Күйеуімнің көңілдесінен қалай кек алсам екен...
Соңғы кездері қоғамымызда әлеуметтік желілер белсенді болып кетті ғой. Өзім Фейсбук пен инстаграмда жиі отырамын. ВК-ға тек сайттағы мақалаларды бөлісіп жарнама жасау үшін ғана кіретінмін. Сондықтан Вк-дағы жекеме келіп тұрған хатқа да мән бермеппін.
Мақалаларды бөлісіп-бөлісіп шығып кететінмін. Бір күні жекеме келіп тұрған хатты байқадым. Біршама уақыт бұрын келіпті. Бір қыз танысқысы келген ниетін байқатыпты. Сосын журналистсіз бе, сұрайтыным бар еді депті.
Өзімді таныстырып, бір газеттің сайтында журналист болып істейтінімді жазып қалдырдым. Сөйтіп жүріп ол қызбен сөйлесіп кеттік.
Бір күні мұңын шағып отырып, «Любовницаларды жазалайтын заң неге жоқ осы» деді. «Әркімнің жеке басындағы нәрсе ғой ол» дей бастап ем, ашуланып біраз нәрсе жазып тастады. Ыңғайсызданып қалдым.
Расында да бүгінгі қоғам дайын асқа тік қасық болып, қызметі дұрысталып, ауқатты отағасыға айналған мырзаларды «аулаушы» қыздарға толып кеткен секілді. Еркектің де ештеңесі кетпес, көңілдестердің де есебі түгел, ал байғұс әйелдің обалы кімге? Ақырында ол қыздың басындағы жайтты хатпен көпшілікпен бөлісуді жөн көрдім...
«Мен үй шаруасындағы әйелмін. 25 жасымда тұрмысқа шығып, үш баланы қатарынан өмірге әкелдім. Жақында 32-ге толам, кішкентайым 1 жастан асты. Басында-ақ қатарынан бірнешеуін жас кезімде туып алсам деген мақсатым болды да, жұмысқа шығуға да талпынбадым. Оның үстіне жолдасым 40 тарға кеп қалған соң, баланың басын көбейтіп алсам деген мақсат болды. Қазір де бар мақсатым ауыртпай, осыларды аман-есен өсіріп алсам деген ой ғана.
Аллаға шүкір біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп жатырмыз. Жолдасым жол-патрульдік полициясында бөлім басшысы. Ақшадан айтарлықтай таршылық көрген жоқпыз.
Бірақ соңғы 1 жылда күйеуімнің көңілдесі бар екенін сезінгелі, жиі стреске ұрынатын болып жүрмін. Күйеуім жалтаратын сөз таппай мойындады да. Мен үсті үстіне туып өз-өзіммен әуре болып жүргенде тауып алса керек. Сол үшін «сонда мен кім үшін тезірек бала туып алуға асықтым, кімнің ұрпағым көбейткім келіп жүр» деп талай рет жыладым да. Жұмыс уақыты қалыпты болмаған соң, қадағалай да бермейтінмін. Әлде балабасты болып кеттім бе? Әйтеуір осының барлығы оның тез-ақ көңілдес тауып алуына ықпал еткен секілді.
Соңғы рет ұрыс болғанда «қойдым» деп ант-су да ішті. Бірақ қоймағанын сеземін. Кездесіп жүрген бойжеткенін де тауып алдым. Менен бір-екі жас кіші қыз. Менен әлдеқайда сымбатты да көрінді. Әрине әлі өмірге бала әкелмеген бойдақ қыз емес пе?! Өз өзіне қарауға да уақыты мол.
Дегенмен соңғы кездері одан кек алу жайлы жиі ойлайтын болып жүрмін. Қатттттты шаршадым. Жастығымды сулап жиі жылаймын. Көңілімді интернетке кіріп алдаймын. Біреуге айтуға да ыңғайсыз екен. Неге ажырасып кетпейсің дерсіз. Үш баламен қайда сыйам. Оның үстіне неге сүттей ұйып отырған жанұямның тыныштығын неге айдаладағы бір қыз бұзуы керек?!
Ғаламторды ақтарып отырып, кейбіреулердің күйеуінің көңілдесінен бетіне кислота шашып, кек алғанын да оқыдым. Мен де дәл солай кек алғым келеді. Оның сондай түрін көргенде ғана күйеуімнің одан бас тартатынын сеземін. Мұның қылмыстық жауапкершілік екенін де білемін. Бірақ осы бір ой басыма тыныштық берер емес.
Үйде отырғасын да адам құлазып кетеді екен. Балапандарымның бал қылығына алданып, ұмытқандай боламын да, қайта есіме түссе кек алу туралы ой басымнан шықпай қояды. Сізбен бөліссем кішкене жеңілдермін деген оймен жазып отырмын. Не істесем болады? Неге біреудің шаңырағын шайқалтқан адам жазасыз қалуы керек? Менің күйеуіммен арамызды суытқан адам неге еш қайғысыз өмір сүреді? Менің балапандарымның обалы кімге? Бүгінде сырты бүтін болғанымен іші түтін отбасымызға тек кінәлі сол емес пе? Неге дым жақсы ұйып отырған отбасымызды бір шөпжелке неге бұзуы керек?!»
Расында да айтарға сөз таппадым. Әркімнің жеке шаруасы деп қарайтын нәрсе бүгінгі қоғамымызды аздырып та жатқан секілді. Сонда оған көз жұмып қарап отыруымыз керек пе? Расында да неге көңілдеске жаза жоқ? Ең болмаса бұрын партиядан шығарып қорқыттыратын. Қазір тіпті «тоқалдардың қаласы», «тоқалдардың машинасы» деп оларды қымсынбастан дәріптейміз. Дәл қазіргі қоғамымызда еріккен еркектер мен басы қатқан бәйбішелердің бас ауруына айналған бұл мәселеге тоқтау керек секілді.
Айна Алмасбек
alashainasy.kz/