Мен қалай желілік маркетингтен "байыдым"?

Мен қалай желілік маркетингтен "байыдым"?

Менің желілік маркетинг деген пәлекетпен таныс болғаныма 10 жылдың жүзі болып қалыпты. Кім де болса сауда-саттық желісіне байысам екен деп кіреді емес пе, сол қаптаған маркетинг байытар болса, менің бір байитын уақытым болған екен-ау. Бірақ неге байымадым? Оның қыр-сырын бүгін «Алаш айнасының» оқырмандарымен бөлісуді жөн санадым.
Бастапқыда опа-далап сатып жүрген біреулер «Сіз де сатып көріңіз, қосымша табыс табасыз» дей қалса, ат-тонымды ала қашатынмын. Біреуге бірдеңе сату ұят, масқара сияқты көрініп тұрушы еді сонда. Бара-бара өзім пайдаланып жүрген косметиканы арзан бағамен алуға деген ниет пайда болды. Сөйтіп, мен американдық косметика сататын компанияның кеңесшісі атандым. Әлгі косметика удай қымбат. Әркімнің қалтасы көтере бермейді. Рас, аты танымал, беделді фирма болғандықтан қыз-қырқынның алғысы келіп-ақ тұрады. Бірақ өз бағасына немесе бірнеше айға қарызға. Алғашында бірнеше айға бөліп те, өз құнына да беріп жүрдім сұрағандарға. Бірақ қарызды жинай алмай табаныңнан таусылып бітеді екенсің. Сөйтіп жүргенде, біздің директорымыз болып саналатын әйел компания жариялаған байқауларға қатысып, сыйлықтар алуға үгіттей бастады. Үгіттеді деген жай ғой, кәдімгідей басымды шыр айналдырды. Әлгі байқауда сыйлыққа өңірге қадайтын жұлдызша беріледі екен, соны алуды мен де өзіме мақсат етіп қойдым. Басымның айналып қалғаны сонша, бірнеше ай бойы жинаған 2 мың доллар ақшам бар еді, соны тауарға салдым да жібердім. Содан не керек, әлгі тауардың қарызға кеткені қарызға, қалғаны туған күн, басқа да шараларда сыйлық орнына тарады да кетті. Менің тауарға тапсырысты көп қылып беруім жоғарғы жағымда тұрған адамдарға тиімді ғой, олар маған өздерінің басқосуларында сыйлық беретін болды. Сыйлық дегенде, сол, омырауға тағатын майда-шүйде төсбелгілер мен «открыткалар». Төсбелгілері қарайып, біраздан соң тот басып жатады. Әлгі компанияны кезінде американдық бір әйел құрған екен. Содан жыл сайын біздің директордың кеңсесінде сол әйелдің туған күнін атап өтіп және қайтыс болған күні еске алу рәсімін жасап жүрдік. Еске алу рәсімінде кәдімгідей әлгі кісіге арнап май шам жағып, оның рухы естісін деп тілектерімізді айтып... Есіктің алдына шығып, қағазға армандарымызды жазып, оны шардың ішіне салып, үрлеп, аспанға ұшыратын едік. Директордың айтуынша, ол шарлардың ішіндегі армандарымызды американдық марқұм әжей ана жақта оқитын көрінеді...
Сөйтіп жүргенде ауылдан бір таныстарым бір жәшік тауарымды қарызға алды да, жоқ болды. Менің бизнесім де осымен тынды. Тынды дегенім бекер екен, Америка артта қалғанымен, алда мені Швеция күтіп тұрған болатын. Швециялық бояну құралдарын шығаратын компанияның директоры сағат, сөмке сияқты сыйлықтар былай тұрсын, шетелдік жеңіл көліктен үміттендіріп қойды. Алты ай қатарынан 18-20 мың теңгенің тауарына тапсырыс беріп тұрсаң, компания саған ризашылық белгісі ретінде көшеге ұстайтын эксклюзивтік қобдиша бермекші. Сол қобдишаны ұстап шықпасам көше мені қабылдамай қоярдай көрінді ме, әйтеуір әлгіге басымды шұлғып, айтқанын істей бердім. Бағдарлама соңынан айтулы сөмкені алдым. Біраздан соң қарасам, қалада мұндай қобдиша екінің бірінде бар екен. Құдды бір инкубатордан шыққандаймыз. Директорымыз ұялы телефонға хабарласып: «Мақсатыңызға жетуіңізбен құттықтаймын! Кездесуге келіңіз, сізге сыйлық табысталады!» - деді жерден жеті қоян тапқандай. Уақытымды қиып, шақырған жеріне келдім. Ол мені мақтап сөз сөйлеп, сол жердегі бес-алты адам мені қошеметтеп дуылдата қол соқты. Машина тапсырып жатқаннан кем болмады. Маған дәу пакет ұсынылды. Ішін ашып қарасам, 120 теңгенің сусабыны бар екен. Шынымды айтсам, осы компания өндіретін сусабын менің шашыма жақпайтын да еді. 6 ай бойы тапсырыс берген тауарларым үйде жатып-жатып қолданыс мерзімі өтті де кетті. Швециямен де қош айтысуға тура келді.
Бір рет тізгініңді беріп қойсаң жақсы емес екен, енді болған шығармын деп жүргенде тибеттік дәрі-дәрмек корпорациясының қармағына қалай ілініп кете барғанымды өзім де білмей қалдым. Қорап-қорап ұнтақтары мен қоспаларын ішсең, сондағылардың айтуынша, ауру атаулы сенен безіп кетеді екен. Тағы да қыруар ақшамды жұмсап, әлгі қораптардың біразын алып іштім. Бір күні қораптағы нұсқаулықтарын оқып отырсам, өнімнің шегірткенің қанатыңдағы, тасбақаның табанындағы, тағы сондай-сондай бірдеңелерден жасалғаны жазылыпты. Бойымды күмән билеп, «Осыншама дәрі шығаратындай шегіртке мен тасбақаны қайдан ұстап жүр?» деген ой келді. Оның үстіне, әлгі жәндіктер көз алдыма елестеп, жүрегім айнып, дәрілерін ішпей қойдым.
Желілік маркетинг дегеніңіз өзі адамға әдет болып жабысып алады екен. Бірінен шықсаң, біріне кіре бересің. Бір қызығы, қазіргі шетелдік желілік фирмалар ұсынып жүрген өнімнің бәрі, оны жарнамалаушылардың айтуынша, шеттерінен адамды жасартқыш, обыр ауруынан емдегіш, дене салмағын азайтқыш. Оңашада ойлаймын, «әй, осылардың бәрі ауруды емдеп жазғыш болса, адамдар неге аурудан өліп жатыр?» деп.
...Мен он жыл бұрын кірген компанияда директор болған біраз адамды білетін едім. Олардың көпшілігі қазір директорлықтан түсіп қалған көрінеді. Неге десеңіз, олар кезінде директорлық бағдарламасын орындаймыз деп банктерден несие алып тауарға жұмсаған, одан соң тауардан ойлаған пайдасын шығара алмаған. Өйткені қазір қоғам санасына «айлыққа беру» деген ұғым әдбен сіңісті болған. Яғни, жұрт тек қарызға алғанды қалап тұрады. Ал қарызды жинау қашанда оңай емес. Екі-үш жыл бұрын тіпті сол компанияда директор болған әйелдердің бірі өз-өзіне қол салып қайтыс болды. Өйткені ол тауар аламын деп банктен несие алғанда үйін кепілге қойыпты. Саудасы алға баспай, қарызын жаба алмаған соң банк үйін тартып алыпты.
... Бірде желілік компаниялардың бірі шығарған шайдың құрамына назар салдым. Басқа мемлекетте өндірілгенімен, құрамы Қазақстанда да өсетін қарапайым ғана шөптерден құралыпты. Іздесеңіз, дәл сондай шай біздің дәріханаларда да бар. Және бағасы он есе арзан.
Иә, мен әу баста осы жұмыс арқылы баюды армандағам. Байыдым да. Бірақ ақшаға емес, тек жасаған жаңсақ қадамдардан алған сабақ пен тәжірибеге ғана байыған екем. Сіздер не дейсіздер құрметті «Алаш айнасының» оқырмандары.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста