Қыдырымпаз күйеуім маған жыныстық ауру жұқтырды
Осы уақытқа дейін жасым 50-ге келгенде жолдасыммен ажырасам деген ой мүлдем миыма кіріп шықпаған ой еді.
Жолдасыммен 25 жылдай бірге тұрдық. Екі бала тәрбилеп өсірдік. Басымызда үйіміз де, астымызда көлігіміз де бар. Былайша айтқанда жұрт қызығарлықтай өміріміз бар болатын. Өзім мектепте ағылшын тілі пәнінің мұғалімімін. Жолдасым қаладағы институттардың бірінде ғылыми қызметкер болатын.
Әжептәуір қызметі бар күйеуімді көшедегі қыздарға барады, жеңіл жүрісті қыздардан ауру жұқтырып алады деп мүлдем ойламаппын.
Осыдан үш ай бұрын ауырып, гинекологқа көрінгенімде, ақылы медициналық орталыққа барып, анализ тапсыруға нұсқау берді. Жанұшырып барып сынама тапсырып, қортындысын білгенде шалқамнан түсе жаздадым. Жолдасымнан жыныстық қатынас арқылы жұғатын ауру жұқтырыппын.
Енді қазір емделіп жүрмін. Естіген күні-ақ жолдасымды барып үйден қуып шыққанмын. Бірақ сол қылығымды ұлым мен қызым құптамай қазір сөйлеспей жүр. Айналып келгенде бәріне мен кінәлідей, отбасының шырқын мен бұзғандай болып отырмын.
Қызым тұрмысқа шығуға дайындалып жүрген. «Баратын жеріме не бетімді айтам, ата-анам ажырасып жатқаны бетіме шіркеу емес пе» деп шыр пыр. Сондай менің жаралы жаным кімге керек? Менің абыройымды кім ойлайды? Осы жаныма батып жүр.
Алғашында қатты кетсем де, енді қызымнан аса алмай отырмын. Ағайындардың үйінде жүрген жолдасымды балам «бүгін үйге әкелем» дейді. Бір сәт «өзім үйден кетсем бе» деп ойлап та көрдім. Бірақ онда отбасымнан тіпті ажырап қалатын секілдімін, басым қатты. Айналып келгенде әркім өз абыройын, өз басын ойлайды екен. Соған көзім жетті.
Айханым, Шымкент қаласы.