Алаш арыстарының сөзiне ел тоқтаған, қазiр бiз осындай сөзге мұқтажбыз

Айгүл IСМАҚОВА, филология ғылымының докторы, профессор, алаштанушы ғалым:

Аға ұрпақтың iшiнде «алаш әдебиеттануы ескiрген» дейтiндер жоқ емес
–Айгүл апай, өзiңiз алаштану саласында Мәмбет Қойгелдиев сынды ағаларымыздың қатарында аты аталатын ғалымсыз. Бүгiнде мiне, «Алаш әдебиеттануы» атты кiтабыңыздың тұсауы кесiлiп отыр. Кезiнде өзiңiз осы еңбектi бүгiнгi бiр ғалымның «алаш әдебиеттануы ескiрген» деген пiкiрiн жоққа шығару үшiн жаздым деген екенсiз?
– Алаш тақырыбы төңiрегiндегi ахуалдың шет жағасын өздерiңiз байқап тұрған шығарсыздар. Аға ұрпақтың iшiнде «алаш әдебиеттануы жоқ» дейтiндер де бар. Құдайға шүкiр, бүгiн олар келiсiп отыр. Өйткенi алаштықтардың еңбегiн бүгiнгi дүниежүзiлiк мәдениет, әдебиет теоретиктерiнiң еңбектерiмен салыстырып, олардың қазiр көтерiп отырған мәселелерiн алаштықтардың осыдан жүз жыл бұрын айтып кеткенiн дәлелдеп бергенде, мойындамасқа амалдары қалмады. Бiр жағынан ойлаймын, егер «алаш ғылымы жоқ» деген пiкiр болмағанда, бүгiнгi кiтап дүниеге келмеуi де мүмкiн едi.
Сондықтан осы еңбектi жазып отырғанда, әлгiндей оппоненттердi елестетiп отырдым. «Жаздым сөз жаным ашып алашыма» деген Ахмет Байтұрсыновтың бiр ауыз сөзiн ғылыми жолда iске асырған тұлғалардың еңбегiне өзiм таңғалып емес, «мiне, бүгiнгi мына ғылыми мәселеге жүз жыл бұрын осылай дептi» деген сияқты қазаққа жөн сiлтегiм келдi. Әдебиеттiң мiндетi қандай, асыл сөз несiмен қасиеттi? Қазақ газетiнiң заман алдындағы талаптары қандай болуы керек, қазақтың байлары мен қарапайым адамдарының арақатынасы қалай болды, осының бәрi бүгiнге керек емес пе? Мiржақып Дулатов: «Қазақтың байлары бар – төбесi тесiк, оқығандары  бар – қалтасы тесiк», – дейдi. Дәл қазiргi заман емес пе?  Осындай сөздерiн терiп алып, бүгiнгi қазақ, өз замандастарым осы сөздi оқысыншы деген ниетпен қажеттi, ғибратты ғылымды ХХI ғасыр тұрғысынан саралап шықтым. Әлихан Бөкейханов бiрiншi тұр, Ахаң екiншi тұр деген пiкiрге түсiнбеймiн. Мәселе онда емес. Осында отырған Шериаздан Елеукенов сынды ағаларымның маған дейiн де алаштықтар жайында жазғанын айтпай кеткенiм, оларды жоққа шығарғаным емес. Қазiр әр зерттеушi қай еңбектен болмасын, өзiнiң есiмiн ғана iздейдi. «Неге менi жазбадың» дейдi. Ал әдебиет Ахмет Байтұрсынов айтқандай, «адамның жан қоштау қажеттiлiгiнен туған iлiм» емес пе? Дегенмен қазiргi әдебиет бiздiң замандасымыздың жан қоштауына сай ма? Шыны керек, бүгiнгi әдебиетке  алаш әдебиеттану шарттары сын болып көрiнедi. Аллаһ тағала асыл сөз иелерiн жаратқанда, олардың бiреуге ұнауы үшiн атақ алып, даңққа бөленуi үшiн емес, елге қажеттi сөз айтсын деп жаратты емес пе?..
– Сiз осы кiтабыңызда Әлихан Бөкейхановты тұңғыш абайтанушы деп қарастырыпсыз, ал белгiлi әдебиет зерттеушiсi, ғалым ағамыз Тұрсынбек Кәкiшев оған қарсы айтатын дауым да, келтiрер дерегiм де бар дейдi, сiз бұған не дейсiз?
– Осыған дейiн бiздiң әдебиеттi зерттеушi ғалымдар Әлиханды тек саясаткер тұлға деп қана таныған, сондықтан әдебиет саласында арнайы қарастырып та көрмеген. Бiрақ ол Әлекең әдебиет саласында еңбек етпедi деген сөз емес. Рас, Абайдың өлеңдерiн бастырып шығаруға баспаға қолжазбаны апарып тапсырған – Кәкiтай. Бiрақ осы iстiң басы-қасында болып, оған тапсырма берiп, Санкт-Петерборға жiберген кiм? Ол – Әлихан. Бiр нәрсенiң байыбына бармай жатып, қарсы байбалам көтеру ғалымға жараспайды. Әлекеңдi тұңғыш абайтанушы дегендi мен өз ойымнан шығарған жоқпын. Түрлi тарихи деректерге сүйенiп айттым. Мәмбет Қойгелдиев ағамыз оны айғақтап бердi. Әйтсе де анау қарсы шықты екен, мынау маған қырын қарайтын болды» деп әдебиеттiң бергi жағынан қайта алмаймын. Не таптым, неге көз жеткiздiм, соны қазiргi оқырманға соқырға таяқ ұстатқандай етiп көрсеттiм. Қазiр өре түрегелгендер кейiн бәрiбiр бiртiндеп  шындықты мойындауға мәжбүр болады. 
– Мәмбет ағамыз «алаш философиясы, алаш тарихы» дегенге ендi Айгүл қарындасымыз «алаш әдебиеттануын» енгiздi деп айтып қалды. Әр ғылым саласы алаш тақырыбын әр қырынан зерттейдi, алайда солардың арасында өзара сабақтастық бар ма?
– Алаш философиясы дегендi мен өз басым қолдамаймын. Абай философиясы деген ұғымды бүгiнгiлер өздерi үшiн шығарып алғандай әсер етедi. Осылай кез келген жерге философия атауын қоса салу – Еуропадан енген үрдiс. Бiздiң асыл сөзiмiз о баста ғибратты болған. Сондықтан бiздiң әдеби мұра рухани билiкке ие болып, елге қажеттi сөз айта бiлу идеясына құрылған. Қазақ неге «сөз сүйектен өтедi» деген. Себебi заттық билiкпен бiрге, рухани билiк деген бар. Ең маңыздысы –  қазаққа қажеттi сөз айта бiлу. Мәселен, жыраулар поэзиясы бүкiл елдi несiмен ұйытып алған? Қандай жырау болмасын, елдiң, ұлттың мұқтажы мен мұратын дөп басатын ой қозғап, сөз айта бiлген. Қазақтың асыл сөзiнiң ғибратты болу мағынасын алаш әдебиеттануы о баста бiзге ғылыми түрде дәлелдеп бердi. Мысалы, Әлихан Бөкейханұлының «Қобыланды жыры» туралы жазған мақаласын қазiргi жастарға әдеби мәтiндi талдау үлгiсi ретiнде ұсынамын. Сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлы шағын ғана мақаласымен Абайды «Қазақтың бас ақыны» деп танытып бердi. Ол зерттеудiң  ғылыми маңыздылығы ерекше. Абайды ХХ ғасыр басында жоққа шығаруға осылай тойтарыс берiлген. Себебi қазақ сөзге тоқтаған халық болған.
– Осылай сөзге тоқтау деген қазiргi ғалымдар арасында бар ма?
 – Бүгiнгi ғылымға репрессияға ұшыраған басты тұлғалар ендi енiп келедi. «Отанды сүю – иманнан» деп өздерiн шаһидтiкке бағыштаған алаш ғалымдарының сөзiне ел тоқтаған. Қазiр бiз осындай сөзге мұқтажбыз. Неге дегенге жауап iздесек, тағы да сол кеңестiк кезеңге мойын бұруға тура келедi. Алаш жұрты ардақтыларынан айрылған соң келген кеңестiк әдебиет жасыратыны жоқ, партиялылық, соцреалистiк қоғамға сол кезде ұнайтын, сол үшiн атақ беретiн тақырыптарға жазылып келдi ғой. Ал алаштықтар ашылған тәуелсiз кезде, жиырма жылдан берi  бiз осы жақтан сусындап, осыны қажет етiп жатырмыз. Яғни асыл сөздiң ғибратты болуын, тек қана қазаққа емес, адамзатқа қажеттi рухани ойлар айтуы – бүгiнгi қажет азық. Қазақтың асыл сөз өнерiнiң киелi, ғибратты екендiгiн түсiндiрген алаш әдебиеттануы болып табылады. 
– Былтыр, мысалы, Алаш қозғалысының 90 жылдығын атап өттiк, соның арқасында алаш мұрасына нендей қамқорлық жасалды? Жалпы, не iстей алдық, нелер қолға алынбай қалды?
–    Қолға алынғаннан, алынбай қалған көп сияқты. Өткендi сынап, мiн iздемей-ақ қояйық, бiрақ ендi 100 жылдық мерейтойға үмiт артамыз.
Ахаңды «төрем» деп өткен Бәдрисафалар бүгiнгi әдебиетке басты кейiпкер болуға лайық
–    Алаш арыстарының қай-қайсысы болмасын, аузына Алланы алмай, «бисмилла» демей, сөз бастамаған ғой. Олардың өлеңдерi, жалпы, шығармаларынан шариғаттың иiсi аңқиды. Сiз арыстарымыздың өмiрiне қатысты деректердi бiршама зерттеген ғалымсыз ғой, аталарымыз дiндi қаншалықты ұстанған?
– Әлекеңнiң де, Ахаңның да жарлары өзге ұлт өкiлдерi болды ғой. Бiрақ бiр қызықты қараңыз, Ахаңның жары Бәдрисафа бес уақыт намазын кеңес кезiнде де қаза қылмаған кiсi болыпты. Негiзi, ол кiсiнiң шын есiмi Александра болған, ал Бәдрисафа деген атты некелескен кезде Ахмет Байтұрсынов өзi таңдап берген.  Бұл есiмнiң мағынасы арабшадан аударғанда «толық ай» дегендi бiлдiрсе керек. Некелескен күннен бастап ол қазақылықты, мұсылмандықты қабылдап, Ахаңның атын атамай, «төрем» деген. Басынан жаулығын тастамай, қайын жұртына тегiс сәлем салып, өле-өлгенше намазын тастамаған. Ал  Әлихан Бөкейханов еврей ұлтынан әйел алды, еврейлiк массондық ұйымның мүшесi болды. Қазақ жерiне «саяси қауiптi» деп аластатылған Әлихан жолдасы еврей болғандықтан болар, ол Мәскеуде қаншама жыл өлiмнен аман қалды. Еврейлiк массондық ұйымға мүше болуы да сол әйелiнiң әрекетi.  Оның бар көздегенi Әлиханды қызылдық құрбандықтан алып қалу болды. 1927 жылдан 1937-ге дейiн Әлекең Мәскеуде үй қамауында болып, бiр бөлмелi пәтерден шығарылмаған. Қызы Елизавета мен немересi Ескендiр өз қолында тұрды ғой. Соны күйеу баласы Смағұл Сәдуақасовпен кездестiргенде де желкесiнде жендеттер тұрыпты. Атасы да, әкесi де «халық жауы» болып атылып кеткенде, солардың атына жағылған қара күйенi кетiрмек ниетпен Ескендiр небары 15 жасында соғысқа өз еркiмен аттанып, сонда қаза тапты. Ал осының бәрi ананың тәрбиесi болмаса, қайдан келдi? Еврей ұлтының қызы болса да қызына, одан туған немересiне осындай тектiлiктi үлгi етiп тартқан осы ана емес пе?! Әйелi тектi болмаса, Әлихан Бөкейханов осындай тұлғалық iстердiң басында болар ма едi? Он жыл үйде отырғанда, оған дейiнгi Әлекеңнiң қазақ үшiн, Алаш партиясы үшiн жасап жатқан iстерiн жары түсiнбесе, яғни  үй iшiнде түсiнiстiк болмаса, қайдағы тұлғалық болуы мүмкiн?
– Яғни алаш ардақтыларының өзге ұлтқа үйленулерiнде бiрiншi мақсат өзара түсiнiсу мәселесi ме?
– Ол ғана емес, ең бiрiншi саяси қажеттiлiк. «Ұлтшыл» деп кiнәлаған заманда олар орыстан әйел алуға мәжбүр болды. Осы үрдiстi Мұхтар Әуезов те жалғастырып, Валентина Николаевнаға қосылып, Фатима Ғабитоваға қарайласуы тегiн емес. Қасiреттi заман ғой. Өздерiнiң қыр соңынан қалмай, тексеру жүргiзген «үш әрiптен» қорған iздегеннен туған әрекет деп ойлаймын. Әйтпесе ол кезде де Нәзипа Құлжанова секiлдi қазақтың оқыған, бiлiмдi қыздары болды емес пе? Бiрақ әйелi басқа ұлт өкiлi болды деп бiз асылдарымызды кiнәламауымыз керек. Өз басым Әлиханды құрметтеген жары, Ахмет Байтұрсынұлына өле-өлгенше «төрем» деп өткен Бәдрисафа секiлдi әйелдер қазiргi көркем әдебиеттiң басты кейiпкерлерi  бола алады деп айтар едiм. Себебi олар еврей ұлтының өкiлдерi, орыс болса да бiздiң алаш ардақтыларын азамат ретiнде сыйлап, қадiрiн түсiнген және олардың тұлғалық iстерiне тiрек бола бiлген.
– Расында, Фатима Ғабитова апамыз бiр емес, үш бiрдей қазақ зиялысының ұрпағы мен мұраларын сақтап қалды емес пе?..
– Мұхтар Әуезовтiң Фатима апамызға қарайласуы Iлияс Жансүгiровке деген құрмет, тұлға рухының алдындағы аманат қой. Негiзi, Мұхаң – алаш арыстарының аманатын арқалап қалған тұлға. Онысын бiрақ ешкiмге  айта алмай, тек iсiмен бiлдiрдi. Iлиястың отбасына қарайласып, Смағұл Сәдуақасовтың жұбайы, яғни Әлихан Бөкейхановтың қызы Елизаветаны 1950 жылдары тауып алып, Мәскеуде араласып тұрды. Мұхаңның мұражайында қазiр Жүсiпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров пен Смағұл Сәдуақасовтардың анкетасына берген жауаптары,  Жүсiпбек Аймауытовтың «Ақбiлек» романының сиямен жазылған, кесiлген қолжазбасы тұр. Бұл деген өте құнды құжаттар. Соны Мұхаңа берген Әлекеңнiң қызы Елизавета. Кеңестiк кезеңде ондай дүниелердi Мұхаңның сақтап жүргенiн көрмек түгiлi, естiсе болды, көзiн жояр едi. Басы қатерге тiгiлетiнiн бiле тұра, соларды үндемей сақтап, осы күнге жеткiзген Мұхтар Әуезовтi атылып кеткен алаштықтармен, қазiргi алашты зерттеушi ғалымдармен жалғастырып тұрған Мәмбет Қойгелдi айтқандай, алтын көпiр демей не деймiз?
– Алаш зиялылары деген кезде бiз тек қана ер-азаматтардың атын атаймыз, ал бiрақ, Нәзипа сынды алашқа қызмет етектен қазақ қыздары болды емес пе? Неге олар жайлы көп айтылмайды, неге бiрде-бiр еңбекте алаш үшiн тер төккен әйел затының аты көрсетiлмейдi?
– Дұрыс айтасыз, ол кезде сауатты, көзi ашық қазақ қыздары болды. Өзiңiз айтқан, тұңғыш журналист  Нәзипа Құлжанова, Мiржақып Дулатовтың жұбайы Ғайнижамал апамыз да сондай бiр өте сауатты, оқыған-тоқығаны көп кiсi болған. Мұсылман дiнiне қырғидай тиiп, дiншiлдердiң басын кесiп жатқан тұста, Нәзипа бес уақыт намазын қаза қылмай, басынан топысын, тақиясын тастамай жүрген қазақ әйелiнiң зиялы үлгiсiн қалыптастырған тұлға.  Бiрақ алаш ардақтылары саяси сергелдең кезiнде әйелдердiң басын аман алып қалу үшiн «олар тек мәдени-ағарту қызметiн атқарды» деп бар саяси ауыртпашылықты өз мойындарына алғанға ұқсайды.
Ахаң мұражайын тартып алу – ұлы тұлғаны үйiнен қуып шыққаннан да ауыр қылмыс қой?!.
– Осыдан бiраз уақыт бұрын әлдекiмдер Байтұрсынов мұражайына «Көпес Зубовтың үйi» деп жазып кетiптi дейдi, соған жаны күйiп, шыр-пыр болғандардың бiрi өзiңiз десек болады. Осы оқиғаның соңы не болды?
– Оқиға қаңтар айының соңында, кешкi 19-дар шамасында болған. Мұражай директоры Райхан Сақыбекқызы да, қызметкерлер де тегiс жұмыс күнiн аяқтап, үйлерiне қайтып кеткен кез. Күзетшiге әлдебiреулер келiп, әкiмшiлiктiң мәдениет департаментiнiң қаулысын көрсеткен де, үйдiң ең көрнектi жерiне «Көпес Зубовтың үйi» деген үш-ақ ауыз сөзi бар үлкен тақтайшаны iлiп кеткен. Ол нендей көпес, ең болмағанда, толық аты-жөнi кiм, туған жылы қандай, осы үйдiң салынуына қатысы болса, қай жылы? Мұндай ешбiр мәлiмет жоқ. Бiрақ сол үш ауыз сөз жазылған тақтайшаның көлемi «Ахмет Байтұрсыновтың мұражайы» деп жазылған тақтайшадан әлдеқайда үлкен, қымбат қара мәрмәрдан. Әдейi адамдар көп жүретiн көше жаққа iлген. Мұны iстеп отырған кiм дегенге келсек, бiрнеше жылдан берi мұражайдың жанындағы «Тропикана» мейрамханасы иелерiнiң осы жерге көзi түсiп жүрген. «Анау ескерткiш тұрған жерге дейiнгi аралықты берiңдершi» деп бiр саудаласты. Келiспегеннен кейiн ендi осындай әрекеттерге көшiп жатыр. Ертең олар қолдары жетiп, осы жердi алып жатса, үй бұзылып жатса, онда адамдар мұражай емес, «е, көпес Зубовтың үйi ғой бұзылып жатқан» деп қоя салады деп жоспарлап отыр ғой, көрдiңiз бе? Осыған бiздiң Мәдениет департаментi қалай жол берiп отырғанына менiң таңым бар. Бұл деген Ахмет атамыздың атын өшiру емес пе? Атын өшiре алмаса да, мынадай нарықтық заманда алаш арыстарының қадiрiн бiлмеген – нақұрыстық!  Бiз мұның артында кiм тұрғанын да бiлемiз, бiрақ...
– Атын атай алмай тұрсыздар ғой, солай ма?
– Мұражай қызметкерлерiнiң айтуынша, лауазымды қызметкер.
– Лауазымды қызметкер кiрiссе, онда мұражайды алып қоюы мүмкiн ғой?
– Ендi оған алғашқы қадамдар жасалып жатыр емес пе? Кезiнде репрессия құрбандарына арналған мұражайды бiр-ақ күнде тартып алғаны  естерiңiзде шығар? Мұражайды жоқ қылу деген өте қорқынышты құбылыс негiзiнде. Бұл – сол зұлматты халық санасынан өшiру деген сөз. Ал мұражай тұрса, халықтың есiнде тұрады.  Көрдiңiз бе? Мына Байтұрсынов мұражайын да алып қойғысы келiп жатқанда, алдымен халық санасына шабуыл жасап, «көпес Зубовтың үйi» деген секiлдi жалған ақпарат беруде. Арашашы болып тұрған әзiрге қазақ баспасөзi ғана. «Ең құрығанда ол жазу маңдайшасына емес, басқа бiр шетiне iлiнсiн, Байтұрсынов мұражайы дегендi жауып қалмасын» деп отыр. Ендiгiсiн бiр Аллаһ бiледi. Бiрақ кезiнде ол үйдi жай пәтер болып тұрған жерiнен «Ахмет Байтұрсыновтың тұрған үйi» ғой деп  мұражай жасауға бұйрық берген Елбасының өзi. Қазiргi жерге қызығып, «ұлт ұстазының» мұражайын жоюға әрекеттенген замандасымыз ендi Елбасының шешiмiн сыйламағаны деп санау керек.
–  Демек, тiрi Алаштың алдын кескен сол баяғы оспадарлық әлi де олардың өлi аруағына тыныштық таптырмауда дейсiз ғой?
– Алаш ақтаңдақтары ашылған жиырма жылда бiз бiр жағынан  тұлғаларымыздың ғылыми мұрасын ашып ала алмай жатсақ, екiншi жағынан осындай кедергiлер шығады да тұрады.  Ахаңның мұражайын тартып алу деген, ол сондай ұлы тұлғаны үйiнен қуып шыққаннан да ауыр қылмыс қой?!. Ахмет атамыздың үйiне таласу –  «Өлген өлдi, ал тiрiлерге өмiр сүру керек» деген нарықтық ұятсыздық па, тiптi қалай атау керек екенiн де бiлмеймiн! Ақшам бар, қолымда билiгiм бар деп ендi осындай тексiздiкке барып отырған замандасымызға не айтасың?
– Осы бiз қазiр мерейтойшыл, науқаншыл болып кеткен сияқтымыз. Бiр iстi бастау үшiн мiндеттi түрде оның әлденеше жылдығын күтемiз. Осынымыз қалай өзi?
– Бұл заман дертi болып барады! Олай дейтiнiм, мәселен, Әуезовтiң мерейтойы келе ме, әншейiнде үндемей жүргендердiң бәрi әуезовтанушы болып шыға келедi. Абайдың меретойы болса да сол. Тiптi, экономистер, философтар абайтанушы болып жаза бастаған соң не сұрайсың? Науқаншылдық барып тұрған! Дегенмен, соның өзiнде халыққа әйтеуiр бiрдеңе жетедi ғой. Мерейтойды тойлау керек, бiрақ қой сойып, қазан асып қана емес, елге ғибратты ойлар айтатын конференциялар өткiзу керек. Себебi дағдарыс пен қымбатшылықтан шаршаған қазақ қазiр зиялылардан рухани әңгiме күтедi. Қазақтың жанына қажеттi «жаздым сөз жаным ашып алашыма» тұрғысынан сол рухани әңгiменi Алаш ардақтылары айтып кеткен екен. Бiрақ ол кезiнде елге жеткен жоқ, сондай-ақ қазiр де күшiн жойған жоқ. Олай болса, бiз сонымен сусындайық! Мәселен, Халел Досмұхамедов: «Отаншыл болуымыз керек», – деген. «Отан бiрлiгi, Отан намысы, Отанды сақтау сезiмдерiн Отан сүю сезiмiмен» бiрлiкте болуын талап еткен.
– Сiз үнемi сөйлеген сөздерiңiзде, жасаған баяндамаларыңызда «Әлихан Бөкейханов атына үлкен көше беру керек», «Алматыдағы қазақ ұлттық аграрлық университетiне сол кiсiнiң атын беру керек» деген ұсынысты айтып жүрсiз...
– Соған құлақ асқан адам көрмедiм ғой... Сөздерiм тыңдаушысыз, жетiм қалып жатыр...
– Әңгiмеңiзге рақмет!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста