Ақша араласса, медицина саудаға айналады

Ақша араласса, медицина саудаға айналады

Айқан АҚАНОВ, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің ректоры, медицина ғылымының докторы, профессор:

– Айқан Ақанұлы, қалай ой­лай­сыз, елімізде жыл сайын қаншама студент медициналық мекемелерді тамамдап жатса да, қазіргі таңда қазақстандық дәрігерлердің 3 %-ын ғана жас мамандардың құрап отыруының себебі неде?
– Өзге жоғары оқу орындарын айтпай-ақ қояйын, мысалы, өзім басқарып отырған университеттен жылына 1,5 мыңнан астам түлек түлеп ұшады. Олардың 84 %-ның қолына дипломымен қоса, жолдамасын ұстатып жібереміз. Бірақ біздің ұсынысы­мызбен жас мамандарды қабылдайтын жұмыс орындарында оқуын жаңа тамамда­ған жастарға жеткіліксіз көңіл бөлінеді. Жас мамандардың әлеуметтік жағдайын жасау мәселесі де дұрыс қолға алынбағандықтан, бірқатар мәселенің туындауына түрткі болып отыр. Еліміздегі «дәрігер дағдарысы» көбіне ауылдық аймақта қатты сезілуде. Неліктен? Себебі басында баспанасы, қал­та­сында қаражаты жоқ жас маман ауылға қалай бармақ? Дәрігерлікті бітіргендердің бәрі бірдей өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді деп айта алмаймын. Мысалы, сол 84 % түлектің жартысынан көбі жолдама арқылы барған жерінде тұрақтап, жұмысқа қабыл­данады. Бірақ төрттен бірі шыдамай бұл қызметтен бас тартуға мәжбүр. Жалпы, бо­ла­шақ дәрігерді дайындау жүйесін, бола­шақ ұшқышты дайындаумен салыстыруға бола­ды. Неге десеңіз, оқуын енді бітірген ұш­қыш­ты бірден әуе кемесінің тізгінін басқар деп, ұшаққа отырғызбайды. Дәл сол сияқ­ты, мысалы, болашақ хирургте оқуын бітіре сала адамға ота жасай алмай­ды, оған ешкім рұқсат та бермейді. Бұл жердегі ең маңызды мәселе жастардың оқуын бітірген соң қандай ортаға түсіп, алған білімдерін тәжірибеде қолдана алатындығында. Егер жас түлек жақсы ұжымға түссе, сол ұжым­ның ішінде ауызбіршілік болса, жастардың тобына жетекші тағайындалып, мамандар баланы өзіне тартып, сенім артып, көмек­тесіп, алған білімін одан әрі тәжірибемен ұштастыруына қолғабыс жасаса, ол адамнан екі-үш жылдың ішінде керемет маман шығады. Жалпы, біздің елдегі білім берудің сапасы шет мемлекеттерден кем емес. Қазіргі таңда қазақстандық жас мамандар 15 мемлекетте жұмыс істеп жүр. Әсіресе АҚШ, Үндістан және Пәкістанда біздің жас­тар өте көп. Іргеміздегі Қырғызстанның денсаулық сақтау министрі де біздің елден шыққан азамат. Айтайын деп отырғаным, біздің негізгі білім беру жүйеміз дұрыс. Бірақ ұжымдық белсенділік тым әлсіз. Тек соңғы төрт-бес жылда жас мамандарға аз­дап көңіл бөлініп, мамандардың жетіспеу­шілігі елімізде үлкен мәселеге айналғалы бері бірталай бетбұрыстар байқала баста­ған сияқты. Кейбір облыстардың басшы­лары, аттарын атамай-ақ қояйын, жаңа келген мамандарға 1 млн теңге ақша бөліп, көмек қолын созып, жағдайын жасап, тұра­тын үй мәселесін шешіп, жұмысқа кел­ген жастарға құшақтарын ашуда. Мысалы, Орал облысының денсаулық сақтау басқар­масы жылына бір-екі рет келіп, университет ұжымымен араласып, біздің түлектерді шақырады. Былтыр 30 баланың бәріне де көмектесіп, жұмыспен қамту мәсе­лелерін оңтайлы шешіп берді. Соны­мен қатар Қызы­лордада өткен жылы 88 пәтер жас маманға табыс етілсе, Солтүстік Қазақстанда да 77 баспана осы медицина саласындағы жастарымызға берілді. Петропавл, Жам­был, Шымкент қалалары мен Алматы облы­сының да әкімдері жас мамандарды жұмыспен қамту мәселесін шешуге өзіндік үлестерін қосып келеді.
– Айқан аға, әрине, аймақтардағы басшылардың жастарға көмек қолын созып жатқаны қуантарлық жайт, десек те, шетелдерге барып жұмыс істегісі келетін жастар бізде әлі де көп қой. Кейбір деректерде шетелде 30 мыңнан астам қазақстандық студент бар делінген және олардың төрттен бірі елге оралмайды екен. Бұл жағдайда сіздің көзқарасыңыз қандай?
– Менің мәліметім бойынша да шетелде 30 мыңнан астам қазақстандық түлек бар. Бірақ олардың барлығы болашақ дәрігер­лер емес. Әр сала бойынша кеткен жастары­мыздың 70-80 %-ы білімдерін жетілдіріп, елге қайта оралады. Шетелдік мамандар­дың айтуынша, әсіресе қазақ балаларының бойынан патриоттық сезім ерекше сезіледі. Мысалы, кейбір ұлт өкілдері шетел асқан­нан кейін барынша сол мем­лекетте қалып, жағдайын жасап, жұ­мыс­қа тұрып, отбасын құрып, тұрақтап қалу­ға тырысады. Ал бөтен елде қалып жатқан біздің қаракөздердің өзіндік себептері барына сенімдімін. Өмір болған­нан кейін, тұрмыс құрып болмаса үйленіп жатқандары болар...
– Өзіңіз де білесіз, қазір еліміз­дің, әсіресе ауылдық жерле­рде дәрігер тапшылығы сезілуде. Бұл мәселені шешуге сіз қандай ұсыныс айтар едіңіз?
– Ауылдағы маман тапшылығы жалғыз медицина саласында ғана бар мәселе емес. Бұл мәселені мен ауылды көтеру саясатымен тығыз байланысты деп санаймын. Жасы 22-24-ке енді келген жас мамандарға «ауылға барыңдар» деп қалайша қолқа саламыз? Не дайын тұрған баспанасы, не бір дұрыс жалақысы болмағаннан кейін ауылдық аймақтың бұл мәселесі дауасы жоқ дерттей болып отыр емес пе?! Бар болғаны 50 мың теңгелік жалақымен мына заманда күн көру де оңай емес. Әлеуметтік жағдай жасалма­ған мекенде мына заманның аза­ма­ты тұра алмайтыны ешкімге де жасырын емес. Сон­дық­тан ауылдағы дәрігер тапшы­лығы мәселесін шешу үшін, ең алдымен, ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсарту қажет деп есептеймін.
– Бүгінгі таңда дәрігерге қатысты шағым көбейіп барады. Сол себепті де «Дәрігер мен науқастың арасындағы келісім­шарт жасау керек» деген ұсыныс айтылды. Қалай ойлайсыз, мұндай келісімшарт медициналық көмек сапасын арттыра ала ма?
– Расында да, бүгінгі таңда дәрігерге қатысты шағым жиі айтылатын болды. Бір өкініштісі, ең бастысы, мына бір мәселе көп қозғала бермейді. Ол – науқастың құқығы және дәрігердің құқығы. Неге екені белгісіз, бұл тақырыпты көтергісі келетіндер де тым аз. Шындығына келгенде, қазіргі дәрігер де, емделуші де өз құқығын білмейді. Бүгін­гі қазақы қоғамның құқықтық сауатты­лығы ақсап тұр. Бәлкім, өзіңіз айтып отырған дә­рі­гер мен науқастың арасындағы келісім­шарт осы бір үлкен мәселені шешудің ал­ғаш­қы қадамы, алғышарты шығар. Жалпы, дәрігердің құқықтық сауаттылығын о бас­тан, яғни жоғары оқу орнының қабыр­ғасында жүрген кезде-ақ қолға алу керек. Осы мақсатта Қазақ ұлттық медициналық университетінен арнайы «Медициналық құқық» кафедрасын аштық. Өз басым дәрігер тек адам емдеуді ғана емес, құқық­тық жағынан да білімді болуы керек деп ойлаймын. Тіпті құқықтық сауаттылықты меди­циналық қызметтің сапасымен де тығыз байланыстыруға болады. Мысалы, Еуропада «кепілді мөлшер» деген ұғым бар. Демек, ол шамада емнің түрі, өлшемі белгіленеді. Яғни ем беруші мен емделуші­нің арасында да артық әңгіме, сұрақ, мәсе­ле, келеңсіздіктер орын алмайды. Біздің де осы іспеттес стандарттарды, тәртіптерді игер­геніміз дұрыс болар еді. 
– Айқан аға, біздің елде жекеменшік медицина мен отандық медицина бәсекелес бола ала ма? Әлде серіктес болғаны дұрыс па? Халыққа қайсысы тиімді деп есеп­тей­сіз?
– Қазақстандық медицинада, оның ішінде мемлекеттік медициналық нысандар кейбір салаларды толығымен қамти алмай отыр. Атап айтар болсақ, стоматология, кос­метология және тағы да басқалар. Кері­сін­­ше, жекеменшік медицинада мұндай салалар жақсы дамыған. Қазіргі таңда жекеменшіктердің отандық медицинадағы үлесі 15%-дан асып барады. Демек, біздің мемлекеттік медициналық мекемелеріміз бен жекеменшік медициналық нысандар бірін-бірі толықтырып, бір-біріне қолғабыс жасап отыр. Жалпы, бәсекелестіктің әрда­йым бір жақсы жағы бар, ол – сапа. Егер жекеменшік медицина мен мемлекеттік медициналық ұйымдардың арасында мықты бәсекелестік орнайтын болса, бұл отандастарымызға тек жақсылық, пайда әкеледі, медициналық қызметтің сапасы артады. Осы тұрғыда бір мысал келтіре ке­те­йін, осыдан бірнеше жыл бұрын гемо­диализбен емдеу бойынша мемлекеттік тапсырысты тендерлік байқаумен бөліп беруге конкурс жарияланғанда, мемлекет­тік мекемелермен қоса, жекеменшік орта­лық­тар да бақ сынасты. Тіпті сол тапсырыс­тың 25%-ға жуығы жекеменшік ме­дици­на­лық орталықтарға табысталды. Біраз уақыт өткеннен кейін емделушілердің басым бөлігі жекеменшік гемодиализдік орталықтарға ағыла бастағаны белгілі болса бастады. Оның себе­бін анықтау мақсатында тексеріп қарасақ, кәсіпкерлер науқастарға өздері хабарласып, медициналық қызметке қосымша «арнайы көлік жіберіп, науқасты үйінен алып келіп, үйіне апарып тастайтын» деген сияқты қызметтерді ұсынады екен. Сонымен қатар тегін ыстық тамақ беріп, жеңілдіктер қарас­тырып, емделушілердің санын арттырады. Қарап тұрсаңыз, еш жамандығы жоқ, ме­ди­ци­налық қызметтің құны да бірдей, мемлекет төлеп беріп отыр. Кейін мемле­кеттік мекемелер де қосымша қызметтер ұсынып, науқастарға жайлылық сыйлай бастады. Мұнымен айтпағым, егер бәсеке­лестік дұрыс жолға қойылса, біздің ұтары­мыз көп. Қазір елімізде медициналық пор­тал жүйесі жақсы жұмыс істеп жатыр. Нау­қас сол порталға кіріп, тіркеліп, емдел­гі­сі келетін орталықты өзі таңдай алады. Толық емделіп шыққаннан кейін мемлекет сол орталыққа қызмет ақысын аударады. Жал­пы, әлемдік тәжірибе бойынша азамат­тар­дың медициналық қызмет қажеттілігінде таңдауы болғаны дұрыс.
– Медициналық сақтандыру мәселесіне көзқарасыңыз қалай? Егер толығымен сақтандыру жүйесіне көшсек қалай болады?
– Бізде 1995-1998 жылдары медици­налық сақтандыру жүйесі болған. Бірақ ол заманғы экономика да мүлдем бөлек еді. Әлемдік қаржылық дағдарыс белең ала бастаған сәттен бастап бұл жүйе де біртін­деп жойыла бастады. Десек те, қазіргі таңда бізге медициналық сақтандыру жүйесін қайта қалпына келтіру керек. Неге десеңіз, ортақ жауапкершілік болмаған жерден ауызбіршіліктің ауылы алыстай береді. Нау­қас науқастанғаны үшін толықтай мемлекет жауап беруге міндетті емес. Қарапайым халық өз денсаулығына деген жауапкер­шілікті жете түсінбейді. Себебі қандай да бір дертке шалдықса, мемлекеттің қаржысымен ем алатынын біледі. Ал медициналық сақ­тан­дыру – дәрігерлік қызмет аясын бір ретке келтіретін жүйелі реформа. Адамның денсаулығы мен оның салауатты өмір сал­тын ұстануына жалғыз медицина себепші бола алмайды. Саламатты өмір сүрудің тең жарты талабын адам өз бетінше орындауы тиіс. Мысалы, шылым шекпеу, ішімдік ішпеу, мерзімінде дәрігерлік тексерістен өту, дұрыс тамақтану деген сияқтылардың барлығын орындау адам баласының өз қолында. Бүгінгі таңда не бір азаматтың, не бір жұмыс берушінің мойнына азаматтар­дың денсаулығын сақтау, қадағалау талабы жүктелмегендіктен, жалғыз Үкіметтің бюд­же­ті бұл жауапкершілікті өз мойнына алып отыр.
– Сіздің ойыңызша, біздің әлеует бір адамға медициналық сақтандыруға қандай сомада ақша бөле алады?
– Әзірге біздің елде медициналық сақтандыруға мүлдем ақша бөлінбейді, бірақ бұл жүйе қайта жүзеге асатын болса, бір адамға 400 АҚШ долларын бөлуге мемлекеттің әлеуеті жетеді деп ойлаймын.
– Отандастарымыздың 90 %-ының мезгілдік медици­на­лық тексеруден өтуге уақыты жетпейді екен. Ал өзге елдерде мұндай тексеріс заңды түрде міндеттелген. Біз жұмыс берушілерімізге мұндай талапты қоя аламыз ба?
– Егер біздің елде медициналық сақтан­дыру саясаты жұмыс істейтін болса, біз жұ­мыс берушілерге отандастарымыздың мезгілдік медициналық тексеруден өтуіне уақыт беруін міндеттей аламыз. Біріншіден, мекеме өз ұжымын толықтай профилак­тикалық тексерістен өткізеді, екіншіден, қызметкері науқастанып қалса, емделу ақысының белгілі бір мөлшерін төлейді.
– Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова осыдан бірнеше ай бұрын мектептерге медициналық сауаттылық пәнін енгізу керек дегенді айтты. Осы орайда сіздің көзқарасыңыз қандай?
– Кезінде мұндай пәндер болған. Мыса­лы, ол пәнді «валеология» деп атадық, кейіннен «саналогия» болып кетті дегендей. Бұл пәндердің төңірегінде біршама қарсы көзқарастар мен ойлар айтылып, көптеген мектептердің білім беру бағдарламасынан алынып тасталды. Ал, негізі, мектептерге меди­циналық сауаттылық пәнін енгізу керек. Өз басым бұл пәннің атауы қалай болса да, бірінші сыныптан оқытылуы керек деп есептеймін. Әрине, мектеп табалдыры­ғын аттай сала бүлдіршіндеріміз анатомия­ны оқысын демеймін, бірақ күнделікті өмір­де қолданылатын, мысалы, тұмауратқанда ішуге болатын дәрі-дәрмектердің атауын білу артық етпейді.
– Қалай ойлайсыз, науқастың дәрігерге беретін «сыйақысын» заңдастыру керек пе? Дәрігерлер­дің айтуынша, науқастар дәрігер­лер­ге ризашылық көңілмен ақша­лай сыйлық беріп жатады, ал құқық қорғау органындағылар оған «пара» деп қарайды екен.
– Екі адамның арасындағы қарым-қаты­насқа бола арнайы заң жобасын да­йын­дау дұрыс болады деп есептемеймін. Сыйлық беру, ризашылық білдіру – адам­ның өз қалауы, өз сезімі. Мысалы, жүкті әйел босанып, жүктілігі кезінде көп көмек­тесіп, қасында болған дәрігерге алғысын білдіремін десе қалай кедергі болмақпыз? Әрине, гүл шоқтары, тәттілер деген сияқты сыйдың түрі ешкімге де секем келтірмейді, бірақ ақшалай сый­лықтың медицина саласында болмағаны абзал. Ақша аралас­қан медицина медици­на емес, саудаға айналады. Маған ондай ризашылыққа «сый» деп қарағаннан гөрі құқық қорғау органдарының «пара» деп қарағаны көбі­рек ұнайды. Мысалы, меди­цинада эвтана­зия деген бар. Бұл – ұзақ уақыт бойы дерт­тен айыға алмай, адам болып кетуіне үміті жоқ адамдарды қолдан о  дүниеге аттанды­ра­тын сала. Бірде еуропа­лық дәрігер ғалымның осы эвтаназияға қатысты айтқан пікірін естідім. Ол «Біз дәрігерге адамның өмірін алып қалуды үйретеміз, адамның өмірін алуды емес», – дейді. Дәл сол сияқты біз дәрігерлерге адам емдеуді үйретеміз, ақша алуды емес. Ол – дәрігердің міндеті, жұмы­сы, сол еңбегі үшін ол онсыз да жала­қы алады. Шыны керек, соңғы 15 жылда халықтың психологиясы өте үлкен өзгеріске ұшырады. Қазір «нарықтық психология» деген ұғым бар. Бірақ бұл ұғымға келгенде түсінігіміз осал. Әсіресе білім беру мен денсаулық сақтау саласы нарық десе, барлығын ақшамен өлшейтін халге жеткен. «Нарықтық эконо­ми­ка» дегеннің өзі жалғыз ақша емес. Оның ішінде рухани, мәдени және ұлттық құндылықтың барлығы да бар. Қадыр Мыр­­з­алиев ағамыз айтпақшы, «Қазағым­ның бір қайнауы ішінде». Мен отымыз өшті демеймін, бірақ нарықтық экономика мен нарықтық психологияны дұрыс түсіне білу үшін бір қайнауымыз жетпей тұрған сияқты.
– Шыны керек, қазір кез келген ауру жасарып барады. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?
– Әлемде түрлі жұқпалы аурудың да, қатерлі ісіктің де кейбір түрі көбейіп, кейбірі мүлдем жоғалып кетіп жатыр. Ал бұрын-соңды аты аталып көрмеген қатерлі дерт­тер­дің жасаруына қазіргі қоршаған орта, жұтып жүрген ауа және өмір сүру сапасы тікелей байланысты болып отыр. Бұл жерде де әр азаматтың өз денсаулығына жауап­кер­шілікпен қарауы аса маңызды.
– Қазақстанда болашақ дәрі­гер­лерді даярлайтын жеті оқу орны бар екен. Соның бірін өзіңіз басқарып отырсыз. Қалай ойлай­сыз, жалпы, келешек дәрігердің ақылы оқуы дұрыс па? Оның үстіне жемқорлық мәселесі де осы медици­налық оқу орындарының төңірегінде жиі кездесетін болып жүр...
– 90-жылдары еліміздің әлеуметтік жағдайы аса нашар болған тұстарда ақылы негізде оқыған болашақ дәрігерлердің саны 60-70%-ға дейін өсті. Бірақ 2000 жылдарда грант бөлу мәселесі қаралып, қазір біздің 11 мың студенттің 85%-ға жуы­ғы мемлекеттік грантпен оқиды. Ал қалған 20%-ы стамотология және фармация сынды саланы таңдағандар. Гранттың саны аз бөлінген бұл салаға оқуға түсетіндер өте көп. Себебі стамотологтің оқуын бітірген­дер жеке кабинеттерін ашып, кәсіптерін дөңгелете алады. Фармация саласы да дәл солай. Кейін зауыт аша ма, дәріхана аша ма өз қолдарында. Бір сөзбен айтқанда, осын­дай бірді-екілі саладағы ақылы бөлімдерде студенттер басым, ал, жалпы, қоғамдық ден­саулық саласындағы жастарымыз мем­ле­кет есебінен оқиды. Ал сыбайлас жем­қорлыққа қатысты айтарым, шынымен-ақ 1990-2000 жылдары күнкөріс қиындап, пара алатындардың саны көп болған. Бірақ соңғы бес жылдың ішінде бұл мәселені мықтап қолға алып, жемқорлықпен күресті бастап кеттік. Ақыры 1500 студентті оқу­дан шығарып та жібердім. Кейбір кафедра­ларды ұстаздарымен қосып жауып таста­дық, 10 шақты кафедраны қайта құр­дық тағысын тағы. Қазір сауалнамалардың нәти­желеріне сәйкес, 0,6% студент жем­қор­­лық фактілері кездеседі дейді, ендігі арманым соларды тауып, бұл проблеманы түбегейлі жеңсем деймін.

Алашқа айтар датым...
Қазір қазақы қоғам үлкен кезеңнен өтіп жатыр. Нарықтық заман, нарықтық экономика деуден жалығар емеспіз. Шын мәнінде бүгінгі экономиканы нарықтық емес, «псевдоэкономика» деген дұрыс. Себебі сауда араласқан заманда адамдар ақша қуып, адами құндылықтан ада болып барады. Біз қайтадан есімізді жиып, сонау ата-бабалардың салып кеткен сара жолына қайта оралуымыз керек. Қазақтың салт-дәстүрі, ғұрпы, көне тарихы ұмытылуға тиіс емес. Солардың барлығынан мына заманға лайықтап өз керегімізді алсақ ұтылмаймыз. Бар арманым қазақ қазақтығын сақтап, өзіне тән ерекше қасиеттерінен ажырамаса екен?! Қазақ бәрібір орыс та, ағылшын да бола алмайды, сондықтан әр ұлттың тек жақсылығын көріп, жақсысын үйренсек, әлі талайларды басып озарымыз анық.

Бір тілек
Бүгінгі таңда дәрігер мен науқастың арасында келіспеушіліктер көп кездеседі. Айтарым, қоғам қандай болса, дәрігер де сондай, жамағат. Ғабит Мүсірепов айтпақшы, «Малым — жанымның садағасы, жаным— арымның садағасы». Дәрігер де халықтың ар-ұятына, сана-сезіміне қарай бейімделіп, дәл солай жауап береді. Ал дәрігеріне сенім артпаған халыққа дәрігер қалай сенбек?! Қаншама үлкен еңбек етіліп жатса да, өмірдегі бірен-саран келеңсіздікке бола ақ халаттыларды қаралауымыз дұрыс емес. Елімізде бір жылда 160-170 мың адам қаза болады, бірақ дәрігерлер дәл сондай 160-170 мың адамның өмірін сақтап қалады. Дәрігер жетіспеушілігінің кесірінен, екі жерде жұмыс істейтіндер де көп. Таңның атысынан кештің батысына дейін қызмет ететін ақ халаттылардың қағазбен жұмыстары тағы бар. Сондықтан әрдайым түсіністікпен қарап, дәрігерлеріміздің еңсесін көтеріп, дәрежесін биіктету өз қолымызда!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста