Туған ағамнан көңілім қалды
Біз отбасында үш баламыз. Ағам, мен және қарындасым. Ағам да, мен де үйленгенбіз, қарындасымыз да тұрмыста. Әкеміз осыдан 15 жылдай бұрын қайтыс болып кеткен-ді. Ал анамыздың өмірден өткеніне екі жылдай болып қалыпты. Ағам мен жеңгемнің шынайы келбеттерін сол кезден бастап біле бастадым, яғни анамыз қайтыс боларда. Білдім де, түңіліп кеттім.
Анамыз марқұм алтын адам! Төңірегіне нұрын шашатын жан. Балалары дегенде жанын үзеп беруге дайын. Бір тиын артық тапса да бізге жамайтын да, өзі киімді өлшеп сататын жерден киінетін. Мен өз басым оны кейін білдім. Соны естігенде, анам байқұсты аяп, қатты қиналдым. Алғашқы айлығымды, яғни 120 мың теңгені мамама беремін деп шештім. Әңгімені осыдан бастайын.
… Анам ағамның үйінде тұрып жатты. Таңертең ерте жұмысқа асығып бара жатқан бетте жолай ағамның үйіне соғып, мамамның қолына 120 мың теңгені санап бердім де, «базарға барып, түгел осы ақшаға киім ал» деп, тез кетіп қалдым. Сөйтсем, мен кетісімен ағам «менің қарыздарым бар еді» деп жыланса керек, мамам ақшаны соған бере салыпты. Ағамның да, жеңгемнің де табыстары жаман емес негізі, сол ақшаға қарап қалғаны несі екен!? Жыным келді, бірақ не істерсің, анам өзі солай «дұрыс» деп шешсе.
Анам жарты жылға жуық уақыт науқастанып, ауыр дерттен көз жұмды. Бар ауыртпалықты өз мойныма алдым. Үйге алып кетіп, өзім бағып-қақтым. Күні-түні күзетіп аузына су тамызып отырдым. Қарындасым шамасы келгенше көмектесіп жүрді. Балалары кішкентай, кейде мүмкіндігі болмай қалады. Күйеу балам да қарап қалмады, өзінше қол ұшын берді. Әйелім де алғысым шексіз. Анамды өз шешесіндей күтті. Ал ағам мен жеңгемнің қылықтарына жағамды ұстадым. Жеңгем жарайды, өзінің туған анасы болмаған соң, жанына батпаған шығар. Ағамды «тұңғышымыз» деп әке-шешем көкке көтерді емес пе... Тәуірін соған кигізіп, соны оқытқан болатын. «Бауырларың ғой, осы оқысын, кейін сендерге қарайласатын болады» деуші еді. Қарайласты!
Анам ауырып жатқанда ақшадан қатты қиналдым, яғни ем-домына. Сөйтіп несие алдым. Бірақ ешкімге алақан жаймадым. Біреуге өтірік, біреуге шын, ағам 5 мың теңге берді де, сонымен қойды. Тіпті ауырып жатқанда келіп қалын сұрауға әрең уақыт табатын.
Сонымен не керек, анамды мәңгілік сапарға шығарып салдық. «Үмітсіз – шайтан». «Аман алып қаламын ба» деп әбден тыраштандым. Туыстарымыз «болды, анда тасып, мына тасып мазалама! Тыныш жатсын» дегендерін тыңдадым. Шетелге апармасам да, осы Алматының барлық жеріне қаратып шықтым. Тіпті дәрігерлер де, бастарын шайқайтын. Соған қарамастан, бір ғажайып бола ма деп дәмелендім. Сөйтіп жүрген де көп қаражат жұмсап жібердім. Оған еш өкінбеймін. Бірақ жерлейтін кезде қиналып қалдым. Сөйтіп қарындасымыз екеуміз «үшеуміз теңдей етіп ақша жинайық» деп ақылдастық. Ойымызды ағамызға айтқандағы түрін көрсеңіздер ғой. Соңғы нанына таласып жатқанымыздай сұрланып кетті. Мен мұндай сұмдықты көрмедім. «Менің туған ағам осындай ма еді?» деп іштей қатты налыдым. Әйтеуір күңкілдеп жүріп, 50 мың теңгесін қалтасынан әрең шығарды. Негізі әйелі екеуі де «Сауран» базарында сауда жасайды. Табыстары өте жақсы. Бір емес, бірнеше орындары бар.
Анамызды арулап жер қойнына тапсырдық. Көктем жақындағанда енді тасын қояйық деп шештік. Баяғы қарындасымыз екеуміз. Ұзақ жырламай-ақ қояйын, ағамыз бір тиын бермеді. Бермегені былай тұрсын, өзімізге айқайлап шықты. «Темірмен қоршай сал, соған бола ақша шашпай» деп салды. Мұндайға не деуге болады? Білмеймін, тіптен сөзім жоқ.
Қалай болғанда да бауырың ғой. Дауласып жатпадық, бар ақшамен анамыздың тасын көтердік.
Жуырда менің қызым тұрмысқа шықты. Анамның туыстары бар, әкем жақтан бауырларым бар, «көп түкірсе – көл» демекші, біреуден артық, біреуден кем, қыз ұзату тойын жасадық. Азды-көпті құдалықты да атқардық. Ал өзімнің туған бауырым қол ұшын бермек түгіл, тойға да келмеді... Міне, оның дәл осы қылығы менің жүрегіме қанжар сұққандай болды. Жалғыз қызым тұрмысқа шығып жатқанда, ағамның менің қуанышымды бөлісуге жарамағаны жаныма қатты батты. Бұл қызғаныш па, әлде «ақшам шығып кетеді» дегені ме, түсіне алмадым. «Қызғаныш па?» дегенім, оның үлкен қызы, жолдан бала туып, қазір үйінде отыр.
Қолыма қалам алғандағы себебім, туған бауырымның бұрынғылары және осы істегені мені күйзеліске ұшырата жаздады. Мен одан қанша жас кіші болсам да, кезінде көп көмектескен едім. Олар ауылда тұрғанда бар тапқан таянғанымды екіге бөліп соларға жіберіп отырдым. 5000 доллар несие алып беріп (олар оған көлік сатып алған еді), оны өзім төлеп шықтым. Қолы аузына жеткенде өзгеріп сала берді. Негізі мұндайы жоқ еді, түсіне алар емеспін. Әлде әйелі ме екен, оны осынша өзгерткен. Әлбетте жасаған жақсылықтарымды бұлдап отырған жоқпын. Ондайдан Құдай сақтасын. Тек «ағамның алдында не жазып қойдым?» деп ойлаймын
Қазақта «бауырың - бауыр етің» деген жақсы сөз бар. Ата-анам «бауырмашыл болыңдар, ешбір жан жеме жемге келгенде туғаныңдай болмайды. Бір-біріңді демеп, қайғыны да, қуанышты бірге бөлісіңдер» деп тынбай айтушы еді. Бір-біріне қамқор бауыр жандарды көргенде қатты қызығамын. Жалғыз бауырым ғой, кейде сағынамын. Бірақ істеген қателіктерін ойласам «мұндай бауырдың барынан жоғы жақсы» деймін іштей. Әлде менікі дұрыс емес пе..?
Кейде ішіңде бұғып жатқан сырларыңды сыртқа шығарғың келеді. Алайда «бауырым осындай» еді деп кімге жария саласың? Біреу түсінсе, біреу күледі. «Алаш айнасының» «Отбасы – ошақ қасы» айдары дәл осындай жағдайда жақсы «тыңдаушы». Бір жеңілдеп қалады екенсің.
Кенжехан, Алматы қаласы