Келініме көңілім толмайды...
Келіннің қайын жұртына жағуы өте қиын екені белгілі ғой, бірақ әйел адам күйеуін шын сүйсе, жарының да, қайынжұртының да көңілінен шығуға тырысады. Мен өзімнің туған інімнің әйеліне көңілім толмайды. Бірақ мен осы уақытқа дейін олардың отбасына араласып, келінімнің бетіне қарап сөйлеп көрген емеспін. Бірақ мен інімнің бақытты болғанын қалаймын. Ал келінім жақсы отбасы болуға талпынбайтынына қынжыламын. Мен бүгін «Алаш айнасы» оқырмандарына өзімді біраз уақыттан бері мазалап жүрген ойыммен бөлісуді жөн көрдім.
Біз отбасымызда 4 ағайындымыз. Мен үйдің үлкенімін, менен кейін бір сіңілім, екі інім бар. Сіңілім менен бұрын тұрмыс құрды. Бір жылдан кейін мен де өзімнің теңімді тауып, туған үйімнен кеттім. Осыдан 5 жыл бұрын үлкен інім де отбасын құрған болатын. Ең кенже інім үйленгенше үлкен інім отбасымен ата-анамның қолында тұрды. Аллаға шүкір, үлкен інім тіршілікке пысық, әйелі де өзіне сай болып жолықты. Қазір олардың екі баласы бар. Келінім балаларына да қарап, күйеуінің де, ата-енесінің де көңілін табуға үлгереді. Үйде үлкен адамдар болған соң қонақ та үзілмейді. Келінім дастарханды жайып, қонақ келсе қабақ түймей қарсы алады. Қашан барсақ, әпкелеп, шын ниетімен көңілімізден шығуға тырысады. Бізге келіннің ата-анамызды сыйлап, күйеуімен дұрыс тұрғанынан басқа не керек? Сондықтан біз қашанда үлкен келінімнің сөзін сөйлейміз. Тіпті кейде інім оны ренжітіп қойса, келінімнің жағына шығып, қайта інімнің өзіне ұрсамыз.
Жақында ең кенже ініміз де келін әкеліп, бәрімізді бір қуантты. Үйдің кенжесі болған соң өзі еркелеу болып өскен ініме бәріміз көмектесіп тұрамыз. Қазір оның үйленгеніне де екі жылдан асып қалыпты-ау. Ініміздің тойын да көптеп-көмектеп жүріп өткіздік. Кеже інім үйленгеннен кейін үлкені інім Ардақ отбасымен бөлек шықты. Өйткені ол біраз уақыт жұмыс істеп, бөлек үй алудың қамын ерте ойлаған болатын. Інісі үйленгеннен кейін өзіне жеке баспана алудың да сәті түсті. Ал қарашаңырақ дәстүр бойынша кіші ініме бұйырды. Қазір інімнің әйелімен тұрып жатқанына біраз болса да, әзірге балалары жоқ. Егер екеуі жақсы болса, төзімділік танытса, кішкентайлары да болар деп үміттенеміз. Бірақ мені алаңдататыны келінімнің мінезі. Ол өте тұйық, ешкіммен сөйлеспейді, ешқашан жадырап күлмейді. Сөзге тартып, сөйлескің келсе, отырған орнынан тұрып кетеді. Өзі үй шаруасына да пысық болмай шықты. Қашан барсақ, мамам үйді жинап, тамағын жасап жүгіріп жүргені. Келін таңертең жұмысқа кеткеннен түнде бірақ келеді. Ал сенбі, жексенбі күндері туыстарына, достарына кетіп қалады екен. Тек інім үйде болған кезде ғана үйде болуға тырысады. Менің анам адам баласына дауыс көтеріп сөйлейтін адам емес. Біз барған сайын келінінің кемшілігін жасырып, жауып, мен өзім жібердім, демалып кел дедім деп отырады.
Бірде әкемнің туған күніне бәріміз жиналдық. Қыздары, күйеубалалары жиналып сыйлығымызды алып үйге бардық. Үлкен інім де бала-шағасымен келді. Үлкен келінім есіктен кіре орамалын тағып, дастарханның қамына кірісіп кетті. Ал кіші келінім орнынан әрең көтеріліп, тымырайған күйі жыбырлап бірдеңе тындырғансып жүрді. Бәріміз дастарханға жайғасқанда ол тіпті келмеді. Өз бөлмесіне кіріп алып, қайта шықпады да. Келінді шақырып кел деп інімді жұмсап едік. «оның басы ауырып тұр екен, шаршаған секілді, жата берсін» деп қайтып келді.
Әрине, біз інімнің көңіліне қарап ештеңе айтпаймыз. Ол да біздің көзімізше әйеліне ештеңе демеді.
Жақында кенже інім мен келінім қатты ұрсысып қалыпты. Оны біз біраз уақыт өткеннен кейін білдік. Анама хабарласқанымда бірнеше рет Ақмарал жоқ дегеннен басқа ештеңе айтпаған. Сөйтсек ол төркініне кетіп қалыпты. Оны маған інімнің өзі айтты. Ол бірде біздің үйімізге келіп, балалармен ойнап біраз отырды. Оның жүзіне қарап көңіл-күйі жоқ екенін байқадым. Біраздан кейін ғана: «Ақмарал кетіп қалған, мен оны қайта қайтарғым келмейді. Бар болғаны оған үйді жақсылап жинамайсың, өмірі біреуге өкпелеп жүргендей тымыраясың да жүресің» деп ренжіп едім, кетіп қалды. Мен оны ұрған жоқпын» деді. Шынымды айтсам, мен ініме не дерімді білмедім. Келінім өзіме ұнамаса да, «ашуға салып некеңді бұзба, жақсылап ойлан. Ақмаралды өзің қалап алдың ғой. Болмашы нәрсеге ұрсысып, ажыраса салуға болмайды» дедім. Бірақ інім маған олардың арасы біраздан бері дұрыс болмай жүргенін, тіл табыса алмайтындарын, қит етсе ренжіп, ата-анасына шағымданатынын айтты.
«Әзірге арамызда бала жоқ кезде екі жаққа кетсек қайтеді. Тіпті баламыз болған күннің өзінде Ақмаралдан көңілім суып кетті. Мен алғашқы кезде оның мінезінің тұйықтығын ұнататынмын, артық сөзі жоқ, жақсы қыз деп ойладым. Бірақ ол осы уақытқа дейін не менімен жары ретінде ашылып сырласпайды, не ата-анаммен емен-жарқын сөйлеспейді. Бала көтере алмай жүрсе де, оған ешкім бір ауыз сөз айтып жатқан жоқ. Қайта мен оған бірге емделейік, емханаға барайық десем, мен саған бала туып беру үшін ғана керекпін бе деп ренжіп қалады. Сонда мен не істеуім керек?» деп ағынан жарылды.
Мен өз інімнің тік мінезі бар екенін, бетің-жүзің демей айта салатындығын жақсы білемін. Өйткені бұған дейін де келіннің ата-анасы күйеубалаларының мінезі қиын екнін, қыздарын жасытып тастағанын айтып, бірнеше рет ата-анамыздың алдына келген. Бірақ мен екі інімнің де адамгершілігі, жауапкершілігі жоғары екенін жақсы білемін. Өйткені ата-анамыз бізді солай тәрбиеледі. Қайта мен інімнің әйеліне қол көтермей, сабырлылық танытқанына риза болдым. Қандай күйеу әйелінің бостығына, салақтығына шыдайды?
Мен ініме отбасыңа қатысты мәселені өзің шеш, ешкімді араластырма, отбасыңды сақтауға тырыс деп кеңесімді айттым. Басқа не айтамын? Егер мен келінімнің маған да ұнамайтынын айтсам, ол асығыс шешім қабылдай ма деп қорқам. Құрметті оқырман, маған қандай ақыл бересіздер, әлде келініммен ашып сөйлессем бе екен. Ол мені дұрыс түсіне ме, түсінбей ме?
Айнаш, Алматы облысы