Білім беруге қаржы бөлу, инвестиция салу – болашаққа бөлінген үлес
Әбілғазы Құсайынов, Қарағанды облысының әкімі:
– Әбілғазы Қалиақпарұлы, еліміздің «индустриялы жүрегі» атанған облыста ілкімді істер аз емес. Бұл әмбеге аян. Бірақ уақыт бір орнында тоқтап қалмайды. Уақытпен ілеспесе, экономиканың да айы оңынан тумасы анық. Елімізде Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруда Қарағанды облысы көш бастап тұрғаны мәлім. Әңгімеміздің әлқиссасын осыдан бастасақ...
– Қойнауы қазынаға толы Қарағанды – басқа өңірлер қарап бой түзейтін еліміздің индустриялы тірегі. Мұнда Қазақстанда бұрын-соңды шығарылып көрмеген жоғары сапалы өнім өндіруге мүмкіндік беретін идеялар көтеріліп, нақты жобалар жүзеге асырылуда. Ел игілігі үшін жасалып жатқан осынау оң істерге Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев облысымызға келген жұмыс сапарында «Қарағанды дамудың алғы сапында келе жатыр» деп жоғары бағасын беріп кеткенін өзіңіз де білесіз.
Қазақстан Республикасының 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру барысында айтарлықтай табысқа қол жеткіздік. Нақты цифрларға жүгінетін болсақ, 2011 жылы өнеркәсіптік өндіріс көлемі – 1 298,7 млрд теңгені, АКИ – 102,3%-ды құрады. 2010 жылдың басынан бері негізгі капиталға 542,2 млрд теңге инвестиция салынды. Индустрияландыру картасына 304,6 млрд теңгеге 56 инвестициялық жоба енгізілді, 6 мыңнан аса жұмыс орны құрылатын болады. 2011 жылы жалпы сомасы 36 млрд теңгені құрайтын 24 жоба іске қосылды. Оларда 1,5 мыңнан аса адам жұмысқа орналастырылды.
– Республикалық Индустрияландыру картасына жобаны енгізу талаптары қандай? Биыл облысымызда өндірістер қатарын толықтыратын жобалар туралы айтсаңыз...
– Бүгінде ел Үкіметі Индустрияландыру картасына жобаларды енгізу ережелерін бекітті. Индустрияландыру картасына жобаны енгізу талаптары күшейтіліп отыр. Бұдан былай кез келген жоба оның қаржыландыру көздері, шикізат, сату нарықтары әбден пысықталған жағдайда ғана енгізілетін болады. Біздің облысымыздан Индустрияландыру картасына, жоғарыда айтқанымдай, 56 жоба енгізілді. Оның екеуі республикалық, қалған 54-і өңірлік мәнге ие. Олардың барлығы нақтыланды. Облыс әкімдігі барлық жобаның жүзеге асырылуына, олардың жобалық қуаттылығына шығуына тұрақты түрде мониторинг жасайды.
Биыл Индустрияландыру картасы шеңберінде тоғыз инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде «Арселор Миттал Теміртау» АҚ көмір департаментінің Ленин атындағы шахтасында метан газын пайдалана отырып, электр энергиясын өндіретін пилоттық жоба қазірдің өзінде жұмыс істеуде. Бұл көмір метанын қайыра өңдеп, одан электр энергиясын алатын алғашқы қондырғы болып табылады. Сонымен қатар Жезқазған қаласында «Ютария» ЖШС тігін цехы мен «ТНК «ТИАТР» ЖШС полиэтилен құбырларын шығаратын жобалар іске қосылды.
ҚР мемлекеттік Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енген жобалардың барлығы бірдей жобалық қуаттылығына шыға алмағандықтан, бүгінгі таңда жобаларды іріктеу өте қатаң түрде жүргізілуде. Негізінен, бәсекеге қабілетті өнім шығаратын жоғары технологиялық, инновациялық жобаларға басымдық беріліп отыр.
Кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдаудың барлық тетігі туралы құлағдар ету мақсатында өткен жарты жыл бойы көшпелі кеңестер өткізілді. Осының нәтижесінде «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 43 кәсіпорынға несиелерін ішінара субсидиялау мен кепілдендіру бойынша жалпы сомасы 8,4 млрд теңгеге қолдау көрсетілді. Сондай-ақ 10 жобаға инженерлік инфрақұрылым құрылысы мақұлданды. Осы жұмыстардың арқасында облыста 4 мың жұмыс орны сақталып, жаңадан 600-ден аса жұмыс орны ашылды.
Инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін инвесторларға қызмет көрсететін орталық аштық. Онда жобалардың тиісті портфелі жасақталады. Тағы бір айта кетерлік жағымды жаңалық: биыл қазан айында «Қарағанды Инвест – 2012» халықаралық форумын өткізгелі отырмыз. Форум барысында шет мемлекеттер мен біздің кәсіпкерлеріміз бірімен-бірі тікелей әріптестік қарым-қатынастар орнатуға тамаша мүмкіндік алады.
Ерекше айта кетерлік бір жаңалығымыз: облыс орталығындағы индустриялық парк аумағында «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Бүгінде 33 компанияның тізімі жасалды, олар инвесторлардың қаржылық әлеуеті расталған жағдайда өздерінің инвестициялық жобаларын осы аймақта жүзеге асыратын болады. Жыл соңына дейін ЕЭА инфрақұрылымы, сондай-ақ жалпы құны 8,8 млрд теңгені құрайтын екі жаңа жоба іске қосылады.
– Енді Елбасы Жолдауынан туындаған міндеттерге келсек. 1200 шақырымға созылатын Жезқазған – Бейнеу және Арқалық – Шұбаркөл екі теміржол желісі құрылысынан не күтеміз?
– Иә, ел Президенті Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында ғасырлық мәні бар ғаламат жобаларды көтерді. Атап айтар болсақ, биыл Жезқазған –Бейнеу және Арқалық–Шұбаркөл теміржолдарының құрылысы басталды. Олардың жалпы ұзындығы –1202 шақырым, құны 694 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде Қарағанды облысынан өтетін теміржолдың ұзындығы – 500 шақырым, ал жалпы сомасы – шамамен 300 млрд теңге шамасында.
Бұл жобаны жүзеге асыру жүк пойыздарының жаңа бағыттарын ашып, жол ұзақтығын қысқартып, жүк тасымалын едәуір жеңілдетеді. Ол өңір кәсіпорындарының дамуына жаңаша серпін береді. Аймақтың экспорттық әлеуеті артып, әлеуметтік инфрақұрылым нысандары ашылады. Мыңдаған жұмыс орны құрылады, жергілікті бюджетке түсетін түсім көлемі де көбеймек. Құрылыс барысында жергілікті еңбек ресурстары, құрылыс материалдарын, құрал-жабдықтар мен техникалар пайдаланылады.
Жезқазған-Сексеуіл учаскесінде үш учаскелік және үш аралық стансы салу жоспарланып отыр. Осы стансыларда тұрақты түрде 901 жаңа жұмыс орны ашылады. 171 екі пәтерлі үй, екі орта және үш бастауыш мектеп, бес балабақша, амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт және басқа да әлеуметтік-мәдени нысандар бой көтереді.
Арқалық – Шұбаркөл теміржолы құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесі бойынша Қарағанды облысының аумағында үш аралық стансы, бір разъезд және Шұбаркөл жаңа стансысын салу жоспарда. Бұларға вахталық әдіспен қызмет көрсетілмек. Ол үшін жаңадан 189 жұмыс орны құрылмақшы. Бір сөзбен айтқанда, осы жобаларды жүзеге асырудың тек Жезқазған, Шұбаркөл өңірлері үшін ғана емес, жалпы облысымыздың, бүкіл еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосылған қомақты үлес болары сөзсіз.
– Туристік кластерге сұранып тұрған Балқаш, Қарқаралы, Ұлытау туризмін дамытудың мүмкіндіктерін жіктеп бере аласыз ба?
– Өте орынды мәселені қозғап отырсыз. Себебі туризм – әлемдік экономиканың шапшаң дамып келе жатқан салаларының бірі, халықаралық қызметтерді көрсетуден жоғары пайда келтіретін және қарқынды дамушы сегменттердің бірегейі. Әлемнің көптеген елінде туризм – валюталық түсімнің негізгі көзі. Міне, сондықтан да бүгін осы саланы барынша дамытуға мемлекет тарапынан баса назар аударылып отыр. Оның үстіне Қарағанды облысының ерекше табиғи ресурстары, жайлы географиялық жағдайы туризмнің барлық түрін дамыту үшін кең мүмкіндіктер ашады.
Өзіңізге белгілі, Қарағанды облысы Сарыарқаның тарихи-географиялық аймағының негізгі бөлігін алады. Облыста Қазақстанның Швейцариясы атанған әсем Қарқаралы таулары, Балқаш көлі, көшпенділер мәдениетінің орталығы болған Ұлытау, Алаша хан мен Жошы ханның кесенелері, атақты Қоянды жәрмеңкесі және Ұлы Жібек жолы, Кент, Бақты, Қызыларай, Ұлытау таулары мен Нұра, Сарысу және басқа да көлдер орналасқан.
Арқаның алтын тәжі саналатын Қарқаралы – Қарағанды облысының ең көне қалаларының бірі. Бүгіндері Қазақстанның экономикалық және мәдени өмірінде Қарқаралы ауданы маңызды рөл атқарады. Қазақ жерінің тағы бір киелі топырағының бірі – Жезқазған аумағында 1500-ден астам тарихи және мәдени ескерткіш бар екені белгілі. Әсіресе жүрегі елім деп соғатын қазақтың әрбір азаматы үшін Ұлытау өңірінің орны бөлек, маңызы ерекше. Ұлытау – қазақ халқының тарихи орталығы, дала өркениетінің көне мәдениетінің кіндігі. 2011 жылы «Ұлытау-ел» туристік кешенінің құрылысы жобасы Қарағанды облысының Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданының 2012-2017 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына енгізілді. Жобаны іске асыру 2013 жылы басталады.
Шілде айында Қарқаралы ауданында бұқаралық ақпарат құралдары мен республиканың ірі туроператорларының өкілдері үшін – ақпараттық тур, балалар мен жасөспірімдер туризмін дамыту үшін «Менің Отаным – Қазақстан» республикалық жорығының облыстық кезеңі ұйымдастырылды. Осындай бірқатар жұмыс жүргізілуде.
– Шағын қалалар бағдарламасына енген аймақтағы сегіз қалашықтың құты қалай кіріп, ырысы қайтіп тасымақ? Бағыт айқын, бағдар нық па?
– Әрине, өзіңіз білесіз, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында ел Үкіметіне шағын қалаларды дамыту бағдарламасын жасауды тапсырған болатын. Осыған орай әзірленген кешенді құжатқа біздің облысымыздан сегіз бірдей қала енгізілді. Бұл қалаларда жалпы облыс тұрғындары – 44%-ды, өнеркәсіп көлемі – 75 %-ды, ал негізгі капиталға инвестиция көлемі 50%-ды құрайды. Міне, осыдан-ақ біздің облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына қаншалықты зор әсері болатындығын бағамдай беруге болады.
Сіз айтқан сегіз қаланың ішіне даму әлеуеті жоғары Жезқазған, Теміртау, Балқаш және даму әлеуеті орташа Қаражал, Саран, Сәтбаев, Шахтинск, Абай қалалары кіреді. Барлық көзден тиісті қаражат толық көлемде бөлінген жағдайда 2020 жылға қарай аталған қалаларда 2011 жылмен салыстырғанда өнеркәсіптік өнім көлемінің өсімі 10 пайыздан төмен болмайды. Ұзақ мерзімді экономиканы әртараптандыру үшін жалпы сомасы 150 млрд теңгені құрайтын 10 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 3 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылады. Белсенді жұмыс істейтін шағын кәсіпорындар саны төрт есеге көбейіп, 8 мыңнан асады. Шағын және орта бизнестің инновациялық белсенді кәсіпорындарының саны 180 бірліктен төмен болмайды. Ол 2011 жылғымен салыстырғанда екі есеге артық. Әлеуметтік, инженерлік-коммуникациялық және көліктік инфрақұрылым жағдайы әлдеқайда жақсарады.
Жалпы алғанда, осы көрсеткіштерге қол жеткізудің шағын қалалар тұрғындарының әл-ауқатын арттырып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосылған қомақты үлес болары сөзсіз.
– Облыстың тоғыз ауданының барлығы дерлік ауыл шаруашылығына арқа сүйейді. Қыр қазағы төрт түлігінің өсіп-өнуіне алаң...
– Оныңыз рас. Кезінде Кеңестер Одағы тарап, шаруашылықтың тоз-тозы шыққан уақытта ауылдағы ағайындар біраз қиындықты бастан кешірді. Дегенмен бүгін жағдай мүлде басқаша. Тәуелсіздіктің 20 жылында қаншама өзгеріс болды. Егемен еліміз еңсесін тіктеп, әлемдік аренада өзінің лайықты орнын алды. Экономиканың барлық саласы қарқынды дамып келеді. Оның ішінде аграрлы өнеркәсіп кешенін дамытуға Елбасымыздың өзі қатты мән беріп отыр. Жыл сайын республикалық бюджеттен осы саланы дамытуға қыруар қаржы бөлініп жатыр. Кешенді бағдарламалар жүзеге асырылуда. Бұл орайда біздің облысымызда да атқарылып жатқан шаруалар аз емес. Бүгінгі біздің алдымызға қойып отырған ең басты мақсатымыз – АӨК өнімі өндірісін тұрақты өсіру негізінде облысымыздың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Осы мақсатқа жету үшін Қарағанды облысының АӨК индустриялық-инновациялық дамытудың 2011-2015 жылдарға және 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған шаралар кешені бойынша жұмыстар жалғасын табуда. Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы малдарының басын көбейтуге, олардың асыл тұқымдық және өнімділік сапасын жақсартуға, жаңа технологияларды қолдану, машина-трактор паркін жаңарту арқылы ауыл шаруашылығы дақылдары өндірісін арттыруға, АӨК барлық сферасында кең көлемді инновациялық-инвестициялық жобаларды іске асыруға мүмкіндік туады.
Нақты цифрларға жүгінетін болсақ, 2011 жылдың нәтижелері бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімі барлық шаруашылық санаттарында 119,8 млрд теңгені құрады, оның ішінде өсімдік шаруашылығы – 52,0 млрд теңге, мал шаруашылығы өнімі – 67,5 млрд теңге, ауыл шаруашылығының жалпы өнім индексі – 2010 жылмен салыстырғанда – 113,3 пайыз.
Облыстағы ауыл шаруашылығы құрылымдары – 6776, оның ішінде шаруа және фермерлік шаруашылықтар – 5682. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындары – 194. Ірі қара мал басының саны облыс бойынша – 404,1 мың, оның ішінде сиыр саны – 197,8 мың бас. Қой саны 1027,6 мың басты құрайды. Жылқы саны былтырғымен салыстырғанда 10 пайызға өскен. Құс саны 20,8 пайызға өскен, яғни 2752,3 мың басты құрайды.
Аймағымызда «Ірі қара етінің экспорттық әлеуетін дамыту» жобасы жүзеге асырылып жатыр. «ІҚЕ экспорттық әлеуетін дамыту» жобасының негізі – ұсақ және орта фермерлік шаруашылықтарды қолдау арқылы дамыту. Осы бағытта «ҚазАгро» ҰБХ АҚ фермерлік шаруашылықтарға жеңілдетілген несие түрі қарастырылған.
2012 жылғы жоспарға сәйкес, облысымызда 2000 мал бордақылау алаңын құру жоспарлануда. Сонымен қатар асыл тұқымды репродукторлар құрылмақшы. Биыл жоспарланған 1000 шетелдік селекциядан 293 ірі қара әкелінді.
Қой шаруашылығын және отарлы мал шаруашылығын дамыту бағытында бүгінге облыс бойынша аталмыш тапсырманы іске асыру мақсатында әр аудандағы жұмыс істеп тұрған және жөндеуді қажет ететін құдықтар анықталып жатыр. Сонымен қатар Қарағанды облысы қой шаруашылығын дамыту бағдарламасы бойынша пилоттық жобалардың қатарына еніп отыр. «ҚазАгро» ҰБХ АҚ-пен бірлесіп, тиісті жұмыстар атқарылуда.
– Әлеуметтің әлеуетін айғақтаушы білім мен денсаулық саласын Президент биылғы Жолдауында қадап айтты. Бұлардың таразы тасы өлкемізде тең бе?
– Білім беруге қаржы бөлу, инвестиция салу болашаққа бөлінген үлес іспеттес. Бұл – талас тудырмайтын ақиқат. Сондықтан жергілікті билік органы ретінде біз күнделікті жұмысымызда бұл мәселені айрықша назарда ұстап келеміз. Халқымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің «ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген аталы сөзі бар. Бала – біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі. Ал оларға түзу тәрбие беру, мектепке дайындау ісінде балабақшалардың алатын орны ерекше. Ғалымдардың пайымдауынша, бүлдіршіндерді үш жасынан бастап терең ойлау процесіне қатыстыру арқылы олардың мүмкіндіктерін дамыту қажет. Бұл мәселені шешуде де Қарағанды облысы алдыңғы қатарда келеді. Қазір облысымызда қаржының тұрақты бөлінуіне қарай балабақшалар мен шағын орталықтар жүйесі көбеюде. Атқарылған шаруалардың арқасында мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуда бір жастан алты жасқа дейінгі балалар – 85%-ды, үш жастан алты жасқа дейінгі балалар 97%-ды құрады. Бұл – Қазақстандағы ең жоғарғы көрсеткіш.
2013 жылдың алғашқы жартыжылдығында үш жастан алты жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды облыс бойынша 100 %-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз. 2012 жылы салаға 60 млрд шамасында қаржы бөлінді, бұл жергілікті бюджет шығындары құрылымында 30 пайызды құрайды.
Облыста үш ауысымдық оқыту жойылды, мектеп ғимараттарын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Қарағандыда 720 орындық Назарбаев зияткерлік мектебінің құрылысы аяқталуға жақын. Құрылыс республикалық бюджеттен қаржыландырылады, жобаның жалпы құны – 3 млрд теңге шамасында. 182 білім беру ұйымында жөндеу жүргізілді. Бұл мақсатқа облыс бюджетінен 2,3 млрд теңге жұмсалды. Өңір мектептерінің білім берудің қазіргі заманғы модельдерін әзірлеу бойынша инновациялық қызметі республика деңгейінде мойындалып, жоғары бағасын алды. Тағы бір айта кетерлігі, биыл республикада тұңғыш рет мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі шеңберінде Қарағанды мен Теміртауда 4700 орындық 15 балабақшаның құрылысы басталды. Бұл жоба балалардың мектепке дейінгі мекемелерге орналасу кезектілігі мәселесін шешуге мүмкіндік береді.
Биылғы жаңа оқу жылы қарсаңында Жезқазған қаласы, Ұлытау және Бұқар жырау аудандарында 800 орындық үш мектеп пайдалануға берілді. Қазіргі таңда Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында республикада Назарбаев зияткерлік мектебі жүйесі құрылуда. Қарағанды қаласында химия-биология бағытындағы мектеп құрылысы басталды. Аталмыш мектеп ағымдағы жылы пайдалануға беріледі.
Облыста алдыңғы қатарлы техникалық және кәсіби білім ұйымдарының желісін кеңейту жұмыстары жалғасуда. Өңірдегі 55 мемлекеттік кәсіби лицей мен колледждің 33-іне инновациялық технологиялар енгізілген. Бұл оң нәтижелерін беруде. Атап айтсақ, инновациялық жабдықтармен қамтамасыз етілген Қарағанды политехникалық колледжінде 2011 жылы техникалық мамандықтар бойынша қабылдау 30%-ға өскен (бір орынға – жеті адам).
Қарағанды және Теміртау қалаларының политехникалық колледждер базасында Оңтүстіккореялық AhA компаниясымен біріге отырып, соңғы үлгідегі инновациялық оқыту жабдықтары шығарыла бастады. Жаңа құралдың аса қажеттігіне байланысты Білім және ғылым министрлігі, облыс әкімдігі, «Лидос LTD» ЖШС және AhA компаниясы арасындағы өзара ынтымақтастық меморандумы аясында «Сарыарқа» АЭА жоғары технологиялық интерактивтік жабдықтарды шығару зауытының құрылысы басталды. Өнім тек қазақстандық білім беру ұйымдарына ғана емес, ТМД елдеріне де жеткізілетін болады.
Білімді дамыту стратегиясын, оның сабақтастығын, 12 жылдық білімге ұйымдасқан түрде көшуді қамтамасыз ету, эксперименттердің жұмысын жалғастыру және инновациялық білім беру жобаларын реттеу үшін ағымдағы жылда білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығы ашылды.
Дана халқымыз «жетім көрсең, жебей жүр» дейді. Сондықтан да жетім балаларға әлеуметтік қолдау көрсетуді азаматтық парызымыз деп санаймыз. Облыста аталмыш санаттағы балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша 2013 жылға дейінгі кешенді жоспар жүзеге асуда. Оны жүзеге асыру барысында балалар үйі жанынан төрт жасөспірімдер үйі ашылды. Теміртау қаласындағы «Ақниет» жасөспірімдер үйінің жобалау қуаты кеңейтілді.
Қарағанды қаласындағы №30 кәсіптік лицейдің жатақхана ғимаратында 20 жастан 29 жасқа дейінгі балалар үйі түлектерінің уақытша тұруы үшін облыстағы алғашқы жастар үйі ашылды. Биыл мамырда балалар үйінің алғашқы 40 түлегі орналастырылды.
Ал енді денсаулық сақтау саласына келетін болсақ, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қарағанды облысында денсаулық сақтау саласы үнемі жетілдіріліп келеді. Қаржыландыру көлемі артып, емдеу мекемелері ашылып, қайта жаңғыртылып жатыр. Алғашқы медициналық-санитарлық, жедел жәрдем және стационарлық көмек те қарқынды дамып келеді. Ана мен баланың денсаулығын қорғау ісінде де айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Емдеу мекемелерін қазіргі заманғы медициналық техникалармен жабдықтау, алдыңғы қатарлы медициналық технологияларды енгізу халыққа қызмет көрсету сапасын арттыра түсуге, әр азаматтың, әр отбасы мүшесінің денсаулығын нығайта түсуге зор ықпал жасап келеді. Жалпы облыс бойынша медициналық-демографиялық және тұрғындардың денсаулық көрсеткіштерінің оң тенденциясы сақталып отыр.
Сәбилер өлімі мен туберкулез сырқатынан өлім деңгейі едәуір төмендеді. Ал қан айналымы жүйесінің ауруларынан өлім көрсеткіші 50 пайызға төмендеді. Қатерлі ісік ауруымен ауыратын науқастардан бес жыл және одан да көп уақыт өмір сүретіндердің үлес салмағы 58 пайызды құрады. Бұл –республикадағы ең жоғарғы көрсеткіштердің бірі. Осының бәрі өңірлік денсаулық сақтау саласына мемлекет басшылығы, жергілікті билік органдары тарапынан көрсетілген қолдаудың нақты нәтижесі болып табылады. Сөзіміз дәлелді болуы үшін кейбір цифрларды атай кетейін. Тек қана соңғы бес жылдың ішінде сала бюджеті 2,5 есеге артып, 44,5 млрд теңгені құрады. Алғашқы медициналық-санитарлық көмектің әлеуметтік бағдары да айқын сезіле түсті. Сонымен қатар өткен жылдан бастап түпкі нәтижеге қол жеткізу индикаторларын ескере отырып, жан басына шаққандағы нормативтің ынталандырушы компоненті енгізілді. Бұл медицина қызметкерлерінің еңбекақысын көтеруге ықпал жасады.
Медициналық қызмет сапасын арттыруға бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізу де әсерін тигізіп отыр. Бүгінде осы жүйемен өңірдің 76 медициналық мекемесі жұмыс істейді. Бәсекеге қабілетті орта құру, түпкі нәтижеге байланысты еңбекақы төлеу, ашықтық сияқты негізі қағидаттардың арқасында диагностика мен емдеудің жаңа технологиялары енгізіліп, мамандандырылған көмектің сапасы арта түсті.
Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен Қарағанды облысы бірыңғай денсаулық сақтаудың ақпараттық жүйесін жүзеге асырудың пилоттық өңірі ретінде таңдап алынды. Бұл мақсатқа 2 млрд теңгеден артық қаржы бөлінді. Осы жылдың соңына дейін барлық медициналық мекемені осы жүйемен толық қамтамасыз ететін боламыз.
Жылдан-жылға медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасы нығайтылып келеді. Өзіңіз білесіз, жыл басында Қарағандыда жаңа емхана пайдалануға берілді. Облыстық кардиологиялық орталықтың хирургиялық корпусының құрылысы да аяқталуға жақын.
Бір сөзбен айтқанда, қарағандылық медицинаның аса зор кәсіби әлеуеті алдағы уақытта да денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға, сапалы және қолжетімді қызмет кешенін дамытуға, аурудың алдын алуға, салауатты өмір салтын насихаттауға мүмкіндік береді деген сенімдеміз.
– Әбілғазы Қалиакпарұлы, «Қазақстанның қоғам қайраткерлері» деген кітапта сіздің саяси қайраткер ретіндегі идеалыңызды – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев депті...
– Рас. Менің саяси қайраткер ретіндегі идеалым – Елбасымыз, ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. «Мемлекеттің пайда болуы – Құдайдың ісі, ал оны дамыту тұлғаға байланысты» деген көне грек ойшылы, адамзаттың ұстазы атанған Аристотельден қалған сөз бар екен. Міне, осы тұрғыдан қарайтын болсақ, қазақ жұрты өзінің сан ғасырлық тарихында тағдырдың талай талқысынан өтті, теперіш-тепкі көрді, азаттығы үшін жан аямай алысты. Не керек, сол Тәуелсіздік деген тәтті ұғымның дәмін тату, жемісін көру біздің ұрпақтың маңдайына жазылыпты. Егемендік алып, еңсемізді тіктедік. Есілдің бойына ел қондырып, Дүниежүзінде теңдесі жоқ Астанамызды салдық. Татулықты ту етіп көтерген қазақ елі бейбітшілік пен келісімнің ғажайып үлгісін әлемнің бүкіл еліне паш етіп отыр. Қазақстан экономиканың қай саласында да қарқынды дамып, алпауыт елдердің өзі қызыға көз салатын әлеуетті мемлекетке айналды. Осының бәрін мен, ең алдымен, біздің Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен байланыстырамын. Ол – тек жалғыз менің ғана идеалым емес, Қазақстанның әрбір азаматының қадірлеп, құрмет тұтатын теңдессіз тұлғасы.
– Олай болса, Президент мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге әрбір қазақ азаматының үлес қосуы тиістігін атап айтып, «қазақ пен қазақ ана тілінде сөйлесуі керек» деген еді. Мұнымен Елбасының, ең алдымен, ана тілімізді өзіміз құрметтеуіміз қажеттігін нұсқағаны белгілі...
– Бүгінгі таңда Қарағанды облысында мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруда бірқатар жұмыс жүргізілуде. Мемлекеттік тілді қоғамның барлық саласына енгізу мақсатында атқарылып жатқан шаралар тілдік ортаны қалыптастыруға, еліміздің тіл саясатын жүзеге асыруға, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға, жаңа инновациялық технологияларды қолдана отырып, азаматтардың оны оқып-үйренуі үшін жағдай жасауға, тіл мәдениетін, қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Тілдерді оқыту орталықтары ашылып, онда ересектерге қазақ тілін үйрету жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп отыр. Бүгінде облысымызда тілдерді оқытуға арналған төрт арнайы оқыту орталығы жұмыс істейді. Олар – Қарағанды қаласында (облыстық) және Балқаш, Жезқазған, Шахтинск қалаларында. Сонымен қатар орыстілді халқы басым Теміртау, Саран, Сәтбаев қалалары мен Абай, Бұқар жырау аудандарында тілдерді оқыту курстары жұмыс істейді.
Қазір аталмыш оқыту орталықтары мен оқыту курстарына облыс бойынша мемлекеттік тілге 708 тыңдаушы қамтылып, оқытылуда. Облыс тұрғындарын қазақ тілін үйренуге көптеп тарту мақсатында облыстық «Қазақстан-Қарағанды» телеарнасы бойынша «Тілашар» телеоқыту бағдарламасы ұйымдастырылды. Мемлекеттік тілді кеңінен насихаттау мен дамыту жұмысына әр салада үлес қосып жүрген тіл жанашырларына қолдау көрсету және ынталандыру мақсатында облыс әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығын тағайындау жоспарланып отыр. Келешекте де үйлесімді мемлекеттік тіл саясатын кезең-кезеңімен жүзеге асыру шаралары жалғасын тауып, жоспарлы жұмыстар ұйымдастырылады.
– Сұхбат соңында газет ұжымына, оқырмандарына бір ауыз лебізіңізді білдіре кетсеңіз...
– Бүгінде Елбасымыздың халықтың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік-экономикалық дамыту бойынша жүргізіп отырған саясатын халыққа жан-жақты жеткізетін ең алдымен бұқаралық ақпарат құралдары десек, қателеспейміз. Міне, осы орайда кейінгі жылдары қазақ баспасөзінің қадамдары, қарыштап дамып келе жатқандығы қуантады. Атынан көрініп тұрғандай, бүгінгі қазақ қоғамының тыныс-тіршілігін жарқырата көрсетуді мақсат тұтқан «Алаш айнасы» газеті де осы қатардан ойып орын алады. Шыға бастағанына төрт-бес жылдың жүзі ғана болған басылым аз уақыттың ішінде оқырман қауымның сүйіспеншілігіне бөленіп үлгерді. Сондықтан алдағы уақытта да егемен еліміздің ертеңі жолындағы еңбектеріңізге табыс тілеймін, қаламдарыңыз мұқалмасын. Оқырмандарыңызды тартымды мақалалармен қуанта беріңіздер.
Әңгімеңізге рақмет!