Екінші дүниежүзілік соғыстың қазақстандық ғылыми тарихнамасы әлі қалыптасқан жоқ

Екінші дүниежүзілік соғыстың қазақстандық ғылыми тарихнамасы әлі қалыптасқан жоқ

Гүлжауһар КӨКЕБАЕВА, тарих ғылымының докторы, профессор:

– Гүлжауһар ханым, биыл Екінші  дүниежүзілік соғыста жалпы адамзаттың қас жауы болған гитлершіл фашистік Германияны тізе бүктірген Ұлы Жеңістің 65 жылдығы бәрімізге ортақ мереке, ортақ тарих тағылымы болып отыр. Бірақ, менің айтпағым, бұрмаланған тарих пердесі түрілген шақта саяси мәнде талқыланып жатқан Екінші дүниежүзілік соғыстың шындығы хақында еді. Зерттеуші маман ретінде Екінші дүниежүзілік соғысқа деген қазіргі әрқилы көзқарастарды екшеп берсеңіз. Кімдікі жалған, кімдікі қисынды?

– Екінші дүниежүзілік соғыс тарихына қатысты Ресей тарихшыларының арасында пікірталас тудырып жүрген мәселелер баршылық. Ал Қазақстанда Екінші дүниежүзілік соғыс тарихының бір ғана қыры – республиканың Жеңіске қосқан үлесі туралы мәселе ғана зерттеледі. Сондықтан Ресейде және батыстағы посткеңестік мемлекеттерде болып жатқан пікірталастарға біздің тарихшылар мүлде қатыспайды. Кейде бір конференциялардың материалдар жинағынан облыстық жоғары оқу орындарында сабақ беретін жас тарихшылардың мақалаларын кездестіріп қалып, қатты назаланатын кездерім болады, өйткені кеңестік кезеңде тым көп айтылып, таптаурын болған пікірлерді сол қалпында және тым қарабайыр түрде қайталап жазады. Ресей ғалымдарының өзара пікірталастары және олардың Балтық мемлекеттерінің, Польшаның ғалымдарымен дау-айтыстары екі жақтан да жаңа деректер, жаңа дәлелдер табу негізінде жүріп жатыр. Әрине, бұл айтыста әрбір тарихшы өз елінің позициясын қорғайды. Біз бұл мәселеге әділетті түрде қарап, айтысушы жақтардың бірде-біреуін ақтамай-жақтамай немесе қараламай, нағыз шындықтың бетін аша алар едік.

Тағы бір айта кететін жағдай – кейбір жас зерттеушілердің «соғысты Ресей жүргізді, сондықтан ол соғыстың біздің тарихқа қатысы жоқ» деген пікірлерін де естіп қаламыз. Адамшылық тұрғысынан алсақ, Екінші дүниежүзілік соғысты мойындамау соғыста қаза тапқан қазақстандықтардың рухын, бүгінде ортамызда жүрген соғыс ардагерлерінің намысын қорлау болады.Тоқ етерін айтқанда, қазір жаңа деректер негізінде қайта қарауды қажет ететін мәселелер қатарына соғыс қарсаңындағы Кеңес Одағының сыртқы саясаты, кеңес-герман қатынастары, кеңес-поляк қатынастары, кеңес-финн қатынастары, 1941 жылдың жазындағы кеңес әскерлерінің ауыр жеңілістерінің себептері, соғыс кезіндегі одақтастар арасындағы қатынастар, соғыс тұтқындарының жағдайы, тағы басқа ірілі-уақты көп мәселелерін жатқызуға болады. Бұл мәселелер туралы менің өз көзқарасым бар, ол Еуропа елдерінің мұрағаттары мен кітапханалары қорын қарап, өзім жинақтаған құжаттарды талдауға негізделген. Осы мәселе бойынша Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетінде «Екінші дүниежүзілік соғыс тарихына жаңаша көзқарас» тақырыбында арнаулы дәрістер курсын оқып жүрмін.

– Қазіргі сарапшылар 1939 жылы 23 тамызда қол қойылған Риббентроп-Молотов пактісін нағыз сатқындық актісі ретінде бағалайды. Риббентроп-Молотов пактісі бойынша 10 жылға дейін шабуыл жасаспауға уағдаласқан КСРО мен Германия келісімінің тұрақсыздығына не себеп? Екінші дүниежүзілік соғысқа ұласқан оқиға қалай өрбіді?

– 1939 жылы тамызда В.М. Молотов пен В. Шуленбургтің кездесулері нәтижесінде Сталин Германияның сыртқы істер министрі Й.Риббентропты 23 тамызда Мәскеуде қабылдауға келісімін берді. Осы кездесудің нәтижесінде «Бір-біріне шабуыл жасамау» туралы кеңес-герман келісіміне қол қойылды, осы келісімді «Молотов-Риббентроп пактісі» деп атап жүр, әрине, екіжақты келісімге сыртқы істер мекемелерінің басшылары қол қойды, бірақ келісім екі елдің басшылары – Сталин мен Гитлердің шешімімен жасалды. Бұл келісімге «сатқындық актісі» деген баға сәйкес келмейді, оны «масқарашылық келісім» деп атаған дұрыс. Бұл келісімнің мазмұны және оған қосымша құпия хаттамалар туралы көп жазылып жүр, сондықтан оны қайталамай-ақ қояйын. Көп айтылмай жүрген жағын ескерейік. Ең алдымен осы келісім бойынша Польшаның Висла, Нарев, Сан өзендерінің шығысындағы жерлері (Батыс Украина мен Батыс Белорусь), Финляндия, Латвия, Эстония Кеңес Одағының ықпал аймағына берілсе, ал Литва Германияның мүдделі аймағы деп танылды. Германия Данциг дәлiзiн алған соң, Польшаның КСРО алған бөлiгiнен басқа жерiнде Польша мемлекетiн сақтауды жобалаған едi. Алайда Кеңес Одағына бұл жоба ұнамады. Сондықтан құпия хаттаманың 2-бабында: «Тәуелсiз Польша мемлекетiн сақтау екiжақты мүдделерге қажеттi ме және бұл мемлекеттiң шекаралары қандай болады деген мәселе алдағы уақыттағы саяси даму барысында түпкiлiктi анықталатын болады» – деп көрсетiлдi. Демек, Польшаны мемлекеттiк тәуелсiздiгiнен айыру туралы ұсыныс та Кеңес Одағы тарапынан болған.

– Жақында Польша Президентінің Катынь құрбандарына тағзым етуге барар сапарында ұшақ апатына ұшырағаны бүкіл дүниежүзін дүрліктірді. Былтыр Ресей Премьері Владимир Путин Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуының 70 жылдығына орай еске алу рәсіміне Польшаға барған сапарында бар кінәні Мюнхен конференциясына аудара салды. Атышулы Катынь қырғынына жауапкершілікті мойнына алған Путин поляктар күткендей КСРО үшін, соғыс құрбандары үшін кешірім сұрауды қажет деп таппады. Катынь қырғынын «1919 жылы орыс тұтқындарын поляктардың аяусыз жусатып салғанына қайтарылған кек» деген уәж айтады орыс тарихшылары. Бұл арада КСРО-ның басты айыбы неде?

– 1939 жылы 1 қыркүйекте Германия Польшаға соғыс жарияламастан шабуыл жасады. 3 қыркүйекте Ұлыбритания мен Франция Польшамен одақтастық мiндеттерiн орындау мақсатымен Германияға соғыс жариялады. Осылайша, Екiншi дүниежүзiлiк соғыс басталды. Кеңес Одағы соғыстың басталуына айыпты Польша, Ұлыбритания және Франция деп мәлiмдедi (18 қыркүйектегi Кеңес өкiметiнiң нотасы мен 30 қарашадағы «Правда» газетiнде осы туралы мақала жарияланған). Шындығында, соғыстың басталуына бұл елдер айыпты емес еді. 1939 жылы 8 қыркүйекте неміс әскерлері Варшаваға келіп жетіп, поляктар үшін ауыр шайқастардан кейін, келесі күні Варшаваны қоршап алды. Сол күні Молотов Германияның елшiсi Шуленбургке телефон соғып: «Герман әскерлерiнiң Варшаваға кiргенi туралы хабарыңызды алдым. Герман империясының үкiметiне менiң құттықтауымды және сәлемiмдi жеткiзiңiз», – дедi. Неміс ұшақтары бүкіл қалаларды, теміржолдарды, вокзалдарды бомбалап, бейбіт халық пен босқындарды қырып жатты. Сондай шақта Молотов нацистік үкіметке құттықтау жіберіп жатса, ал Ұлыбритания мен Франция соғыс жариялаумен ғана тынып, белсенді соғыс қимылдарын жүргізбеген тірлігі Екінші дүниежүзілік соғыс тарихында «оғаш соғыс» деп аталып кетті.

Польшамен соғыс басталған бойда Германия Кеңес өкiметiне Польшаға қарсы соғысқа кiрiсудi талап еткен ноталар жiбере бастады. Алайда Кеңес Одағы Польшаның жеңiлiске ұшырауын күтiп, соғысқа жылдам кiрiсе қоймады. Егер Польша жеңiлсе, онда кеңес әскерлерiн Польшаның шығысына енгiзудiң сылтауын табу оңай болар едi. 1939 жылы 17 қыркүйекте кеңес әскерлерiнің 4 мың танк, 5,5 мың зеңбірек, 2 мың ұшақпен жабдықталған 600 мыңдық тобы Польшаның шығыс аудандарына басып кiрдi. Молотов сол күнi радиодан берiлген сөзiнде «бұл әрекет Батыс Украина мен Батыс Белоруссияның халқын қорғау мақсатын көздейдi» деп мәлiмдедi. Ал шындығында, Кеңес Одағының бұл әрекетi халықаралық құқық пен келiсiмдердi (1921 жылғы Рига келiсiмi; 1932 жылғы шабуыл жасаспау туралы кеңес-поляк келiсiмi; Ұлттар Лигасының жарғысы; 1928 жылғы Бриан-Келлог келiсiмi; 1933 жылғы «Басқыншыны анықтау» туралы конвенция) өрескел түрде бұзу болатын. Польша әскерінің бас қолбасшысы Э.Рыдз-Смыглы кеңес әскерлеріне қарсылық көрсетпеу, тек олар өздері оқ атса ғана жауап беру, ал немістермен соғысты жалғастыру туралы бұйрық берді. Кеңес әскерлерiнiң украин және белорус халықтарын қорғау үшiн келмегенi аталған халықтарды топ-тобымен туған жерiнен алысқа көшiрiп жiберуiнен көрiндi. Кеңес әскерлерiнiң Польшаға басып кiруi, шын мәнiнде, 1939 жылдың 23 тамызындағы кеңес-герман келiсiмiнiң құпия хаттамасында көрсетiлген Шығыс Еуропаны ықпал аймағына бөлiсудi iске асырудың бастамасы болатын. Бұл бастама немiс және кеңес әскерлерiнiң Польшаның жеңiлуiн бiрлесе тойлаған салтанатты шеруiне жалғасты. Польша әскери-экономикалық қуаты жағынан өзінен әлдеқайда басым екі мемлекетке – Германия мен Кеңес Одағына қарсы ұзақ соғыс жүргізе алмайтын еді. Алайда 15 қыркүйектегі немістердің «Варшаваны алдық» деген хабары жалған болатын, Варшава одан кейін де екі апта берілмей соғысты. Польшаның жеңілгендігі туралы шартқа 4 қазанда қол қойылды. Польшаны бiрлесе отырып басып алған соң Германия мен Кеңес Одағы ортақ шекара шегiн белгiлеуге тиiстi болды. Германия тәуелсiз Польша мемлекетiн сақтау жобасынан бас тартты. 1939 жылы 28 қыркүйекте «Достық және шекаралар туралы» кеңес-герман келiсiмi жасалды. Бұл келiсiмде Польша мемлекетi ыдырады, сондықтан осы жердегi бейбiтшiлiк пен тәртiптi қалпына келтiрудi Кеңес Одағы мен Германия өз мойындарына алады деп көрсетiлдi. Келiсiмге қосымша берiлген картада Висла, Сан, Нарев өзендерiмен өтетiн сызық кеңес-герман шекарасы болып белгiлендi.

Кеңес әскерлерi 180-250 мың шамасындағы поляк жауынгерлерi мен офицерлерін тұтқындады. БК(б)П Орталық комитетінің 1940 жылғы 5 наурыздағы шешімі бойынша 21 857 поляк соғыс тұтқындары ретінде Катынь орманында түгелдей өлтiрiлдi. Бұл оқиға «Катынь қайғылы оқиғасы» деген атауға ие болды Соғыс кезінде поляк офицерлерінің қазасы үшін Германия мен КСРО бірін-бірі айыптады. Нюрнберг сотында Кеңес Одағы поляк офицерлерінің қазасы үшін немістерді айыптауды ұсынды, алайда осы істі тексерген кезде кеңес жағының дәлелдері жеткіліксіз екені байқалды, сондықтан бұл мәселе қорытынды айыптаулар қатарына енгізілген жоқ. Соғыстан кейін Кеңес өкіметі Катыньда поляк офицерлерінің қаза болған жеріне оларды немістердің өлтіргені туралы жазуы бар ескерткіш тақта қойғызды. Алайда эмиграцияға кеткен поляктар соғыс кезінде тексеру жүргізген халықаралық комиссияның материалдарын пайдаланып, оларды Кеңес өкіметі өлтірткенін дәлелдеген еңбектер шығарды. Бұл мәселе Кеңес Одағында ғана емес, социалистік Польшада да «жабық» тақырыпқа айналды. 1990 жылы Польша жағының табанды талабының арқасында КСРО М.С.Горбачев Катыньдағы қырғынға КСРО Ішкі істер халық комиссариаты (НКВД) айыпты деп мойындады. Кейіннен 2007 жылы Польшаға барған сапарымда осы қайғылы оқиғаның құпия сырының ашылуына көп еңбек сіңірген Катынь комитетінің төрағасы С.Мелак мырзамен кездесіп, олардың жинаған дәлелді деректерімен таныстым. Польша мұрағатының ғылыми қызметкерлері, профессор Я.Пиета басқарған комиссияның Ресей мұрағаттарынан тапқан құжаттарымен танысуыма жағдай жасады. Бүгінгі күні поляк офицерлерін Кеңес өкіметі өлтірткені баршаға аян болды. Ал сол шындыққа жету үшін поляктар ұзақ күрес жүргізді. Жалпы алғанда, Катынь қырғыны үшін бүгінгі Ресейдің кешірім сұрағаны дұрыс-ақ болар еді. Алайда Ресей жағы поляктардың айып төлемін (компенсация) талап ету мүмкіншілігін ескеріп, кешірім сұраудан қашып отыруы мүмкін. Ал поляктардың 1919-1920 жылдарда қызыл әскерлерді қырғаны туралы мен Ресей баспасөзінен оқыдым, алайда деректермен дәлелденген ғылыми еңбектерді кездестірмедім, сондықтан бұл мәселеге қатысты пікір айтуға әлі ерте деп ойлаймын. Әрине, ондай оқиға болған болса, шындығы ерте ме, кеш пе, әйтеуір ашылады. Дегенмен де Катынь қырғынына қарсы уәж іздеудің өзі артықтау шығар. Мәселе адамшылықта ғой. Фашистерден немістердің өздері де азап шекті, антифашистердің көпшілігі түрмеде болды, алайда олар Гитлерді айыптай отырып, оның айыбы үшін бүкіл әлем алдында кешірім сұраудан қашқан жоқ қой. Тарихи шындықты ашу бүгінгі күннің саяси мақсаттары үшін емес, тарих ғылымының саясаттың жандайшабы болмай, нағыз ғылым ретінде дамуы үшін, сонымен қатар болашақ ұрпақ үшін де қажет.

– Сіз еуропатанушы маман ретінде Гитлердің тарихи шынайы образына қандай баға берер едіңіз? Жалпы адамзатқа қасірет әкелген тоталитарлық режим орнатқан Сталин мен Гитлердің ортақ ұқсастықтары мен айырмашылықтары неде деп ойлайсыз?

– Гитлер Гетенің Германиясын әлемдік жендетке айналдырды, ол Германияға қызмет еткен жоқ, нәсілшілдік уымен уланған бір қияли топқа қызмет етті. Нацистер немістердің өзін қаншама азапқа салды. Германияның өзінде де қарсыласу қозғалысы болды ғой, сол үшін қанша антифашистің қаны төгілді. Неміс халқы мен Гитлерді біріктіріп қарауға болмайды. Гитлер мен Сталинде ұлт жоқ. Сондықтан екеуінің бойында аса көп ұқсастықтар бар. Батыста бұл тақырыпта шыққан еңбектер баршылық. Әрине, екеуі де өте күрделі тұлғалар, сондықтан олардың бойынан қазіргі әрбір зерттеуші немесе қарапайым адам өзінің іздеген белгілері мен қасиеттерін табады, осылайша біреулер оларды мақтайды, біреулер жамандайды. Бірақ Сталин мен Гитлерді жеке тұлға ретінде емес, олардың іс-әрекеті өздері басқарған ел мен халқына қандай зардаптар әкелді деген тұрғыдан зерттеу қажет. Өз басым халқының қанын да, жан дүниесін де аямай азаптаған диктаторларды жағымды тарихи тұлға ретінде бағалай алмаймын. Жалпы, азат ойлы демократ адамның Сталин мен Гитлерді мадақтауы мүмкін емес. Сонымен қатар оларды тарих аясынан шығарып тастай да алмаймыз, демек, олардың тарихтағы рөлін әртүрлі жеке сезімге берілмей, нақты ғылыми түрде зерттеу қажет.

– ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының нацизм мен сталинизмді теңестіру туралы қарар қабылдағаны мәлім. Жақында Еуроодақ та сталинизмді ашаршылыққа айыпты деп таныды. Бұл Еуропа қауымдастығында, посткеңестік кеңістікте үлкен шу-шұрқан туғызып отыр. Балтық елдерінің бастамасымен жасалған бұл қадам бүгінгі ұрпақ үшін қаншалықты қисынды? Тарихты тәрк ету ме, әлде тарихи әділеттілік пе?

– Нацизм мен сталинизмді тоталитаризм теориясы негізінде салыстыра талдау батыс ғылымында ертеден-ақ қалыптасты. Салыстырмалы зерттеулер өткен ғасырдың 90-жылдарында Ресейде де орын алған-ды. Алайда соңғы жылдарда Ресей тарихшыларының көпшілігі сталинизмді тоталитаризм теориясы негізінде зерттеуден бас тартып, сталиндік саясатты модернизация теориясы негізінде түсіндіруге тырысады. Әрине, сталинизмді әртүрлі теориялар мен концепциялар негізінде түсіндіруге болады, бірақ сталинизм мен нацизмнің ортақ белгілерін жасыру қиын-ақ. Тарихтағы ұқсас құбылыстарды салыстыра зерттеудің ғылым үшін ешқандай да оғаштығы, сұмдығы жоқ, керісінше, пайдасы бар. Посткеңестік кеңістік қауымының бұл салыстыруды дұрыс көрмеуі кезіндегі Кеңес Одағының басқа елдерден айрықшалығы, өзгешелігі, «жалғыз социализм елі», «ең әділетті қоғам» деген түсініктердің әбден ақыл-ойға сіңіп қалғандығымен байланысты. Кеңестік лагерьлердегі жазықсыз қырылған адамдарды еске алсақ, кеңес қоғамы айрықша қоғам деген ойдан арылып, сталинизмді оған ұқсас тарихи құбылыстармен салыстыруға жанымыз түршікпес деп ойлаймын. Жалпы алғанда, сталинизм, большевизм сияқты құбылыстарды саясаттың еншісінен шығарып, тарих ғылымына беретін уақыт жетті емес пе?

– Биыл ТМД көлемінде Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің жылы аталып өтілуде. Осы біз ғалымдар ортасында қарама-қайшы пікір туғызған Екінші дүниежүзілік соғысқа әлі күнге дейін кеңестік тарихнаманың көзімен қарап жүрген жоқпыз ба? Жалпы, бұл құбылысты зерделеу үшін қандай қағидаларды басшылыққа алу керек деп ойлайсыз?

– Қазақстанда бұл тақырып тек қана мерзімді баспасөз бетінде көтеріліп жүр, сондықтан соғыс тарихы ғылыми тұрғыдан емес, көбінесе моральдық тұрғыдан қарастырылады. Ал ғылыми конференциялардағы кейбір баяндамаларда бұл тақырып бұрынғы кеңестік тұрғыда зерделенетіні рас. Сондықтан Екінші дүниежүзілік соғыстың отандық (қазақстандық) ғылыми тарихнамасы әлі қалыптасқан жоқ (Қазақстанның Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске қосқан үлесін көрсететін фактологиялық еңбектер бар ғой, бірақ оларды Екінші дүниежүзілік соғыс тарихының тарихнамасына қосуға болар ма екен?) Екінші дүниежүзілік соғыстың ауқымды мәселелерін зерттеу жуыр маңда бастала қоймас деймін. Өйткені тарихшы ғалымдардың барлығы дерлік тек қана Қазақстан тарихымен айналысады, жоғары оқу орындарының тарих факультеттерінде оқылатын пәндердің де басым бөлігі Қазақстан тарихына қатысты, ал тек қазақстандық материал негізінде дүниежүзілік соғыс мәселесін терең зерттеуге бола қояр ма екен?

Соңғы сұрағыңызға бір сұхбаттың шегінде жауап беру мүмкін емес, өйткені тек соғыс тарихы ғана емес, кез келген тарихи оқиғаны, құбылысты, үдерісті зерттеуде ғалымның қандай теорияны негізге алатыны оның өзіндік философиялық көзқарасына, теориялық білімінің дәрежесіне, жалпы ой-өрісіне және ғылыми тәжірибесінің көлеміне байланысты болады. Жалпы алғанда, біздің қазіргі жас зерттеушілеріміздің теория жағынан тым әлсіз екені қатты қынжыларлық жағдай.

– Әңгімеңізге рақмет.

Саралы сөз
Екінші дүниежүзілік соғыс тарихындағы даулы мәселелер көбінесе Кеңес өкіметінің сыртқы саясатындағы екіжүзділігіне байланысты. Ал Қазақстан және басқа кеңестік республикаларға Кеңес Одағының сыртқы саясатын жасауға қатысу, оған ықпал жасау, сыртқы саясаттық шешімдер қабылдау құқығы берілген жоқ. Демек, Кеңес Одағының сыртқы саясаттық қателіктеріне біз жауап бермейміз. Олай болса, шындықтың бетін ашуға ұмтылған зерттеуші Қазақстан мемлекетінің беделіне нұқсан келтірмейді. Алайда жергілікті зерттеушілердің көпшілігі материалды интернет қорынан, атап айтқанда, орыс тілді интернеттен алады да, солардың позициясының жетегінде қалып қояды, сондықтан оларда өзіндік пікір мүлде жоқ.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста