Нәрестенің иісін 20 жыл аңсадым

Нәрестенің иісін 20 жыл аңсадым

Маған екінші рет ана болу бақыты бұйырғанда шексіз бақытқа кенелгенімді айтып жеткізу мүмкін емес. Өйткені тұңғыш қызымның соңынан егіз ұлдарды дүниеге әкелдім. Ай-күнім толып босанарда дәрігерлер мені перзентханаға бірнеше күн бұрын ерте жатқызды. Сол кезде мен Айғаным атты келіншекпен танысып, екеуміздің әңгімеміз бірден жарасып кетті. Жалпы перзентханадағы әйелдер бір-бірімен тез тіл табысады емес пе? Алғаш Айғанымды көргенде оның жүзіндегі жылылық, көзіндегі мейірім мені бірден баурап алды. Оның жасы 38-де болса да, 25-тердегідей өте жас көрінетін. Айғаным екеуміз қатар босандық. Ол өзінің 20 жыл бойы күткен тұңғыш сәбиін дүниеге әкелді. Сәбиге зарыққан жанның ана болу бақытына ие болғанына куә болудың өзі қандай ғажап десеңізші. «Алаш айнасының» құрметті оқырманы, Алланың сынағына төзімділікпен төтеп берген Айғанымның тағыдыры жайлы өзінің әңгімесін сіздермен бөлісуді жөн көрдім.

Мен Қызылорда облысының Байқоңыр қаласында туып өстім. Отбасымызда 3 ағайындымыз. Менен үлкен әпкем және інім бар. Әкем мен анам екеуі бізді ешқашан ештеңеден тарықтырмай өсірді. Шама-шарқынша тәрбие берді. Мен 9 сынып оқып жүрген кезімде анам ауыр науқастан қайтыс болды. Сол күннен бастап балалық бізден мәңгіге алыстап кетті. Оқушы кезімде анама деген сағыныштан ба, өзімді әлемде жалғыз қалған адамдай сезінетінмін. Анам қайтыс болғанан кейін нағашыларымыз бізге көп қамқорлық жасады. Әкем үшеумізді жеткізу үшін тынбай жұмыс істейтін. Әпкем мектеп бітіргеннен кейін жоғары оқу орнына тапсырмай бірден еңбекке араласты. Мен де мектепті бітіріп, өз күнміді өзім көру үшін жұмысқа орналасуды ұйғардым. Алайда әкемнің туыстары менің жұмыс істегенімді қаламады. Олар өзара ақылдаса келіп мені тұрмысқа беруді шешкендерін айтты. Әкем де өз туыстарының сөзіне қарсы келмеді. Мен танымайтын, білмейтін адамыма күйеуге шықпайтынымды айтып, қарсылық білдірсем де әжем сөзіме құлақ аспады. «Қалаға барып не жұмыс істеп қарқ боласың. Анаң болса жоқ, әкең болса анау, саған қарайтын мұршасы жоқ. Ертең қалаға барып бұзылып кетесің. Одан да өз ауылымыздағы танитын адамдарымыздың отбасына барғаның дұрыс» деп ақылын айтты. Сонымен мені біздің әулетке құда-жекжат болып келетін бір отбасының ортаншы ұлына ұзатты. Он сегізге толмай жатып үлкен әулетке келін болып түстім. Жолдасым Арман өзімнен 8 жас үлкен болатын. Маған дейін бір рет үйленген Арманның 1,5 жасар ер баласы бар екен. Арманның бірінші әйелі қалада өскен біреудің жалғыз қызы болған. Ол Арманмен 3 жыл тұрып ажырасып кетіпті, екеуінің келісімімен баласы әкесінің қолында қалған.
Сүйіспеншілік сезімнің, отбасылық өмірдің не екенін білмесем де, уақыт өте келе Арманға бауыр баса бастадым. Оның кішкентай ұлы Арнұрды да өз баламдай көруге тырыстым. Ол мені "мама" дейтін. Арнұрды жетектеп жүріп екі жылдың қалай өтіп кеткенін де білмей қалыппын. Үйде кішкене бала болғандықтан о баста балалы болуға қатты асықпадым. Өзім де бала сүюге іштей дайын болмадым ба? Бірақ уақыт өте келе қашан бөпелі болар екенмін деген ой жиі мазалайтын болды. Сөйтіп жүргенде тағы бір жыл өте шықты. Бірақ мен бала көтере алмадым.
Үйленгенімізге төрт жыл болғанда Арманның қызмет бабына байланысты Алматыға көшіп келдік. Сонда ауылдағы үлкен кісілер: «Ауа райын ауыстырып, басқа қалаға көшкендерің дұрыс болды, енді нәрестелі боп қаласыңдар» дегенінде іштей қуанып кеттім. Алматыда тұрып жатқанымызға бір жыл болғанда да еш өзгеріс болмады. Бір уақыт бала туралы ойдан серпілу үшін жоғары оқу орнына оқуға түсіп, экономика мамандығын алып шықтым. Бірақ өз қатарластарымыздың алды 3-4 балалы болып жатқанда біздің бір шақалаққа зар болып жүргеніміз арқама аяздай бататын.
Алматы қаласында көрінбеген дәрігерім қалмады. Жолдасым екеуміз дәрігерлерге де, емшілерге де бірге қаралдық, қаншама ем қабылдадық, бірақ нәтиже жоқ. Дәрігерлер менің жатыр түтікшемде кінәраттың барлығын айтып бірнеше мәрте ота да жасады. Үшінші рет отаны Астана қаласында жасаттым. Алайда одан да түк шықпады. Дәрігерлер маған өздігімнен бала көтере алмайтынымды, тек денеден тыс ұрықтандыру арқылы бала сүйе алатынымды айтты. Жолдасыммен ақылдаса келіп осы әдіспен де балалы болуға әрекет жасап көрдік. Алғашқы рет денеден тыс ұрықтандыру жасағанымызда екі айға жетпей түсік тастадым. Осы жағдайдан кейін жолдасым қатты өзгеріп кетті. Ішімдік ішуді жиілетті, үйге қонбайтынды шығарды. Мен оның ішкі дертін түсінгеннен, өзімнің кінәмді білгеннен үндей алмай өз мұңыма өзім тұншығып жүре бердім. Бір күні Арман қатты мас болып келіп: «Сен секілді бала таппайтын бедеу қатын маған керек емес, кет!» деп қатты ашуланды. Осыдан кейін ара-тұра қол жұмсайтынды шығарды. Арманның ішімдікке салынып, мінезі өзгеріп кеткеніне оның анасы да мені кінәлайтын болды. Ауылдан туыстарымыз келсе де ешқайсысының бетіне қарай алмайтынмын. Айналамдағылардың бәрі мені бала туа алмағаным үшін мүсіркейтіндей болып тұратын.
Арман екеуміздің балалы болуға деген талпынысымыз, үмітіміз, төзіміміз он екі жылға жетті. Мен оған перзент сыйлай алмадым. Ал Арманның төзімі таусылды, білем, бір күні өзі менен ажырасатынын айтты. Мен Арманды еш кінәламаймын. Ол барынша шыдап бақты, маған қолдау көрсеткен кездері де болды. Бірақ әрнәрсенің шегі бар ғой. Екеуміздің ортақ баламыздың болатынына үміті үзілген соң, ол өз жолымен кете барды.
Ал мен Арманмен ажырасқаннан кейін қанша қиналсам да, бір жағынан арқамнан зілдей бір күш түскендей болды. Себебі он екі жыл бойы отбасылық өмірімізде мен өзімді бала сүйе алмағанымыз үшін кінәлап жүргендіктен бе, әбден шаршап, еңсем бір көтерілмей келгенін түсіндім. Осыдан кейін өзіме-өзім өткенімді ойламауға, жаңа өмір бастауға уәде бердім. Тек мен өзіме кішкентайынан бауыр басқан Арнұрды сағынатынмын. Ол ес біле бастағанда менің өз анасы емес екенімді білсе де, мені мамалап тұратын. Кейіннен өзінің туған анасына да барып тұратын болды. Ол бала болса да кішкентайынан бәріміздің көңілімізге қарайлайтын. Арнұрдың әкесі екеуміз екі жаққа ажырасып кетсек те ол мені іздеп келіп тұратын болды.
Жолдасымнан ажырасқанна кейін мен Астана қаласындағы банктердің біріне өз мамандығым бойынша жұмысқа тұрдым. Ұжымда түрлі адамдармен араласып, көңілім жұмысқа алданып уақыт зымырап өте берді. 3 жыл банкте қызмет еттім, одан кейін риелторлық компанияда есепші болдым.
Бірде әріптестерімнің бірі туған күніне шақырды. Осы туған күні кешінде Роман деген орыс жігітімен танысып, екеуміз жақсы дос болып кеттік. Оның ұлты басқа, жасы өзімнен 7 жас кіші болса да екеуміз жақсы тіл табыстық. Ең қызығы, Рома бұрынғы өзім жұмыс істеген банкте қызмет ететін болып шықты. Екеуміз 2 жылдай жақсы дос ретінде араласып тұрдық.
Бірде Рома маған күтпеген жерден үйленуге ұсыныс жасады. Оның маған деген көзқарасынының ерекше екенін білсем де, мен одан осындай ұсынысты күтпеген едім. Мен бірден бас тарттым. Ромаға осы уақытқа дейін құпия ұстап келген өмірім туралы шындықты жайып салдым. Менің ешқашан оған бала сыйлай алмайтынымды, оны бақытты ете алмайтынымды айтып жан сырымды ақтардым. Бәрін үнсіз тыңдап отырған Роман мені құшағына қысты да: «біздің баламыз болады, мен саған сөз беремін» деді. Ол маған ойлануға да мұрша берместен өзінің ата-анасымен таныстырды, да бірден үйлентінін айтты. Рома екеуміз 5-6 досымыздың басын қосып дастархан жасадық та, некемізді қидық.
Мен Ромамен өзімді сондай бақытты сезіндім. Үйленгенімізге бір жыл болғанға дейін ортамызда бала туралы әңгіме қозғалмады. Екеуміз жазғы демалысымызды ұмытылмастай қызықты өткіздік. Тек бір жылдан кейін ғана дәрігерге қаралуды бастадық.
Романың денсаулығы өте жақсы, ол кез келген жас қызға үйленсе, балалы болатынында шүбә жоқ екенін өзі жақсы білетін. Ал мен қанша қайғы-мұңға берілмейін десем де, кішкенен баланың иісін аңсайтынмын, көшеде сәби көрсем, жүрегім қарс айырылатын.
Сонымен өмірімде екінші мәрте денеден тыс ұрықтандыру әдісіне жүгіндім. Бірақ бұл жолы да жолым болмады. Жатырға түскен ұрық жетіле алмай, тағы да түсік тастадым.Осыдан кейін тіпті үмітіп үзілгендей болды. Жасым болса 36-дан асып кетті. Енді Рома екеумізде бала асырап алу мен суррогат ананың қызметін пайдаланудан басқа амал қалмады.
Бірде өзімнің ұзақ жылдар қаралып жүрген дәрігерім: «Айғаным, медицина жылдан жылға дамып келеді ғой. Сен мойыма, тіпті болмаса , мен саған бір суррогат ана тауып берейін. Осындай мүмкіндікті де көрейік», деді. Рома екеуміз ақылдаса келіп суррогат ананың қызметіне де келістік.
Суррогат ананың жатырына ұрық салар алдында, мен дәрігеріме өзіме тағы бір мәрте денеден тыс ұрықтандыру әдісін жасап көруді өтіндім. Дәрігер менің көңілімді қимады ма, суррогат ананы кейінге қалдыра тұрып, маған тағы бір мүмкіндік берді.
Үшінші мәрте денеден тыс ұрықтандыру әдісі жасалғанда мен өзімді сондай сергек сезіндім, құрсағымда тағы бір өмір пайда болғанын жүрегім де, ақылым да енді қабылдағандай. Бір айдай дәрігердің ерекше бақылауында жүрдім. 4-5 апта өткенде ультрадыбыстық зерттеу жасаған дәрігер маған «балаңыздың жүрегі соғып тұр» деген сөзін естігенде қуаныштан есмінен танып қалыппын. Мен құрсағымдағы кішкентай ғана тіршілік иесін сақтау үшін 9 ай бойы барымды саддым дәрігерлердің айтқанын екі етпей жасадым. Ал өзінің әке атанатынын естігендегі Романың қуанышты жүзін көрсеңіз. Мені алақанында аялаған жарыма алғысым шексіз. Маған ана бақытын сезінуді бұйыртқан Аллаға мың алғыс.
Мен өмірдегі ең бақытты жанмын. Өйткені Алла өзінің мендей құлының бір арманын орындады, шекесі торсықтай ұлды болдым.
Нәрестем туғалы оны қолымнан түсіргім келмейді, құшырланып иіскей берем, иіскей берем. Шіркін, әлемде сәбидің иісіндей жұпар бар ма?

Айғаным, Алматы қаласы

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста