Алғашқы махаббатым жүрегімді өртеп кетті

Алғашқы махаббатым жүрегімді өртеп кетті

 Түс ауа қызметінен қайтып келген ол қолындағы қызыл сөмкесі мен қара пальтосын оң жақ бұрыштағы ілгішке іліп, етігін шешті де, шәй қайнатып ішу үшін асүйге беттегені сол еді, телефоны кенет ұмытқан нәрсесі есіне түскендей баж ете қалды.
-Тыңдап тұрмын,-деді әдеттегідей «аллоны» жақтырмайтын әдетімен.
-Әлө, Бұл-Айнаш па? Мені таныдың ба?-деді ар жақтағы ер адамның дауысы.
«Бұл кім екен? Ауылдағы ағамдар ма екен?»
-Иә, мен... Дауысыңыз таныс сияқты.
-Мен ғой-Серік,-деді ер адам мұның бірден танымағанына күмілжіп.
«Қай Серік екен?... Жұмыстағы Серіктің дауысына ұқсамайды, әрі ол орыстілді...».
Сөйткенше болған жоқ:
-Мен ғой Нұрақынов Серік ші... Ауылдағы сыныптасың ші?-деп ер адам өзі көмекке келді.
Айнаштың қолындағы телефоны сусып жерге түсіп кете жаздады. «Құдайым-ау, бұл расында Серік болғаны ма... 24 жылдан кейін дауысын естимін деп ойлады ма бұл?»
-Таныдым. Қ-қалың қалай?-деп не айтарын білмей әбден састы.
-Қалаға келгеніме 2 айдан асты. Ойпырмәәәу, сенің телефоныңды табудың қиынын-ай. Сенен гөрі Президенттің телефонын табу оңай ма деп қалдым ғой,-деп Серік рахаттана күліп алды. -Сол, қалыңды білейін дегенім ғой. Қанша жыл болды көрмегелі сені. Сені бастық болды деп бүкіл ауыл шулап жүр... Бізді менсінбейтін шығарсың, ә?
-Қойшы, тегі! Жолым түссе ауылға бір барып кетем ғой...
-Солай де, жақсы онда. Көп уақытыңды алмайын. Сені көрмесем де, дауысыңды естідім, соның өзі жеткілікті маған. Ал егер бет көрісіп, әңгімелескің келсе, телепон нөмірім осы ғой...
-Жақсы, Серік, өзім хабарласамын ғой. Сау бол!
Телефон тұтқасын қойған Айнаш «үҺҺ» деп терең тыныстап, бір нүктеге қараған күйі ойлана отырып қалды.
«Анау-мынау емес, Серік хабарласады деп кім ойлаған»...
***
Мектепте оқуда озат, өзі хас сұлу қыздар болады ғой, Айнаш дәл сондай, қара торының әдемісі болатын. Ботадай мөлдіреген көздері, жіңішке қасы, пісте мұрны, жұқалау қызғылт еріні, бәрі-бәрі өзіне сондай жарасымды еді.
Серік пен Айнаш көрші тұрды. Мектепке бірге барып, үйге бірге қайтатын. Серік басқа сыныптастарынан өзгеше болатын, өте білімді еді. Қатарластары доп қуып жүргенде, ол көп оқып, ғалым болуды аңсады. Бос уақытында спорт үйірмелеріне қатысып, спортпен шұғылданды.

Ал бала күнінен бірге өскен Айнашты ұнататынын Серік 11 сыныпта бір-ақ түсінді. Сол жылы көктемде сыныптағы Дәулеттің туған күн кешінен кейін Айнашқа деген сезімін алғаш рет білдірді.
Екеуі туған күн кешінен сытылып шыққанда, түннің бейуақ мезгілі болған-ды. Екеуіне де сол күнгі түн сиқырлы бір жұмбақ әлемге толы болып көрінді. Күндегі түннен мүлде бөлек. Жарқыраған ай да, жымыңдаған жұлдыздар да ерекше-тін.
Қол ұстасқан екі ғашық бір топ ағаштың тасасына келіп тығылды.
-Екеуміз өмір бақи бірге болайықшы!-деді Серік Айнашты құшақтап тұрып. Айнаш та үнсіз басын изеді. Қайран, бала махаббат-ай! Екеуі өмір тұтқасы өз қолдарында тұрғандай сезініп еді-ау сол кезде...
Алайда бәрі екеуі ойлағандай болмады. Серіктің қалаға алып-ұшып барған көңілі оқуға түсе алмай қалған кезде, су сепкендей басылды. Есесіне Айнаштың жолы болып, өзі қалаған оқу орнына түсіп кетті.
...Бір жылдан кейін жазғы каникулға келген Айнаш бірден Серікті іздеді. Алайда Серік басқаға үйленіп кетіпті... Тағдырдың бұйрығы сол шығар...
Айнаштың бүгінге дейін жүрегінің түпкірінде сақтап келе жатқан қып-қысқа оқиғасының желісі міне, осы еді...
****
Айнаш түнімен көз ілмеді. Қызына көз салып еді, пысылдап ұйықтап қалыпты. Таза ауамен тыныстау үшін балконға шығып, аспанға қарады, көк жүзінен сығырайған бір-екі жұлдызды ғана көрді.
«Құдайым-ау, мынауым не менің? Ертең жұмыс. Бақандай жиырма төрт жыл көрмеген, әлдеқашан біреудің күйеуі болып кеткен адамды ойлағаным қалай?»
Бірақ өз-өзін қанша көндіргенімен, өткен күннің елесі оңайлықпен босатпады. Ұзақ жылдан кейін көрісіп, қайта-қайта құшақтап, мауқын баса алмай тұрғандай...
Ата-анасы қалаға қоныс аударғанша, ауылға бір-екі рет ат ізін салған еді. Сол кезде іштей әлдекімді іздеп, екеуінен басқа ешкім білмейтін құпия бір кездесуді аңсаушы еді. «Алдымнан Серік шыға қалса қайтер екенмін? Аяқ асты үйленуіне не түрткі болды екен? Мені тез ұмытып кеткені қалай?» сынды сұрақтар шырмауықша орайтын... Бірақ Серікті сол күйі көрмеді.
...Көп кешікпей Айнаш Мұхтармен танысып, бас қосты. Алайда отбасы бақыты ұзаққа созылмады, екі жыл бұрын Мұхтар жол апатынан көз жұмды...

Иә, сонау бала күнінде жүрегіне түскен шоқ әлі күнге дейін кеудесінде маздап жанып тұрғанын Айнаш бүгін жақсы сезді. Құдайым-ау, Серік екеуінің тіпті махаббат деуге де келмейтін балаң сезімінің өзімен бірге есейетінін кім біліпті? Енді ол сезімнің өзімен бірге қартаятыны, мәңгі сол жас қалпында өлетіні сөзсіз!
***
Төңірек бозарып, маңайдағы үйлердің сұлбасы анық көрініп, аспан көгілдір түске еніп келеді. Жаңа ғана сығалап тұрған жұлдыздарды әлдебіреу жинап алып, қалтасына басып алғандай жым-жылас болды. Бұл Айнаштың күйеуі қайтыс болған күннен кейінгі ұйқысыз өткізген алғашқы түні еді...
Көп ойланған Айнаш Серікпен кездесемін деп шешті. Сол мектеп бітіріп, қалаға алғаш келген жылдағыдай Орталық саябақта кездесеміз, сосын кафеге барып, оңаша сырласармыз деп ойлады. Әрбір минутты есептеп, өте мұқият әзірленді.
Орталық саябаққа қызы бойжеткелі де бармапты-ау, міне, Серіктің арқасында сол демалыс орнына барудың жолы түсіп тұр.
Бүгін Айнаш жұмыстан шыққан соң, көлігін автотұраққа қойып, саябаққа соғып, жанындағы шағын кафелерге бас сұғып, ас мәзірімен танысты. Кісі саны көп, кеш болса жын ойнаққа айналатын дабырасы көп мейрамханаларды айналып өтіп, әңгімелесуге ыңғайлы тыныш орын іздеді.
Үйге барған соң бөлмесіне кіріп алып, кешегі Серік қоңырау шалған нөмірге қайта хабарласты.
- Серік? Сәлеметсің бе?
- Әлеу. Ие. Айнашсың ба?
- Иә, біз ғой, -деп күлді Айнаш.
- Мә, сенің дауысыңды енді естімеймін деп ойлап ем...Жұмысың қалай? Ауылда «Айнаш банктің бастығы болыпты, енді бәріміз несиені «ыспакойна» аламыз» деп шуылдап жүр ғой,-деп Серік рахаттана күлді.
«Ауылымыздың сөйлеу мәнері ерекше ғой, шіркін! Тұрғындары қандай ақкөңіл десеңші!» Айнаштың жүрегі өрекпіп кетті.
- Қалада қанша боласың?
-Арғы күні шығамын, бұйыртса. Ауылдағы жалғыз тракторист -мен ғой. Соным бұзылып, қосалқы бөлшектерін ала кетейін деп ем ғой. Ертең тапсам, ар күні жолға шықсам ба деп отырмын...
-Түсінікті.
-Әй, Айнаш! Сенің дауысыңды естігеніме сондай қуаныштымын. Шын айтам. Бір көрсем ғой сені, шіркін, бұл өмірде менен өткен бақытты жан болмас еді...
-Онда ертең жолықсақ болады.
-Рас айтып тұрсың ба?

Иә. Еш қалжыңсыз. Көріспегелі жиырма төрт жылдай болды, тек бір-бірімізді танымай қалмасақ болды...
Айнаш сықылықтай күлді.
-Танымай не бопты... Айтпақшы, әнеукүні қызымның интернеті арқылы фотоңды көріп мәз болдым, «сықиып» тұрсың, тіпті жасарып кетіпсің, одан әрі сұлуланып... Рас айтам. Өзгерді деп міне, бізді айтсаң болады...
Серіктің дауысында бір түрлі мұң пайда болды.
-Сонымен, келістік пе?
-Мен қаланы жөнді білмеймін. Тек бажамның үйі мен «Кар ситиді» ғана білем...
-Бұрынғы саябақ бар емес пе, сол жерде жолықсақ? Сағат кешкі бесте?
-А, жақсы, келістік.
***
Аса бір құпия тапсырмамен жүрген барлаушыдай бүгінгі күнге құрған жоспарын Айнаш барынша сақтықпен жүзеге асыра бастады. Жұмыстан ерте шығып, үйге келген соң кешке не киетінін ойлай бастады.
Шкафтың алдында жарты сағат бойы ойланып тұрған Айнашқа қызы:
-Не кием деп тұрсыз ба, ана?
-Иә... Кешке бір танысыммен кездесуім бар еді...
-Көк көйлегіңізді киіңізші, сізге күшті жарасады, қәне, өтектеп берейінші, -деп Жангүл көйлекті бөлмесіне алып кетті.
Санаулы уақыттан соң бөлме есігінен бас сұғып, -қара туфлиіңізді киіңізші, иә?
-Жақсы, қызым.
-Өткенде алған қара шарфты тағарсыз. Құлағыңызға сол кезде алған алтын сырғаны тағып алсаңыз, «мыннау» болады, -деді қызы бас бармағын шошайтып.
-Сен болмасаң қайтер ем, -деп Айнаш көзінің ағы мен қарасындай жалғыз қызын құшағына алып, бетінен сүйді.
***
Бәрі өзі құрған жоспар бойынша іске асуда. Қызы киюге кеңес берген көк көйлегін киіп, сән салонына барып, шашын сәндеп алды. Жолай көлігін жуғызып, беске он минут қалғанда саябақтың алдына келді. «Ерте келіп тұрғаным ыңғайсыз шығар» деп көлігінде он минуттай отыра тұрды. Бетіне опа, ерніне далап жақты.
Сағат тілі дәл бесті соққанда, көлігінен түсіп, саябақтың дәл алдына келіп тұрды. Жүрегі дәл жиырма төрт жыл бұрынғы кездегідей алып-ұшып барады...
«Тәтті вата аламыз! Шар аламыз!» Басқа да ұсақ-түйек сатып отырған қыз-келіншектер мұны көріп, шуылдап қоя берді. Иә, осы тәтті мақтаны жас күнінде сүйріктей саусағымен үзіп жегенді сондай жақсы көретін еді. «Қазір алып жеп тұрғаным ыңғайсыз шығар» деп Айнаш өз ойына өзі күлді.
...Ол мұнда келгелі де жарты сағат өтіп кетіпті.

Тағы он минут өткенде тықырши бастады. Жанынан қаншама адамдар өтті. Саябаққа бір сағаттың ішінде жүздеген адам кірді, жүздеген адам шықты... Бірақ Серікке ұқсайтын бірде-біреуін байқамады. Бір жарым сағат өткенде күз бен қыстың арасындағы ызғарлы кештей, Айнаштың көңілі бірте-бірте суй бастады... Батқан күнмен бірге көңілдегі шуақ та сөніп бара жатқандай...
Бұл уақытта манадан бері шуылдап, шардан әртүрлі зат жасап, сатып тұрған ұзын бойлы бойжеткен де, тәтті мақта сатып тұрған өзбек ер адам мен қасында көмектесіп жүрген келіншек те, тоқтаусыз пісте шағумен уақыт өткізіп, ойыншық сатып отырған әжей де, манадан бері солардың жанында тырп етпей тұрған қара телпек киген көзілдірікті жуан ер адам да үйлеріне жиналып жатты...
***
Негізі Серік саябаққа сағат үш жарымда келген еді. Айнаштың беске он минут қалғанда келіп, көлігінде он минут отырғанын, толқындай қара шашын тарап, бетіне опа, алқызыл ерніне далапты қалай жаққанын да көріп тұрды. Міне, ол ақ джиптан түсті. Өз-өзіне сенімі шексіз, өмірде мақсатына тура келе жатқандай көңілі тоқ келіншектің жүрісі де ерекше болады екен-ау...
Серіктің жүрегі лүпілдеп, алдынан жүгіре шықпақ болып ұмсынып еді, Айнаш бұған бір қарады да бұрылып жүре берді...
Айнаш танымады... Амал жоқ, Серік сауда жасап отырған сатушылардың тасасына тығылып, сол жерден бақылап тұрды. Қасына баруға жүрегі дауаламады... Сосын ауыр тұрмыс пен қара жұмыс қажытып, әбден жарылып кеткен қолын қайда қоярын білмей, ескі сұр курткасының жеңін тартқылай берді.
Былтыр отын жарам деп сол көзін жаралап алған-ды. Тас көзінен ұялған соң ылғи көзілдірік киіп жүретін болды. Айнаш Серік тұрған жаққа көз салған сайын, бұл сасқалақтап қара телпегін түсіріп, көзілдірігін дұрыстай берді.
Арада бір жарым сағат өткенде Айнаш ұзап барады... Серіктің көзіне мөп-мөлдір жас іркілді... Айнаштың артынан дауыстап тоқтатуға шамасы жетпейтінін ұқты. «Айнаш!» деп аузын ашса, кеудесіне толған шер ақтарылып, жылап жіберетіндей күй кешті...
«Шіркін, өткен күн қайта оралса ғой!» деді ол... Бірақ ол фантастикалық киноларда ғана болатын шығар... Тек шынайы өмірде емес...

 

(Жанат Бақыттың инстаграм парақшасынан алынды)

Түпнұсқадаңы тақырыбы: Өткен күннің елесі 

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста