Ауылдың бәсекелестік деңгейін көтермей, экономиканы өркендетеміз деу – бос сөз
Ғалижан МӘДИЕВ, экономика ғылымының докторы, профессор:
– Ғалижан Рақымжанұлы, қазірде біздің құзырлы тараптағылар экономиканы әртараптандыру мен елдің экспорттық мүмкіндіктерін ұлғайтуды агробизнесті дамытудан бастау қажеттігін жиі айтып жүр. Ауыл шаруашылығы саласына деген осындай жанашыр пиғылдан кейін «жүрісінен жаңылған» ауыл саласының адымы нықталатын тәрізді болып көрінеді. Сіз ғалым, білікті маман ретінде ауылды дамыту тұрғысында таразылап, талқыға салып, үкіметтік деңгейде қабылданып жатқан жобаларға нендей баға берер едіңіз?
– Біле білген кісіге агробизнесті дамыту, ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге терең мән беру – өте орынды дүние. Ауылдың экономикасын көтеру басқа салалардың дамуына тікелей ықпал етеді. Ауылды көтермей, мемлекеттің экономикасын көтеру мүмкін емес. Рас, біз осы мақсатта бірнеше жобаларды, бағдарламаларды қабылдап, түрлі реформалар легін сарапқа салып жатырмыз. Олардың ішінде көңілге қонымдысы да бар. Сондықтан өз басым ауыл шаруашылығын дамытуға байланысты атқарылып жатқан шараларды қолдаймын. Реформалар легінен үміт күтемін.
– Рас, біз ауылды дамытуға қатысты біршама бағдарламалар легін қабылдадық. Реформаларға реңк бердік. Әйтсе де ауылдың нарықтық қағидасы әлі қалыптасып үлгерген жоқ. Біз осы ауылдың жоқ-жітігін түгендеуде неге қауқарсыздық танытып отырмыз?
– Иә, бұл ретте өзіндік олқылықтардың да орын алып жатқанын жасырып қалмауымыз қажет. Мысалы, байыптағанға біздің қазақ елінің ауылшаруашылық өнімдері республика халқының сұранысын қамтамасыз етіп қана қоймай, әлемдік саудаға шығуға потенциалы бар. Ал біз осы мүмкіндікті дұрыс пайдалана алмай отырмыз. Әлемдік тәжірибедегі экономикалық даму эволюциясынан туындайтын басты ұстанымдар шоғырландырылған өндірістің экономикалық тиімділігін пайдалану үшін нарықтық инфрақұрылымдарды қалыптастыру. Ауылшаруашылық өнімдері нарыққа биржа саудасы мен көтерме сауда арқылы тұтынушыларға ұсынылуы тиіс. Бізде бұл құбылыс осы уақытқа дейін қалыптаспаған. Сол себепті ауыл өнімдеріне белгіленетін баға өзіндік құнынан төмен. Бұл, біріншіден, осы салада ұдайы өндірістің құлдырауына әкелсе, екіншіден, бұл салаға инвестиция құюға кері ықпал жасауда. Егер халықаралық тәжірибені оңтайлы пайдалана алсақ, өзге дамыған елдердің ауылды мемлекет тарапынан қолдау және агробизнесті ұтымды ұйымдастырған жақсы жақтарын алуға тырысып қалуымыз қажет. Міне, біздің агробизнесті дамытуда ұстанатын басты қағидамыз осы болуы тиіс. Біз алдымен өз өнімдеріміздің арасында өзара бәсекеге қабілеттілік тудыруымыз керек. Соған жағдай жасауымыз қажет. Одан кейін барып өзге де ауыл шаруашылығы саласына қатысты секторларды өркендетуге ден қойсақ, нұр үстіне нұр болар еді... Жасыратыны жоқ, біздің ауылдар әлі де болса экономикалық құлдыраудан түбегейлі арыла алмай отыр. Кезінде экономикалық реформаның сауатты жүргізілмегенінің зардабын ауылдағы ағайын әлі тартып отыр. Экономикалық қағиданы толық игере алмау ауылдың әлеуметтік-экономикалық ахуалын күрт төмендетті. Ал қазір шырт ұйқыдан оянғандай «ауылдың кәсіпкершілік қабілетін арттырамыз» дейміз. Өзіңіз ойлап қараңызшы, ауыл кәсіпкерлігіне жағдай жасалмаған ортада оны қалай дамытасың? Ірі кәсіпорындарды жекешелендіру кезінде орын алған кемшіліктер шоғырланған өндіріс орындарының тиімділігінің төмендігі өзара байланысы бар құрылымдардың ішкі қатынастарын үзді. Жіберілген кемшіліктер мен қателіктер бір ғана бұл әрекетпен шектелмейді. Мысалы, нарықтық экономикада жер басты өндіріс құралы ретінде бағалануы керек еді. Жер қатынасын реттеу және оны пайдалану дифференциалды рента арқылы жүргізілуі керек еді. Бірақ ол осы уақытқа дейін шешімін таппай келеді. Нарықтық экономиканы жетілдіру тек жүйелі түрде негізделген ұстанымдарды талап етеді. Соның жоқтығынан ауылда тек қауқарсыздық орын алып отыр. Нарықтық жүйені қалыптастыруда экономикалық қағидаларды жетік игеріп, жіті бақылау басшылыққа алынғанда біздің қоғамды қауқарсыздық жайлап алмаған болар ма еді? Ал біз ауылға «Өз күніңді өзің көр!» деген ұран тастадық та, қазақтың қара шаңырағын өз түтінімен тұншықтырдық. Мал басын жеке қожалықтарға беру арқылы мал шаруашылығын өзіндік деңгейінен күрт төмендетіп алдық. Қазір келіп «ауылдағы әрбір шаңырақта жоқ дегенде бес ірі қарадан болуы керек» деп дабыра саламыз. Менің бұл ретте айтарым, ауылды дамытуды осыдан он шақты жыл бұрын жекешелендіру саясатына алғаш енген тұста ойлану керек еді.
– Сонда сіз «бар күшті ауылға саламыз» деп жұмылып жатқандардың қазіргі ісін «мезгілінен кеш сермелген әрекет» деп ұғасыз ба?
– Менікі – ертерек қамдану керек еді деген өкініш. Біле білсеңіз, экономикадағы басты қағиданың бірі – кәсіпкершілік қабілеті бар шаруашылықтарды ірілендіру, өндірісті шоғырландыра білу. Мұндай шаруашылықтарда білікті маман ұстау, заманға сай қуатты техниканы пайдалану қиындық туғызбайды. Біз нарық талабына сәйкес шетелдің тәжірибесін толық қолдана алмай отырмыз. Бұл бізге шалағайлықтың дәмін татып, ішімізді удай ашытқаннан басқа еш пайда берген жоқ. Қазір ауылдағы бауырдан хал сұрасаң, олар бірден еңбек өнімділігінің төмендігін айтып, жұмыссыздық қамытының ауырлығына қынжылып шыға келеді. Ауылдағы ұдайы өндірістің экономикалық негізін жоғалтудан әлі де болса арыла алмай отырмыз. Қазірдің өзінде ауылдағы кәсіпкерлер тапқан табыстарына өндірісті қалыптастыруға мүмкіндік ала алмай отыр. Қазір ауылды дамыту тұрғысында атқарылған істерден гөрі қабылданып жатқан бағдарламалар сапы көп. Осыдан кейін «Өркендейміз, өркендетеміз!» деген ұранға ауыл баласы қайдан сенсін?
– Жалпы, Қазақстанның ауылшаруашылық алқаптарының көлемі Ресеймен тең түсіп, Үндістаннан озық шығып жатқанын қазір бірқатар елдер мойындап жүр. Бұл – елде агробизнес саласын өркендетуге мол мүмкіндік барын көрсетсе керек. Ал енді осы мүмкіндікті сауатты пайдалана алу үшін болашақта не істелінуі керек деп ойлайсыз?
– Ол үшін бізге, ең алдымен, ауыл шаруашылығын жаңа инновациялық технологияға көшіруіміз қажет. Мұндай жетістікке қол жеткізуде ауылдағы ұсақ шаруа қожалықтарын біріктіріп кооперативке шоғырландырсақ, ұтымды болар еді. Егер біз ұсақ шаруа қожалықтарын тұтас бір кооперативке айналдыратын болсақ, көп нәрседен ұтар едік. Қазір жалғыз-жарым жүріп, не жем-шөбіне, не дәнді дақылына қаржысы жетпей сансырап жүрген біраз шаруа қожалықтары көптеген мүмкіндіктерге қол жеткізер еді. Ауылдағы он шақты үй бірігіп, осы тәсілмен бір жыл жұмыс істеп көрсінші, түсім өте мол болар еді. Израильдық мамандардың айтуынша, Израильде кәсіпкерлікті дамытудың осы әдісі кеңінен белең алған. Ал бізге неге осылай бірікпеске? Егер біз осы тәсілді тиімді, сауатты түрде жүзеге асыра алсақ, ауылдың өндірістік қабілеті де артар еді, ауылда ірілі-ұсақты кәсіпорындар легі де бой көтерер еді.
– Соңғы кезде мамандар «агробизнесті дамыту үшін түрлі холдингтер, әл-ауқат қорларын құрумен қатар, оның тиімділігін арттыру үшін ауылға арналған қаржы ағымы шоғырланатын республикалық деңгейдегі ауыл шаруашылығы банкін құру мәселесін қарастырған жөн» деп жүр. Ауылдағы ағайынның ахуалын арттыруда бұл тиімді әдіс пе? Қалай ойлайсыз, әрқилы басқару орындарын көбейткеннен ауылды басқару оңала ма?
– Бұл – біздің өркениетті кәсіпкершілікке ұмтылған қадамдарымыздың бір парасы. Ауыл шаруашылығын қолдаудың негізгі көзі мұнда ғана жатқан жоқ. Десек те, мұндай банктер қажет. Мысалы, АҚШ-та қабылданған заңдар банкті елдің экономикасын көтеруге бағыттандырып қойған. Ал біздегі банктер алдымен өз ұпайларын түгендеп алуға құлшынып тұрады. Бізге ауыл шаруашылығын төмен пайызбен несиелендіретін, ауылға ықыласы түсіп тұратын банктер ауадай қажет. Сіз білесіз, біз шетелдік тәжірибеге еліктеп, ауылға несиелік жүйе енгіздік. Десек те, бұл жүйе ауыл экономикасына терең сіңіп кете қойған жоқ. Ауыл шаруашылығында өндіріс тиімділігінің деңгейі төмен болғаннан кейін банк жүйесі де ауыл кәсіпкерлеріне несие беруге құлық танытпайды. Несие берген күннің өзінде мұндай тәуекелге бел буған банктер пайыздық төлемін жоғарылатып береді. Несиеге 14-15 пайыздық төлем қою – нақ қазіргі уақытта әлемде жоқ көрсеткіш. Әйтсе де бұл біздің елде бар. Өзге елдің барлығы несиені 3-5 пайызбен қайтарады. Несие ауылға өте тиімсіз. Оларға пайда табуға мүмкіндік берілмейді. Мысалы, банк жүйесі бір жылдың ішінде өздерінің активтерін екі есеге ұлғайтады екен. Ал ауыл шаруашылығы кәсіпкерлері өздерінің активтерін ұлғайтпақ түгіл, өзінде бар активін сақтай алмай отыр. Осындай ұтымды ұйымдастырудың жоқтығынан ауыл жұртының қабағы ашылмайтын деңгейге жетті. Жаңағы, өзіңіз айтқандай, «қарақұрым басқару орындарын көбейте бергеннен ауылды басқару жүйесі оңалмайды». Әйтсе де жоғарыда аталған олқылықтардың орнын толтырып, ауыл шаруаларының жоқ-жітігін жамайтын мақсаты болса, ауылға шынымен де пайдасы тиетін болса, агробанктер құрылуы керек.
– Білетін шығарсыз, біз таяуда саударабиялық инвесторларға ауыл шаруашылығы саласына инвестиция құю мақсатында игерілмей жатқан 3,5 млн гектар жерімізді бердік. Болашақта қазақтың игерілмей бос жатқан жерлеріне саударабиялық инвесторлар ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін зауыттар салып, азық-түлік өндірмек. Осы шетелдік инвесторларға экономикамызды өркендету мақсатында жер беру қандай да бір қауіпсіздігімізге нұқсан келтірмей ме?
– Меніңше, бұдан қорқудың қажеті жоқ. Мұндайда біз тек өзіміздің экономикалық қауіпсіздігімізге нұқсан келмей ме, ұлт мүддесіне қандай да бір зиян тимей ме, міне, осы жағын саралап алсақ болғаны. Шетелдік инвесторлармен келісімшарт жасаған сәтте осындай жайттарға басымдық беріп, ұпай түгендеуді ойласақ, біз бұдан тек қана пайда көреміз. Сондықтан тек тегеуріні мықты келісімге отырып алсақ болғаны. Қалғаны анағұрлым қауіпті емес. Бұл үрдіс бізге жаңа инновациялық технологияға көшуге, агроөнеркәсіп кешендерін мемлекеттік тұрғыда үйлестіруге септігін тигізеді деп үміттенгеніміз жөн.
– Біз осыдан үш жыл бұрын «ауылды жаңа инновациялық технологияға көшуге бағыттаймыз, ауылда түрлі өндіріс орындарын жасақтаймыз» деп, ауылды жерлерде «Агроөнеркәсіп кешендерін дамытуды мемлекеттік үйлестіру туралы» Заңды қабылдадық. Бірақ қазір ауылдағы ағайын не салынған өнеркәсіптің қызығын көрмей, не мал асылдандырудың жемісін татпай отырған жоқ па?
– Алға мақсат қою бар да, оны іске асыратын механизмдерді қалыптастыру мүлде бөлек. Ауылдың бәсекелестік деңгейін көтеру үшін, сөз жоқ, өндірісте инновациялық технология, жаңа техника қолдану қажет. Бұрын социалистік қоғамда қызмет еткен техника нарықтық кеңістікке сәйкес келмейтіні баршаға аян. Қалыптасқан бағадағы тепе-теңдіктің жоқтығы, ауыл өніміне бағаның төмендігі инновациялық технологияға, қуатты техникаға қол жеткізуге мүмкіндік тудырып отырған жоқ. Сапалы технология санаулы ғана кәсіпорындарда бар. Есіңізде болсын, инвестиция құйылмай, жаңа техника да, жаңа индустриалды технология да келмейді. Сондықтан алдымен баға тепе-теңдігін қалыптастыратын механизмдерді іске асырып барып, ауылды технологиямен қамтамасыз ету жағын қолға алған жөн деп ойлаймын.
Экономика ғылымын зерттеумен шұғылданып жүрген ғалымдар «еліміздің экономикалық саясатына күрделі өзгерістер енгізу керек» дейді. Менің ойымша, экономиканы дамыту үшін алдымен ауыл экономикасының ғылыми негізін қалыптастырып алуымыз керек. Табиғи ерекшеліктерімізді ескере отырып, соны ұтымды пайдалануға мүмкіндік туғызатын технологияны қолдансақ, бәсекелестік деңгейі жоғары сұранысқа ие болатын өнім түрлері халықаралық қатынасқа ие болар еді. Біз әлі де болса либералды көзқарастан арыла алмай жүрміз. Ғылыми негізі бар экономикалық саясатты қалыптастырмай, діттеген межеге жету тек қиял болып қалуы мүмкін. Экономикалық саясатта ғылыми негіздің болуы – ол экономикалық құрылымның сауатты қалыптасуының баспалдағы. Өкінішке қарай, бізде ғалымдарды экономикаға араластыру бетбұрысын қажетсінбейтіндер де бар.
– Ғылыми негіз дегеннен шығады, сіз «үкіметтің қасынан экономикалық құбылыстарды бақылап отыратын арнайы ғылыми кеңестер құрылуы қажет» деген пікірмен келісесіз бе?
– Бізде экономикалық қадамдарымызға ғылыми-зерттеулер жүргізетін орталықтар жоқ емес. Негізделген ғылыми ұсыныстар да бар. Бірақ көбінесе сол ғылыми ұсыныстар пайдаланусыз, ескерілусіз қалады. Өз басым мұның астарын ғылым мен экономика салаларын басқару жүйесіндегі сараптау жұмысының жетіспеушілігінен іздер едім. Сондықтан «экономикалық құбылыстарды зерттеп, сараптап отыратын ғылыми кеңестер ғана емес, ғылыми сараптау орталықтары да қажет» дер едім.
– Соңғы сұрақ. Сіз маман ретінде Қазақстанның өзге елдермен бәсекеге түсіп, «үзеңгі қағыстыра алатын кезеңі» деп қай уақытты тұспалдар едіңіз?
– Қайталап айтамын, біз либералдық нарықтық экономиканың төңірегінен шығып алмай, өзге елдермен ашық экономикалық бәсекелестікке түсе алмаймыз. Біз тек қана мұнай-газ саласына басымдық беріп, ықылас аудара бермей, ауылды кооперацияласақ, ауылға инновациялық технологияны игеруге жағдай жасасақ, мемлекет тарапынан қолдау, реттеу шаралары сауатты деңгейде жүзеге асса ғана өзге елдермен үзеңгі қағыстыра аламыз. Осы аталған түйткілдерді шешіп алмай, бәйгеге түсеміз деу астамшылық дер едім. Десек те, қандай жағдайда болсын үмітін маздатып ұстайтын қазақпыз ғой, бәлкім, айымыз оңынан туатын кез де алыс емес шығар.
Датым...
Бізде жабайы кәсіпкерлік кеңінен қалыптасып кеткен. Қазақстанның кәсіпкерлері қара басының қамын күйттеуден аса алмай жүр. Мемлекеттің жалпы экономикасына үлес қосуға олар асқан ынтызарлықпен бел шешіп кірісіп отырған жоқ. Дүниежүзілік сауда ұйымына енсек, біз ойдағыдай нәтижеге қол жеткізе алмайтынымыз туралы соңғы кездері экономикалық сарапшылар айтып та, жазып та жүр. Бұған, әрине, мен де қосыламын. Және мұны «құр айғай, бос дабыра» деп ұғынудың қажеті жоқ. Ауылдың бәсекелестік деңгейін көтермей, экономиканы өркендетеміз деу – бос сөз. Мысалы, ауылдағы әрбір жекеменшіктегі сиыр сүтінің өнімділігі – 2000 литр. Оның өзінің сапасы төмен. Ал сол ауылдың дүкеніне шетелдің жылтыраған қорапшасы бар, әдемі сәнделген сүтін апарып қойып көріңізші, біреу қызық үшін, біреу шын ниетімен сол сүтті алады. Бұл өзіміздің отандық өнімнің тағы өгейсіп қалатынын көрсетеді. Тағы бір мысал, бізде бұрын құс шаруашылығы индустрияландырған жоғары технологиялық деңгейде дамыған еді ғой, ал қазір сол құс шаруашылығының жұрнағы да жоқ. Бізде отандық өнімнің бағын байлау, отандық тауарды тұқырту көзқарасы әлі де басым. Міне, бізге экономикалық әлеуетімізді көтеру үшін алдымен осы көзқарастан арылу керек.