Елін сүйген әрбір адам өзге елде көгеруді емес, өз елін көгертуді ойлауы керек
Тоқтар ӘУБӘКІРОВ, қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық Қаһарманы:
– Соңғы кездері Байқоңыр ғарыш айлағын Ресейге жалға беруді қайта қарау мәселесі жиі сөз болуда. Бұл мәселеге сіз қалай қарар едіңіз?
– Дәл қазір Байқоңырды жалға беруді қайта қарау туралы сөз қозғаудың қажеті жоқ. Өйткені ғарышты өз бетімізбен игеруге дәл қазір біздің мүмкіндігіміз жетпейді. Ол үшін, ең алдымен, Қазақстанда ғарышты игеруге қабілетті мамандар дайындауымыз керек. Ғарышқа ұшатын ғарышкерлер емес, ғылыми тұрғыда ғарышты зерттеуге атсалыса алатын ғылыми мамандар керек. Егер ғарышты игеріп кете алатын мамандарымыз болмаса, ғарыш айлағын өз қолымызға алып алғанда не істейміз? Жарайды, Байқоңырды алып алдық делік... Не істейміз біз ол жерде? Қой бағамыз ба? Ғарышты дамытатын, игілігімізге жарататын, ғылыми тұрғыда жаңалықтар ашып, зерттей алатын мамандарымыз жоқ жерде ғарыш айлағынан еш пайда жоқ. Біз осы уақытқа дейін уақытты ұттырмай маман дайындауға көңіл бөлуіміз керек еді. Кезінде бізде мықты-мықты мамандар болды. Академик Сұлтанғазин осы мақсатқа бар күшін салып, «бәріміз бірігейік, маман дайындайық» деп тырысты. Ресейден мықты академиктер келді. Кезінде үлкен зымырандарды дайындауға атсалысқан ғалымдар Отанын тастап бізге келді. Сол кездерде соны өз игілігімізге сай жаратып, пайдаланып қалуымыз керек еді. Біз бұл мүмкіндікті пайдалана алмадық. Керекті адамдарды әкеліп, тиісті адамдармен де таныстырып, бірігіп ғарышты игеру, мамандар дайындау мәселесін көп айттым. Бірақ құлақ асқан ешкім болмады. Мен ол кездері еліміздегі алғаш Ұлттық ғарыш агенттігін құрып, басқарып жүрген едім. Сосын арыз жазып, өз еркіммен жұмыстан кеттім. Менен кейін ол жерді басқаруға біраз азаматтар келді. Олар сол кездері Байқоңырдың жан-жағындағылар не істеп жатқанын бақылап қана отырды. Кейін Талғат Мұсабаев басқарғалы біраз жұмыстар атқарылды, әлі де болса жасалып жатыр. Бірақ бас салып Байқоңырды қайтарып алайық, өзіміз игерейік деген секілді сөздер айту дұрыс емес. Бұл сөздер екі мемлекетті араздастырады. Сондықтан дәл қазір бізге Байқоңырды қайтарып алайық деп даурығудан гөрі ақырындап өз мамандарымызды дайындап, ғарышты игеруге лайық әлеуетімізді арттыруға күш салуымыз керек. Біз осы сәтті пайдаланып, өз мүмкіндігімізді арттыруға тырысуымыз керек.
– Қазір Ресей өзінің ғарыш айлағын салып жатыр. Демек, алда-жалда олар кетіп қалса, Байқоңырды өзіміз игере алмаймыз ғой?
– Жоқ, біз өзіміз ғарышты игере алмаймыз. Ғарышты игеру бюджеті біздің мемлекеттің де бюджетінен үлкен. Ондай қаражатты біз таба алмаймыз. Бұл – ең бірінші мәселе. Американың осы мақсаттағы, яғни НАСА-ның бюджеті 250 миллиардтан астам АҚШ долларын құрайды. Бұл қаржы тұрақты емес, ұдайы өсіп, өзгеріп отырады. Мұндай қаражатты табу оңай емес. Ғарышты игеруді біздің қалтамыз да көтермейді. Мамандарымыз да жоқ. Ғарышты игеру үшін жалғыз мемлекет ештеңе істей алмайды. Осы орайда мен әлі де болса үлкен халықаралық орталық құрып, ғарышты игеру үшін бірнеше мемлекет қосылып, мықты ғалымдарының басын қосып, қаржысын да ортақ салу керек деп ойлаймын. Сонда ғана үлкен нәтижелерге жетуге болады. Ресей, Қытай секілді елдердің бюджеті қомақты болғаннан кейін ғарышты жалғыз мемлекет болып игере алуы мүмкін. Ал бізге басқа елдермен бірігіп әрекет ету керек.
– Осы орайда айта кетер жайт, ғылыми тұрғыда дайын тұрған мамандарымыз болмаса да, талапқа сай ғарышкерлеріміз бар ғой. Ендеше, қазақ ғарышкерлері неге ұшпай жатыр? Қайбір жылы Мұхтар Аймаханов пен Айдын Айымбетовтер ұшатын болып, бірнеше рет кейінге шегеріліп, ақыры ұшпай қалды...
– Қазақтың ғарышкерлері неге ұшпай жатқанына мен де таңғаламын. Осы мәселеге орай өзім де біраз жұмыстар жасадым. Мұхтар Аймахановты ғарышқа ұшыруға қолымнан келгенше тырыстым. Біздің ғарышкерлерді ғарышқа жіберуге 5-ақ миллион доллар керек болды. Былайынша айтқанда, бұл үлкен қаржы көрінгенімен, ғарышкерлерімізді ұшыру үшін соншалықты көп емес. Сол жылы Есеп комитеті бюджеттің 80 миллион долларының қайда кетіп қалғанын білмей басы қатты. Ал ғарышкерлеріміз 5-ақ миллион доллар таппай ұша алмай қалды. Мен сол кездері Ресей тарапының ғарыш саласының басшыларымен сөйлескенімде, «біз енді басқа адамды жібере алмаймыз, ол үшін үлкен қаржы керек. Ғарышкерлер дайындау керек. Ол уақыт алады. Сондықтан дайын тұрған ғарышкерлер Ресей елінің азаматтығын алса, қажетті қаржы бөлініп, ғарышқа да ұша берер еді. Біз одан ұтамыз. Ғарышкерлер дайындау үшін ақша шығарып жүрмейміз. Дайын тұрған ғарышкерлер кете берер еді» деді. Мұхтар Аймаханов Ресей елінің азаматтығын алуға келісті. Бірақ біздікілердің бәрі оған қарсы шықты. Алдағы уақытта мүмкіндік болса, осы мәселені көтеріп, жалпы, ғарыш саласындағы бүгінгі күнгі мәселелерді айтып, Елбасының қабылдауына кіргім келеді.
– Аға, ғарыш, ғарыш дегенмен қарапайым халық ғарышты игерудің елімізге қаншалықты пайдасы бар екенін түсіне бермейді. Осы орайда ғарышты дамытудың пайдасы жөнінде кеңірек айтып берсеңіз.
– Ғарышты игерудің пайдасы ұшан-теңіз. Жалпы, ақсақ кісіге жүгіргеннің пайдасы жоқ, екі аяғын тең басқан кісі ғана жүгіре алады, жүгіргенінің пайдасын да көре алады. Сол секілді ғарышты игеруге барлық мүмкіндігіміз болса, одан үлкен пайда көруге болады. Осы орайда айта кетер жайт – біздің ғылым саласы өте төменгі деңгейде жатыр. Экономика саласында алға дамушылық бар. Бізге ғарышты дамыту үшін ғылым саласын дамыту керек. Жалпы, ғарыштың пайдасын болашақта көреміз. Дүниежүзі бойынша біршама уақыттан соң мұнай да, газ да, табиғи байлықтар да бітеді. Сонда халық қалай күн көреді? Сонда біздің күніміз ғарышқа түсуі мүмкін. Ғарышқа барып сонда тұрамыз ба, жоқ әлде сол жақтан осында тасимыз ба, соның бәріне біз бүгіннен бастап бас ауыртуымыз керек. Ғарышты ертерек игерсек, жерімізді де халыққа аман сақтап қалар едік. Біздің жаратылысымызға, жалпы, Күннің жанғанына 15 миллион жыл болды. Ал Күннен де ұзақ жыл жанып келе жатқан жұлдыздар бар. Егер солардың барлығын зерттеп кәдемізге асыра білсек, адамзаттық міндетімізді орындағанымыз болар еді. Соның бәрін бізге білу керек, түсіну керек. Сондай-ақ ғарышта шығарылған дәрі өте пайдалы көрінеді. Біз осыған да зерттеу жасап көрдік. Қазір, мәселен, дәрілер бір ағзамызды емдесе, басқа бір жерімізге кері әсерін тигізіп жатады. Ал ғарышта жасалған дәрі жүректің дәрісі болса, тек сол жүрекке ғана әсер етеді екен. Сондықтан сол жақтан зертхана ашып, дәрі жасауға ұмтылуымыз керек. Қазір осы мақсатта жұмыстар жасалып жатыр. Кезінде инсулинді ғарышта жасау мақсатында көп жұмыстар атқардық. Бірақ АҚШ бізге мүмкіндік бермеді. Бізді өздерінің алдына түсіп кетеді деп қорықты. Ғалымдар ғарышта дәрі жасап, зерттеу жүргізетін жерсерігін жасады. Неге ол жақта дәрі жақсы жасалады? Мәселен, адам денесіндегі майда жасушалардың көлемі жердің тарту күшінің әсерінен қисық тор болып тұрады. Ал ғарышта кристалдық торшалар түп-түзу болып тұрады. Өйткені ол жақта жердің тартылыс күші жоқ. Сосын алып келген дәрінің сапасы жоғары күйінде қалады, артық үдерістер орын алмайды. Жасалған дәрі дәрі күйінде қалады. Еш өзгеріске түспейді. Сондай-ақ бүгінгі күні ұялы телефон пайдаланып, теледидар көріп, дүниенің әр қиырымен сол сәтте хабар алысып жүргеніміз де ғарыштың арқасы. Ұшырылған жерсерігі мына стансыдан дыбыстық белгіні алып, ана стансыға береді. Қазір кез келген елдің арнасын басқа бір елдің тамашалауына да мүмкіндік жасалған. Яғни ғарышты игеру арқылы біз әлемнің дамуына жағдай жасап жатырмыз.
Осы орайда айта кетер жайт, біз көптеген аударылуы қажет емес халықаралық терминдерді аударып тастадық. Халықаралық терминдердің аударылмайтын да кездері болады. Егер халықаралық терминдер аударылмайтын болса, ол көп нәрсеге жеңілдік әкеледі. Мысалы, рокет деген сөз бар. Ол дүниежүзінде рокет деп қолданылады. Ал біз зымыран деп аударып тастадық. Бір кездері оның аудармасы, тіпті сорақы болып аударылды. Сол ғалымдарымыз әп-әдемі тұрған терминдерді аудара бергенше, ғылыми тұрғыда нақты нәтижеге бағдарланған ғылыми жаңалықтар ашуға күш салса ғой, шіркін. Ғалым атанып жүрген ғалымдарымыз көп, бірақ ғылыми жаңалық ашып, қоғамға қандай да бір жаңалығымен пайдасын тигізіп жатқан ғалымдар жоқтың қасы. Ғылыми тұрғыда бірдеңе ойлап таба алдық па? Ендігі жерде тек осыған назар аударуымыз керек.
– Ғарышты дамыту үшін не істеуіміз керек?
Ең алдымен, мамандарымызды даярлауымыз керек. Мықты ғылыми мамандарымызды жасақтап алуымыз керек. Ғылыми тұрғыда ғарышты игеруге күш салуымыз қажет. Барлық сала бойынша ғылымды дамытуымыз керек. Техника, технологияларымыз да қалыс қалмауы керек. Өйткені техникасыз ғарыш болмайды. Балаларымыз компьютерді игергенімен, одан әрі оның қалай жасалғанынан, ішінде не бар екенінен, клавиатура астындағы мыңдаған тетіктердің қызметінен хабарсыз. Қазір барлық технологиямыз шетелдікі. Тұрмыстық техниканың да барлығын шетелден тасып отырмыз. Теледидар қалай жұмыс істеп тұрғанын балаларымыз ұқпайды. Тек пульттің тетігін бассаң, қосылатынын ғана біледі. Мәселен, теледидардың басқа түрін ойлап табу үшін мына шетелдің теледидарының қалай жасалғанын, қалай жұмыс істеп тұрғанын түсінуіміз керек. Алдағы уақытта техниканы игермесек, шетелдің қымбат өніміне телміріп қаламыз. Расында да, осы уақытқа дейін ештеңе өндірген жоқпыз, тек басқалардың жасап бергенін құрастырып жатырмыз. Оның өзінде «мына бұранданы мында әкеліп тық та, бұра» дейді. Соны бұрап құрастырғанымызға, жинағанымызға мәзбіз. Ал оның ішінде не болып жатқанын білмейміз. Мырыш, темір, шойын, берилий, алтын, күміс, уран, Менделеевтің кестесіндегі бүкіл элемент бізде бар. Тіпті оларды неге пайдалану керек екенін де білмейміз. Мәселен, бізде бір грамы 250 мың доллар тұратын металл бар. Бірақ соның қадірін түсініп отырғанымыз жоқ.
– Қазіргі таңда ауа райының бұзылуын ғарыш кемелерінің ұшуымен ұштастырып жатады. Бұл сөз қаншалықты негізді? Ғарышқа құштарлықтың экологияға зияны бар ма?
– Әрине, экологияға зияны болады. Сіз туған сәттен бастап экологияға өз зияныңызды тигізіп отырсыз. Дем алып, ауа жұту арқылы оттегіні жағып отырсыз. Сол секілді біздің әрбір әрекетіміздің экологияға кері әсері бар.
– Ұлттың №1 мәселесі деп нені атар едіңіз?
– Ең үлкен ұлттық мәселе патриоттық тәрбиенің кемшін түсіп жатқаны дер едім. Бізге патриоттық рухты ояту керек. Бұрынғыдай емес, қазақтар қазақша сөйлеп, қазақылығын сақтап, салт-дәстүрін ұстанып, қазақ болып келе жатыр. Бірақ қалада туып, қалада өсіп, қолына байлық тиген қазақтар үшін қазақ тілі тіл емес. Ең алдымен, ағылшын тілін игеруді ойлайды. Ағылшын тілін біліп алса елден кетуді ойлайды. Тапқан-таянғанын сол жаққа тасып, сол жақта шалқып өмір сүруді қалайды. Елін сүйген, мемлекетін құрметтеген адам өзге елде көгеруді емес, өз елін көгертуді ойлауы керек. Елден ақшаны сыртқа тасуды емес, сырттан үйренгенін өз еліне әкеліп кәдеге асыруды ойлап тұруы тиіс. Осындайда бізге патриоттық рух жетіспей жатқанын түсінгендей боламын. Сондықтан баласына патриоттық тәрбие беру әрбір ата-ананың бірінші міндеті болуы керек. Екіншіден, патриоттық тәрбиені мемлекеттік бағдарлама болмаса, дамыту, халқымыздың бойына сіңіру мүмкін емес. Патриоттық рухы кем ел ешқашан мықты мемлекет бола алмайды. Халық өз елін сүймесе, қалай мықты мемлекет құруға болады, айтыңызшы?! Ұлттық ерекшеліктерді көрсетіп, ұлтын көрсету үшін халық мемлекет құрады. Ол үшін патриоттық рух керек. Әйтпесе ұлт мемлекет ретінде сақталып қала алмайды. Сондай-ақ бізге рухты оятатын әндер керек. Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнін ең алғаш Әнұран ретінде орындалуына мен атсалысқан едім. 2003 жылы Мәжіліс депутаттығына өткен кезде Қызылорданың стадионына бүкіл халық жиналды. Содан осы әнді айтайық дедім. «Сіз бастайсыз ба?» деді жан-жағымдағылар. Айтамын дедім. Сол кезде менің ұраным болған – осы ән. Халық тік тұрып қосылды. Біраздан соң осы ән еліміздің Әнұранына айналды.
– Аузыңыз дуалы болып тұр ғой?!.
– Жоқ, менің ғана қалауым емес, ол әннің халықтың көңілінен шығып, жүрегінен орын алғандығынан солай болып тұр.
– Балаларыңыздың ішінде ізіңізді қуғандары бар ма?
– Жоқ, олар өздеріне өздері жол салды. Үлкенім ата-бабасының жолын қуды. Қазір мал шаруашылығымен айналысады. Екінші балам Сыртқы істер министрлігінде елші болып жұмыс істейді. Сөйтіп, өздері қалаған салаларында еңбек етіп жүр. Үлкенім – мүлдем ақылды бала. Төртінші сынып оқып жүргенінде үйге келмей, Мәскеуде жүрген маған қоңырау шалды. Қатты қапаланып тұр. Не болды десем «төрт алып қалдым» дейді.
– Қазір енді немен айналысып жүрсіз?
– «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы президентінің кеңесшісімін. Және Тұран Астана университетінде сабақ беремін.
Алашқа айтар датым...
Халықтың бойында патриоттық рух қалыптастыратын, патриоттық сезімін оятатын арнайы патриоттық туралы жалпыұлттық мемлекеттік бағдарлама қабылданса екен деймін. Біздің ұлтымыз ерекше ұлт. Мұны айтудан ұялмауымыз керек. Мен қазақ болып туғаныма қуанамын. Әрбір қазақ қазақ болып туғанына мақтануы керек.