Мүгедек әйелдің мұңы...
Құрметті Алаш айнасы басылымының оқырмандары, мен бүгін осы сайтты оқып отырып «өзімнің ішімде жүрген сырымды сіздермен бөліссем» деп отырмын. «Мүмкін, араларыңызда маған ой салатын бір ақылшы табылып та қалар» деген ойдамын.
Мен Алматы қаласының тұрғынымын. Алматыдағы Алғабас ықшам ауданында тұрамын. Өзім үшінші топтағы мүгедекпін. Жұмысқа жарайтындықтан ес білгелі жұмыс істеп келемін. Оң аяғымнан сол аяғым қысқа. Сондықтан аяғымды сылтып басамын. Бірақ денсаулығым бірқалыпты. Тек жұмыс бабымен қаланы шарлап кеткенде болмаса әзірге аяғымнан оншалықты ауырлық көріп отырған жоқпын. Жасым 46-да. Жалғыз қызым бар.
Кезінде Алматыдағы қыздар педагогикалық институтын бітірдім. Одан кейін сүйген жігітімді жолықтырып тұрмысқа шықтым. Әтеген-айы, келін болып түскен жерім үнемі аяғымның кемдігін бетіме басып «ақсақ келін» атап кетті. «Ел не демейді» деп оған да етім үйреніп барлығына шыдап бағып едім, бірақ мұндай қаңқу сөздерге күйеуімнің жүйкесі сыр беріп, ішкілікке салынып кетті. Ақыры қызым дүниеге келгеннен кейін алты айдан кейін біз некемізді бұздық.
Міне, содан бері қаншама жыл өтті. Биыл қызым да 23 жасқа толғалы отыр. Қызымның тумысынан мүгедектігі бар. Дәрігерлер қызыма «жүйке жүйесінің дамуында тежелу бар» деген диагноз қойған. Дамуында тежелуі бар баланы өсіп жеткізу маған оңай болған жоқ. (Әке-шешем ертеректе қайтыс болған еді). Оның үстіне өзім де жарымжанмын. Менің тағдырымды қайталағандай қызым да мүмкіндігі шектеулі болып туды. Не керек, қызымды өсіру маған оңай болмады. Таңды-таңға ұрып ұйқысыз түндерді өткізу, үнемі дәрігерлік тексеруден өту, сәт сайын дәрі-дәрмегін үзбей беріп отыру, ішіп-жемін қадағалау, артық қимылдарының барлығын бақылап қағазға түсіріп отыру, салмағын толтыру үшін жанталасу қат-қабат қиындықтардың барлығын жеңіп келіп, енді қиындықтар сәл-сәл саябырси бастағанда менің алдымнан тағы бір проблема шығып тұр. Қызым өзінің жарымжан екеніне қарамастан «тұрмысқа шығамын» дейді. Менің қарсылығыма қарамастан осындай қадамға барғысы келіп отыр.
Қызым ес білгелі біз қаладағы арнайы мектепке бардық. Ондай мектептерде логопед, дефектолог, психологтардың көмегіне жүгіндік. Қызым өз ортасында белсенді болып шықты. Сөйтіп, арнайы мектептің жеңілдетілген бағдарламасын асқан төзімділікпен оқыдық. Бұл жерде «асқан төзімділікпен» деп отырғанымның себебі бір күнде тек оқуды ғана үйренсек, келесі күні тек жазуды ғана үйренетінбіз.
Осылай жүріп қызым арнайы мектептің 6-шы сыныбына аяқ басқанда ежіктеп оқи бастады. Ал мұндай даму жүйесі тежелген баланың оқып кетуіне қол жеткізу мен үшін де, ұстаздары үшін де үлкен жетістік болды.
Осылай жүріп 8-ші сыныпқа көшкенде қызым үзбей қабылдаған ем-домның, нақты қадағалау мен кешенді түрде емделудің арқасында емін-еркін оқи алатын, емін-еркін жаза алатын жағдайға жетті.
Арнайы мектеп тек тоғыз жылдық болғаннан кейін қызымды бірден тігіншілердің алты ай оқитын курсына бердім. Сол аралықта өзім несие алып, қосымша қорда жинаған ақшаны алып Алматыдағы «Көк базар» аталып кеткен базардан жалға бір дүңгіршек алдым. Артынша ол дүңгіршектің ішін тігін цехына арналған құралдармен жабдықтадым. Сөйтіп, қызымның ісін өркендету үшін өзім де мемлекеттік жұмыстан шықтым. Ондағы ойым «қызым мына бір қоғамға бір кірпіш болып қаланып, өз нанын өзі тауып жесін» деген ниет еді.
Міне, неше жылдан бері қызымның жұмысы ілгеріледі. Қазір ардақты қызым тапсырыспен перде, киім-кешек, қыз жасауын тіге бастады. Әрине, мұның барлығын жалғыз істеуге шамасы келе бермейді. Біз қасына осыдан жеті жыл бұрын бастағанда кәнігі кәсіби шебер тігінші алдық. Қазір қызым өзіме үйрететін дәрежеге жетті. Соңғы екі жылда екеулеп табыс тауып отырмыз.
Біраздан бері қызым өзінің арнайы мектепте бірге оқыған бір сыныптас баламен сөйлесіп жүр. Екеуі бірге шығып серуендеп келеді. Кейде киноға барғылары келеді. Ондайда мен қастарына бір туысымызды қосып жіберемін. Қайдан білемін, «екеуі де жарымжан жандар ғой, көмек керек бола ма» деп кейде көрші қыздардың бірін ертіп жіберемін.
Соңғы алты айдан бері қызым «сол кездесіп, сөйлесіп жүрген балаға тұрмысқа шығамын» деп жүр. Тіпті жігіттің әке-шешесі де үйге келіп алдымнан өтініп кетті. Ол кісілерге мен «әрине ойланайын» дедім. Бірақ көңілде бір күдігім бар. Эндокринолог және соматик-генеколог дәрігеріміз «жүйке жүйесі дамымаған, тумысынан тежелуі бар адамдардан сау бала тумайды» дейді. Қазір осы ой менің жанымды жегідей жеп жүр. Олардың екеуі де жарымжан. Ал ертең өмірге келетін ұрпақтары да сондай болып жатса, қызым ол баланы күтіп баптай ала ма? Мен қашанғы оның қасында жүремін. Жігіттің әке-шешесі қашанғы қастарында жүреді? Қызымның жайын қазір мен жасап отырмын. Ол ертең бір отбасын алып кете ала ма? Осындай ойларды ойласам, ойым онға санам сан-саққа жүгіреді. Қазір не істерімді білмей торығып жүрмін? Бір ойым - артында не бауыры, не сіңілі тұрған жоқ, тұрмысқа шықса шықсын десе, ендігі бір ойым - өзіне бір адам қарау керек. Жат жерге барған соң оның денсаулығына кім қарайды. Сені «ақсақ келін» деген тәрізді мұны да біреу кемсітпей ме?-деп алқымнан алады.
Міне, құрметті оқырман, осыдан кейін мен сіздердің ақылдарыңызға да салуды жөн көрдім. Маған не айтасыздар? Мұндай жағдай бастарыңызда болып көрді ме? Не істеуім керек? Ақыл қосыңыздаршы?
Әмина, Алматы қаласы