Абылай хан бейнесін бір ізге түсіретін уақыт жетті

Жұмақын ҚАЙРАНБАЕВ, суретші, Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының профессоры:

– Жұмақын аға, сіздің шығарма­шылығыңыздағы маңызды орынды портреттік жұмыстар алады екен. Абылай хан, Абай, Кенесары, Құр­­ман­ғазы, Райымбек батыр сияқты іргелі жұмыстарыңыз осылай деуімізге айқын дәлел бола алатын­дай. Басқасын былай қойғанда, сіз дүйім қазақ жұртын Абылай хан бей­несімен тұңғыш «жүздестір­діңіз». Алай­да көзімізге етене жылыұшырап тұратын сол тарихи картинаның авторы ретінде сізді кез келген қазақ тани бермейді-ау... Жалпы, осы тарихи туынды өз бағасын алды деп айта аласыз ба?
–Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылда­рында қазақ суретшілеріне еліміздің арғы-бергі тарихындағы атақты хандары мен қол бастаған батырларының, сөз бастаған би-шешендерінің тарихи кескінін бейнелеу өнері туындысына айналдыру жауапкер­ші­лігі жүктелді. Соның бірі – хан Абылай­дың қара түсті түпнұсқа суреті негізінде тұлғалық портретін салуға арналған бай­қау болатын. Конкурсқа қатысқан 20 шақты әріптесімнің әрбірі өз «көруіндегі» Абылайын салды. Мен түпнұсқадағы еуропалық бет-әлпетке келетін Абылайды қазақы келбеттегі хан бейнесіне айнал­ды­руға тырыстым. Қазы­лар тоқтамымен ең үздік жұмыс ретінде менің картинам таң­далып, Абылай хан бейнесінің үлкен пла­каттық нұсқасы мың­да­ған таралыммен сол жылдары жария­ла­нып кетті. Меніңше, та­ри­хи туындының баға­сын уақыт анықтай­ды. Әйткенмен ақшаңқан киімдегі Абылай хан портретінің кез келген мекеме төріне ілінуін көрудің өзі  туындыма берілген үлкен баға деп білемін.
 Ал танымалдыққа келер болсақ, сурет­шілер дегеніңіз, әсілі, жұрттан саяқ жүруді қалайтын қызық мінезді жандар ғой. Бойын жасырғанның жүзін кім тани берсін?. Жалпы, жұртқа белгілі болу үшін теле­ди­дардан кемінде айына бір рет «қылтиып» көрінуің керек. Өз басымда ондай ара­лас-құраластыққа құл­қым да жоқ, уа­қы­тым да жете бер­мейді. Мен үшін өзіңнің ішкі әлеміңмен оңаша қал­ғанда сәтті сызылған бір сызықтың құ­ны қым­бат.
 Бүгінде түрлі партияға мүше болып, айқұлақтанып, әкімқаралардың шаш­бауын көтеріп, табанынан тозып жүрген әріптес­те­рім баршылық, алайда олар­дың төл қол­таңбасын көрсететін карти­насы жоқ. Бар қазақ ақ киізге салып хан көтерген Абылай­дың портретін тұңғыш салғанымды, көпші­лік көңілінен шыққан­дай сәтті жазғанымды мақтаныш етемін. Мұндай мерейге жеткен де, жетпеген де бар.
 – Көпшілікке кеңінен таныс сол Абылай хан бейнесін одан да ірі көлемде, кең кеңістікте, өзге де тарихи кейіпкерлермен толықты­рып, тағы бір алып картина аяқтап­сыз. «Абылайды хан көтеру» деп аталатын жұмысыңыздың биіктігі – 3, ал ені 6 метр( !) екен...
Көп фигуралы болуымен де ерекшеленіп, дараланып тұрған бұл шығармаңыздың идеясы қашан, қалай туып еді? Әлде, өз кезінде лайықты бағасын ала алмай, ескеріліп-еленбеген соң, тағы да үлкен кеңістікте ұсынып көрмек ойыңыз болды ма, қалай?

– Жоқ, олай емес. Өткен жылы Астана­дағы Тәуелсіздік сарайына тарихи тақы­рып­­тағы туындыға арнайы тапсырыс түсті. Сурет ілінетін кеңістік ауқымына қарай картина көлемі нақтыланды.
Абылай хан портретінің плакаттық нұс­қасы шыққан 90-жылдары түбінде бір үл­кен туынды салатындығыма іштей сенімді едім. Одан бері де түрлі эскиздер жасалды. «Абылайды хан көтеру» картинасы – сол көптен қайнауы жеткен идеяның жемісі.
Тарихшылардың айтуынша, Абылайды ақ киізге салып хан көтеру рәсімі жаз мау­сы­мында болған. Сол себепті қайнаған күндегі көлеңке мен жарықтың шағылы­суын аңдап-ажырату үшін, ауа құбылысын ты­ны­с­тап сезіну үшін Түркістанға әдейі шілің­гір шілдеде барып, барлау жасадым. Жал­пы, тарихтан өтіп кеткен тұлғалар мен оқи­ға­ларды бейнелеу – қиынның қиыны. Қылқа­ламды қолға алмас бұрын, суретшіге сол заманның тарихи дерегімен танысу, уақытты нақтылау, сіңіру сияқты жан-жақ­ты ізденіс қажет. Түркістандағы тарихшы­лармен кеңе­сіп, молдалармен әңгімелес­тім. Хан тұқы­мының ұрпағы Шота аға Уә­ли­хановпен ақыл­дасып, құжаттық ма­тер­иалдар алуым да көп кәдеге жарады.
Тарихта Абылайды хан сайлау Қожа Ах­мет Ясауи кесенесінің ішінде өткендігі айтылады. Алайда кесененің іші күңгірттеу көрінуіне және аумағының тарлығына байланысты айтулы күннің апайтөс қуаны­шын Әзіретәлі ғимаратының ішінде емес, сыртында бейнелеп көрсетуді жөн сана­дым.
Әлбетте, хан халық алдына шығатыны белгілі.
 Ақ боз ат мінген айбынды Абылайды Ясауи кесенесінің ашық алаңында сыр­най­латып-кернейлетіп қарсы алған көп­шілік: билер мен төре-сұлтандар, білекті батыр­лар, аузынан сөз лағылы төгілген ақындар мен жыраулар... Осылайша, қау­ма­лай қоршаған халықтың шат-шадыман қуа­нышы мен үмітін әр сантиметрі санаулы боз кенеп бетіне өрнектеуге тырыстым. Мәселен, режиссер кино түсірсе, кесенені тікұшақпен шыр айналып тұрып, түрлі көрі­ніс­тегі мыңдаған кадр алуы мүмкін еді. Ал менің мақсатым – сол мыңдаған кадрдың біреуін ғана «қалт тоқтатып» бейнелеу ар­қылы Абылайды хан көтеру салтанаты өмір­де дәл солай болғандығына көрерме­німді иландыру! Иландыру – аз, 200 жыл­дың ар жағындағы сол бір тарихи салтанат рәсімнен ескен Елдік-Мемлекеттік ұлы мұрат рухына бөлеу!..
Рас, көптеген бейнені бір туындыға тоғыстыру да оңайға түспейді. Картинадағы адамдар мен аттардың қарасын қоса есептегенде 60-тан астам фигураны түзді. Кез келген адам – индивидуал. Соған орай ортақ қуанышқа келген әр образдың жеке дара көңіл күй құбылысын ескеру, оны бояу үндестігімен нәзік үйлестіру, кісі бітімінің толық-жіңішкелігіне қарай адам пропор­ция­сын сақтау, тұрған тұрысы мен киім киі­сі,онда бедерленетін ою-өрнек үлгісі, XVII ғасырдағы ат-әбзелдердің түрлері мен ерекшеліктерін дәл ескеріп тауып, орнымен қолдану... Айта берсе, тағысы тағы жалғаса береді. Жалпы, үлкен кеңістікті игеру сурет­ші­ден үлкен дәлдікті, шынайы шеберлікті талап етеді.
 Оның үстіне, жеке пәтерімнің шаршы алаңы мұндай үлкен көлемдегі туынды жа­сауға есептелмегендігі де өзіндік қиындық­тарын туындатты. Ат үстіндегі Абылайдың биіктігі кісі бойымен теңеседі. Сондықтан картинадан кем дегенде 5-6 метр кейін шегі­ніп барып, кескіндемені біртұтас көруге болатын мүмкіншілікке де қол жеткізе ал­ма­дым. Қалай болғанда да, терлеп еңбек­тен­генде ғана дән астық болып пісіп, ал­ды­ңа нан келетіндігі мені әркез сабырға жең­діріп, сабама түсірді.
– Биылғы жылғы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығармалар тізіміне «Абылайды хан көтеру» картинасы да еніп отыр. Сурет – көру арқылы қабылданып, бағаланатын өнер. Бәйгеге дүлдүлін қосса, үйде отырып тақымын қысатын қазақпыз ғой. Ішкі жан дүниеңізде шығармаңыз­дың тағдырымен байланысты қандай да бір қобалжулар бар ма?
– Пенде болған соң, өнердегі қолтаң­баңның бағалануын біліп, нәтижесін көруді қалайтының рас. Мысалы, болмысы ала­бөтен Салихетдин (Қалжан) Айтбаев деген суретші бар еді. Көзі тірісінде еңбегі мүлде еленбеді. Тек өзі дүниеден өткеннен кейін барып айтыла бастады. Талай таңды таңға ұрып, көз майын тауысып жасаған туын­ды­м­ның көрермен көңілін қаншалық­ты ау­дар­ғанын мен де көзім барда сезінгім келеді. Алда-жалда бұйырмағандай бол­са, «Бермей қойды!» деп жанұшырып, қан құсып жүрер жан мен емес!.. Көлденең сөз­дерге жүйкемді шаршатпай, тыныш өмір сүргім келеді. Тыныш өмір сүру деген – мен үшін шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік те мол болады деген сөз.
 – Кейінгі кезде «Мемлекеттік сыйлық шығармаға емес, адамына беріледі» деген де пікір қайшылы­ғы айтылып қалып жүр...
 – «Бәрі де алдын ала шешіліп қойылған шаруа» дегендей әңгімелер құлаққа тимей жатқан жоқ, әрине. Меніңше, Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығармашылық иесінің, ең әуелі, осы мемлекетке, осы елге, осы жерге шын мәнінде еңбегі сіңуі керек. Оның еңбегі – Қазақстанның өнер тари­хына, тұтас мәдениетіне ұлттық бояуы қанық, әлемдік деңгейдегі көркем туынды болып қосылуы керек. Ол – ел рухын мар­қай­тып, халық мақтанышын аспандат­қан­дай, «іші – алтын, сырты – күміс» келісті туын­ды болуы шарт.
Кәсіби деңгейі биік, елжанды комиссия мүшелері өзінің ішкі үніне құлақ асып дауыс берсе, шынайы өнер туындысының бағы байланбайтындығына бек сенімді­мін.
Сосын Мемлекеттік сыйлыққа лайықты деген сурет туындысын мәртебелі комис­сияның назарына ұсынбас бұрын, Қазақ­стан Суретшілер одағы өз ортасында қатаң іріктеуден өткізу керек деп ойлаймын. Әр облыстан қара үзіп шыққан бейнелеу өнер туындысын Алматыда пленум өткізіп, қайта дауысқа салып, көркемөнер құнды­лығын кәсіби мамандар анықтағаны абзал болар еді. Кез келген картинаның артық­шылығы мен кемшілігін бәрібір дәл кәсіби маман­дардың көргеніндей ешкім көре алмайды. Жазушылар менің бір суретімді көріп, жақсы не жаман дей салуы мүмкін. Алайда олар суретші шығармашылығын басқалар­мен салыстырып, түбегейлі тара­зы­лай ал­майды. Керісінше, ақын-жазу­шылардың еңбектерін суретшілер де дәл бағалай ал­мауы анық.
– Жұмақын аға, сіздің картина­ларыңыз туралы «...терең фило­софия­лық оймен суарылып және күрделі сезімдік психологиялық күйге толы болып келеді» дейтін зерттеушілер пікірі қалай айтылған?
– Менің әкем дала академиясын тауыс­қандай терең адам болатын. Арманшыл балалық, жастық шағым жер жаннаты – Жетісуда өтті. Көзімді ашқаннан көңіліме тоқығаным – «қой баға жүріп ой бағу » бол­ды. Оған қосымша, үй шаруасындағы кейбір бұйымдарды, ер-тоқым, ат-әбзел­дерін де өзі шауып ала беретін, не нәрсеге де қолының ебі бар әке мен құрақ құрап, сырма сыруға шебер анамның іс-әрекет­тері мен ұзақты түнге таусылмайтын әсерлі әң­гімелері, сол «жылы ұяда» көрген-білге­нім... соның бәрі санама қапысыз сіңіп, қиял-сезімімді қытықтап, елігіп есейдім.
Бала күнімде әкеме көмектесе жүріп, малшылық кәсіптің бейнетінің арғы жағында, тереңінде жасырынып жатқан адам, жануар, табиғат арасындағы үйле­сім­нің әсемдігіне тәнті болатынмын. Әкем: «Құлақ естігенді көз көреді, көз көрсе – қа­сы­ңа келеді, қасыңа келсе – басыңа келеді» деп жиі айтушы еді. Мектепте оқып жүр­генде жаздай қасында боламыз. Оқы­ған кітаптарымызды ол кісіге айтамыз. Әкем эпостарды жатқа айтатын, мақал-мәтелшіл болатын. Қазір біраз жасты ең­серген осы күні өткен өмір жолыма қайы­ры­ла қарасам, дәл әкемнің айтқанындай маған нақты ешкім ештеңе айтпаған екен.
Бәлкім, кез келген шығармамның фи­ло­­со­фиялық шешіміне әкемнің бейнесін, өмір­лік ой қалыбын қолдануым да сон­дықтан болар.
– Жұмақын аға, сіз өміріңіздің 30 жылға жуық уақытын оқытушы­лық еңбекке арнап келе жатқан ұстазсыз. Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясында өзіңіз баулып жатқан шәкірттеріңіздің сол асыл текті ата-бабалардан бастау алған ұлттық құндылық­тарды өнер туындыларына өзек етіп өре білу деңгейі қандай? Жалпы, бүгінгі ұрпақ қылқалам шеберлерінің аяқ алысы ерекше­лік­­тері туралы не айтасыз?
– Қазіргі жастардың қабілет-шебер­лік­тері бізден кем соқпайды. Көбісі ауылдан келген балалар. Ана тілін білмейтіндері некен-саяқ. Суретке ұлттық бояу беруді олар да жақсы біледі, бірақ капитализм заманында өмір сүріп жатқан жастардың құндылықтарға деген көзқарасы өзгерген. Кезінде өзіміз бір тақырыпты жылдар бойы пісіріп барып кірісуші едік. Қазіргі жастар жылдам ойлап, жедел сурет сала­ды. Жылт еткен идеясы болса, шықсын ол, мейлі шық­пасын – асығыс іске асырады. «Тиын табуды» басты нысана тұтады. Мұның жағымды-жағымсыз жақтары бар. Егер материал детальдары піспей қалса, тасқа соғылғандай күй кешіп, тауа­ны қай­тып қалады. Кейде, керісінше, кел­ген ой бірден сәтті туындыға айналып кетуі де ық­тимал. Қуанатыным – қазақ бала­сы­ның бойында сурет салуға деген генети­калық қабілет-қасиет мүмкіндігі мол. Тек соны заман ағымының қайбір татымсыз дүние­сы­мақтарынан қақпайлап қорғап, ұлттық құнарға бағыттай алсақ болғаны.
– Сіздің шығармашылығыңызға қатысты өнертанушылардың тағы бірі «ол шығармаларында өзі өмір сүріп отырған қоғамның өтке­нін, бүгіні мен болашағын бояу ерекшелігімен шебер бейнелей біледі» деп келетін пікірін өзіңіз қалай таратып түсіндірген болар едіңіз?
– Осыдан бірер жыл бұрын жеке көр­мем­ді өткізу үстінде Жаркентке жолым түс­ті. Сонда Көктал деген жердегі өсiп тұрға­нына жетi ғасыр болған алып ағаштың басына бардым. «Әулие ағаштың» жуанды­ғына алты адамның құшағы әрең жетеді екен.
Кезінде Марко Поло деген саяхатшы қазақ даласын қиып өтіп, Қытайға бет ал­ған сапарында, Жаркент өңірінде жергілікті халық «Әулие ағаш» атап кеткен алып бәйтеректің барлығын, оның басына өзінің де қона жатқанын ай-күнімен көрсетіп, күнделігіне түсіріп кеткен екен. Сол көрсе­тіл­ген уақыттан бері 700 жыл өтіпті. Демек, сол кездің өзінде «Әулие ағаш» атанса, оған дейін де қанша ғасыр өмір сүрген десеңізші... Оны ешкім дәл айта алмайды.
Үлкендігі жағынан дүниежүзіндегі алып ағаштардың үштігіне енген қара ағаштың білемденген тамырлары мен иiрленiп қу­рап кеткен бұтақтары қазақтың есте жоқ ес­кі заман шежіресін бойына бүгіп тұр­ған­дай әсер салды. Қарап тұрсаң, Жетісудағы қазақтың өмірі сол «Әулие ағаштың» төңірегінде өтіп жатыр. Ол ағаш нені көрген жоқ дейсің? Жоңғардың шапқыншылығын да, Қытайдың қырғынын да, орыстың боданын да көрген ағаш! Қазір сол тол­ға­ныс­тарымнан туған жаңа картинаның үс­тін­де жұмыс істеп жатыр­мын.
Мұндағы тұтастай ой желісі – ғасыр­лар­дың күніне қақталып, сынынан өткен "Әулие ағаштың" арса-арса болған алып­ты­ғы, үлкендігі, ескілігі, жайған шаштай жалбырап жатқан тамырының көнелігі ... Сол арқылы қазақтың да шыққан жері, тегі, тамыры, өсіп тараған бұтақтары – сансыз ұрпақтары бар екендігін көрсету... Жалпы, өмірдің заңына сай, күллі адам баласының да бір тамырдан өсіп-өніп, жайқалып, үлкен бәйтерекке айналатын­дығын бояу тілі­мен, бояу үндестігімен бей­нелеу, сөй­лету.
Шынайы қылқалам шеберінің туын­ды­сы келешекке қызмет етуі керек. Мен бо­ла­шаққа айтар ойымды қазір айтпасам, бояу тілімен айтпасам, қашан айтпақпын, қалай айтпақпын?..
– Сіз бір жазбаңызда: «Өмір қасіретке толы екенін де білемін... Бірақ мен одан жарық пен үйлесімнің жарқылын іздей бер­мек­пін. Менің шығарма­шылы­ғым бір ғана үмітке бағышталады» депсіз. Сіздегі сол үміттің тамыры қайдан, табиғаты қандай?
– Тегінде жұмырбасты пенде баласы өмір бойы осынау жарық дүниенің сәулелі сәттерін аңсайды. Алайда ию-қиюы көп бұл күнде кез келген жерде аяқты да, қол­ды да, тілді де қаға беретін кедергі-қиын­дықтар кездеспей қалмайды.
Мәселен, бір жерге барып, бір кісінің қолын қойдырып шығу менің бір күнімді алады. Салым суға кеткен сол күні не жұмыс жүрмейді, не қабағым ашылмайды. Адам­ды адым сайын шалатын толып жатқан сол сияқты өмір қайшылықтары, қарап тұрсаң, көңілге қасірет байлайды. Әйтсе де тұмша­лаған тұманды тесіп өтсең, бәрібір жарық дүние көрінеді. Мысалы, қызым Дария осы­дан үш жыл бұрын Мәс­кеудің Суриков атындағы көркемсурет академия­сының кескіндеме факультетін тамамдады. Өнер­дегі ізімді өкшелеп, өз қолтаңбасымен жақ­сы суретші болып қалып­тасып келеді. Қазірдің өзінде туын­дылары бағаланып, Мәскеудегі таны­мал суретшілердің қата­ры­на ілікті.
Өзім дәріс беріп жүрген жастардың ішінде де қабілет-қарымы күмән туғызбай­тын талантты жастар көп. Олардың шарқ ұрып ізденіп, құлшынып жұмыс істеп жүр­ген­деріне қуанамын. Осыдан жеті жыл бұрын шәкірттерім Өмірбек Жұбаниязов, Досбол Қасымов,Талғат Тілеужанов, Орын­­басар Жаңбыршиевтердің туынды­ларын топтастырып, «Іздер» деп аталатын көрме ұйымдастырдық. Ендігі жерде де суретті өмірінің мәніне балайтын жас толқынмен қайта көрме ашу ойымда жүр. Жылдар өте келе, «осы кісіден сабақ алған едік» деп еске алып тұрса, соның өзі жүрек­ке шуақ құятын жарық та жарқын дүние емес пе? Осының бәрі – менің үмітім.
 Ал үмітім – менің өмірім де, өнерім де!..
– Әңгімеңізге рақмет.

 Алашқа айтар датым бар...
 ...Бір күні Алматыдағы «Арбаттан» өтіп бара жатып, Абылай хан портретінің өзім салған нұсқасының айна-қатесіз көшірмесін сатып отырғандарға куә болдым. Қаз-қатар тізілген 10 картинаға да өз аты-жөнін жазып қойыпты. Авторымен тілдеспек болғанымда, оны орнынан таба алмадым.
 Бір өкініштісі, «Қайранбаев суретінен алынды» деп еш жерде ескертіл­мейді. Қаламақы да алмаймын, авторлық құқыққа да таласып жатқан мен жоқ. Тұңғыш портреті жарияланғаннан соң-ақ, шамамен бір жылдан кейін, әркім-әркім Абылай ханды түрлі өзгешеліктер енгізіп, көшіріп сала бастады. Айналып келгенде, бірнеше түрлі Абылай өмірге келді.
 Кинода болсын, графикада болсын Абылайдың образын түрлентіп беруге еш қарсылығым да, қызғанышым да жоқ. Одан Абылай образы байымаса, кемімейді. Тек бет-бейнесі алғашқы нұсқасының негізінде са­лын­са деген ұсынысым бар. Тарих алдындағы жауапкершілік пен қазақ бейнелеу өнерінің болашағын ойласақ, арнайы қазылар алқасының са­ра­бы бойынша Абылай хан портретін бір ізге түсіретін уақыт жеткен сияқты.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста