Азаматтық некенің астарында зинақорлық жатыр
Қазіргі күні жасыратыны жоқ азаматтық неке деген көбейіп кетті. Батыстан бастау алған бұл жаман әдет бүгінде әлемнің барлық түкпіріне таралып жатыр. Қазақ жастарының, тіпті ата сақалдары ауыздарына түскен жасамыстарының арасында да азаматтық неке дегендер көрініс беруде. Азаматтық неке деген не және оның астарында не бар? Осы сауалға жауап іздеп көрейік.
Неке адамға жауапкершілік жүктейді
Адам баласының хайуаннан ең үлкен айырмашылығы – ерлі-зайыптылардың неке арқылы жұптасып өмір сүруінде. Ақ некенің қашан пайда болғаны белгісіз, дегенмен оның астарында ер мен әйелдің бірлесе өмір сүруін заңдастыратын және олардың мойындарына белгілі бір міндеткерліктер жүктеу арқылы бірлесе өмір сүру ережелерін сақтауға мәжбүрлейтін құқықтық түсінік жатқан секілді.
Некеге тұрған ер мен әйел бір-біріне адал болуға, нәпсіге беріліп, зинақорлыққа салынбауға, дүниеге келген балаларын асырап, өсіруге міндеттенеді. Егер ерлі-зайыптылардың бірі осы неке арқылы белгіленген міндеткерліктерін бұзған жағдайда, ол ертеректе шариғат заңы, ал бүгінгі күні өзі өмір сүретін мемлекеттік заң арқылы жауапкершілік арқалайды.
Ертеректе дін үстемдік етіп тұрған заманда некені бұзатын теріс әрекет жасаған ер немесе әйел халық алдында дүреге жығылып, тіпті өлім жазасына дейін ауыр жазаға тартылып жататын. Ал қазіргі азаматтық қоғамда неке шартын бұзушы ешқандай да жазаға тартылмайды. Ары кетсе заң арқылы неке бұзылып, ажырасады, ортақ мүлік бөлінеді, балалары ата-анасының бірінің қолында қалады.
Неке шартын бұзу арқылы діни шариғат заңы бойынша болсын немесе қазіргі заң арқылы болсын, жауапкершілікке тартылған ерлі-зайыптылар неке шартының адамға белгілі бір жауапкершіліктер әкелетінін сезінбек. Ал жауапкершілік бар екен, онда адам ақ некеге байыпты қарап, оны бұзу арқылы келетін салдарына ұшырамауға ынталы болмақ.
Азаматтық некенің астарында зинақорлық жатыр
Бүгінде белең алып бара жатқан азаматтық неке деген шариғат бойынша мешітке немесе мемлекеттік мекемеге барып заңды түрде неке қиғызып, неке шартына отыруға мәжбүрлемейді. Яғни, еркек пен әйел көңіл қалауымен мойындарына ешқандай міндеткерлік алмастан бір шаңырақтың астында өмір сүреді.
Олардың әрекеттері сырт қарағанда ерлі-зайыптылар сияқтанғанмен, шын мәнінде бұл ашық зинақорлықтан басқа түк те емес. Өйткені, неке арқылы мойындарына жауапкершілік алмаған ер мен әйелді байланыстыратын жалғыз нәрсе – нәпсі. Нәпсілерін қанағаттандырып, бір-бірінен жалыға бастаған сәтте азаматтық некенің күні де бітеді. Ондайда әдетте әйел мен еркек еш қиналмастан өз жөндеріне кете барады.
Дәстүрлі діндердің бәрінде зинақорлық адам баласын аздыратын жаман нәрсе деп айыпталады және тозаққа түсіретін аса ауыр күнәнің қатарына жатқызылады. Егер бұның астарына үңілсек, дін айыптаған зинақорлықтың шынында да адамды хайуан деңгейіне дейін түсіретін, арсыздыққа итермелейтін аса жаман әдет екенін ұғыну қиын емес.
Ақ неке арқылы бір шаңырақта тұратын ерлі-зайыпты неке арқылы мойындарына жүктелген міндеттерді орындауға, бір-бірімен тіл табысып сыйласып тұруға, дүниеге келген ортақ сәбилерін дұрыс тәрбиелеп өсіруге құлшынатын болса, азаматтық неке арқылы біріккен еркек пен әйел нәпсі қалауымен тірлік кешіп, бұның бәрінің уақытша екендігін, кез-келген сәтте байланысты үзіп кетуге болатынын, дүниеге келген сәбиді тастап кете алатынын іштей түсініп, соған бейімделіп жүреді.
Қазіргі күнгі ажырасудың жыл санап көбейіп кетуіне де осындай азаматтық некелердің әкелген теріс түсінігі себеп болып отырғанға ұқсайды. Ортақ шаңырақта өле-өлгенше тіл табысып өту, балаларын асырап, өсіру сияқты ауыр міндеттерді орындағысы келмейтіндер ешқандай жауапкершілік әкелмейтін азаматтық некені артық санайды.