Баланы бесікке бөлеуге қарсымын...
«Алаш айнасы» интернет басылымының «Отбасы – ошақ қасы» айдары ашылғалы бері оқырмандарымыздан көптеген хаттар келіп жатыр. Сол хаттардың бірінде баланы бесікке бөлеудің зияндары жазылыпты. Хат иесінің айтар ойымен келіспесек те сіздер ой қосар деген ниетпен материалды жариялауды жөн санадық.
«Менің атым – Әлия. Жасым 29-да. Екі ұл, бір қыздың анасымын. Мен бүгін қалың көпшіліктің алдында үш баламды да бесікке бөлемегенімді жариялауды жөн санап отырмын. Себебі, біздің қазақ әлі күнге ескіліктің қалдығын қолданып, өз нәрестелеріне қиянат жасап келеді. Меніңше, ешбір адам баласы кіп-кішкентай қорғансыз сәбиге қиянат жасауға хақысы жоқ. Сондықтан да, балаларымды ағашқа матап тастауға, яғни бесікке бөлеуге қарсылығымызды ашық білдіруге тиіспіз. Неге дейсіз бе?
Бесік – көшпелі қазақ қоғамының бұйымы. Біз көшпелі дәстүрден айрылғалы бір ғасырға жуық уақыт өтті. Заман өзгергендіктен, салт-сана да жаңғыруы керек. Мәселен, бесікке бөлеудің зияны жайында көп адам біле бермейді. Егер де осы зиянды білгенде, бар қазақ бесіктен бас тартар ма еді деп ойлаймын.
Біріншіден, бесікке жатқан балаға ауа жетпейді. Денесін қымтап орап тастаған соң, сәбидің қаны еркін жүрмейді (Көшпелі қазақ қоғамы киіз үйді паналады. Ол киіз үй суық болғандықтан, бесікке бөлеу тиімді еді. Қазір ешкім де киіз үйде тұрмайтынын неге ескермейміз?).
Екіншіден, тұмшалап орап тастаған сәби қатты терлейді. Терлеген соң ол тері ауруларына шалдығады.
Үшіншіден, көп терлеген бала рахит ауруына шалдығуы мүмкін.
Төртіншіден, бесікке жатқан баланың қан айналымы дұрыс болмағандықтан басы үлкейіп, аяғының ұршығы шығып кетеді. Қазір екі баланың бірі дисплазия ауруымен ауырады. Демек, бесікке таңылған баланың жамбас буыны ішіндегі сүйек дұрыс жетілмейді деген сөз.
Бесіншіден, ағашқа маталған баланың бұлшық еттері дұрыс дамымайды. Бұлшық еті дұрыс дамымаған бала шымыр болып жетілмейді.
Алтыншыдан, бесікке бөленген баланы тербету арқылы біз оны талдырып тастап жүрміз. Баланы былай қойып, ересек адамның аяқ-қолын байлап, тербетіп көрелікші. Басыңыз айналып, қалай талып қалар екенсіз.
Ал енді осы алты мысалға қарсы келтірер айғағыңыз бар ма? «Бесік деген – тазалықтың кепілі» дегеннен арыға бара алмайсыз. Ғылыми тұрғыда бесікке бөленген баланың қан тамырлары қысылмайтынын, бала ағзасындағы қанайналым жүйесі бұзылмайтынын, бесік түрлі ауруларға себеп болмайтынын дәлелдесеңіз – мен ата-бабаның салтын тұтынуға сөз берейін.
Қазақтың белгілі ақыны Мағжан Жұмабаев «Педагогика» атты ғылыми еңбегінде баланы күндіз-түні бесікке жатқызуды қолдамаған. Ақын аталмыш еңбегінде «қазақ баласын тұмшалап, орап тастайтынын, бесікке дұрыс бөлей алмайтынын» сынға алады. Демек, біз өткен ғасырдың басында баланы бесікке дұрыс бөлей алмаған елміз. Араға бір ғасыр өткен соң, бәрі керемет болып кетті деуге ауыз бармайды. Сондықтан да, ойланатын уақыт жетті деп ойлаймын. Себебі, мен үш баламды бесіксіз-ақ өсіріп отырмын. Олар бесікке бөленген балалардан артық болмаса, кем емес. Сіз не дейсіз?»
Әлия Қосымқызы, Шымкент қаласы