Діни күрделі жағдайдан шығудың бір жолы – мемлекет өзінің зайырлы бет-бейнесін толық сақтап, тәртіпті күшейтуі керек

Сайын Борбасов, саяси ғылымдар докторы, профессор:

– Жақында «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның қабыл­данғаны белгілі. Осы заң жоба күйінде қоғам талқысына түскеннен-ақ қызу пікірталасқа ұласты. Тіпті ашық қарсы шыққандар да болды. Дінге қатысты құжатқа келгенде қоғамның қақ жары­луының астарында не жатыр?
– Тәуелсіз Қазақстан о баста демо­кра­тиялық, зайырлы, ашық қоғам құруды мақ­­сат етіп қойды. Сол мақсаттардың жо­лында лайықты заңдар қабылданды. Қа­зақстанды әлемдік қауымдастықтың белді мүшесіне айналдыруға күш салынды. Бұның бәрі 1995 жылы қабылданған Конс­титуциямызда анық жазылған. Азат елдің осы мақсаттарының арқасында ТМД елде­рінің ішінде бірінші болып нарықтық эконо­мика құрған мемлекет ретінде танылды. Кез келген мәселенің екі жағы бар ғой. Осы ашықтықтың да көлеңкелі жақтары болады. Біздің жариялылығымыз түрлі діндердің елімізге енуіне әкелді. Тіпті олардың кей­біреулеріне әлемнің көптеген елдерінде тыйым салынған. Біздің Конституциямыз на­ғыз демократиялы ел екенімізді көрсе­теді. Азаматтардың діни наным-сенім бос­тан­дығын қамтамасыз ететінін пайдаланып мысықтілеулі сектанттар алшаң басып, елі­міз­ге кіріп алды. Осындай келеңсіз­діктерді қоғамда түрлі заңдар реттеу керек. Осы уақытқа дейін кеткен кемшіліктердің орнын толтыру үшін «Дін туралы» заңға өзгерістер енгізу уақыт талабы болды деп есептеймін. Себебі Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде 600-ге тарта діни ұйымдар болса, қазір олардың саны 5 мыңға жуықтапты. Яғни, 20 жылда діни бірлестіктер мен ұйымдардың саны 8-9 есеге дейін артқан. Бар-жоғы 16 млн халық арасында 5 мыңға жуық діни ұйымның құрылуы – қауіпті. Біз бұны кейінгі жылдары ғана түсіне бастадық. Біздегі діни ахуалдың қаншалықты күрде­леніп кеткеніне көз жеткізу үшін мемле­кет­құраушы қазақ ұлтының ұстанатын дініне келейік. Қазақтың ата діні – Ислам, суннит, Әбу-Ханифа мазхабы. Әбу Ханифа маз­хабының ерекшелігі – Ислам діні Құранды екі етпейтін қазақтың салт-дәстүріне негіз­делген. Яғни Ислам құндылықтары ұлттық дәстүрімізбен қабысып, бір-біріне қайшы келмейді. Ислам дініне дейінгі тәңіршілдік наным-сенімдеріміз Әбу Ханифа мазха­бында мұсылманшылықпен синтездел­ге­ніне көз жеткізуге болады. Міне, ғасырлар бойы қазақты ұлт ретінде ұйыстырып кел­ген – осы жол. Қазақ хандығы кезінде де осы дінді ұстандық. Тіпті Қазан төңкерісіне дейін осы жолмен келдік. Ал енді осыдан барып «тәуелсіздік жылдарында қазақтар неге дінге бөліне бастады?» деген заңды сұрақ туындайды. Бұның жауабы біреу-ақ. Ол – 1991 жылдан кейін жастарымыздың жап­пай Сауд Арабиясынан, Мысырдан, Иран­нан, Түркиядан діни білім алып кел­гендігі. Шет мемлекеттерден білім алып кел­ген жастарымыз ұлттың дәстүрлеріне мойынсұнбай, ғасырлар бойы дәстүрімізбен біте қайнасып кеткен ата-баба дініне ашық­тан-ашық қарсы шықты. Тіпті сол әртүрлі елден білім алған жастарымыз бір-бірімен бітіспес дауға барып жатыр. Кеңестік дәуір­дің дәм-тұзы таусылған кезеңде халық діни сауатсыз болғаны жасырын емес. Жас мемлекеттің халқы үлкен кісілерді қоспа­ғанда, негізінен, жастар жағы дін жағынан мүлде хабарсыз болды. Жаппай жұмыс­сыздық жастарды түрлі діни ұйымдардың тегін оқуларына тартты. Сектанттардың да жұмысы жылдам қарқынмен жүргізілген кез де – осы уақыт. Міне, осы проблема­лар­дың барлығы қордаланып келді де бүгінгідей жағдайға жеткізді. Қоғамда дін саласында мәселе бар. Мұны ашық айтуы­мыз керек. Өкінішке орай, араб халифатын құру идеясын қолдайтындар күшейіп ке­леді. Халифат құру – өткен заманның идея­сы. Оны жүзеге асыру қазір мүмкін емес. Араб мемлекеттері Ислам дініне адал бо­лып, өзара татулықта болса, неге сол 20-дан астам араб елі бір халифат құрып алмайды?! Демек, бұл – мүмкін емес нәрсе. Жастарымыздың көпшілігі «халифат үшін, дін жолында өзін-өзі жарып жіберсе, жұ­маққа барады» деген соқыр сенімге ұйып отыр. Сенім артып отырған жастарымыздың санасы осылай уланып жатқанда, біздің Тәуелсіз еліміздің болашағын кім ойлайды? Осындай мифтік идея үшін Тәуелсіз­дігіміз­ден айырылу керек пе?! Мен бұл дәлелдерді ойдан шығарып отырған жоқпын. Студент­термен тығыз қарым-қаты­наста болғаннан кейін, мен дәл осы проблемамен жиі-жиі бетпе-бет келемін. Оларға түсіндіру жұмыс­тарын жүргізуге тырысамыз. Студенттерге қазақ елінің Тәуелсіздігі бәрінен де қымбат дегенді талмай айтамыз. Тарихшылардың есептеуінше, Тәуелсіздік үшін 400-ден аса көтеріліс болған! Азаттықтың жолында мил­лиондаған қандасымыз құрбан болған. Ал енді осының бәрін бір сәтте тәрк етіп, қалайша халифаттың құрылуына мүдделі болады жастарымыз?!
– Біздің еліміздегі діни ахуалды реттеу үшін елімізде жақында Дін істері жөніндегі агенттік құрылды. Құрылғаны сол екен, агенттік басшысы Қайрат Ла­ма-Шарифтің отставкаға кетуін талап етушілердің қарасы көбейді. Ең жа­маны, адамның идеямен улануы ғой. Айтқанынан қайтпайды, ақылға кел­мейді. Өзіңіз де айтып отырсыз, студент­тердің фанатизмге ұрынғанын... Осындай жастармен, жалпы өзге идея­мен уланған азаматтармен қандай жұмыстар жүргізілуі қажет?
– Бірден айтайын, діни фанатизмге ұрынған адамдардың бетін бері қарату өте қиын. Дегенмен жаппай түсіндіру жұмыс­тары жүргізілуі қажет. Ал ең маңыздысы – әлі теріс жолға түсе қоймаған жастары­мыз­ды сақтап қалу. Меніңше, біріншіден, қатаң заң болуы керек. Яғни, қандай да бір бапқа қайшы келетін әрекеттер болса, тиісті жа­засы берілу қажет. Жаңа заңда ресми орын­­­дарда намаз оқуға тыйым салынды. Бұған өре түрегелгендер көп. Бірақ заңда көрсетілген мәселенің барлығын қолдай­мын. Себебі біз зайырлы мемлекетпіз. Ал ен­ді оқу орындарында, әскер мен түрмеде намаз оқитын орындар ашу – зайырлы мем­ле­кетке жат дүниелер. Екіншіден, дін­нің тәрбиелік әлеуетін кеңінен пайда­лануы­мыз керек. Азаматтар арасында өтірік айт­пау, ұрлық жасамау, парақорлыққа бармау сияқты діннің тәрбиелік жағы кеңінен наси­хатталса деймін. Жұмыстан тыс уақытта Құ­дайға құлшылық ету әр адамның еркінде. Діни күрделі жағдайдан шығудың бір жолы – мемлекет өзінің зайырлы деген бет-бейнесін толық сақтау мен тәртіптерді күшейту. Үшіншіден, діни сауаттылықты көтеру қажет. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Әбу Ханифа мазхабын халыққа кеңінен түсіндірсе құба-құп. Қазақ ұстанған мазхабтың жолдарын, мұсылман­дықты қазақтың қалай қабылдағанын, ұлт­тың дәстүрімен қалай тез қабысып кет­кендігін тарқатып түсіндіргені дұрыс. Құ­дай­ға шүкір, қазір ақпараттық мүмкін­дігіміз жоғары. Сол мүмкіндікті теріс мақсатқа емес, осындай ізгілікті істерге пайдаланған жөн. Теріс ағымдағы діни секталардың негізгі нысаны жастар болғандықтан мек­тептерде, жоғары оқу орындарында ақпа­раттық-түсіндіру орталықтары жұмыс істесе де артық етпейді. Сонымен қатар діндерді зерттеп талдау бағытында жұмыс істейтін орталықтар жоқтың қасы. Меніңше, жаңа агенттіктің құрылуы осындай орталықтар­дың жұмысына жан бітіреді. Міне, сонда халыққа әрбір діннің, секталардың негізгі мақсаты туралы нақты талданған жұмыстар ұсынылады.
– Ұсыныстарыңыз орынды. Қоғам­дық пікір дін турасында қалыптасты. Енді ақырындап саясатқа ауысып бара жатқандай. Өзіңізге белгілі жақында Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты Президентке үндеу жолдап, төменгі палатаны таратуды ұсынды. Енді 2012 жылы 15 қаңтарда Мәжіліс сайлауы өтеді. Бірақ еліміздегі саяси партия­лардың белсенділігі көңіл көншітпейді. Осындай саяси дода қарсаңындағы жекелеген партиялардың әлеуетін қалай бағалайсыз?
– Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде саяси құрылымдардың ішінде оқ бойы озық келе жатқаны – биліктің «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы. Сайлау уақы­тында өтсе де, мерзімінен бұрын ұйымдас­тырылса да, сөз жоқ, бұл партия жеңіске жетеді. Оған ешкімнің күмәні де жоқ шы­ғар. Президенттің жеке абыройын айт­пағанда «Нұр Отанның» халықпен тығыз байланысып кеткені соншалық, әрбір ауданда ғана әрбір кішігірім ауылдар мен елді мекендерде де бөлімшелер ашып, белсенді әрекеттер жасап жатыр. Бұл пар­тияның билікті басқа саяси күштерге бермеу үшін барын салатыны белгілі. Бұл – саяси күрестің, билік үшін мәдениетті әрі демократиялық тартыстың басты заңды­лығы. Еліміздегі он шақты саяси партияның ішінде Нұр Отаннан кейін әле­уеті жоғары күш, ол – «Ақ жол» демо­кратиялық пар­тиясы. Партия басшы­лығында біраз өзге­ріс­тер болды. Бұрынғы басшылық кезінде де «Ақ жол» радикалдық қадамдарға бар­май, билікті реті келгенде сынап, қолдайтын жерінде қолдайтын. Төрағасы ауысқанмен саяси ұстанымы өзгерген жоқ. Сондай-ақ «Ақ жолға» кейінгі кезде бір топ кәсіпкерлер мүшелікке өтіп, бұл – партияның қаржылық, тағы басқа мүмкіншіліктерін арттырды десек те болады. Кезінде «Азаматтық» пар­тияны басқарып, мол тәжірибе жинаған Азат Перуашев «Ақ жолдың» басшылығына келе салысымен Алаш идеясын көтеріп жүр. Бұл – белгілі бір деңгейде ұлт жан­ашырлары мен жастарға ұнайтын идея. Белсенділігі артқан «Ақ жолды» қайта түледі десек те болады. Сондықтан екінші орынды осы партияның иеленуі бек мүмкін. Ал енді оппозициялық партиялардың ішінде «Азат» жалпыұлттық социал-демо­кратиялық партиясы бұл саяси додаға белсенділікпен қатысады. «Әділет» пар­тиясы да бұл сыннан тыс қалмас деп ойлай­мын. «Руханият» та, Патриоттар партиясы да сайлаудан сырт қалмайды. Алайда бұл партиялар электораттан көп дауыс алады деп айта алмаймын. Біздегі заң бойынша Парламентте кемінде екі партия болуы тиіс қой. Яғни қандай да бір саяси күш жеті пайыздық кедергіні бағындыра алмаса да екінші орын алғаны үшін Парламентке жолдама алады. Осыған қарағанда «Нұр Отан» мен «Ақжол» Мәжіліске өкілдерін өткізеді. Ал қалған саяси партиялар жеті пайыздық межені бағындыруы күмәнді. Себебі «Азат» оппозициялық партиясы соңғы өткен Президент сайлауына қатысқан жоқ. Сол саяси науқанда «Әділет» партиясы «Нұр Отан» құрған коалицияға біріккен болатын. Яғни, бұл партиялардың саяси белсенділіктері электораттың есінде жоқ. Халық алдына көп шыға бермейді. Қандай шаруалармен айналысып жатқанынан алыс елді мекендердің халқы тұрмақ, үлкен қалалардың тұрғындары да бейхабар десек те болады.
– Өзге сарапшылар сияқты сіз де «Ақ жолға» екінші орынды алдын ала беріп қойдыңыз. Бір сөзіңізде биліктің өзі қолдайды деп те айтып қалдыңыз. Айналасы жұмыр келетін заң қабылдау үшін пікір қайшылығының болғаны дұрыс. Аталған екі партияның арасында пікірталастар болады деп ойлайсыз ба? Осы екі партия Парламентке өткенде қандай да бір бәсекелестік бола ма?
– «Ақ жол» партиясының төрағасы ауысқанмен саяси платформасы өзгеріссіз қалды. Мұны жаңа төрағасы да айтып өтті. Бұл партия бұрыннан саяси күрестің бейбіт тәсілдерін жақтайды. Центристік партия болғаннан кейін қандай да бір төңкеріс жасау, билік жолындағы күресті соғысқа айналдыру – «Ақ жолға» жат нәрсе. Бұл сая­си құрылымның өзіндік саясаты, ұста­нымы айқын. Белгілі бір деңгейде элек­тораты да бар. 2005 жылы Әлихан Бәй­менов Пре­зидент сайлауына қатыс­қанда Қазақстан­ның сайлауға қатысуға құқылы 8 млн халқының жүз мыңдаған азаматының дауысын алған болатын. Бұл белгілі бір деңгейде үлкен күш екенін білдіреді. Би­ліктің кемшіліктері болса «Ақ жолдың» елемей кеткен жері жоқ. Әр кез сынап, оппонент болып келген. Алдағы уақытта да осы ұстанымынан ауытқымайды. Сон­дықтан белгілі бір деңгейде «Нұр Отанға» бәсекелес бола алады деп ойлаймын.
– Осы уақытқа дейін белсенділік танытпай келген саяси партиялар сайлауда жеңіліп қалса, кінәні биліктен іздейтіні қазірдің өзінде белгілі. Бұл біздегі саяси мәдениеттің қалыптас­пағанын көрсете ме?
– «Сайлау әділетсіз өтті», «билік әкім­шілік ресурстарды пайдаланды» деген әңгі­мелер шығатыны сөзсіз. Бұл – біздің елде де, шет мемлекеттерде де болатын жағдай. Егер сайлау әділетсіз өтсе, сайлау комис­сиялары тиісті жазасын алуы тиіс. Бірақ биылғы жылдың сәуір айында өткен Пре­зидент сайлауы әділ өтті. Оны ешкім де жоққа шығара алмайды. Біздегі саяси жағдайдың өзі сайлауларды толықтай заңға сәйкес өткізуге мүмкіндік жасайды. Президент сайлауында Нұрсұлтан Назар­баевқа, Парламент сайлауында «Нұр Отан­ға» тең келетін саяси тұлға да, саяси күш те жоқ. Яғни, әкімшілік ресурстар пайдала­нылмаса да сайлаудың қорытындысы бойынша қазіргі билік жеңіске жетеді. Оппозиция қазіргі билік партиясының дең­гейіне жетіп, халықты соңынан ерте алса, ол да жеңіске жетеді. Біздегі кез келген саяси партия халықтың жаппай қолдауына ие болғаны анық болса, әкімшілік ресурс­тардың пайдасы болмайды. Билік ашықтан-ашық бұра тарта алмайды. Сондықтан қандай саяси күш болса да кінәні сайлаудан кейін емес, сайлауға дейінгі жасаған өзде­рінің жұмысынан іздеген жөн. Саясаттың өзі мүдделі топтардың күресінен тұрады. Қай мүдделі топ басым дауысқа ие болса, сол топтың жеңіске жетуі – саясаттың заң­дылығы. Бұл – барлық елдің тәжіри­бесінде бар дүние. Бізде оппозиция билікті кінәлайды. Бірақ билікке қол жеткізген қай топ болса да, билікті қолдан жібергісі келмейді. Біздің билік күшпен қорқытып емес, халықтың әл-ауқатын жақсарту арқылы, сайлауда көп дауыс алу арқылы сақтап келеді. Ал мұндай жағдайда сын айту әбестік деп ойлаймын.
– Саяси партияларды біраз жерге апарып тастадық-ау деймін. Десе де сын мінді түзеу үшін айтылады дейді ғой. Біздегі саяси партиялардың атқа­ратын жұмысын қазірде қоғамдық ұйымдар тіпті бірлестіктер атқарып келеді. Мұны мен ғана емес, кейінгі кезде мүйізі қарағайдай саясаттану­шылардың өзі айтып жүр. Осы қоғам­дық ұйымдар саяси партиялар­дың функциясын алып қойған жоқ па?
– Біздің елде азаматтық қоғам институт­тары күшейіп келеді. Түрлі салалар бойын­ша кәсіподақтар, гендерлік саясатқа байла­нысты әйелдердің ұйымдары, жастардың ұйымдары мен бірлестіктері белсенді әре­кет етіп жатыр. Алматы қаласының өзінде 30 жастар ұйымы тіркелген екен. Қазақ тілі­нің проблемасын көтеріп жүрген бір­неше ұйымдар бар. Солардың тиімді жұ­мыс­тарының нәтижесінде мемлекеттік тіл тек қана қазақтарды ғана емес, өзге ұлт өкілдерін де толғандыратын жағдайға жетіп жатырмыз. Қазіргі кезде саяси пар­тиялардың функциясын қоғамдық ұйым­дар атқарып жатқаны жасырын емес. Мұ­ның себебі түсінікті де. Себебі бізде әлі де болсын саяси партиялардың белсенділігі төмен. Тек қана сайлау қарсаңында ғана халықпен кездесіп, бұқарамен қоян-қолтық жұмыс істегендей болып көрінеді. Ал сай­лау біткеннен кейін жым-жырт бола қала­ды. Олар өздерінің басты міндеттері халық­пен тығыз жұмыс істеу керек деген қағи­даны естен шығарып алады. Қоғамдық ұйым­дар бұл жерде қандай іс-қимылмен ұтып отыр дегенге келсек, қоғамдағы күйіп тұрған мәселелерді дөп баса алуында деп ойлаймын. Олар сайлау үшін емес, халық үшін жұмыс істейді. Сонымен қатар әрбір ісін белгілі бір есеппен жүргізбейді. Қоғам­дық ұйымдар мүдделестер мен пікірлестер­ден ғана тұратындықтан саяси партиялар­дағы сияқты ішкі бөлінушілікке ұрынбайды. Көздеген мақсатына жеткенше табандылық таныту да осы қоғамдық ұйымдарға тән құбылыс деп түсінемін. Қазір үлескерлердің, тағы басқа да саладағы проблемаларды қоғамдық қозғалыстар мен ұйымдар ғана көтеріп жатыр. Сол үлескерлердің арасында партия мүшелері бар шығар. Бірақ олар партиялардан қарағанда қолынан іс келеді деп ұйымдар мен қозғалыстарға иек артқанды жөн санайды. Халықтың қоғам­дық қозғалыстарға еруіне саяси партия­лардың енжарлығы әсер етіп отырғанын айта кетуіміз керек. Егер саяси партиямыз деген күштер қоғамдық проблемалардың жүгін көтере алса, халық қозғалыстардан гөрі заңды тіркелген саяси құрылымдарға сенген болар еді. Қоғамдық ұйымдардың күшейгенінен ұтпасақ, ұтылмаймыз.
– Әңгімеңізге рақмет!

Алашқа айтар датым
Тәуелсіз Қазақстан 20 жыл ішінде біраз қиыншылықты еңсерді. Осы аралықта сыртқы саясатымызбен қатар ішкі саясатымыз да жемісті болды. Демократиялық жолмен дамуды басты ұстаным еткен елімізге ішкі саяси бәсекелестікті әлі де болсын дамыта түсуіміз керек. Мемлекеттің жеткен жетістіктерімен қатар кемшіліктері де ашық айтылуы тиіс. Кеңес Одағы неге ыдырап кетті? Барлығы жақсы деп көпе-көрінеу мақтай берудің жеткен жері осы шығар... Бізде «бәрі жақсы» дегенмен, Қазақстан жақсы болып кетпейді. Сондықтан кемшіліктер ашық айтылып, қоғам талқысына түсіп тұруы тиіс. Кемшілікті айтудың жөні осы екен деп қоғамды бөлшектеу де дұрыс емес. Ғасырлар бойы армандап қол жеткізген Тәуелсіздік бәрінен қымбат! Сондықтан Тәуелсіздігімізді сақтау жолында барымызды салуымыз керек!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста