Адам – ақшаның құлы
«Дүниеде адамға ең жақыны – ақша. Мұның ең басты дәлелі қазақтың ежелден аман саулық сұрасқанда, «мал жан аман ба?» деп, алдымен малдың амандығын сұрауы болса керек. Сондай-ақ, қазақтың «ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң талдаңда» деуі де тегін айтылмаған. Ақшаң болса, туған-туыс та, ағайын жекжат та, дос-жаран да сенің қасыңнан табылады. Дүниені жалпағынан басып, алшаңдап жүресің. Ал, ақшаң болмаса, өліп қалсаң да ешкім жоқтамайды. «Аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін» демекші, мына заманда ақшалы адам – сыйлы адам, ақылды адам, ол не айтса да дұрыс. Ақшасыз адам – бос орын». «Алаш айнасы» оқырманнан келген ақшаға қатысты материалды жариялағанды жөн санады.
«Қазіргі заман – ақшалы жастар көп заман. Ондайлар жас болса да, елге сыйлы. Өйткені, ақшасы көп. Соңғы кезде бір байқағаным 35-40 жастағы қалталы азамат есіктен кірсе, төрде отырған 70-80-дегі қария орнынан тұрып, төрден орын босатып беретін болды. Мұндайға көпшілігіңіз куә болып та жүрген шығарсыз. Оған ренжуге де болмас. Өйткені заманның ұстанымы солай, ақшаның құдіреті күшті. Яғни, ақшасы көп адам – сый-құрметке лайық адам.
Жалпы адамзат саналы ғұмыр кеше бастаған дәуірден дүние-мүлік, мал жинап, баюға талпынған. Себебі, байлықтың теңдесі жоқ құдіретке ие екенін сол кездерден-ақ білген. Қазір де солай. Ақшасы барлар адам өлтірсе де құтылып кетеді. Ақша шешпейтін мәселе жоқ. Мемлекеттердің соғысы да байлық үшін. Қазіргі жастардың бай болуға ұмтылуы да сондықтан.
Карта ойынын бәріңіз де білетін шығарсыздар. Сол картада ең мықтысы – тұз. Тұз корольді де басады. Себебі тұз ақша дегенді білдіреді екен. Яғни ақша Корольден де биік тұрады. Осы орайда, адамнан ақша жақын екеніне дәлел боларлық бір оқиғаны айтып берейін.
Ақшаң болмаса, ағайын безеді
Ол кезде Мырзашөл өңірінде тұратынбыз. Өткен ғасырдың 70-80-жылдарында Кеңес үкіметі «Мырзашөлді игеру» деген үлкен мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырды. Ақша су болып аққан заман болды. Кім шамасы келгенше қармады. Амалға іліккендер байыған үстіне байыды. Сол кезде бізбен көрші тұрған, бізден бес-алты жас үлкен бір жігіт ортанқол бастық болып қызмет істеді. Ақшасы көп, сыйлы азаматтың бірі болды. Үйінен адам үзілмейтін. Туған-туысы, үлкен-кіші ағайындары содан ақыл сұрайтын. Ағайын-туыстың той-томалағы онсыз шешілмейтін. Төрдегі орынның бірі соныкі болатын.
80-жылдардың соңында ақша құнсыздана бастады. Жұмыс тоқтады. Көзді ашып-жұмғанша ақша құны кетіп, қағазға айналды. Банкте сақталған ақшаның бір тиындық құны қалмады. Бастық болып үйренген көрші жігіт көлденең қара жұмысты істегісі келмей, жиған малын сатып жей берді. Күндердің күнінде малы да таусылды.
Бұл 90-жылдардың басы болатын. Екі-үш жігіт ортадан ақша қосып, Ресейге жеміс-жидек тасу басталған кез. Біздің көрші де екі досымен бір вагон пияз алып, Ресейге кетті. Ол кезде рэкетсіз мәселе шешілмейтін. Ресейге барған соң олар да рэкетке кез болады. Айтуларынша рэкетирлер «пайданың жартысын бересіңдер» деп талап қояды. Бұлар онымен келіспейді. Жарты ақшаны рэкетке берсе, қарызға белшеден батады. Өйткені олар пиязды үйін, көлігін кепілге қойып алған.
Рэкетирлердің талабына көнбеген бұлар бір базардың қожайынымен келісіп, бар пиязды қоймаға түсіреді. Бір күн сауда жасайды. Екінші күні түнде қойма өртке оранады. Ол аздай, базар қожайыны «сендердің кесірлеріңнен қойма өртенді» деп бұларды рэкетке береді. Рэкетирлер бұларды қамап, ұрып-соғып, бар ақшасын алып қояды. Содан олар ауылға дымсыз келді.
Ресейден оралғанын естіген пияз иелері ақшасын сұрап көршінің үйіне келе бастады. Ал, берерге түк жоқ. Баяғы үйінен шықпайтын, ақыл сұрағыш туған-туыс, ағайын көмектескен былай тұрсын, «қалайсың» деп есігін ашудан қалды. Кейбірі тойына да шақырмайтын болды. Бұрын көшеде бұрылып келіп сәлем беретіндер танымас кейіп танытып өте шығатын болды. Қасында достыққа берік бір сыныптасы ғана қалды. Ол Өзбекстан мен Қазақстан шекарасында орналасқан Жетісай қаласына жүк тасымалдаумен айналысатын. Бизнесі де жақсы жолға қойылған еді. Сол досы біздің көршіні қасына ертті. Алла қолдап, жұмысы жүріп, бір жылда қарызынан құтылып, бойын тіктеді.
Бір қызығы, ақшасыз қалғанда есігінен қарамай қойған туған-туыс, ағайын жағдайы дұрысталғаннан үйіне келе бастады. Тіпті арасында ұялмай-қызармай қарыз сұраушылар да болыпты. Кейде, кездесіп, әңгімелесіп қалғанда туған-туыс, ағайынға қынжылысын білдіріп, өкпесін айтатын. «Ақшаң болмаса ешкім емессің, тіпті туған-туысқа да қажетің болмайды екен» дейтін.
Бұл мен куә болған бір оқиға. Сіздердің де мұндай оқиғаға куә болғандарыңызға күмәнім жоқ. Өйткен мына заманда ондай жағдай жиі ұшырайтын болды. Бір ата-анадан туған жандардың әкеден қалған дүние-мүлік үшін бір-бірін сотқа беруі, тіпті өлтіруі қалыпты жағдайға айналып та барады. Дүние-мүлік үшін апайы бауырын не бауыры ағасын өлтіруге тапсырыс беріпті деген сияқты ақпараттарды БАҚ-тардан жиі еститін де болдық. Себебі, қашан да адам ақшаның құлы болып келген, бұдан кейін де солай бола бермек. Пендеге бәрінен қымбаты – ақша.