Әкем көңілдесімен бірге қайтыс болды...
Балалық шағым анау айтқандай бақытты өтті деп айта алмаймын. Әжептеуір қызмет атқаратын әкем ішімдікке аса құмар еді. Үнемі іссапарлап келетін бастықтарын күтумен жүретін. Сыртта сыптай болып жүретін әкем үйге келсе мүлдеп өзгеріп кетуші еді. Сылқия тойып алып, анамның миын ашытатын, бізді бұрышқа тұрғызып қоятын.
Кей күндері тіпті үйден қуып шыққан кездері де болды. Үйдегі шаруалардың бәрін жайғап болған соң төрт бауырыммен «әкеміз ішіп келмесе екен» деп тілеп отыратын едік. Бұл тілегіміз кейде қабыл болады, кейде жоқ. Әйтеуір әкемнің сау жүретін кездері азайған. Түнімен үйде «концерт» қоятын әкем азанда түк болмағандай жұмысына кететін. Үйдегі бізді табаға салғандай қуыратын әкем жұмысындағылардың да ығырын шығаратын шығар деп ойлайтынбыз.
Бір жолы тағы бір ащы суға тойып келгенінде қазан толы сорпаны үстіме аударып жібергені бар. Қайнап тұрған ыстық сорпа үстіме құйылып пісіп қалдым. Жаныма батып, бақырып жылап жатқаныма да қараған жоқ, бетіме ұрғаны бар. Терім сүйегіме жабысып қалып жаныма батып қалай ауырғанын айтпай-ақ қояйын. Ортаға түсіп шырылдаған анамды да бір-екі теуіп үлгерді. Ауруханада біраз қоныстануыма тура келді.
Әкем тәніме салған тыртық жазылған жоқ, жаныма салған тыртығы тіптен ашындырып жіберді. Осыдан кейін әкемді мүлде жек көріп кеттім. Атымды атап шақырса қырсығып бармай қоятынмын. Осы қырсықтығым үшін де талай мәрте таяқ жедім.
Әкемізден көрген теперішіміз бұл ғана емес. Қақаған қыста далаға қуып шығып, көршінің үйіне қонып шыққан кездеріміз де көп. Сондай кездерде анама «бәрін тастап кетіп қалайықшы» деп талай айттым. Бірақ анам «жасы келе бәрін қояр, жақсы тұрып кетерміз» деп басу айтатын. Анамның соншалықты шыдамдылығына, төзімділігіне таң қалатынмын.
Арада жылжып жылдар өтті. Әкеме деген жеккөрушілікті жоя алғам жоқ бірақ. Анамның әкемнен көрген қорлығы бұл ғана емес, бәрі алда екен ғой. Аядай ғана аудан орталығында тұрамыз. Көп өтпей-ақ әкемнің орталыққа жаман аты шыққан бір әйелмен жүргіншілік жасап жүргенін естідік. Жаман әңгіме тез тарайды емес пе? Аузы сүйреңдеген әйелдерге жақсы тема табылды, айтса таусылып бітпейтін жаңа романдарын бастады олар.
Басқа басқа, жаман аты алысқа кеткен сол оңбаған әйелді өзіне тең көрген әкемді одан бетер жек көріп кеттім. Үйге қонбай қалатын кездері көбейген. Ол күндері анам жастыққа жасын шылап түнімен жылап шығады. Таңертең біздерге білдірмейін деп түк болмағандай күлгенсігенімен бәрін сеземіз ғой. Тіпті мектепке де барғым келмейтін. Сыныптастарым сыртымнан саусағын шошайтып күліп тұрғандай көрінетін.
Осылай қорланып жүрген күндердің бірінде суыт хабар бұрқ ете қалды. Әкем көңілдесінің үйіне қонған күні табиғи газға уланып қайтыс болыпты. Екеуі де. Әкемнің бізге көрсеткен қорлығының өтеуі шығар дедім, жүрегім селт еткен жоқ.
Басында намыстанып көңілдесінің үйінде өлген әкемді үйге әкелмесін деп тулап ек, анам «қойыңдар, қандай адам болса да бәрібір әкелерің емес пе» деп басу айтты.
Мұны оқып отырып бәлкім мені жазғыратын да шығарсыздар бірақ басынан мұндай жағдай өтпеген адам бәрібір мені түсінбес те...
Осылайша әкемді бір күнде жер қойнына тапсырдық. Балаларының бетіне шіркеу боларлықтай ат тастап кеткені жанымызға батты, амал қане? Көнеміз де, қайтеміз
Бейбіт, Маңғыстау