Тағдырдың тосын сыйы...
Жан сырымды көптің талқысына салсам ба, салмасам ба деп көп ойландым. Ақыры бір жеңілдеп қалармын деген оймен жазуды ұйғардым. Жас шағымда тәп-тәуір сұлу едім.
Жігіттер мені көрсе гүлге үймелеген арадай құжынайтын. Сұлу біткеннің басты ұстынындай мен де тым тәкәппар едім. Ешкімді өзіме тең көрмеуші ем. Бірақ ешуақытта да бір жаманға қор болып өмірім өтеді-ау деп ойлаған емеспін.
Тағдырдың біз күтпеген тосын сыйы көп болады екен ғой. Жоғары оқу орнын бітірер-бітірместен Тұрсын есімді жігіттің етегінен ұстадым. Несімен баурап алғанын білмеймін, әйтеуір сол дегенде жібім босап кететін.
Бүгінгі Астана ол кезде Целиноград еді ғой, кіп-кішкене қалашық. Жатақханадан бір бөлме алып сонда тұрып жаттық. Оның әке-шешесі ауылда тұратын. Демалыс күндері барып тұрдық. Ауылға барғанда ағайын-туысының бәрі маған тағы аң көргендей аңтарылып қарайтын. Баста түсінбей жүрдім.
Сөйтсем Тұрсын бұрын да үйленіп, әйел жіберген екен ғой. Қайдан білейін, бәрібір білгенмен де не пайда, болары болып, бояуым сіңіп қойған. Қойшы сонымен не керек, екінші қызым дүниеге келгенше іщщәй деп ұрсып көрмеппіз. Ол да, мен де оқыған көзі ашық оқыған адамдармыз, ашуымыз кеп тұрса да орнымызды біліп үндемей құтылуды әдет қылғанбыз. 90-шы жылдардың орта тұсы, елдің бәрі қиналып, ала қап арқалап кеткен кез. Тұрсын да солардың қатарына қосылды. Басында ақшасының басын бірін-біріне қоса алмай біраз қиналды. Кейіннен жолын тауып үйреніп алған соң саудасы жүре бастады. Ең өтімді тауар азық-түлік емес пе, қант шәй, макарон өнімдерін әкеліп сатты. Ресейлік көліктің өзін ол кездері мен деген адамдар мінетін. Ал шетелдік көлік дегенің кейбіреулердің түсіне ғана кіретін. Өзі темірге құмар адам, Тұрсын біраз ақшаның басын құрап темір тұлпар алды.
Басымызда үйіміз жоқ, мәшін неге керек деп мен ренжідім. «Асықпа, оны да аламыз әлі» деп жұбатты мені. Расында арада көп уақыт өтпей-ақ баспаналы болдық. Тағы да біраз ақшаның басын құрап Тұрсын азық-түлік дүкенін ашты. Сатушы жалдадық. Енді тек ақша санап отыру ғана тірлігіміз. Артық ақша адамды бұзбай қоймайды білем. Тұрсынның анда кеттімі, мында кеттімі көбейді. Өзі де көріктен кенде емес, астында сәйгүліктей ытырылып тұрған әдемі көлік, ондай адамға кім кетәрі десін. Оның үстіне қалтасы толы қаржы болса.
«Қазақ байыса қатын алады» деген қалай құп айтылған. Үшінші қабаттың терезесінен сыртқа телміріп талай таңды көз ілмей атырдым десеңші. Жылдың әр мезгілінде қар жауғанда да, жаңбыр төккенде де түні бойы түк көрінбес терезеден телміріп әйнекті көз жасым жуды талай. Үстінен арзанқол әтірдің иісі бұрқырап тау қайырып келгендей таң ата босағадан аттайтын. Өтірікті де қалай шебер ұйқастырады десеңші.
Таң қаласың. Талай мәрте жылап та айттым, жайбарақат отырып та айттым. Бірақ қояр болмады. Нәпсінің құлына айналған адамның көзі байланып қалады білем. Одан қайран жоғын біліп бармағымды шайнағаннан басқа амалым қалмады…
Бір жолы балаларға киім-кешек алмақ болып базарға дейін такси ұстадым. Таксист сөзуар екен, базарға дейін біраз әңгіменің тиегін ағытып тастады. Келер жолы да тағы бір жаққа бармақ болып жиналғанымда әлгі таксиді тоқтатыппын. Кәдімгідей көзтаныс болып қалдық. «Қандай әдемі, тартымды келіншексің, сенің жолыңда жаныңды құрбан етсең де аз емес…» деп ода айта бастағанда өзімнің әйел екенімді ұмыта бастағанымды білдім. Айдаладағы еркек тамсанып үзіліп отырғанда күйеуімнің істеп жүрген тірлігі есіме түсіп көзіме кеп қалған жасты әзер тыйдым. Босап бара жатқан буынымды бекітіп ләм-мим демей барар жеріме жетіп түсіп қалдым. «Құрысын, еркек қой, солақай жүрісімен жүрсе жүре берсін, азары болса жанымды күйдіріп күйдіріп қояр, қоймаса арына салдым. Ал бірақ мен өліп қалсам да мұндай азғындық жолға түспеймін. Әке-шешемнің миыма құйған ар-ұят мәселесін жылы жауып кете алмайды екем». Менің табан тіреген нүктем осы болды.
Тағы бір жорығынан оралған түні Тұрсынға «бізді іздеме…» дедім де балаларымды жетектеп үйден шығып кеттім. Қайда барам, әрине төркініме, одан басқа мені үш баламмен құшақ жайып қарсы алатын адам бар ма? Бұл кезде әбден төзімім таусылып, жүйкем жұқарып біткен еді. Құрысын, байлығы да, ақшасы да дедім. Жаның тыныш таппаған соң ақша не керек, байлық не керек. Бала шағамның киімінен басқа ештеңе де алмастан ауылдағы төркініме тарттым. Кейіннен көрші келіншек артымнан звандап күйеуімнің үйге қыздар әкеліп бар дүниені ұрлатып құртқанын, дүкенді құмар ойынға тігіп жібергенін естідім. Қоры таусылғанша мені іздемеген Тұрсын екі жылдан кейін басы салбырап келіп тұр. Күйіп кеттім. Әкем «ақылға сал, енді адам болатын шығар, шекесіне тиді ғой» деп мені онымен қосылғанымды қалайтынын білдірді. Шешем болса да әкемнің ығынан шыға алмайды. Сонымен қолында қалған аз ғана ақшасына облыс орталығына келіп кішкене екі бөлмелі үй сатып алдық. Бүгінде барынан айырылып маңдайы тасқа тиген күйеуім қара жұмыс істеп нәпақа тауып жүр. Әйтеуір бала-шағаның тамағы, киімі, қыдырғанымыздан артылып тұрады. Соған да шүкір. Барға қанағат. Одан артық тапқанын қаламаймын да, өйткені қолына артық ақша бітсе күйеуімнің құтырып кететінін білемін…
Дереккөз: el24kz