Әли Аманбаев, Қазақстан мүгедектер ұйымдары одағының төрағасы:
– Қаладағы бір емхана ғимаратына екі аяғы да жоқ ақсақалды ұлының кіргізе алмай, қиналып жатқанын көзіміз шалып қалды. Мүгедектерге арнаулы баспалдақ салу туралы мәселенің көтерілгені қашан! Басқасын айтпай-ақ, талапты емдеу орындары бірінші болып қолға алулары тиіс еді ғой?
– Бір қызығы, біздің қоғам мүгедек жанды тек «денсаулығы жоқ адам» деп қабылдайды. Олардың бар проблемасын медицина шешеді деген ұғымнан арыла алмай келеміз. Шын мәнінде олай емес, мүгедек адам көптеген әлеуметтік көмектерге аса зәру, ал дәрі-дәрмек өз алдына. Мені қатты қынжылтатыны – билікте отырғандардың өздерінің мүгедек жандардың жанайқайын естігілері жоқ. Ал басқалардан не қайыр? Егер жарымжан адамның жүріп-тұруына бар жағдай жасалса, ешкімге тәуелді болмаса, ол өзін өзгеден кем санамас еді. Құдайға шүкір, еліміз жас та болса, етек-жеңін жиып, қай жағынан да әлемге танымал болып жатыр. Ондай болса, мүгедектерді өгей баладай өзекке тепкеніміз елдігімізге сын. Менің ойымша, тағы айтайын, бар гәп биліктегілердің немқұрайдылығынан. Бұл – бір. Екіншіден, жұртшылықтың мүгедек жандарға көзқарасын өзгерту керек, адамдар мейірім-шапағатқа сараңдау болып бара ма деймін. Әңгіменің төркініне көшсек, мүгедектердің құқықтары өрескел бұзылып отыр. Ата заңымыз бойынша аурусың ба, саусың ба бәріміздің құқықтарымыз тең. Бір ғана мысал, он екі мүшесі түгел адам қоғамдық көлікті оңай пайдалана алады, ал мен пайдалана алмаймын. Құқығым бұзылып отыр ма? Бұзылып отыр.
Мүгедек жандарға шектеулер тым көп. Соның негізгісін өздеріңіз айтып отырсыздар. Негізі, нормативтік актілерге сәйкес, қайсыбір ғимараттың құрылысы басталмас бұрын мүгедек жандардың кіріп-шығуына кедергі келтірілмеуі тиіс. Мәселен, арбамен көтерілетін баспалдақ, арнайы лифт пен дәретхана сияқты. Мүгедектер мүддесі жазылған заң 2005 жылы қайта жарық көрген болатын. Заң дұрыс па, бұрыс па, ол – басқа әңгіме. Бірақ айтарым мынау: сол заңда салынып жатқан жылжымайтын нысан мүгедектерге де оңтайлануы тиіс екендігі айқын көрсетілген. Қазір қалада да, далада да адам тамсанарлық зәулім-зәулім демалу, сауда орындары бой көтеруде. Көптеген кемтар адамдар үшін олар қол жетпес арман. Бара алмайды, көре алмайды. Олардың көштен қалып бара жатқандай күй кешетінін мұңы бір, сыры бір адамдар ғана біледі.
Бәрін айт та, бірін айт, осының барлығы – мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау органдарының жауапсыздығы. Сонымен қатар жылжымайтын мүлікті пайдалануға берерде тексеруден өткізетін комиссия бар, сол комиссияның жұмысында өрескел қателіктерге жол беріліп жатқандығы кім кімге де аян. Жемқорлық та жоқ емес. Мәселен, ғимарат салынып бітті делік, комиссия тексерген кезде мүгедектер жағдайы мүлде ескерілмей қалғанын көрмейді емес, көреді ғой. Ондай болса, актіге неге қол қояды? Демек, әлгі құрылыс компаниясы басшылығының «өтініші» орындалады. Ал егер мұның бәрі тек сауатсыздықтың салдарынан болса, онда комиссия құрамын қайта құрсын.
– Бақылау органдарына шағымдану керек шығар?
– Олардың да біз үшін есіктері жабық. Қанша мәрте хат жаздым, жауап жоқ. Елеп-ескерер емес. Жобалау институттарының әрбір ғимаратты соғардағы қағаздарын тексерсе болар еді ғой. Біз бұларды айта-айта шаршадық. Аттай 20 жылдай уақыт өтті! Заңдық күші бар құжаттарға пысқырып та қарамайтын құзырлы салалардың неге осынша еркінситіндеріне таңым бар. Кемтар жанның жүріп-тұруын жеңілдетпей, қанша жерден шеберхана сал, керек жұмыспен қамтамасыз ет, оның бәрі бос әурешілік. Мысалы, арбаға таңылған адам үйден қалай шығады, жұмысқа қалай барады? Бұл мәселені мемлекеттік тұрғыда шешу керек.
– Ешбір елде мүгедек жандардың депутат болуына кедергі жоқ. Білеміз, бізде де шек қоймайды. Алайда депутаттар арасында бірде бір мүгедек жанды кездестіре алмайсыз. Бұл сауалды қойып отырған себебім, мүгедек жандардың талаптарын билікке солар арқылы жеткізсе, бір нәтиже болар ма?
– Дұрыс айтасыз, біздің Парламентте мүгедек адам атымен жоқ. Ал мынау тіршілікте мүгедек жан бетпе-бет келмейтін фактор бар ма? Тізе берсең, мүгедектің мүддесі қай жерде де қылаң береді. Кемтар жанның жағдайын өзінің басынан өтпей ешкім білмейді. Құдай бетін әрі қылсын, мен тағы бір адамның мүгедек болғанын қаламаймын. Бірақ депутаттыққа мүмкіндігі шектеулі бір адамды тартса болады ғой. Біздің аманатымызды жеткізетін дауыс болса, бірқатар проблемалардың оң шешілуіне ықпал етер ме еді, кім біледі?!.
Барлық дерлік елдерде мүгедек депутаттардың бар екендігі шындық. Алысты айтпай-ақ қояйын, Ресейде төрт-бес депутат мүгедек, Түрікменстанда да бар. Мен бұрын депутаттарға қатты ренжитінмін, «неге мынаны енгізбедіңдер, неге мынаны ұмытасыңдар?» деп. Психология жайындағы кітаптарды оқып отырсам, адам өз басына іс түспейінше өзгенің қайғы-қасіретін түсінбейді екен. Осыдан кейін айыптауды қойдым.
Оны айтасыз, жарымжан адамды ешкім жұмысқа алғысы келмейді. Өткен жылдары Қарағанды қаласында көзі көрмейтін бір жігіт соттасып жүріп, қызметке тұрды, әйтеуір. Заңға сәйкес жұмысқа қабылдаудың тәртібінде мүгедектерге үш пайыз квота беріледі. Мәселен, қарамағында 33 адамы бар жұмыс беруші жұмысқа бір мүгедекті алулары керек. Бұл – негізінен, әкімдіктерге, мемлекеттік органдарға қойылып отырған талап. Ал біздің Алматы қалалық әкімдікте бірде бір мүгедек бар ма екен, жоқ.
Біз кезінде мәслихат депутаттығына өз өкілімізді ұсынбақ болған едік, алайда оған ешкімнің жағдай жасамайтындығына көз жеткіздік те райымыздан қайттық. Жарымжан адамға депутат болу – қиынның қиыны. Мәселен, транспорт, көмекші керек болады. Ал арнайы транспорт немесе көмекші, сайып келгенде, қосымша қаржы бөлуді талап етеді. Партиялар халықты ойлаймыз дейді екен, біздей жандарды солар ұсынсын. Қазір депутаттар, өздеріңіз білесіздер, партия тізімі арқылы өтеді. Қоршаған ортаға бейімделе алмай жүргеніміздің ең басты себебі – қоғамның бізді соңынан ерткісі келмейтіндігінде.
Бізге шипажайлардан гөрі жұмыс керек, сол жұмысқа қатынайтын көлік сұрар едік. Мүгедектер әлеуметтік таксилерге мұқтаж. Көмекшілері болса тіптен тамаша. Құлағы естімейтіндерге аудармашы жетпейді. Көп елдерде болдым, тіпті ЖОО-да лекция кезінде сурдоаудармашы отырады. Осы тұста айта кетейін, бізде Қазақстанда жасы 26-дағы қыз бала докторлық қорғағалы жатыр. Бізде осыны рекордтар кітабына енгізетін жаңалық ашылғандай жер жаһанға жария етіп жатырмыз. Әрине, бізге бұл – мақтаныш. Ал өзге өркениетті елдерді бұл әдеттегі жағдай. Өйткені оларда жарымжан адамға мүгедек деп қарамайды. Олар өзге адамдармен теңдей өмір сүреді. Төрт құбыласы тең. Ал төрт қабырғаға қамалған адам оқшауланып, тән азабы мен жан азабын қатар тартпай ма.
– Сіздің жеке көмекші мен әлеуметтік такси қажеттігі туралы бастама көтергеніңізден хабардармыз. Оныңыздан нәтиже шықты ма?
– Шынын айту керек, Үкімет азды-көпті істер жасауға тырысады. Мына төменде отырғандар ғой, соның бәрін жоққа шығаратын. Өздеріңіз айтып отырғандай, мен мүмкіндігі шектеулі жандарды қамқорлығына алуда үлгі етуге тұрарлық Финляндиядағыдай елдегі мүгедектерді көмекшілермен және әлеуметтік таксилермен қамтамасыз етуді ұсындым. Ұсынысым заңға енді. Үкімет те бірауыздан қолдап отыр. Алайда жергілікті атқару органдары осы заңды орындауға еш асықпайды. Мана айтылған 475 мыңды әрбір облысқа бөліп тастасақ, үлес азайып қалады емес пе? Оның ішінде өздері жүріп-тұратындар да бар. Жеке көмекшіге зәру жандар көп емес. Мысалы, Алматы қаласында 1,5 миллион тұрғын бар. Соның көп болса 100-і ғана – көмекшіге зәру мүгедек. Облыс-облыстағы әкімдіктер осы мәселені шырылдатпай шешсе болады ғой. Бұл тұрғыда Павлодар облысының әкімдігіне риза болдық. Облыс бойынша айтсақ, тұрғындары Алматы қаласымен салыстыруға келмейді. Соған қарамастан, бір Павлодардың өзінде 400-500-дей жеке көмекшілер жұмыс істейді. Олар қаржы тауып отыр ғой.
Керісінше, Қызылордадағы жағдай қабырғамды қайыстырды. Ел аузында «памперс» деп айтылатын гигиеналық зат зәр ұстай алмайтын адамдарға тым тапшы. Нақтырақ айтсам, үш-төрт ай сайын ғана беретінге ұқсайды. Өйткені жаялық таратып отырғандар мүгедектен соның бір-екеуін алып қалып, кейін оны ақшаға сатады. Адамдар барына риза. Жоқтан жақсы ғой. Амал жоқ, ешкімге тіс жармайды. Мүлде ала алмай қаламыз ба деп қорқады да.
Бір қуантарлығы, Қазақстан мүгедектер ұйымдарының одағы мен «Сәби» қайырымдылық қоры бірлесіп жаңа жоба жасап жатырмыз, яғни мүгедектерге ақысыз, мүгедектерге қолайлы қоғамдық көліктерді іске қоспақпыз. Мұндай автобустар әр облысқа екеуден бұйырғалы отыр. Біреуінің бағасы шамамен 120 мың АҚШ доллары. Мұндай автобустар бірқатар облыстарда пайдалануға беріліп те қойды. Бір қызығы, Алматы қаласы асығар емес. Алматыда ақша жоқ дегенге кім сенеді? Амал жоқ, өзіміз тырысып, қаражат көзін тауып, нәтижесінде тамыз айында екі автобусты жүргізбекпіз.
– Мүгедекті рәсімдеу біздің елде тым қиын деп жатады.
– Ол рас. Бізде І, ІІ, ІІІ-ші топтағы мүгедек деп топ-топқа бөліп тастаған. Шетелді алға тарта берді демеңіздер, амал жоқ, тағы да салыстыруға тура келіп тұр. Оларға қызыға да, қызғана да қараймын кейде. Мәселен, Германияда топ деген жоқ. Дәрігерлік комиссия «мүгедек» деп тапты ма, болды. Барлығына бірдей 50 пайыздық жеңілдік жүреді. Бізде болса топ-топқа бөліп жатады. Ал төлемақы мөлшері топқа қарай тағайындалады. Осыдан барып көбірек ақша алу үшін, пара береді, таныс табады, әйтеуір І-ші топты алуға тырысады.
Дегенмен де мойындау керек, қазір жағдай біршама реттеліп қалды. Мысалы, бұрындары бір аяғы жоқ адам бес жыл сайын дәрігерлік комиссиядан өтетін, яғни төлемақы алып отыру үшін. Қазір оны алып тастады. Алайда қолайсыздық туғызып отырған бір мәселе – Мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламасының талабы. Бір ескерте кететін жайт, сөз болып отырған бағдарлама аясында тек мүлік бөлінеді. Оның төлемақыға еш қатысы жоқ.
Мәселен, арбаға таңылған мүгедек екі жыл сайын дәрігерлік тексеруден өтуі керек. Мен түсінбеймін, маған егер аяқ бітетін болса, арбаңның керегі не? Дәрігерлік комиссия бұл тұрғыда: «біз науқастың денсаулығының динамикасын бақылап отыруымыз керек. Мүмкін, алғашқы бірнеше жылда жақсы болып кетуі мүмкін» дейді. Адамдар осыған ренжулі.
Рас, кейбір ауру түрлері мүгедектікті тұрақты ету үшін бірнеше тексеруден өтуді қажет етеді. Мерзімсіз мүгедек ережеге сай, бірнеше жылдан кейін ғана беріледі. Ал аяғы жоқтар, көзі мүлде көрмейтіндер мұндай процедуралардан құтылды.
Негізі, құжатбастылықтың астарында пәлендей сыр жатқан жоқ. Жоғары жақтан тексеру жүргізіле қалса, саны көп қағаздарының барлығы мінсіз болса екен дейді. Сол себепті тықақтап, болмашы нәрселерге үлкен маңызбен қарайды.
– Келісесіз бе, бізде мүгедектер жайында нақты статистика жоқ.
– Бізді дәл қазір осы мәселе қатты алаңдатып отыр. Шынымен де, Қазақстанда мүгедек жандар турасында нақты статистика жасалмайды екен. Мәселен, І-ші топта, ІІ-топта және ІІІ-топта қанша адам бар екендігі тіпті бізге беймәлім. Жалпы ғана айтылады. Ал бұл жалпымыз – 475 мың мүгедек. Сараптама жасап, зерттеулер жүргізу үшін міндетті түрде статистика керек. Үкімет басында отырғандардың осы санаттағы адамдарға қаржы бөліп, материалдық жағынан қамтамасыз етулері үшін де олар нақты санды жатқа білулері тиіс деп ойлаймын. Кейбір мүгедектердің көп жағдайда ұмыт қалатыны осы статистиканың жоқтығынан. Дегенмен де қазір жыл сайынғы мүгедектік алғандар компьютерге енгізіліп жатыр. Негізінен, зейнетақы тағайындалар кездегі көрсеткішке арқа сүйесе керек.
Реті келіп отырғанда айта кетейін, Кеңес өкіметі кезінде Қазақстанда шамамен 800 мыңнан астам мүгедек болғанын растайтын құжаттар жетерлік. Ал халық саны жылдан-жылға артып отыр ғой. Сонда қалай болғаны? Рас, кейбір ІІІ-топтағыларды қысқарттық. Бұл санды сонша төмендетпеуі керек еді. БҰҰ сараптама жүргізіп, «Дүниежүзінде әрбір оныншы адам – мүгедек» деген ақпарат таратты. Ондай болатын болса, біз әлгі 475 мыңды қайдан шығардық? Сондықтан да нақты санды анықтауды мықтап қолға алатын кез жетті.
– Білуімізше, Қазақстан Дүниежүзілік мүгедектер құқы туралы конвенцияға қосылуға ниеттеніп отыр. Бұл конвенция бізге не береді?
– Біз үшін бұл күтпеген жаңалық болды, қатты қуандық. Өткен жылы Парламент Мәжілісінде «Қазақстан жағдайында мүгедектердің құқықтарын қорғаудың халықаралық стандарттарын жүзеге асыру» тақырыбында дөңгелек үстел жиыны өтті. Қателеспесем, басқосуды «Нұр Отан» ХДП Фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңес, «Нұр Отан» ХДП Парламентаризм институты, Қазақстандағы БҰҰ-ның Даму бағдарламасы және Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігі ұйымдастырған-ды. Жиынның мақсаты – мүгедектердің құқықтары туралы БҰҰ Конвенциясын бекіту үдерісі шеңберінде елдегі мүгедектердің құқықтарын жүзеге асырудың перспективалары мен жай-күйін саралау. Негізі, Қазақстан мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқын қорғауды жетілдіре түсу мақсатында 2008 жылдың аяқ шенінде БҰҰ-ның Мүгедектердің құқы туралы конвенцияға және оның факультативті хаттамасына қол қойды. Бұл конвенция мемлекетті барлық санаттағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға толыққанды құқығын қалыптастырып, қоғамнан шеттетілмей өмір сүруге жағдай жасауды міндеттейді. Ал Конвенцияның факультативті хаттамасы мүгедектігі бар азаматтың құқы бұзылғанда БҰҰ комитетіне тікелей хабарласуға мүмкіндік туғызады.
Иә, сөз жүзінде бәрі тамаша. Оған дауым жоқ. Ал қашан қолға аламыз? Уақыт озған сайын осы айтылғанның барлығының жүзеге асатындығына сенімімнен күдігім басым болып барады. Қалай болған күнде де, егер конвенция бекітілсе, бұл Үкіметтің мүгедектер алдындағы жауапкершілігінің артуына айрықша ықпал етеді.
– Жәрдемақы мәселесіне де қысқаша тоқтала кетсеңіз.
– Жәрдемақыны, өздеріңіз білесіздер, ең төменгі күнкөріс деңгейімен есептейді. Қазір ең төменгі күнкөріс деңгейі – 14 952 теңге. Ал енді қараңыздар, І-топтағы мүгедекке – 20 335 теңге, ІІ-топтағы мүгедекке – 15 849 теңге, ІІІ-топтағы мүгедекке 11 065 теңге тағайындалған. Мен негізгі-негізгі дегендерін атап шықтым, оның ішінде соғыс ардагерлері, балалар, т.т бар. Өздеріңіз есептеп көріңіздерші, мүмкіндігі шектеулі адам алып отырған жәрдемақы мына қымбатшылық заманда күн көруге жете ме, жоқ па?
Ең өкініштісі, мүгедектер коммуналды қызметтен босатылмай келеді. 16 миллионға жуық халқы бар еліміздегі жарымжан адамдар саны 500 мыңға да жетпейді. Коммуналдық төлемақыны солардың барлығына бірдей елу пайыздық жеңілдікпен төлетсе, Қазақстан кедейленіп қалмайтын шығар. Қазір мүгедектерге коммуналдық қызмет үшін деп қосымша ақша береді. Ал ол айлық есептік көрсеткіштің негізінде белгіленеді. Мәселен, І-топтағы мүгедекке берілетін қосымша ақша 1 978 теңге. Бұл ақша неге жетеді? Коммуналдық қызмет төлемақысының қанша екендігін өздеріңіз де білесіздер. Жол-пұлың тағы бар. Жолақысынан қазір тек І-топтағы зағиптар ғана босатылған.
Бұрындары коммуналдық қызметтің төлемақысын мүгедектердің барлығы дерлік 50 пайыздық жеңілдікпен төлейтін. Бұл жеңілдік алынып тасталды. Кейін қайта енгіземіз деген еді, қайдам, баяғы жартас – бір жартас.
– Мүгедек балаларға қатысты проблемалар да шаш етектен деп жатады. Солардың қайсыларына ерекше тоқталар едіңіз?
– Біз мүгедек балаларды интернатқа тоғыта беруге дайынбыз. Бұл қайбір жақсы дейсіз. Балалардың өздеріне салсақ, олар интернаттан безіп кетер еді. Ғылыми түрде дәлелденген, интернат онсыз да денсаулығы нашар баланың психологиясы мен физиологиясының дамуына кері әсер етеді.
Мүгедек баланың қайта көптің ортасында жүргені дұрыс. Мектептерде оқыған бала өзгелерге қарап талпынады, ұмтылады сол арқылы жетіле түседі. Көптеген өркениетті елдер қазір интернаттық жүйеден бас тартып, мүгедек балаларды жәй мектептерге орналастырып жатыр. Жалпылама мектептерді кемтар балаларға ыңғайлауда. Сондай-ақ олардың дұрыс білім алуына барлық жағдай жасалған. Мектеп басшылығы байқағандай, балалар бір-екі күннен кейін тіл табысып, мүгедек балалар ортаға тез бейімделген. Осы тәжірибені бізге де енгізу керек.
Біз елімізде «70 мектеп-интернат бар» деп мақтанамыз. Бұл мақтаныш емес. Бұл – трагедия. Мен есептеп шықтым, интернаттағы бір балаға айына 160-170 мыңдай теңге жұмсалады екен. Ал сол баланың ата-анасының қолына 100 мың теңге берші, олар көмекші жалдап, баласын қолына алса, сол әлдеқайда тиімді, әрі арзанға түседі. Иә мүгедектердің арасында пансионат аумағынан шыға алмайтын науқастар да бар. Әңгіме олар жайында емес. Ғимарат соғудың керегі де жоқ. Оны жыл сайын жөндеуден өткізіп жатпаймыз. Қанша адамға жалақы төлейді. Жатқан шығын ғой.
Келесі кезекте ЖОО-ға қабылдану мәселесін айтар едім. Менің білуімше, мүгедек балалар еншісіне 0,5 қана грант тиіп отыр. Бұл – тым аз. Шамамен жыл сайын 100-120 мүгедектей түседі екен оқуға. Оны 16 облысқа бөлсек, әр облысқа бар-жоғы бес-жеті баладан келеді екен.
Кеңес өкіметі кезінде мүгедек талапкер емтиханды үшке тапсырса болды, конкурстан босатылатын. Сол кезде ЖОО-ны мүгедектер жайлап кеткен жоқ қой. Мүмкіндігі шектеулі баланың болашағын көз алдыңа елестетудің өзі қорқынышты. Тағы бір айта кетерлігі, заң және экономика саласы бойынша грант мүлде жоқ. Бұл нағыз мүгедек адамдарға ыңғайлы жұмыс емес пе. Ал шахтер болғың келсе, ешқандай кедергі жоқ. Адамның күлкісі келеді.
– Әңгімеңізге рақмет!