Күйеу үшін күрес...
Өмір &ndash күрес деген рас екен ғой. Жаның тыныш, өмірің бір қалыпты өтіп жатқан кезде өмірлік құндылықтарға аса мән бермей жүре береді екенбіз. Басыңа күн туып, барыңнан айырылу қаупі туған кезде ғана есімізді жинаймыз. Соңғы жылдары менің басымнан өзіме сабақ болған жағдайлар өтті. Бүгін «Алаш айнасының» оқырмандарына күйеуім үшін қалай күрсекенімді айтып бергім келеді.
 
Студент кезімнен қыр соңымнан қалмай, екі жыл айтқанымды істеп, алақанында аялаған жігітім, қазіргі күйеуім үшін күресемін деп ешқашан ойламаппын. Біз Архат екеуміз студенттік жатақханада таныстық. Мен Әл-фараби атындағы Қазақ ұлттық универститетінде оқитынмын, 2 курс оқып жүргенімде Архатты кездестірдім. Ол Алматы технологиялық университетінің студенті болатын. Филология факультетінің жатақханасында бірді-екілі жігіт болмаса, негізінен қыздар тұрамыз. Сондықтан біздің жатақханаға жан-жақтан жігіттер келгіштеп жүретін. Архат пен оның достары, сыныптастары біздің сол бірлі-жарым жігіттермен жақсы араласады екен. Соларға қонаққа келген болып, қыздармен таныспақ болған ғой...
 
Сонымен Архат екеуміз таныса сала әңгімеміз жарасып, жақсы дос болып кеттік. Ол өте байсалды, мінезі жуас, ұяңдау жігіт болды. Маған батып сөз де айта алмайтын. Менің Архаттан бұрын бір жігітім болды. Ол өзімнің ауылдасым еді. Мектеп кезінен кездесіп жүрген жігітім қалаға келуден бас тартты. Бірінші курс оқып жүргенде бірнеше рет жатақханаға іздеп келді, бірақ бір-бірімізді жиі көрмегеннен кейін арамыз суып кетті. Ал Архатты мен оның ақылдылығы үшін ұнаттым. Өйткені ол есепке жүйрік, сабақты жақсы оқитын. Ал мен студент кезімде мен өзімнің басқа қатарластарым секілді аса таршылық көрген жоқпын. Өйткені мен үйдің кенжесі болған соң ата-анам, аға-әпкелерім жағдайымды жасап тұрды. Отбасында он ағайындымыз. Ауылға демалысқа барсам ақшаны әкем бір береді, мамам бір береді, қалада тұратын аға, әпкелерім де үйлеріне барған сайын құр жібермейді. Қарным тоқ, елден қалмай сәнді киініп жүретінмін, ең алғаш қалтафондар шыққан кезде ең қымбатын ұстадым. Ата-анам жасытпай өсірді, сондықтан ба мінезім ашық-жарқын, жанымда үнемі достарым үйіріліп жүретін. Университет пен жатақханада жүргенде кездескен адаммен амандасым жатамын, сонда жанымдағы дос қыздарым «осы сенің танымайтын адамың жоқ екен» дейтін. Ал жатақханадағы комендант апайлар мені көрсе қуанады. Апайларға үнемі сыйлық жасауға тырысамын және өзімнің тұратын бөлмеме тұсқағаз жапсырып, өте таза, әдемі етіп қоятынмын.
 
Менің бір нәрсе ұнамай қалса шарт та шұрт мінезіме Архат түсіністікпен қарайтын, үнемі еркелетіп, айтқанымды екі етпейді. Сонымен Архаттың өзімді жақсы көретінін сезінгеннен кейін оның «үйленейік» деген ұсынысын қабыл алдым. Екеуміз 4 курс оқып жүргенде бас қостық. Алғаш үйленген кезде Архаттың ата-анасымен 2-3 ай бірге тұрып, соңғы курсымызды аяқтау үшін қалаға келіп пәтер жалдап тұрдық. Осыдан бастап Архат екеуміздің нағыз отбасылық өміріміз басталды. Бірінен кейін бірі екі баламыз болды. Баламызды ата-енем қарасты. Ал менің ата-анам бізге жер алып, үй салуға көмектесті. Сөйтіп екеуміз жас отбасы болсақ та, еңбектеніп кіші-гірім үй салдық, одан кейін келесі жылдары оны үлкейттік, жөндеу жұмыстарын жасадық дегендей. Әйтеуір тыпырлаған тіршілікпен уақыттың қалай өткенін де байқамай қалыппыз. Балаларымыз да мектепке баратын жасқа кеп қалды.
 
Балаларымыз, баспанамыз бар, екеуміз екі көлік жүргіземіз. Сөйтіп өзімізше бейқам өмір сүріп жаттық. Достарымыздың бәрі бізге: «сендерден үлгі алу керек, пысықсыңдар» деп қолпаштап қоятын.
 
Осылай жайбарақат өмір сүре берер едік, бірақ мен уақыт өте келе күйеуімнің үйде көп болмауға тырысатынын байқай бастадым. Әрнәрсені бір сылтауратып үйден шығып кетеді, жұмысында қонып қалады. Әйтеуір арамыз біртүрлі салқындағандай болып кетті. Бір күні түнде ұйықтап жатқанымызда оның телефонына хабарлама келді. Ол алып қарады да, ыңғайсызданып қалса да, басқаша кейіп танытып, байланыс операторларынан ғой дей салды. Осыдан кейін әншейінде қалта телефонын әр жерге тастап кететін Архат телефонын қолынан тастамайтын болды. Бұрын оның телефонын тексеру менің де әдетімде жоқ жолатын. Бірақ күдік шіркін, күннен күнге күшейе түсті. Сосын мені тағы бір күдіктендірген нәрсе, оның көлігі менікінен сәл ескілеу болатын. Кейінгі кезде ол менің көлігімді жүргізуге құштар болып алды. Қанша күдіктенсем де өзімді өзім ұстап, жағдайды ушықтырмауға тырыстым, бірақ шыдамым жетпеді. Бір күні күйеуім ұйықтап жатқанда телефонын алып қарасам, «Жаным, бүгін келе аласың ба?» деген хабарлама тұр. Бірден хабарлама келген нөмірді сақтап алдым. Бірақ қоңырау шалуға батылым бармады, іштей өзімді өзім жеп мүжіліп, өзімді өмірдегі ең бишара адамдай сезіндім. Неде болса, күйеуіммен ашық сөйлесуді шештім. Балалар үйде жоқ кезде Архатқа оның көңілдесі бар екенін білетінімді жайып салдым, жыладым, айғайладым, балағаттадым, ең соңында не мені, не көңілдесіңді таңда деп шарт қойдым. Сол кезде Архатты жек көріп кеттім, бірақ ата-анама Архаттың басқа әйелге кетіп қалғанын айтып жылап баруға намысым жібермеді. Ал Архат болса, үнсіз, ашылып ештеңе айтпайды. Бар айтқаны «Кешір». Осы оқиғадан кейін балаларым үшін өз-өзіме келіп, ашуымды басып, ештеңе ойламауға тырыстым. Ең бастысы Архаттың мені алдап жүруіне жол бермедім. Архат үйге келіп жатыр ма, келмей ме шаруам жоқ, үндемей өзімнің тірлігімді істеп, балаларыма көңіл аударуға тырыстым. Көп ұзамай телефоныма бөтен номерден хабарлама түсті. Ашып қарасам: «Архат менікі, қайтарам деп әуре болма, біз бір-бірімізді сүйеміз» деп жазып қойыпты. Ашуға булығып әлгі нөмірге хабарластым. Ашу үстінде не айтқанымды білмеймін, әйтеуір әлгі әйелмен кездеспекші болдық. Бірақ бұл райымнан тез қайттым. Өйткені өзімнің түріме қарасам бұрынғыдай емес толып кеткенмін, бет-әлпетіме қарамай кеткеніме де біраз болыпты. Егер мен күйеуімнің көңілдесімен кездесуге барғанымда алдымда жап-жас, ап-арық, сүйкімді қыз тұрса қайтем деп ойладым. Әбден жаным күйзеліп мазам кетті. Айрандай ұйып отырған отбасымыздың ойранын шығарқысы келген әлгі қыздан бұрын мені, бала-шағасын басқа адамға оп-оңай айырбастай салған күйеуіме ашуландым.
 
Күйеуімнің не ойлағанын білмеймін, бірақ мен оны үйден қусам да кетпей қойды. Ендеше сен кетпесең мен кетейін деп жинала бастап едім: «Толғанай, саған ешқайда кетудің қажеті жоқ, маған біраз уақыт берші, екеуміз де бір шешімге келейік. Отбасымды тастап кету ойымда да болған емес, бірақ бұл бір келеңсіз жағдай болды. Майраны қалай ұнатып қалғанымды өзім де түсінбей қалдым» демесі бар ма? Одан ары ашуым келді. Бірақ ашуды ақылға жеңдіріп, «расында да мен өз үйімнен балаларыммен неге кетуім керек, кетсе өзі кетсін» дедім де өз-өзімді тоқтаттым. Сонымен сыртымыз бүтін, ішіміз түтін отбасы болып өмір сүріп жаттық. Бірақ мен осыдан кейін бала, үй, күйеу деп өзіме қарамай кеткенімді түсініп, қалпыма келуге тырыстым. Диета ұстап, фитнеске барып біршама салмақ тастадым, сұлулық салондарына жиі баратын болдым, дос қызымның арқасында жақсы жұмысқа тұрдым. Бірақ анда санда әлгі Майра мені ашуландыру үшін небір хабарламалар жазып қоятын. Оған мән бермеуге тырысып, жауапсыз қалдыратын болдым. Мерекелерде достарыммен кездесіп, көңіл көтеріп, еңсемді түсірмеуге тырыстым. Бірде туған күнімді кафеде достарыммен атап өтіп кешкісін үйге келсем, күйеуім мені бір құшақ гүлімен қарсы алып, баяғыдағы жүріп жүрген кезіміздегідей әдемі сақина сыйлады. Оның бұл әрекетіне не дерімді де білмей қалдым. Ол менен өзінің қателескенін айтып кешірім сұрады. Балаларымыз үшін тағы бір мүмкіндік беруімді, отбасылық өмірімізді жаңадан бастауымызды өтініп сұрағаннан кейін мен өз күйеуімді кешірдім. Бірақ жүрегімде бәрібір сыз қалды. Менің бір түсінгенім күйеуіміз бізді жақсы көру үшін алдымен өзімізді өзіміз жақсы көруіміз керек екен ғой.
 
 
 
Автор: Толғанай, Алматы