Бүйрегімді сатамын
Құрметті Алаш айнасының тұрақты оқырмандары, мен қолыма қалам алып сырымды сіздерге ақтаруға бел байладым. Менің жасым отыз бірде. Тағдырдың тәлкегіне ұшыраған пенденің бірімін. Сол себепті де, бір бүйрегімді сатуға бел будым. Не үшін осындай әрекетке бармақ болғанымды Алаш айнасы арқылы жеткізгім келді. Себебі, мен қалың оқырманның көмегіне мұқтаж болып отырмын. Осы мұқтаждығымды сіздерге сүйікті газетім арқылы жеткізуді жөн санадым.
Менің жазған хатым сайтқа жарияланып, басымнан кешкен оқиғамды оқыған кезде, түсінерсіздер деген үміттемін. Менің сыр-мұңымыды тыңдап, маған көмек беретін жаныма жақын жан қалмады. Осы бір жақындықты, жылулық сезімін сіздерден ғана күтемін ағайын.
Менің туып өскен жерім Алматы облысы, Шелек ауданы. Ауылдың қарапайым баласымын. Ата-анам біреудің ала жібін аттамауға, біреуді алдамауға, ұрлық-қарлық жасамауға тәрбиеледі. Ол кісілердің тәрбиесінің арқасында әдепті жігіт болып өстім. Мектепті орташа бағамен бітірдім. Әкем мен шешем мені өзгелерден кем қылмайын деп Алматы қаласындағы Қ.Сәтпаев атындағы қазақ ұлттық техникалық университетінің электр мамандығына оқуға түсірді. Студенттік өмірім алып шаһарда өтті. Өмірдің ең қызық сәттерінің бірі балалық шақ болса, ал екіншісі студеттік кез екен. Уайым, қайғы жоқ, не киемін, не ішемін деп басыңды да қатырмайсың. Ақша керек бола қалса, ата-анаңа хабарласып мұңыңды шақсаң бітті, сұрағаныңды әйтеуір тауып жібереді. Міне, менде осындай бақытты сәттерді басымнан өткердім. Табиғаттың құбылмалы төрт мезгілі секілді, адамның өмірі де қызық пен қайғыға толы екен.
Сонымен не керек, төрт жылдық оқуымды бітіріп, қолыма дипломымды алып, жаңа өмір бастадым. Ата-анам ауылдың мектебінің электр мамандығының жұмысына сөйлесіп те қойыпты. Олар мені алдап та, ұрсып та шақырды. Бірақ, мен алған бетімнен қайтпай ауылға бармадым. Үлкен қаланың қызығы менің қол аяғымды матап жібермеді. Енді студенттік өмірмен қош айтысып, өз күнімді өзім көрмек ниетпен жұмыс қарасытыра бастадым. Жатаханада бірге тұрған, жолдасым екеуміз пәтер жалдап тұрдық. Біздің бар ойымыз бір жерге жұмысқа тұру еді. Ол ауылдас таныстары арқылы жиһаз жасайтын фирмаға жұмысқа орналасты. Көп ұзамай оның қасынан маған да жұмыс табыла кетті. Екеуміз осы фирмада еңбек етіп жүріп көп нәрсені үйрендік. Уақыт өте келе өз ісіміздің маманы болып шыға келдік. Жаңадан келген жастарға жиһаз жасауды үйрете бастадық. Ауылға барып ата-анама қажет заттарын үйіп-төгіп апарып беріп, оларды да мәз-мәйрам етіп қоямын. Оларда менің еңбек етіп, жұмысымның алға қарай жылжығанын мақтан етіп жүрді. Ауылдағы үйіме де жөндеу жұмыстарын жүргіздім. Ата-анамның қолын жылы суға да малып қойдым. Қажетті заттардың бәрін де үйдің ішіне кіргізіп бердім. Себебі, ауылда әкем мен шешем ғана тұратын. Мен үйдің жалғыз ұлы болдым. Артымнан ерген іні де, қарындас та болмады. Үйдің тұңғышы әрі кенжесі едім.
Әкем болса мектепте қарауыл болып жұмыс жасайтын. Ал, анам денсаулығына байланысты мүгедекке шыққан. Әкемнің азын-аулақ жалақысы өздерінің ас-ауқатына әзер дегенде жететін. Анамның денсаулығына байланысты алатын жәрдемақысы өзінің дәрі-дәрмегіне де жетпей қалатын. Осы ата-анамның несібесі болар, жалақысы жоғары жұмысқа орналаса кеткенім деп тәубе де келтіріп қоятынмын.
Міне, осылай күндер жалғасып өте берді. Аталған жиһаз фирмасында алты жыл тапжылмай жұмыс жасадым. Бірге жұмыс бастаған жолдасым, ауылына кетіп өзінің жеке кәсібін ашып алды. Ол ауылына қанша шақырса да, жол түспей біраз жүрдім. Үйлену тойына шақырғанда, жұмысты жинастырып қойып, досымның қуанышын бөлісуге оның ауылына тартып тұрдым. Барғанда байқасам, кішігірім жеке кәсіпкер атанған досымның жағдайы жақсы. Өзіне жаңалау көлік те алыпты. Тойын да ауылындағы ең қымбат мейрамханалардың бірінде жасады. Жол бойы, өзімнің жеке кәсібімді ашуға ойым кетті. Жалақымның артылғанын жинай да бастадым. Бизнес дегенің бір орында тұрмайды екен. Себебі, сенен де мықтылар шықса, бір шетке ысырылып қалады екенсің. Менің жұмыс жасап жүрген фирммның да бәсекелестері көбейе бастады. Жасаған жиһаздарымыз өтпей, жалақымызды да кешіктіре бастады. Ақыры жұмысшыларға жалақы бермеудің амалын жасап «банткрот» деп бәріміз жұмыссыз қалдық.
Бірақ, мен жұмыс іздеп бас қатырмадым. Бірден қаладағы ірі банктердің біріне барып, ауылдағы үйімді кепілдікке қойып, қомақты несие алдым. Сөйтіп, қаланың бір жерінен жалға ғимарат алып, өзімнің жиһаз жасайтын цехымды аштым. Бастапқы кезде қатты қиналдым. Жалғыз өзім, қасыма демеу болатын да адам табылмады. Қалт-құлт етіп тәй-тәй басқан баладай қалбалақтап жұмысым алға қарай домалай бастады. Өзімнің цехым болғандықтан, бастықпын деп шіреніп отыра алмадым. Адам жетіспеген кезде, білекті түріп қара жұмысқа да кірісіп кеттім. Тапқан нанымды адал жасайын деген оймын, жасаған жиһаздың сапасына көп мән бердім. Бізден бір жиһаз алған адам, қайта-қайта тапсырыс бере бастады. Маған түскен ауыртпалықтың бірі, менің цехымның қасында тағы да бір жиһаз жасайтын фирма болды. Бізге тапсырыс беруге келген клиенттерге алара қарап жүретін. Бизнесте бәсекелестік деген басым екен. Осы бір «көреалмаушылық» деген ұғым қаншама кәсіпкердің түбіне жетті десеңізші!
Күндердің бір күнінде, қасымдағы фирмаға тапсырыс беріп жүретін бір клиент келіп, бір-екі кеңсе заттын жасатты. Араға екі-үш ай салып, жасаған затымыздың сапасына ризашылығын білдірді. Өзінің бұрынғы фирмасының кеңсе жиһаздарын жаңалағысы келетінін және де жаңадан ашылатын офисының заттарына да тапсырыс берді. Бұл менің ең көлемді тапсырысымның бірі еді. Қуанышымда шек жоқ. Ол кісі 120 000 АҚШ долларының жиһазына тапрыс берді. Сөйтіп, ол фирма біздің цехтың есепшотына 58 000 АҚШ долларын аударды. Бұдан бөлек тағы да, тапсырыстар болатын. Алған тапсырысымды уақытында бітірейін деген ниетпен, екі жаңа білдек сатып алдым. Жиһазғадың қажетті заттарын да алып, іске кірістім. Жұмысшыларды да көбейттім. Тасым өрге домалап, өзім іштей қуанып та қоямын. Бір ойым цехымды үлкейтіп, өзіме жеке фирма ашу да болды. Табиғаттың тылсым ауа райы құбылмалы болады емес пе?! Сол секілді, бизнес те құбылып тұрады екен. Үнемі жаз болмайды, артынан қара суық күз, борандатып қыс та келеді. Міне, бизнесте де, үнемі қолың жүре бермейді. Бәсекелесің арам пиғылды болса, онда құрығаның осы екен. Оның клиентін қасақана тартып алғандай, көршім маған өштесіп алды. Менің цехымды жабудың амалын қарастырып, әртүрлі тексерулерді де жіберді. Тексеру келген кезде, өзінің ғимаратының алдынан мойнын созып қарап тұратын. Бірақ, оның ол әрекетінен еш нәрсе де шықпады. Себебі, менің құжаттарымның бәрі де заңға сәйкес болатын. Қаншама рет, ұсқыны жаман адамдарды жіберіп қорқытып та көрді. Онысынан да түк шықпады. Осындай бір қоқаң-лоқы көрсеткенен кейін дереу полиция бөлімшесіне барып, арыз жаздым. Өзінің сау басына сақина тілеп алып біраз әуре-сарсанға түсті. Ал, мен өзімнің адал еңбегімді жасап жүре бердім. Қомақты тапсырысымды жасап болып та қалдым.
Күнделікті әдетім бойынша есікті, электр қуатын тексеріп, қарауылға тапсырып жұмыстан шықтым. Сол күні өзімнен-өзім біртүрлі болып ішім алай-дүлей күй кешті. Әкем сырқаттанып қалды деген еді анам. Сол кісі жүріп кетеді ме екен деп те қорықтым. Үйге барып, түннің бір уағына дейін ұйықтай алмадым. Дөңбекшіп жатып, әйтеуір бір кезде көзім ілініп кетсе керек. Шошып оянсам, ұялы телефоным дамыл таппай шырылдап тұр. Қарасам танымайтын бөгде нөмір. Ұйқылы-ояу тұтқаны көтердім. Арғы жақтан, гүрілдеген бір дауыс «Оспан жиһазының бастығы сіз боласыз ба?» деп сұрады. Жүрегім зу ете қалды. «Иә» дедім. Артынан іле-шала «не болып қалды?» деп сұрадым. Тұтқаның аржағындағы дауыс қатқыл үнмен «тезірек жұмыс орныңызға келіңіз» деді. Тағы да мән-жайды сұрамақ болып едім. Дауыс із-түссіз жоғалып кетті. Үстіме киімімді ілдім де, жұмыс орныма қарай жүгірдім. Қарасам цехымның айналасында полиция қызметкерлерінің, өрт сөндірушілердің, жедел жәрдем көлігі тұр. Жақындап келіп, өз көзіме, өзім сене алар емеспін. Тұрған орнымда қалшиып тұрдым да қалдым. Бір түннің ішінде цехымның күлі ғана қалған...
Қол-аяғым дірілдеп, е жыларымды, е күлерімді білмеймін. Ашуға булығып, кегімді кімнен аларымды білмей, сан соғып тұрмын. Адал досым әрі серігім, ағалық ақылын айтып жүрген қарауылым да өртке оранған. Бір күннің ішінде тақыр кедейге айналдым. Үлкен сеніммен тапсырыс берген адамның жиһазы да өртте қалды. Бір қарасам айналамда жұмысшыларым да қаптап тұр. Бірі жылап, екіншісі теңселіп ары-бері жүр. Қайғыдан түтігіп, қап-қара болып кеттім. Полиция қызметкері қасыма келіп, әлденені сұрайды. Тілім байланып қалған адамдай, сұрағына жауап бере алмай дал болып тұрмын. Тексере келе, полиция қызметкерлері электр қуатының салдарынан өрт шықан деген тұжырымға келіп, істі жауып тастады. Қасымдағы көршімнің әрекеті екенін, дәлелдей алмадым. Қолымда заңды айғақ болмағандықтан, құр сөз ешнәрсені шеше алмады. Болған жайтты ата-анама жеткіздім. Әкемнің жүрегі ауырып, көп төсек тартып жатпай жүріп кетті. 60 мың АҚШ доллар қарызды мойныма арқалап мен қала бердім. Тапсырыс беруші фирмаға мән-жайды түсіндіріп айттым. Өртенген цехымды да көрсеттім. Қағаз жүзінде келісіліген уәдеге тағы да екі ай қосып беріп, жиһазды, я болмаса ақшаны қайтар деп талап қойды. Ол фирманыңы ақшасын белгіленген күні тауып бермесем, істі сотқа жібереді. Егер де, сотталған жағдайда анамның күні не болмақ. Менің басыма түскен қайғыны көтере алмай әкем болса көз жұмды. Енді, анамнан айрылғым келмейді. Басыма қара бұлыт үйірілген кезде өзіме-өзім қол жұмсамақ та болдым. Бірақ, көзі жәудіреген анамды кімге қалдырамын. Соңымнан ерген бауырларым да жоқ...
Ал, Алла Тағаламның алдына осыншама қарызды арқалап қалай барамын. Адам қатты қысылғанда өлімнен де қорықпайды екен. Алматыда ары-бері сандалып жүріп, болмаған соң Астанаға келдім. Күн өткен сайын келісілген уақыт та тақап келеді. Елордаға келген мақсатым – бір бүйрегімді сатып, жарты қарызымды жабу. Осы ойымды іске асыру барысында келген едім. Қолымнан ұрлық жасап мал табу да келмейді. Адал еңбегіммен, маңдай теріммен еңбек етіп жүрген жанмын. Тағдырдың тәлкегіне ұшырап, қомақты қарызға белшерімнен баттым. Қарызымды өтеу үшін қолымнан келгеннің бәрін де жасауға бел будым. Сол себепті де, бүйрегімді сатпақпын. Менің жазған мұңымды оқыған ағайын, алаш айнасының ұжымы, сіздерден өтінерім, маған жол сілтеңіздерші. Алаяқтарға алданбаудың жолын айтыңыздаршы. Алып шаһар Астанада бүйрек өткізетін жер бар шығар. Білген кеңестеріңізді ортаға салыңыздаршы. Мен де бір Алла Тағаламның сына ұшыраған пендемін. Менің жазғанымды оқып біреу түсінер, ал екінші адам сөгер. Адам басына арылмастай қайғы түскен кезде, барлық қауіп-қатерге де дайын болады екен. Менің бұдан басқа амалым қалмады. Себебі, банктен несием бар, кредит ала алмаймын. Ауылдағы үйімді де сата алмаймын, үйім банкте кепілдікте тұр. Банктегі несиемді төлеп бітірмей, үйді сатылымға қоя алмаймын. Сатуға жарымды, тек бір бүйрегім ғана. Соны саудаға салып қарызымның бір бөлшегін болса да төлеуді ниет етіп отырмын.
Жақында ғана жиһаз жасайтын фирмаға жұмысқа орналастым. Одан тапқан табысым қарызымды толық өтеуге де жетпейді. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылдым. Қарызымнан құтылып тыныш ұйқтасам деген арманым бар ағайын...