таңдап аларсыз» немесе «сізге кітапқа да­йындап жатқан өлеңдерімнің топтамасын жібердім, арасынан жарайтынын аларсыз» дейтіндерін қалай түсінуге болады?
– Шығармашылығыңызға үңілсек, өтіріктен шаршаған сияқтысыз. «Шіркін, өтірік айтпай­тын адам ойлап тапсақ» дейсіз...
– Әрине, сөзіңіздің жаны бар. Бұрынғы кеңес кезінде «процентомания» деген болды. Әр нәрсені пайызға шағып, оны өсіріп көрсету деген. Біз осы аурудан әлі де арыла алмай келеміз. Шынайы өмірден алшақ кетіп жатса да, пайызға шаққышпыз. Айналаға қараңызшы, шын талант далада жүр. Мен бірде әйеліммен барахолкаға киім-кешек алуға барып қалдым. Бір кезде арт жақтан «Дорогу, дорогу» деген таныс дауыс шықты. Жалт қарадым, бір кездері Мәскеудің Бауман атындағы жоғары техни­калық университетінде оқыған жігіт. Қырғыздардың жүгін тасып жүр. Өте қабі­летті, өте талантты еді. Ол оқыған универ­ситетте мұсылман баласынан тек қазақ баласының ғана оқуға шамасы келетін. Онда өзбек, тәжік, қырғыздар мүлдем оқи алмайтын. Білімдері, қабілеттері жетпейтін. Грузияда, Украинада бұл университетті бітіргендердің тізімі жоғарғы биліктегілер­дің алдында жатады екен. Өйткені олар баға жетпес аса мықты мамандар болып саналатын. Әлгі жігіт оқуын және қызыл дип­лом­мен бітірген. «Ойбай, не істеп жүр­сің?» десем, «Көріп тұрсың ғой», – деп күле­ді. Оның бар айыбы өтірік айта алмай­тынында екенін ұқтым. Өтірік айта алмай­ды, «әке, көкелей» алмайды. Міне, біздің өтірікті жек көретін себебіміздің бірі. 
– Сіздің түсінігіңіздегі зиялы қандай?
– Зиялы, меніңше, кітап оқуы керек. Қа­зір  біздің зиялылардың көпшілігі кітап оқымайды. Бұрынғы толқын ғана аздап кітап оқиды. Кейінгілер мүлдем қажет ет­пейді. Бізге тәжірибеден өтуге университетті бітіретін жастар келеді. «Абай жолын» бірде-бір рет оқымаған. «Әй, сен қандай маман боласың?» десең, «Телевидениеге бар­ғым келеді» дейді. Бәрі жылт етіп көрін­генді мәртебе санайды. Ар жағында түк жоқ. Ата-анасына да бәрібір. Баласы бір рет телевидениеден көрінсе бітті, олар да жұлдыз болып кетеді. Баласының арғы азы­ғын ойлау маңызды емес. Менің көңі­лім толмайтын тағы бір түсініксіз құбы­лыс бар: қазіргі ата-аналардың көбі әлі күнге дейін 20-30-жылдардағы санамен өмір сүргісі келеді. Олай дейтін себебім: «бала­мыз сот болсын, милиция болсын, бастық болсын» дейді. Қазір ХХІ ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан да жастар техникалық мамандықтарға, жаңа техно­ло­гияларды игеруге ұмтылуы керек. Бірақ ішкі рухани қуатты, ұлттық болмысты жоғалтуға болмайды. Бір қынжылтатыны – осы олақ сана біздің әдебиетке де келген сияқты. Мұндай тенденция бұрын да болған, қазір тіпті өршіп тұр. Бұл ұлттық сананың қалыптасуына кері әсерін тигізеді. Жастар кітап оқыса екен деймін. Зиялы ұлт кітап арқылы, ізденіп оқу арқылы қалып­та­сады. Осыны сезінсе екен дейміз жастар.  Бәрін содан кейін орысқа телуге құмармыз. Радионы ағылшындар ойлап тапса да, әлі күнге дейін Попов ойлап тапты дейміз. Зиялылықты орыстан көреміз. Ол дұрыс емес. Әр ұлт өзін зиялы сезінсін. Оқысын, тоқысын, білім асырсын. Сонда ғана ол ұлт сапалы, саналы болады. Үлкенді тыңдасын. Баяғыда Ақселеу ағамыз қартайған шағын­да есігінің алдына шығып отырып: «Әй, ба­ла­лар, орысша сөйлемеңдер, әй, бала, неге асық ойнамайсың, әй, қыз, қа­зақ тілін­де айт», – деп отырады екен. Сонда әлгі кіш­ке­не балалар «Как надоел, этот старик» дейтін көрінеді. Сол Ақселеу аға­мыз балаға сүйкі­мі кететінін білмеді дейсің бе, біле тұра әдейі айтты, біреуі болмаса, біреуі ескерер деп. Ескермесе де адам ой­ланады ғой, «мына шал бізге неге бұлай дей бере­ді» деп. Міне, бізде осындай ай­ғай­шы, алаң­дау­шы, осындай зиялылық  азайды. 
Бірде өзіммен жақсы сыйласатын про­фес­сор ағамыз маған «сен осы жазушысың ғой, саған бір ұсынысым бар еді. Әлгі үйдегі жеңгеңнің әкесі туралы бір кітап жазшы» демесі бар ма? Ол кісіге «сіз мені аямайсыз ба?» десем, «бұл сенің қолыңнан келетін шаруа ғой» деп қарап тұр. Оқыған-тоқыған деген «зиялы» адамның санасы­ның өзі осыған ғана жетіп тұрса, басқа­лар­дан не қайыр? Сонда сол профессор аға­­мыз менің осы уақытқа дейінгі әдебиет­ке сіңірген еңбегімді қайын атасы туралы жазылатын кітаппен өлшеп отыр ма? Әде­биет­ке деген көзқарасымыз осылайша кө­мескіленіп барады. Зиялылық та осын­дай келеңсіздіктің көлеңкесінде қалып барады.

Алашқа айтар датым...
Алаш зиялыларының бірі Мұстафа Шоқайды менің аталарым көріпті. Мұстафа 1919 жылы елге келгенде аталарым қасында болыпты. Атам айтып отыратын. «Аппақ костюм-шалбар, ақ таяқ, ақ туфлимен жарқырап келді. Содан соң есік алдында бізбен қатарласып отырып айтты: «Малды азайтушы болмаңдар, малды көбейтіңдер, содан кейін гүл өсіріңдер», – деді. Малы түсінікті енді, ол азық, ол аш қалдырмайтын қор, ал гүлі несі мынадай құмдауытта?» дедік те қойдық ішімізден. Ол Мұстафаның елге соңғы келуі, елмен соңғы рет қоштасуы екен ғой. Гүл дегенін кейіннен түсіндік. Еуропа көрген азамат қой. Гүл адамды сұлулыққа үйретеді, өзін эстетикалық талғамға баулитын дүние екен ғой» деп отыратын. 
Қазақ өзінің барлық мүмкіндігін қайта қолға алатын кез келді. Алаш жұртының айбыны оның осындай рухани өсімімен асқақ.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста