Жүрген жігітім "айкезбе" болып шықты...
"Алаш айнасы" оқырмандары! "Отбасы - ошақ қасы" айдарын оқып өмірдегі таңғажайып оқиғалардың куәсі болғаным анық. Мен де өзімнің басымнан өткен оқиғаммен ой бөлісуді шештім.
Мен Маңғыстау облысында тұрамын. Жасым жиырмадан асты. Колледж бітіріп, аудан орталығындағы ауруханаға медбике болып жұмысқа орналастым. Үйдің ортаншысы боламын. Сол аудан орталығында алыс туысқандарымның үйінде тұрамын. Жұмыс істеп жатқаныма бір жылдан асты. Аллаға тәуба, жұмысым өте жақсы. Үйреніп те алдым. Демалыс күндері ауылыма да барып тұрамын.
Жақында ауруханада жатқан досының жағдайын білуге келген Ерсін есімді жігітпен таныстым. Ерсін түрі келісті, жоғары білімі бар, мінезі жұмсақ, әзілқой жігіт. Ата-анасымен бірге аудан орталығында тұрады екен. Әкесімен бірге отбасылық шағын бизнестері бар.
Осылайша біз дос болып кейіннен достығымыз махаббатқа ұласты. Күнде кешкісін таза ауада қыдырып, таңға дейін әңгіме айтып махаббат қызыққа батамыз. Сүйісуден әріге барған емеспіз.
Бір күні жұмыстан соң Ерсін мені жұмыстан алып кетті. Екеуіміз күндегі әдетімізге басып, өзіміздің үйреншікті кафемізге бардық. Сол кафеде мені өзінің ата-анасымен таныстырғысы келетінін де айтты. Мен келісімімді бердім.
Сөйтіп мен Ерсіннің отбасымен таныстым. Айым атты жалғыз қарындасы бар екен. Қарындасымен жақын тіл табысып, тіпті құрбылар болып кеттік. Мен ол үйге жиі барып тұрдым. Олар да мені жатырқамады. Кейде телефонмен хабарласып анасы түскі, кешкі асқа да шақырып жүрді.
Бір күні Айымның туған күнін атап өтуге мені үйлеріне шақырды. Жұмыстан соң сыйлығымды алып, Ерсіннің үйіне бардым. Бәріміз әңгіменің қызығына түсіп кетіп, қалай кеш батып кеткенін байқамай қалыппыз. Қайтуға ыңғайлана бергенімде, анасы мен қарындасы "осы үйге қона сал" деп жібермеді. Амал жоқ, туысқандарыма телефон соғып, құрбымның үйіне қонатынымды айттым.
Маған төсекті Ерсіннің анасы Айымның қасына салып берді. Түнде қарындасын оятып, сыртқа шығып келдік. Үйге оралсақ, Ерсін бөлменің жарығын жағып, өшіріп ойнап тұр екен. "Ерсін, Ерсін" десем қарамайды, бізді байқайтын түрі жоқ. Көздерін тарс жұмып алған. Бір кезде барып бөлменің бұрышына барып отырды. Не болып жатқанын түсіне алар емеспін. Ерсіннің қасына баруға оқталып едім, қарындасы ұстап қалды.
- Әуре болма, Ерсіннің осындайы бар. Бала кезден көрсетпеген жеріміз қалмады. Емі жоқ. "Лунатик" болып қалды осылай, - деді.
Лунатик дегенді кинодан немесе бір оқиғалардан естуші едім. Сол жолы өз көзіммен көрдім. Таңертең Ерсін түк болмағандай мені жұмысыма апарып салды. Кешегі жағдай туралы оған айтарымды не айтпасымды білмедім. Егер ол емделмейтін ауру болса, ары қарай кездеспеуді де ойладым. Бірақ, Ерсіннің маған деген ерекше махаббатын, құрметін, сезімін сыйлаймын, сатып кетуге дәтім жібермейді. Өзім де оны қатты жақсы көремін. Өзіне ашық айтып сөйлессем бе әлде түк болмағандай жүргенім дұрыс па? Лунатизм туралы не айтасыздар? Ақыл-кеңестеріңізді асыға күтемін.
Дана, Маңғыстау облысы
Құрметті оқырман, егер Сіз де өз басыңыздан өткен тағдырды көпшілік талқысына салып, оқырманмен ой бөліскіңіз келсе мына электронды почтаға материалыңызды жолдай аласыз: info@alashainasy.kz
Редакция телефондары: 8/727/388-80-60; 8/717/2 54 27 30