Әйелім – әлемім екенін кеш түсіндім…
Еркек:
Жас келгенде ең басты байлық: ұлыңды – ұяға, қызыңды қияға қондыру. Екі қызым күйеуде. Екеуі де көп балалы әулетке келін болып түскен. Екеуі де ата-енелерімен тұрады. Басқа келіндері бола тұра, ата-енелері қызымды қара шаңырақта қалдырып, бірге тұрғанды таңдады.
Құдаларымның таңдауы қыздарыма түскеніне қуанамын. Қартайғанда кім де болса шәйін қабақ түймей беретін жанға жайлы келінді, жылуды іздейді. Демек, қыздарымның тәрбиесі дұрыс. Құдаларым әрдайым қызым үшін рақметін жаудырғанда, төбем көкке бір елі жетпей қуанамын.
Құдайы шыным, өз басым бала тәрбиесіне бас қатырмадым. Үй тауқыметі мен бала тәрбиесі, кәрі анамның күтімі толығымен әйелімнің мойнында болды. Азанда шығып кеткен бойы күн бата сүрлігіп келіп, тамаққа тойып, құлай кететінмін. Көмектеспек түгілі өзіммен ерте келетін тосын қонағым тағы бар.
Әйелім қабақ шытпай күтіп алатын. Жас кезімде "Кет!" сөзін әйеліме жиі айттым. Анамның көңілін табу қиын еді. Өзім жұмыстан шаршап келсем, алдымнан қабағы кіртиіп қарсы алады. Әйелім көңілінен шықпай қалады.
Азанда кетіп бара жатып әйеліме: "Мен келемін дегенше көзіңді құрт. Кет үйден!" – деп шығып кетемін.
Кешке келсем, әйелім алдымнан жайраңдап күтіп алады. Неге кетпегенін сұрасам, жол кіре тастап кетпегенімді көлденең тартып, кінәні өзіме аударады. Таңқалатыным, түк болмағандай үй жұмысына шапқылап кете баратыны.
Көбіне шатақты әдейі өзім тауып алатынмын. Келесі шатағымды көп ұзатпай бастап жіберіп, қолына ақша ұстатып – "Кет!" деймін. Әйелім үн-түнсіз ақшаны алып қала береді. "Әй, осы жолы кеткен болар?" – деп кешкісін келсем, түк болмағандай үйде күйбеңдеп жүреді.
Берген ақшаме неге кетпегенін сұрасам: "Апамның қан қысымы көтеріліп кетіп, дәріханадан дәрі әкеп қойдым. Өзің ақшаны молдау тастап кетпейсің бе?" – деп өзімді кінәліге айналдыра қояды.
Шынымды айтсам, кетпегені өзіме де ұнайды. Тамағым пісірулі, төсегім салулы. Бала қараулы. Анам күтулі. Әр "Кет!" деп тастап кеткен ақшама біресе үйге зәру затты, бірде балама керек затты алып қояды.
Не керек, әр "Кет!" деген сайын сан-алуан себепті көлденең тартып, ақыры кетпеді. Әйелімнің кетпейтіне көзім жеткен соң, қит етсе: "Мен келгенше кет үйден!"– деуді қалыпты әдетке айналдырдым.
Әйел:
Өткен өмірімді ойлап отырсам, сонша төзімді қайдан тапқаныма өзім таңқаламын. Күйеуіме сүйіп тимедім. Жастар кешінде танысқанбыз. Ұнап қалсам керек, басып әкетті. Біздің кезімізде "басып әкету" болатын.
Сүймегеніме құдай қосақтады. Ол аздай аюдай ақырған енем болды. Топырағы торқа болсын. Отырсам – опақ, тұрсам – сопақпын. Күйеуімнің жалындаған махаббаты көпке ұзамады. Қит етсе "Кет!" дейтін әдет тапты.
Ең алғаш "кет" дегенді естігенде, не істеу керектігін ойландым. Намысқа басып төркінге кетсем, әке-шешеме не айтамын? Кетпейін десем, кете қоймағаным үшін күйеуімнің жеккөріп кетуі мүмкін. Енем болса: "Күйеуі кет дегенде ит те кетуі керек" деп тықақтайды.
Бойыма тұңғышым біткен кез болатын.
Не де болса тұңғышымды өз шаңырағында дүниеге келтірейін деп шештім. Өмір деген тауқыметтің дөңгеленуі бір басталса тоқтамайтына көзім жетті. Қанша рет "кет" десе де, кетпеуге жанталастым.
Ет пен теріден жаралған адаммын. Десе де жаны нәзік әйелміз ғой. Кетуге талай рет оқталдым. Анам өте ақылды кісі болатын. Қабағымнан байқаса керек: "Қызым, еркек жаңғақ тәрізді.
Сырты қатты көрінгенмен, шағуы оңай. Оябын тауып шағу әйелге байланысты. Шүпірлете баламен қоршап таста. Еркекті баламен жеңесің" деп ақыл берді.
Анамның ақылын тыңдап, құдайдың берген баласын бірінен соң бірін тудым. Енеме бәрібір жақпаймын. Көбіне баласын қақтығысқа айдап салатын. Күйеуімнің әр "кет" дегеніне жүрегім тілінеді. Темір де тозады.
Бірде бір етек бала-шағамды жинап, кетіп қалғым келді.
Қорамызда иттің үйшігі болатын. Екі балам үйшіктың қасында ойнап отыр екен. Кіші ұлым итті қуалады. Ит қанша қуса да үйшігін айналып, кетпеді. Сол кезде сегіз жасар ұлым: "Ой, үйшігінде күшігі бар ит, қанша қусаң да кетепейді ғой" – демесі бар ма?
Осы сөз, жүрегіме оқтай қадалды. Ит екеш ит те қуалағанға тастап қашпай, күшігін үйшіксіз қалдырмауға жан салып жүр. Мен болсам, бір етек баланы шаңырағынан жырмақпын. Не де болса көніп, бала-шағамды нағашының босағасында көзін жәутеңдетпеуге бел будым.
Еркек:
Еркектің тапқанын тірнектеп құрау әйелге байланысты. Үйде күйім болған соң, қызметім жоғарылаумен болды. Малды бір адамдай таптым. Келін түсіріп, қыз ұзаттым. Елу беске толған күнімді "қос бестік" деп, жора-жолдастармен дүркірете тойладым.
Ертеңіне болмайтын жерден ескі әнге басып, әйеліме тағы сол "Кет!" дедім. Әйелім: "Осы табалдырықтан аттағалы естігенім "Кет" болды. Кетсең – өзің кет! Келінім – қолымда. Қызым – қияда. Жолың әне, сені кім ұстап тұр!" – деп салды.
Жүрегім жарылып кете жаздады.
Қанша жыл отасып жүріп алғаш рет "Өзің кет"-ті есту ауырға соқты. Машинаның кілтін ала бергенімде қолымнан кілтімді жұлып алып "Машина – менің атымда" деді. Мемлекеттік қызметте болған соң, әлдеқандай күн туып қалады ма деп, машинаны әйелімнің атына жазғанмын.
Қарасам үй, машина, дүкен де әйелімнің атында екен. Өз атымда ештеңе жоқ. Ашумен үйден шығып кеттім. Кімге барасың? Дырдай басыңмен дос-жаранның, ағайын-туыстың үйіне баруға ұяласың. Ашумен қала кезіп жүрмін. Қашанғы кезесің, шаршадым.
Айналама зер сала қарасам, өзім тұратын мөлтекауданды айналып жүр екенмін. Көзден тасалау жердегі орындыққа отырдым. Есіл-дертім үйде. Жанға жайлы үйім. Жайраңдап шәй беретін әйелім. Сызыла сәлем салатын келінім. Айтқанымнан шықпайтын ұлым. Бәр қызығым үйде қалған.
Жалғыз отырып алғаш рет жаным жаурады. Әке-шешемнің дүниеден озғанына пәлен жыл болса да, тұңғыш рет өзімді жетім сезіндім. Әйелімнің қою шәйін ішкім келіп, таңдайым тақылдай бастады. Лезде көше кезбесіндей бейшара күйге түстім.
Өзімді көк тіреп жүргендей сезінетін көңілім әп-сәтте күйреді де қалды. Телефоным шырылдады. Қарасам, әйелім. Қолым дірілдей телефонды көтердім. Арғы жақтан: "Әкесі, серуендеп болсаң үйге қайт. Қай жерде тұрсың, балаңды машинамен жіберейін?" – деген әйелімнің жайдары дауысын естігенде, үнсіз жылап жібердім.
Ұлым машинамен заулата жетіп келді. Үйге келе жатып әйелімнің өмірімдегі ең асыл қазынам екеніне көзім жете өкіндім. Арпалысқан тіршілікте қасымда тіреу болған әйелімді дер кезінде қадірлеу ойыма кіріп-шықпағанына өкіндім.
Әйел:
Жас келген сайын еркек – дәрменсіз жас балаға айналады. Өзінше билігін көрсеткісі келіп қоқиланғанмен, бізден қолдау іздеп тұрады. Шаңырақты шайқалтпау үшін біздер, әйелдер соны түсінуіміз керек.
Отау құрғанда ең қиыны алғашқы бес жыл. Бес жылда көресіні көресің. Әрі кетсе он жылдан соң да өмір барын ойлап сабырмен төзсең, аяғы бақытқа кенелтеді. Қыздарымды солай тәрбиеледім. Енелері риза.
Өмірімде бір-ақ рет "Өзің кет!" дегеніме күйеуім қатты күйреді. Намысқа өртеніп, күйзелуіне әрі кетсе үш сағат жеткілікті болды. Әйел басымды иіп, телефон шалғанымда, күйеуімнің дауысы жетім қозыдай шықты. Түсіндім.Күйеуім бүгінде "Кет" деуді ұмытты.
Еркек:
Тіршілікте "Кет!" сөзі шын мәнінде бумеранг сөз екеніне көзім жетті. Қаншама жылдан бері ойланбастан айтып жүрген сөзімнің қайыра соғар екпіні қатты екенін басымнан кештім.
Қолданысымнан "Кет" сөзін алып тастадым. Ешқашан, ешкімге "Кет!" сөзін қолданбаңыз. Бумеранг болып қайыра соғуы әбден мүмкін.