Ең басты парызымыз – баланың құқығы мен еркіндігін сақтаудағы жауапкершілікті күшейту

Раиса Шер, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы:

– Бүгін – Халықаралық балаларды қорғау күні. Балаларды қорғау, әлбетте, бір күндік шаруа емес, ол жыл он екі ай тоқта­мауы тиіс. Алайда дәл осы күні балаларға қатысты барлық іс-әрекет таразыға салы­нып, есеп беріліп жатады. Бізді алаңдататыны – жетім балалардың жай-күйі. Сол санаттағы балалардың жайын әңгімелеп берсеңіз. Cтатистика да қызықтырады. Мәселен, жы­лы­на қанша жетім бала тіркеледі? Оларды тәрбиелеу, оқыту, қоғамға бейімдеу мәселесі  – өзекті тақырып. Осы жағын да айта кетсеңіз. Аталған санаттағы балалардың құқы бұзыл­ған деректерге де тоқталсаңыз...
– Қазақстандағы балалар саны бүгінгі күні 5 миллионға жуық. Олардың қатарында ай­рық­ша қамқорлыққа мұқтаж балаларымыз жоқ емес. Олар, негізінен, ата-анасының қарауынсыз қалғандар. Олардың саны – 36 777. Соның ішін­дегі 21 585-ін отбасылар асырап алса, 12 925-і түрлі мемлекеттік мекемелерде тәрбиеле­нуде. Ал 2 267 бала – патронаттық ұйымдар қарауында.
Бір айта кетерлігі, интернаттық жүйелердегі тәрбиеленушілер санын азайту мақсатында біздің елімізде 2011 жылдан бастап жетім баланы қамқорына алғысы келгендерге 10 АЕК көлемінде төлемақы төлене бастады. Мұндай жеңілдік өз отандастарымыздың жетім бала асырап алуға деген ниетін оятуға түрткі болды. Бүгінгі күні бала асырап алуға тілек білдіргендерге психологиялық және заңдық тұрғыда көмек көрсету мақсатында аймақтарда 38 асырап алушы ата-аналар мектебі мен 19 отбасыларын қолдау қызметі жұмыс істеуде. Сондай-ақ отандық БАҚ-тар арқылы халыққа жетім баланы асырап алудың кедергі­лерін жоюға ықпал ететін ақыл-кеңес беру, үгіт-насихат жүргізу және бала асырап алуды жеңілде­тіп, жетілдіретін нормаларға қатысты ақпараттар жариялауды жолға қойдық. Осындай жұмыстар­дың арқасында 2011 жылы тәрбиеленушілер саны едәуір азайды. Нақтырақ айтсақ, 2010 жылы 14 052 бала, өткен жылы 12 925 бала отба­сын тапты. Елімізде балалар үйінен басқа отбасылық үлгідегі ауылдар жұмыс істеуде. Соңғы кездері ата-анасының қарауынсыз қалған балалардың жазғы күндері дұрыс демалуына мейлінше көңіл бөлініп отыр және оларды ел ішіндегі болсын, халықаралық деңгейдегі болсын  барлық спорттық, творчестволық жарыстырға қатыстыру мақсатында кешенді іс-шаралар жүзеге асуда.
Жетім балаларды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында ҚР «Тұрғын үй қатынастары тура­лы» Заңына өзгерту енгізілді. Бұдан былай аталған топтағы балалар тегін баспанамен қамтамасыз етілмейінше, кезектен алынбайды. Алайда кейбір заңдарда әлі де өзгертуді қажет ететін тұстары жоқ емес. Қазіргі кезде ҚР Президенті Әкімшілігінің тапсырмасымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жетім балалар мен ата-анасының қамқорынсыз қалған балалардың тұрғын үйге құқықтарын қамтамасыз ету мәселе­лері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жасалу үстінде.
2006 мен 2011 жылдар арасында құзырлы орындардың араласуымен жетім балаларға тие­сілі баспананы қайтару туралы заң органдарына 141 шағым жолданып, оның 132-сі балалар мүддесіне қарай шешілген-ді.
– Мүгедек балаларға қатысты барлық мәселені тізіп берсеңіз...
– Қазақстанда 149 043 бала – мүмкіндігі шектеулілер қатарында. Оның 41 741-і – мектепке дейінгі жастағылар. Білім беру жүйесі саласында оларды оқытатын 102 түзету мектебі, жалпы білім беру мекемелерінде 1155 арнайы сынып, 20 бейімдеу орталығы т.с.с. жұмыс істейді. Бір айта кетерлігі, 21 мың мүмкіндігі шектеулі бала бүгінгі күні өз қатарластарының қасында білім алуда. Бұл жақсы бастама деп ойлаймын. Мүмкіндігі бар балаларды жай мектептерде оқыту арқылы оларды қоғамға бейімдеуге болады. Мүгедек екен дей берсек, бала қорлана береді.
Мүмкіндігі шектеулі балалар оқитын мектеп­тердің барлығы қазір аса қажет арнайы техника­лық құралдармен және сапалы оқу-әдістемелік жиынтықтармен қамтамасыз етіліп жатыр. Атап айтсам, аталған топтағы арнайы ұйымдардың 43 пайызы мультимедиялы білім беру жүйесімен, 20 пайызы интерактивті тақталармен, 95 пайызы ғаламтормен, 41 пайызы логопедтік жабдықтар­мен және 37 пайызы дыбыс-сөйлеу тренажер­лерімен жабдықталған. Өткен жылы республи­калық бюджеттен 1,7 миллиард теңге бөлініп, үйінде оқып жатқан 9 мың балаға компьютер сатып әперілген болатын.
Осы санаттағы балаларға білім берудің ар­найы 127 бағдарламасы жасалып, 195 кітап қолданылуда. Оның 91-і  ана тілімізде. Иә, қажетті оқулықпен бәрі бірдей қамтамасыз етілген деп айта алмаймын, әзірге 64 пайызы. Енді осы мәселені оң шешуді қолға алмақпыз.
«Қазақстан Республикасында Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» артықшылығы – инклюзивті білім беруді дамыту. Бағдарлама аясында 2015 жылға дейін мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытуға 2235 жалпы білім ошақтары дайындалмақ. Осы жылға дейін 830 мектеп мүгедек балалардың оқуына, жүріп-тұруына ың­ғай­ланатын болады, мәселен, пандустар, арнайы көтергіш құралдар т.с.с қажеттіліктер орнатылмақ. Ал 2020 жылға дейін еліміздегі 70 пайыз мектеп пен 30 пайыз балабақшаны инклюзивті жүйеге көшіру көзделіп отыр.
– Өткен жылдары өз-өзіне қол көтерген жасөспірімдер саны көбейіп кетті. Соның салдарын зерттедіңіздер ме? Нәтижесі қандай?
– Жасөспірім балалардың суицидке бару себебі, негізінен, отбасылық жанжалға байланыс­ты. Екіншіден, ересек балалардың қоқан-лоқы­сына төзе алмаушылық. Үшіншіден, төңірегінде­гілердің немқұрайдылығынан өздерін керексіз сезінуі, олар «өмірдің мәні жоқ» деп санайды. Бұл – арнайы зерттеудің қорытындысы. Осындай қасіреттің алдын алу мақсатында құзырлы министр­лік бірқатар шараны жүзеге асырды. Соның арқасында балалар арасындағы суицид біршама төмендеді.
Мұндай барша қоғамды алаңдатып отырған түйінді түйткіл Үкіметтің, министрліктердің және ҚР Президенті жанындағы ұйымдар мен ҚР Бас прокуратураның деңгейінде қаралды десем, солай болуы тиіс, әрине. Мұнымен тоқмейілсуге болмайды. Сол себепті суицидтің алдын алу мақсатында салааралық іс-әрекет жоспары бекітілген болатын. Соның негізінде қазіргі кезде еліміз бойынша барлық жергілікті әкімшіліктер жанынан 187 салааралық топ құрылып, олар жұмыстарын бастап кеткен. Биылғы жылдың ақпан айында БҰҰ Балалар қорының қатысумен жасөспірімдер арасындағы суицидті болдыр­маудың тақырыбында отандық және халықаралық сарапшылардың қатысуымен үлкен ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілген-ді. Елімізде қазір сенім телефондары тұрақты байланыста және қоғамдық қабылдаулар іске қосылған, сонымен қатар психологтер санын арттыру қолға алынуда.
Тағы бір айта кетерлігі, «Алтын Қыран» қайырымдылық қоры ЮНИСЕФ-тің қатысуымен оқушылар арасындағы үрей тудыратын жағдай­ларды анықтау мақсатында ақпараттық бағдарла­маның жобасын жасады. Бұл жобаның пилоттық үлгісі Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарында бастау алмақ. Оған Бүкіләлемдік психиаторлар қауымдастығының суицидология секциясының бас секретарі Марко Саркьяпоне де қатыспақ.
– Қазір мектептерде оқу бағдарламасы тым ауыр деген пікір көп айтылады. Оны ғалымдар да растап отыр. Сіз қалай ойлай­сыз, білім сапасын жақсартамыз деп бала­ларымыздың жүйке жүйесін әлсіретіп ал­май­мыз ба?
– Жоқ, олай деп ойламаймын. Мұның барлы­ғы алдын ала зерттеліп, есептелген. Балалар мен жасөспірімдерге білім мен тәрбие беретін нысан­дар ҚР Үкіметінің 2011 жылдың 30 желтоқсанында бекіткен қаулысындағы санитарлы-эпидемио­логиялық талаптарға сәйкес есептеледі, яғни сабақ беру сағаттарының жиынтығы факультативті және секциялық жұмыстар мен үйірмелерге бөлінген сағаттардан құралады. Сондай-ақ 12 жылдық білім жүйесінің бір артықшылығының өзі – балалардың денсаулығын қорғауға бағыттал­ғандығы. Бұдан былай мектептердегі білім беру тек сапаға ғана емес, балалардың денсаулығына қарай негізделетін болады, яғни жас мөлшері, баланың психологиялық ерекшелігі ескеріліп, оқулықтар жүктемесі оңтайландырылмақ.
– Балаларға тегін білім беру және тегін медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз етіп отырмыз ба? Оған қатысты қандай мысал келтірер едіңіз?
– Қазақстан Республикасы Ата Заңының 30-бабына сәйкес, мемлекет балалардың жалпы орта білімді тегін алуына кепілдік береді. Бұл норма «Білім туралы» Заңда да көрініс тапты. Балалардың білім алу құқығын қамтамасыз ету үшін елде 8 мыңға жуық күндізгі жалпы білім беру мектебі жұмыс істейді. Білім беру ошақ­тарында материалдық база нығайтылуда. Қазіргі кезде 3450 мектепте лингафондық мультимедия­лық кабинет бар. 2005 жылмен салыстырғанда олардың саны 2661-ге артты.
Бізде нарықтық экономика болғандықтан, жоғары білім бәріне бірдей тегін бола алмайды. Бірақ жақсы оқитындар ҰБТ нәтижесі бойынша тегін білімге қол жеткізе алады. Жоғарғы және ЖОО-дан кейінгі білім алуға берілетін мемлекеттік білім тапсырысы 2005 жылы 25 710 болса, 2010 жылы 35 425-ке жетті.
Білім беруді ақпараттандыруды дамыту жөніндегі жұмыстар да шет қалған жоқ. Айталық, 2005 жылы 41 оқушыға, оның ішінде ауылды жерде 36 оқушыға бір компьютерден келсе, 2010 жылы 18 оқушыға бір компьютерден келді. Мектептердің 98 пайызы, ауылда 97 пайызы (2005 жылы 75 пайыз және 70 пайыз) интернетке қосылған. 34 мектеп кең жолақты интернетке қол жеткізді.
Жыл сайын білімге бөлінетін қаржы көлемі де ұлғайтылуда. 2007 жылы білімге жұмсалған бюджет шығыны 480,7 млрд теңге немесе ЖІӨ-нің 3,7 пайызы болса, 2011 жылы бұл көрсеткіш 1000 млрд теңге немесе ЖІӨ-нің 3,8 пайызын құрады.
Ал денсаулық сақтау саласында балаларға тегін медициналық қызмет көрсету жүйесі сақталған және жыл сайын жетілдіріле түсуде. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен ауру түрлері және көмек берілетін тұрғындар тобының тізімі бекітіліп, соған сәйкес олар амбулаториялық ем қабылдау кезінде арнайы балалар өнімі және емдік тағамдар, сондай-ақ қажетті дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз етіле­ді.
2010 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған 2011-2015 жылдарға арналған «Сала­матты Қазақстан» мемлекеттік бағдарлама­сы қабылданғаны белгілі. Бұл құжатта да ана мен бала денсаулығын қорғау, балалар мен жасөс­пірімдерге медико-санитарлық алғашқы жәрдем­ді қолжетімді ету мәселелеріне баса назар ауда­рыл­ды. Сонымен қатар оқушылар арасында ауру­дың алдын алу немесе сауықтыру мақсатында жыл сайын профилактикалық медициналық тексеру жұмыстары жүргізіледі.
– Шетелдіктер асырап алған балалардың тағдыры жұртты алаңдатпай қоймайды. Өкілетті орган ретінде сіздің комитет бұл тұрғыда қандай іс-шараларды жүзеге асырады? Мәселен, Ресейде шетелдіктердің бала асырап алуына мораторий жарияланған. Неліктен біз осындай қадамға бармаймыз?
– Кез келген мемлекеттің халықаралық келі­сімдерге қосылуы ұлттық нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге ықпал етеді. Ал кәмелетке толмағандар үшін бұл, ең алдымен, баланың құқығы мен еркіндігін сақтаудағы жауапкершілікті күшейту.
БҰҰ-ның Балалар құқығы туралы Конвенция­сы және «Қазақстан Республикасындағы бала құқы­ғы туралы» Заңға сәйкес, әр баланың отба­сында болу құқығы бар. Елімізде балалар өмірін жақсар­туға байланысты бірқатар халықаралық міндет­темелер қабылданған. Осылайша біз бала құқығы Конвенциясының міндеттемелерін орын­дай оты­рып, бала мүддесіне қатысты ұлттық заң­на­маны да жетілдірудеміз.
2010 жылы елімізде шетелдіктердің бала асырап алуына қатысты Балалар мүддесін қорғау және ынтымақтасу туралы Конвенция ратифика­ция­ланды. Бұл Конвенция шетелдік азаматтар асырап алған балалардың құқығын қорғауда біздің өкілеттігімізді арттырады. Сонымен бірге ол баланы қабылдаған мемлекетке де жауапкершілік жүктейді. Конвенцияны ратификациялаған ел­дер­де баланың тағдырын біліп отыруға мүмкіндік береді. Осы құжат бала асырап алу рәсімдерін бір ізге түсіруге, осы процесті қатаң бақылауға бағыт­талған. Әлбетте, еліміздің Конвенцияға қосылуы – қазақстандық балаларды жаппай шетелдіктер асырап алады деген сөз емес. Ондағы басымдық­тар­дың бірі жетім балаларды өз елінде асырау болып табылады. Тек баланы туысқандарының отбасына орналастыра алмаған жағдайда ғана халықаралық деңгейде асырап алу мәселесі күн тәртібіне қойылады.
Конвенцияны есепке алып, біздегі «Неке және отбасы туралы» Заңға да тиісті өзгерістер енгізілген және бала асырап алу рәсімдерін реттейтін нор­ма­тивтік-құқықтық актілер әзірленген. Назар аударатын жаңалықтың бірі – асырап алу жөнін­де­гі агенттіктерді тіркеуден өткізу рәсімі. Бұл халы­қаралық тәжірибеде кең таралған. Қазір шетелдіктер асырап алған баланың өмір сүру жағдайы, тәрбиесі, денсаулығы туралы есептерді тіркелген агенттіктердің дер кезінде беруін заң жүзінде талап ете аламыз.
Асырап алу кезінде айқындық болу үшін агенттіктерді тіркеуден өткізудің арнайы ережелері әзірленген. Агенттікті тіркеу шетелдіктердің, яғни кім көрінгеннің баланы өз бетінше асырап алуына жол бермейді әрі асырап алу рәсімін ашық жүргізудің нәтижесінде сыбайлас жемқорлыққа жол бермейді. Бала саудасын болдырмау мақса­тында мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық­тың жаңа жүйесін құруға жағдай жасайды.
Ендігі бір өзгеріс – қай баланы асырап алуға болатынын анықтайтын аймақтарда ведомство­аралық комиссиялардың құрылуы. Бала асырай алмайтын адамдардың тізімі де кеңейтілді. Сондай-ақ бұрын шетелдік азаматқа баламен танысып, араласуға екі апта берілсе, қазір ол мер­зім төрт аптаға дейін ұзартылды. Асырап алушы мен асырауға алынатын баланың жас айырма­шылығы да 45 жастан аспауы тиіс.
Кодекске сәйкес, асырап алынған балаларды бақылау тек Қазақстан Республикасының шетел­дегі мекемелеріне ғана емес, Білім және ғылым министрлігіне және сәйкесінше, комитетке жүкте­леді.
Айта кетейік, Ресей Федерациясы шетелдіктер­дің бала асырап алуына тыйым салған жоқ.
– Мінез-құлқы девиантты балаларды тәрбиелеуде қандай инновациялық әдістерді қолданасыздар?
– Бұл бағытта елімізде 10 арнайы мекеме жұмыс істейді, онда 256 бала бар.
Осындай арнайы мекемелердің басты қызметі – девиантты мінез-құлықты түзеу үшін баланың жеке басын дамытуға қолайлы жағдай қалыптас­тыру. Бұл мақсатта білім беруден басқа түрлі үйірме мен спорт секциялары құрылған. Мәселен, 61 үйірмеге тәрбеленушілердің 48 пайызы қатысады.
11-ден 18 жасқа дейінгі балаларды оқыту, тәрбиелеу және әлеуметтік сауықтырумен айна­лысатын арнайы мекемелердің қызметін жетіл­діруге бағытталған ережелер жобасы дайындал­ды.
– Бүгінде жасөспірімдер арасындағы қылмыс мәселесі қаншалықты өзекті деп ойлайсыз?
– Шынында да, бұл мәселеге көз жұмып қарауға болмайды. Жасөспірімдердің құқық бұзушылығының алдын алу көптеген министрлік пен мекемеге жүктелген. Бұл орайда негізгі реттеуші – Ішкі істер министрлігі.
Ел Үкіметі жанынан жасөспірімдердің құқық бұзушылығының алдын алуға арналған ведомст­воа­ралық комиссия құрылған. Комиссия отыры­сында осындай келеңсіз жайттың алдын алуға қатысты мемлекеттік саясатты жүзеге асыру мәселелері талқыланады.
Сондай-ақ Ішкі істер министрлігі өмірлік қиын жағдайға тап болған жасөспірімдерді бірыңғай есепке алатын интеграцияланған мәліметтер банкін құрды. Бұл мәліметтер банкіне белгісіз себептермен сабақтан қалатын, арнайы білім беру мекемелерінде жүргендер, зорлық-зомбы­лыққа ұшырағандар, нашар отбасынан шыққан­дар, жасөспірімдердің бейімдеу орталығына жеткізілген бақылаусыз балалар жайындағы деректер жинақталады.
Заңбұзушылықтың алдын алу жүйесінде жасөс­пірімдерді жұмыспен қамту мәселесі де бар. Бүгінде қосымша білім беру ұйымдары (620), үйірмелер (11 мың), спорт секциялары (23 мың) жұмыс істейді. Оларға 1,5 миллионнан астам оқушы қатысып жүр.
Өзіңізге белгілі, жас ерекшелігіне қарай, кейбір жасөспірімдер бейресми топтарға бірігіп жатады. Сондықтан аулада жасөспірімдер клубын дамытуды қолға алсақ, бұл да олардың бос уақытын тиімді өткізуге көп көмегін тигізер еді. Бұл орайда Дания, Германиядағы жергілікті қауымдастықтардың тәжірибесі қызықты. Олар клуб құруға ата-аналарды, қоғамдық ұйымдар мен волонтерлерді тартады. Өзімізде болса, мұндай жұмыс Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарында өз жемі­сін беруде.
– Бізде балалармен жұмыс істейтін мамандар, айталық, психологтер, жасөспі­рім­дер істері жөніндегі инспекторлар жеткі­лікті ме?
– Бұл орайда мектептерде 3 643 әлеуметтік ұстаз бен 7561 психолог , сондай-ақ 1601 поли­ция инспекторының штаты енгізілгенін айтуға болады. Аз деп айтпас едім. Әрине, көбейтсе артық болмас еді.
– Мемлекет пен қоғам балаларымыздың балалық шағын бақытты ету үшін не істеп жатыр? Жетістігіміз бен кемшілігіміз қандай?
 – Елімізде 18-ге толмаған 5 миллионнан (5 107 842) астам бала өмір сүреді, оның 2,2 мил­лионы – мектепке дейінгі жастағы, 2,5 миллионы – мектеп оқушылары, ал 300 мыңнан астамы – арнайы училищелерде оқып жатқан жастар.
Еліміз балалар мүддесін барынша қамтамасыз ету үшін БҰҰ-ның Балалар құқығын қорғау мәселелері бойынша Конвенциясына қосылды. Бүгіндері республикамызда қажетті нормативтік-құқықтық база да құрылған. Нақтырақ айтқанда, «Білім туралы», «Бала құқықтары туралы», «Мем­ле­кеттік жастар саясаты туралы», «Балалы отбасы­ларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы», «Кәмелеттік жасқа толмағандар арасын­да заңның бұзылуының алдын алу және балалар­дың қараусыз және панасыздығын ескерту тура­лы», «Отбасылық типтегі балалар ауылы және жасөспі­рімдер үйлері туралы» және басқа да заң­дар қабыл­данды. Отбасылық идеология кеңінен қамтылған «Неке және отбасы туралы» кодексіміз де бар.
Қазақстанның отбасылық заңнамасы бақытты отбасы, махаббат және өзара түсіністік пен сыйластық, бір-бірін қолдау, отбасы мүшелерінің өзара жауапкершілігі, отбасы ісіне бөтеннің ара­лас­пауы, отбасы мүшелері құқығын қамтамасыз ету және осы құқықтарды сотпен қорғау мүмкіндігі секілді қағидаларға сүйенеді.
Елімізде ана мен бала құқығын қамтамасыз ету үшін көп нәрсе жасалды. Бұл құқықты реттейтін тетіктің бірі ретінде «Балалы отбасыларға беріле­тін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» Заңды атауға болады. Аталған заңға сәйкес, тұрмысы нашар отбасыдағы 18-ге толмаған балаларға ең төменгі күнкөріс кәрзеңкесі көлемінде жәрдемақы төленеді.
Елімізде бөлінетін адресті әлеуметтік көмектің 62,5 пайызы балалардың еншісіне тиесілі екен. Тұрмысы нашар отбасының балаларына да тұрақ­ты түрде көмек көрсетіліп отырады. Әлеуметтік жағынан қорғалмаған оқушыларға қордан бөлінген ақша 7 млрд теңгеден асады, бұл – мектепті қамсыздандыруға кететін шығынның 1,7 пайызын құрайтын көрсеткіш (2010 жылы 5,5 млрд теңге).
2005 жылдан бері тұрмысы нашар отбасы­лардың балалары оқитын мектептің тамақтандыру ұйымдарына бөлінетін қаражат бес есеге ұлғайтылды (2005 жылы 518 млн, 2011 жылы 2,8 млрд теңге).
Елімізде бала дене бітімінің қалыпты өсуі мен салауатты өмір салтын құру үшін 10 мың баланы қабылдай алатын 20-дан астам жас туристер стансысы, 18,5 мың баланы қабылдай алатын 733 туристік-өлкетану үйірмесі жұмыс істейді. Сондай-ақ балалар мен жасөспірімдерге арнал­ған спорт мектептерінің саны жыл сайын артып келеді. Бүгіндері 644 мыңнан астам бала мен жасөспірім айналысатын 23 мыңнан жоғары спорт секциялары ашылған. Бұл – жалпы орта мектептегі оқушылардың 21 пайызын қамтитын көрсеткіш.
Бүгінгі таңда бала қамқоршысы мен тәрбие­шісін қолдау мәселесі де біржақты шешілген. Қамқорлықтағы әр баланы асырауға 10 айлық есеп­тік көрсеткіш көлемінде мемлекеттік жәрде­мақы төленеді, баланың баспана, мүліктік құқық және басқа да мүдделері қажетті деңгейде қорға­лады. Осы мақсатқа 2011 мен 2013 жылдарға рес­публикалық бюджеттен шамамен 13 млрд теңге қаражат бөлінді.
Тастанды балаларды отбасына берудің бала­ма формаларын жетелдіру мен дамыту бойынша жұмыстар белсенді жүргізіліп жатыр. Асырап алушы ата-аналар мектебі, отбасын қолдау қызметі құрылуда. Мұндай шаралар мемлекетке балалар үйі мен интернаттағы жетім балалардың санын қысқартуға мүмкіндік береді. Балалар үйінің тәрбиеленушілерінің басым бөлігі жаңа отбасымен қауышып жатыр. 2010 жылмен салыс­тырғанда, интернаттағы балалар 1127-ге қыс­қар­ды.
2011-2020 жылдардағы Білім беруді дамыту мемлекеттік бағдарламасының басты бағытының бірі – инклюзивті білім беру жүйесін дамыту. Елімізде осы категорияға жататын 149 043 мүге­дек бала бар, оларды оқыту үшін білім жүйесінде арнайы коррекциялық мектептер, сауықтыру орталықтары, инклюзивті білім беру мен психоло­гиялық-педагогикалық коррекциялық кабинеттер жұмыс істейді. 21 мыңнан астам бала 1426 жал­пыға білім беретін мектепте өз тетелестерімен білім алуда. Яғни ол мектептерде интеграциялық білім беру ортасы қалыптасты­рылған.
Бала өмірі сапасын жақсарту мәселесінде мемлекеттік құрылымдар үкіметтік емес және халықаралық ұйымдармен өзара байланыс ор­нат­қан. Бұл мәселеде ведомствоаралық әріптестік те бір жолға қойылған. Өзара жобалар жүзеге асырылады, әлеуметтік зерттеулер жүргі­зіледі, балалар мәселелерін шешуге арналған шараларға халықаралық және отандық сарапшылар тарты­лады.
БҰҰ-ның Балалар қорымен (ЮНИСЕФ) бірігіп, балалар үшін маңызды бірқатар әлеуметтік жобаларды да жүзеге асырдық.
Тұлғаның адамгершілік-рухани тұрғысынан дамуына айрықша көңіл бөлінеді. Еліміздегі мектептердің білім берудегі барлық деңгейі бойынша «Өзін-өзі тану» рухани адамгершілік білім беру бағдарламасы енгізілген.
Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Астана қаласында отбасылық сауат ашу мәселесі бойынша мемлекеттік саясатты жүзеге асыру үшін Отбасылық тәрбие институты құрылды.
Бала құқығын қорғау бойынша индикатор мен көрсеткіштер құзырлы министрлік пен ведомс­твоның стратегиялық жоспарына, сондай-ақ жергілікті атқарушы биліктің өңірді дамыту бағдарламасына енгізілген. Балалардың құқығы мен мүддесін заңдық тұрғыда қорғауға қатысты ұлттық саясат білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, әлеуметтік қамсыздандыру салаларын­дағы балалар құқығын қорғау мәселесі бойынша мемлекеттік салалық бағдарламаларға бағыттал­ған.
Бала өмірі сапасын арттырудың маңызды компоненті отбасы мен бала мүддесі тұрғысынан бюджеттік саясатты жетілдіру болып табылады.
Балаға инвестиция жасау – аймақтың, жалпы мемлекеттің тұрақты әрі жемісті дамуының, жергілікті халықтың әл-ауқатының жақсаруының сенімді кепілі.
Осы жағынан алғанда, қоғамдағы балалы отбасыны, балалардың жағдайын жақсарту, оларды ұдайы қорғау, өмір сүруіне жақсы жағдай туғызу, білім беру, тәрбиелеу қоғам дамуының және мемлекеттік әлеуметтік саясатының басты көрсеткіші болып табылады.
– Әңгімеңізге рақмет!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста