Қайрат БОРАНБАЕВ, «Қайрат» футбол клубы байқаушы кеңесінің төрағасы, «КазРосГаз» ЖШС бас директоры-басқарма төрағасы:
– Қайрат Советайұлы, «Қайраттың» биылғы маусымдағы ойынына көңіліңіз тола ма? Кешіріңіз, 10-орын «Қайрат» үшін көрсеткіш емес сияқты. Сұрақты басқаша қойсақ, «Қайраттың» бүгінгі қаржылай жағдайы мен нәтижесі бір-біріне сәйкес келе ме?
– Бүгінгі жағдай мен нәтиже сайма-сай келе ме дегенге айтарым, иә, қазір бәрі дәл осылай болып тұр. Бұл екеуі бір-біріне сәйкес келеді деп айтуға болады. Ашығын айтайын, біз әу баста футбол клубы шаруашылығында дәл осындай қордаланып қалған қомақты мәселелер бар деп ойлаған емеспіз. Біз клубты қолымызға алғанда, оның көптеген мәселелері бар екендігін білдік, әрине. Бірақ тамыры осынша тұңғиықта деп ойламап едік. Сондықтан бірінші маусым клубпен етжақын танысуға, оның өзіндік қыр-сырына қанығуға кетті. Біз енді не істеу керек екенін жақсы түсінеміз. Біз футбол клубы деген не екенін жете түсінуге, оны тезірек меңгеріп кетуге айрықша көңіл бөлдік. Саралап зерттедік. Көптеген жиын-конференцияларға қатысып, өзімізде де осындай басқосулар өткіздік. «Рубин» (Қазан) және «Шахтер» (Донецк) клубтарына барып, сол клубтардың барлық істерімен таныстық. Олар футбол клубы шаруашылығын қалай дөңгелетіп әкетті, соған айрықша көңіл аудардық. Сондай-ақ «Арсенал», «Шалке-04» клубтарының мамандарымен кездестік. Ресей мамандарымен де пікір алмасып, тәжірибе жинақтауға тырыстық. Яғни біз футбол клубы қалай жұмыс істеуі керек екендігін зерттедік. Сол себепті бүгінгі жағдайымызды саралай отыра айтарым, қаржылай жағдайымыз қоңды болғанымен, біз бірден бұдан артық нәтижеге қол жеткізе алмас едік.
– Маусым басында жоспарларыңыз бен ойларыңыз жақсы еді. Соның бәрін жүзеге асыра алдыңыздар ма?
– Біздің әу баста жариялаған жоспарларымыздың бәрі дұрыс, орынды. Оның ешқайсысы да өзгерген жоқ. Басты қолға алар ісіміз – клубтың бірегей даму құрылымын құру, оны жетілдіре беру. Ол балалар футболынан бастап, негізгі командаға дейін қамтылуы керек. Бұл – біздің жұмыстарымыздың басты темірқазығы. Футбол клубы деп, тек негізгі құрамға көңіл бөліп, соның жағдайын ғана ойлап, нәтиже қумай, ізбасарлар тәрбиелеу ісін дұрыс жолға қоюымыз керек. Біздегі клубтың инфрақұрылымын дамыту барысындағы жұмыстарымыздың бәрі де бекітілген кесте бойынша жүзеге асырылуда. Мысалы, қаңтар айының аяғында Каблуков көшесіндегі базаның құрылысы аяқталады. Біз оны балалар мектебіне бергіміз келеді. 12 гектар жер телімін сатып алғанбыз, қаңтар айынан бастап сол жерде құрылыс жұмыстарын бастамақпыз. Бұл – клубтың негізгі және қосалқы құрамдарының базасына арналған жоба. 14-18 жастағы бозбалалар академиясындағы жөндеу жұмыстарын тамыз айында тамамдамақпыз. Яғни қыркүйектегі жаңа оқу жылы алдында бәрі іске қосылуы керек. Онда әр жас шамасындағы сыныпта іріктелініп алынған 25 баладан болады. Олар мектеп-интернатта оқып, аяқдоп өнерінің қыр-сырын үйреніп, сонда тұратын болады. Мұның бәрі – жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатқан істеріміз.
Ал енді әр жас шамасындағы командаларымызға ойыншылар сұрыптап алу ісі – біздің сау басымызға сақина болып отырған мәселе. Мұндай жұмыстар біздің клубымызда қолға алынып, жүргізілді. Бірақ біз дәл осындай жауапты жұмыстарға білікті мамандар тарту керек деп ойлаймыз. Өйткені көптеген жаттықтырушыларда әртүрлі көзқарас қалыптасқан. Біз тіпті дарынды балаларды іріктеп алу жұмысын тек біздің клубта ғана емес, бүкіл республика аумағында жүргізіп, футболға икемі бар балалардың ең үздіктерін біздің клубқа шақыруымыз керек деп ойлаймыз.
– Биыл Қазақстан футбол федерациясы да балалар футболына көңіл бөліп, еліміздің әр өңірінен футбол орталықтарын аша бастады. Сіздердің жобаларыңыз федерация жүзеге асыра бастаған футбол мектептерімен салыстырғанда қандай деңгейде?
– Екі жақтың жобасын салыстырып, жақсы-жаман деу дұрыс болмас. Біз федерацияның осы бір игілікті ісін қолдаймыз да, құптаймыз да. Ал оның сапасына баға беретін біз емес. Оның бағасын халық бере жатар. Біз өзіміз үшін «Қайрат» футбол клубын дамытудың техникалық бағдарламасын жасадық. Біз енді осы бағдарламаны енгізу үшін, жүзеге асыру үшін арнайы мамандар іздеп жүрміз. Жыл аяғына дейін өзімізге лайықты маманды тауып аламыз деп ойлаймын. Дәл қазір біздің назарымызда алты маман бар. Енді біз осы алтауының ішінен біреуін таңдап алу үстіндеміз. Олармен кездесіп, өзіміздің бағдарламамызды көрсетіп, талқылап жүрміз. Кейбіреулері әлден ұнамай жатыр. Өйткені бізге біздің бағдарламамызға өз ойларын қосатын, өз пікірлерін тықпалайтын мамандар қажет емес. Бізге өзіміздің бағдарламамыз бойынша жұмыс істеп, соны жүзеге асыратын маман керек. Сондай-ақ 6 жастағы жеткіншектен бастап 17 жастағы бозбалаларға дейінгі топтардағы жаттығулар мен тапсырмаларды толықтыра алатын сыралғы маман керек. Себебі 7 жастағы жас бала 14 жастағы футболшыға арналған жаттығуларды дұрыстап жасай алмайды. Өйткені олардың мүмкіндіктері мен қабілеттері бірдей емес. Біздің техникалық бағдарламаның мән-мағынасы мен мақсаты – әр жас шамасындағы топтарға (балаларға) футболды дұрыстап (лайықтап) оқыту және үйрету. Сондықтан біз голланд маманына тоқталатын шығармыз. Жоғарыда айтқан алты адамның үшеуі біздің ойымыздан шығып отыр. Солардың біріне тоқталамыз.
Қазақстан футбол федерациясының балалар футболын дамытуға арналған бағдарламасы да жақсы шығар. Біз оны бастан-аяқ оқып шығып, талдаған жоқпыз. Тек тілеулеспіз. Ал бізде екі балалар академиясы болады. Біреуі – Каблуков көшесіндегі, екіншісі – Магнитная көшесіндегі базада. Содан соң бізде «Алматы қаласында «Қайрат» футбол клубын дамытудың техникалық бағдарламасы» деген тағы бір жоба бар. Бұл жобаны біз Алматы қаласының әкімдігімен бірлесе отырып жүзеге асырамыз. Биыл бастаймыз ба деп едік, қаржы мәселесіне байланысты биыл тұсауын кесе алмады. Келесі жылы бастаймыз деп ойлаймын. Жоспар бойынша осы жобаның аясында біз Сайын көшесінен, сондай-ақ Райымбек көшесінен төменгі (арғы) аудандарда балалар футболын дамытуға бағытталған он мектеп ашпақпыз. Бұл жұмыс істеп тұрған мектептердің қабырғасында іске қосылатын болады. Біз осы аудандардағы мектептердің бәрін аралап, көріп шығамыз. Үш-төрт мектеп бір-біріне жақын орналасқан аймақтардағы бір мектепті таңдап алып, сол жерге футбол алаңын саламыз. Өзіміз қаржыландырамыз. Тек онда футбол біздің техникалық бағдарлама бойынша үйретілетін болуы керек деген талап, шарт қоямыз. Ең бастысы, біз бұл мектептерге жаттықтырушы ретінде студенттерді шақыруды жоспарлап отырмыз. Яғни бұл мектептерде Дене тәрбиесі институттарында (университеттерінде) немесе жаттықтырушылардың жоғарғы мектебінде оқитын болашақ мамандар дәріс беретін болады. Жалпы, біз жас мамандардың арасынан да білікті бапкерлер шықса дейміз. Олардың да жұмыс жасаулары керек. Мұнымен біз жаттықтырушылар тәрбиелеу ісін де дамытуға ықпал етіп, олардың жұмыс жасауларына мүмкіндік туғызып, тәжірибе жинақтауларына жағдай жасауды көздеп отырмыз. Мұндай жоба бізде бар. Инфрақұрылымдық мәселелерімізді жөнге келтіріп алған соң осы жобамен айналысамыз.
– Енді негізгі құрамдарыңызға, шеберлер командасына көшсек. Биыл сіздердің клубтарыңызды екі бапкер жаттықтырды. Басында команда тізгіні Дмитрий Огайға ұстатылды. Бірақ маусым барысында орнынан кетті. Неге сенімді ақтай алмады ма?
– Жоқ. Керісінше, Огай біздің сенімімізді толық ақтады. Ол – жоғары деңгейлі маман. Мен оның команда тізгінін, шынымен де, қиын-қыстау кезеңде қаймықпай қолына алғанына ризамын. Ол чемпионат қарсаңында ғана, қамшының сабындай қысқа уақыт ішінде команда жасақтап шығарды. Оның жұмысына көңілім толды. Тек біз ары қарай адымдау керек екенін түсініп, бас бапкерімізді ауыстырдық. Бұл екіжақты келісілген шешім болды.
– Одан кейін командаға испан маманы келді. Алайда Хосе Перес Серер де команданы өрге сүйрей алмаған сияқты...
– Мәселе испан маманында емес. Біз дәл сол кезде де бәрін таразыладық. Кімді шақырсақ екен деп, ойланып-толғандық. Испан мамандары жайлы да айтарым, олар да біздің команданың қалыптасуына көп еңбек сіңірді. Футболшылардың ашыла түсулеріне жағдай жасады. Біздің түсінігімізше, футболшылар техникалық ойынға көп көңіл бөлетін болды. Десек те, біз «Қайратқа» өзіне лайық бапкер керек екенін түсіндік. Испан бапкерлерімен де түсіністікпен қош айтыстық. Біздің ойымызша, Хосе Перес Серер бастаған испан бапкерлері әзірше Қазақстан футболында жұмыс жасауға дайын емес. Біріншіден, менталитетіміз басқа. Содан соң олар Испания футболының үлгісі мен жүйесін толығымен біздің додаға енгізуді қалады. Ал бұған біздің футболшылар дайын емес. Бізде әлі кәсіби футболшы түсінігі көптеген ойыншыларда қалыптаса қоймаған. Ал олар, яғни өз істерінің кәсіби мамандары – футболшыларға имандай сенеді. Футболшылар өз міндеттерін келісімшартта көрсетілгендей, мүлтіксіз орындаулары керек деп ойлайды. Осындай қарым-қатынасқа үйреніп алған. Олардың шеше алмаған проблемасы осы болды.
– Жақында бас бапкерлік қызметке Владимир Вайссты бекіттіңіздер. Словакия бапкері «Қайратқа» несімен лайық? Әлде оның бұрынғы жетістіктеріне мән берілді ме?
– «Қайратқа» бапкер табумен біраз айналыстық. Испан бапкерлері кете салысымен емес, соңғы төрт айда өзімізге қажетті маманды сабыла іздегенбіз. Біршама бапкерлермен кездесіп, емен-жарқын әңгімелестік. Солардың ішінде Владимир Вайссқа тоқталдық. Бірден айтайын, жаңа өзіңіз айтқандай, бұрынғы жетістіктеріне мән беретін болсақ, Вайсс секілді бапкер Қазақстанға әлі келген жоқ. Вайсс – Словакия құрамасын әлем чемпионатына алып шыққан маман. Вайсс – Чемпиондар лигасында Еуропаның азулы клубтарына өз командасымен қарсы тұра білген жаттықтырушы. Түсіне білген адамға мұның бәрі – ерен жетістік. Содан соң Вайсстың орыс тілінде жақсы сөйлейтіндігіне де мән бердік. Бұл да маңызды. Тағы бір маңыздысы, ол Ресейде жұмыс жасаған. Ал Ресей мен бізде ұқсастық көп. Ол – словак, яғни менталитетінде де ұқсастық бар. Ал маман ретінде айтарым, Вайсс – біздің елге келген өте білікті бапкерлердің бірі. Бұл тұрғыда біз аталмыш маманның біздің елде жұмыс жасауына келісім бергеніне қуануымыз керек. Өйткені оған «құда түсіп», «сөз салған» клубтар аз болған жоқ. Ресей клубтарының бірі тіпті үлде мен бүлдеге орауға дайын еді. Еуропадан да ұсыныстар түскен. Бірақ біз оған өзіміздің алдағы жоспарларымыз бен ойларымызды жеткізе білдік. Ол соның бәрін түсініп, келісім берді.
– Бізде бір жаман әдет бар. Сырттан келген бапкерлер көмекшілерін де, нөкерлерін де ала келеді. Өз бапкерлеріміз керексіз болып қалады. Өзіміздің бапкерлер осындай білікті маманның тым болмаса көмекшісі болып жүрсе ғой.
– Вайсс олай «нөкерлерімен» келмейді. Өзінің бір ғана көмекшісін әкеледі. Содан соң жаттығу жиындарына, жалпы, күш-қуат дайындығы маманы келуі тиіс. Қалғандары өз бапкерлеріміз болады. Вайсс олармен жұмыс жасауға келісімін беріп отыр.
– Кеңес Одағы тұсында «қазақтың «Қайраты» болған клубтарыңыз сол дәрежеге қайта көтеріле ала ма? Қайтадан халық сүйіспеншілігіне ие болып, Еурокубок додаларында доп тебетін бола ма?
– Мен сөзімнің басында айтып өттім ғой. Біз, жалпы, өз футболымыз бен «Қайрат» клубында осынша проблемалар бар екен деп мүлде ойлаған жоқпыз. Біз қазір бәрін де жаңадан бастап, жаңа клуб құрып жатырмыз. Біздің клубымызда заман талабына сай жаңа лауазымдар мен қызметтер пайда болды: маркетинг департаменті, спорттық директор, ойыншылар таңдау қызметі, балалар академиясы тағысын тағы. Бұлардың бәрі бұрын атымен болмаған. Былайша айтқанда, бұрынғы клубтан ештеңе қалмаған. Каблуков көшесіндегі базаның өзі өртеніп кетіп, жермен-жексен болған. Ел «Қайрат» деген клуб бар деп ойлады. Бірақ мұндай клуб жоқ еді. Тек аты бар, эмблемасы сақталған. Болды! Қазір біз «Қайратты» қайтадан қалпына келтіріп жатырмыз. Клуб деген күзетшіден бастап, бас бапкерге дейін өз ұжымына берілген, шежіресін дәріптейтін қызметшілер болуы керек. Біз қазір балалар мектебін ашумен қатар, жас ойыншылар мен «Қайрат» клубының барлық жұмысшыларын тәрбиелеумен айналысып жүрміз. Бұл тұрғыда бізде толық бағдарлама жасалған. Олардың бәрі «Қайрат» деген не екенін білу үшін лекциялар өткіземіз. Үлкен демей, кіші демей, «Қайрат» клубының барлық мүшесіне біздің жанкүйерлеріміз бар екенін, біздің ардагерлеріміз бар екенін, біздің ел қызығатындай тарихымыз бар екенін айтып түсіндірудеміз. Мен «Қайраттың» ізбасарлары жаттығып жүрген жерге барып, олардан команданың тарихы жайлы сұрасам, ешкім ештеңе білмейді. Тіпті қай жылы құрылғанынан да бейхабар. Тек бір топта бір бала Құралбек Ордабаевты атады. Бітті! Қазіргі команда сапындағы ойыншыларды да жарытып танымайды. Ал ағылшын клубтарында кімдердің ойнайтындарын жатқа соғады. Испания мен Англия құрамаларын түгелдей судыратады. Ал өз клубтарының тарих-шежіресін білмейді. Сұмдық қой! Енді ардагерлер күнделікті жаттығу алдында бір-бірлері туралы айтып, дәрістеме сабағын өткізеді (политзанятие). Сонда олар ардагерлерді көзбе-көз көріп, естерінде сақтайтын, танитын болады. Әрі олардан тарихты тереңірек білетін болады. Мен «Қайраттың» жейдесін киген әрбір жеткіншек оның шежіресін білуі керек деп ойлаймын. Олардың бәрі де «Қайраттың» жейдесін кигендерін мақтан тұтулары керек. Осы бағытта нақты жұмыстар қолға алынуда.
Ал дәл қазір осындай орын аламыз, осындай жетістікке қол жеткіземіз деп айту – әбестік. Бұл өзіңді-өзің алдау болады. Жалпы, біз алдағы үш жылға клубты жетілдіру стратегиясын жасап бекіттік. Үш жылға футболшыларды, бапкерлерді таңдап алу қағидаларын белгіледік. Клубтың философиясын айқындадық. Барлық жұмысшылар мен қызметкерлер штатын және олардың міндеттерін бекіттік. Қаңтар айынан бастап осы жаңа үлгіде жұмыс жасайтын боламыз. Әрине, мен жанкүйерлерді де түсінемін. Олар жеңісті күндерді сағынды. Зарығып күтіп жүр. Өз кезегімде, жанкүйерлердің үміттерін үзбеулерін сұраймын. Бірер жылдан соң, жақын болашақта біз Еуропа лигасы мен Чемпиондар лигасында ойнайтын боламыз деп ойлаймын. Әрі оған сенімдімін. Мен оған шүбә келтірмеймін. Тек бізге уақыт керек. Біз бірінші кезекте клубты толығымен қайтадан қалпына келтіріп, аяғына тік қойып алайық. Қазір біз бағыт-бағдарымызды айқындап, алдымызға мақсат қойып, клуб философиясын енгізіп, жетілдіру стратегиясын бекіттік. Бәрі ретімен, бәрі өз орнымен жүзеге асуы керек.
– Қайрат Советайұлы, кешіріңіз, сіздер «Қайратқа», шынымен де, ұзаққа келдіңіздер ме? Әйтпесе «Қайратқа» жанашыр болып кім келмеді дейсіз?
– Осыншама маңызды да ұзақ мерзімді жобаларды қолға алып отырмыз. Егер ұзаққа келмесек, жоғарыда айтылған ауқымды жұмыстарды тереңнен бастар ма едік? Онда тек негізгі құрамның бүгінгі ойынына ғана мән беріп, тезірек тұшымды нәтиже көрсетуге тырысар едік қой. Ауызекі тілмен айтқанда, «Қайрат» – біздің ұжымымыздың бір бөлігі.
– Қыркүйек айында КСРО және «Қайрат» клубы ардагерлері арасында өткізілген жолдастық кездесудің мақсаты не?
– Жақсы сұрақ. Бірақ менің негізгі мақсаттарымның бірі – клуб ардагерлерін де ұмытпау. Солардың да жағдайын ойлап, оларға да қуанышты сәттер сыйлау. Ардагерлеріміз өздерін әлі де «Қайраттың» бір мүшесі ретінде сезініп жүрсе екен деймін. Әлі де «Қайрат» жасампаз» деп кеуделерін мақтаныш кернеп жүрсе деймін. Өзіңіз білесіз, сол кезде қазақстандық футболшылардың бәрінің, әсіресе теңбіл доптың соңына түскен әрбір жас баланың арманы «Қайраттың» сапында ойнау еді ғой. Соны да ұмытпайық. Ал сіз тілге тиек етіп отырған матч жөнінде айтарым, бұл жай ғана ойын емес, біздің жоспарымызға енгізілген шара болатын. Біз ардагерлерге арнап қандай мәдени-спорттық шаралар өткізетіндігімізді жыл басында күнтізбеге енгізіп, бекітіп қоямыз. Туған күндерінде ресми түрде құттықтап, сый-сияпат көрсетіп отырамыз. Бұл ардагерлер үшін мереке ұйымдастыру мақсатында атқарылған іс болатын. Біз ардагерлердің бәріне де «Қайраттың» негізгі құрамындағыдай біркелкі киім үлгісін тараттық. Яғни олар әлі де біздің ойыншыларымыз бен мақтаныштарымыз.
– Сөз соңында ел футболындағы бір кінәрат жайлы сұрайын деп қипақтап отырғаным. Өйткені кейбіреулер бұл сұраққа нақты жауап бере алмайды. Қазақстан чемпионатындағы төрешілер қызметіне көңіліңіз тола ма?
– Бірден айтайын, көңілім толмайды. Біздегі төрешілердің деңгейі өте төмен. Біз өзіміздің төрешілер шешіміне наразы екенімізді маусым барысында ашықтан-ашық білдірдік те. Қайталап айтайын, біз ел чемпионатындағы төрешілер деңгейіне риза емеспіз. Біздегі төрешілер деңгейін көтеру керек. Семинарлар өткізіп, олардың біліктіліктерін арттыру керек. Тек Қазақстан чемпионатында қазылық етіп, өз қазанымызда қайнай бермеулері үшін басқа да додаларға төрелік етіп, тәжірибе жинақтауларына жағдай жасау керек. Мысалы, футболдан әлем чемпионатына қазылық етуге өзбек төрешісі барды. Ал бізден қазақ әлі барған жоқ. Осының өзі-ақ біздің төрешілеріміздің деңгейі төмен екендігін бідірмей ме?!