Серікгүл Сәли: Қыздар 30-дан асқанда жігіттерге өзі сезімін білдіру керек
Психолог Серікгүл Сәли 30 жастан асқан қыз-келіншектерге кеңесін айтты. Маман тұрмыс құра алмай жүрген кәрі қыздар өздері әрекет ету керек дейді.
Бұл туралы "SanTaram" ток-шоуында айтылды.
Психолог қыз бен жігіт, ер мен әйел тақырыбынды жиі пікірін білдіріп жүр. Өзіне ажырасқан ерлі-зайыптылардың, әйелдердің көп келетінін айтады. Ал бағдарламаларда махаббат, отбасы, тұрмыстық мәселелерді қозғап жүр.
Бұған дейін жігіт пен қыз бір-бірін иіскелесу арқылы тани алады десе, бұл жолы маман тұрмыс құра алмай жүрген қыздарға кеңесін айтты.
“Қыздарды 30 жасқа дейін жігіттердің өздері тауып алады. Ал 30-дан асқанда қыздар өздері қадам жасау керек. Мені келіп тауып алсын деп отырмау керек. Көзге түсетін жерлерге бару керек. Жігіттің өзіне ұнап тұрғанын білдіру керек. Өзі әрекет ету керек. Сезімі бар екенін білдіру керек. Үйден шықпау отырып алу дұрыс емес”, – дейді ол.
Психолог маман егер ер азамат әйеліне қол көтермесе, онда ажырасу туралы ойлаудың дұрыс емес екенін айтты.
“Егер ер азамат әйеліне қол көтермесе, бірден ажырасу туралы ойламау керек. Егер ол үйіне келгісі келмесе, жұмысына байланысты болуы мүмкін. Нәпақа табу мақсатында жүрген шығар. Тіпті, ол үйге келуге асықпайды десеңіз, мәселені өзіңізден іздеңіз. Ер азаматқа үйі жайлы болу керек. Оған демалатын орын болу керек. Сіздің қасыңызда демалғысы келетін жағдай жасау керек. Үйде береке болса, бәрі болады. Әйел адам ұрыс шығармай, сол жағын да ойлау керек”, – дейді Серікгүл ханым.