Жергілікті әкімдерді сайлауға халық саяси мәдениет тұрғысынан дайын ба?
Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында жергілікті әкімдерді сайлау қажеттігі жайлы айтқан еді. Алдағы шілде айынан бастап демократиялық сайлау арқылы еліміздегі барлық деңгейдегі әкімдердің жалпы санының 91,7 пайызын, яғни 2533 әкімді су жаңа қызметке тағайындамақшымыз. Қазір бұл мәселе саясат сахнасында да қызу талқыланып жатыр. Сол талқылаулардың бір ұшы халықтың саяси мәдениетіне келіп тірелуде. «Ішінара рушылдық, жершілдік мәселесі бұл саяси шараға бөгет болмай ма?» деген сынды сауалдар да төбе көрсетіп жүр. Сөз тізгінін мамандардың қолына ұстатқан едік...
Рамазан Сәрпеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
иә
– Осыған дейін халық арасында ауыл, аудан, облыс әкімдерін сайлау қажеттігі мәселесі жиі айтылып жүрді. Елбасымыздың Жолдауда айтқан бастамалары негізінде биылдан бастап 2533 әкім сайланатын болды. Алғашында әкімдерді мәслихат депутаттары сайлайды. Кейіннен бұл шара өз жемісін беріп жатса, әкімдерді сайлау тікелей бұқараға жүктелуі мүмкін. Әр ауданда 18-20 аралығында мәслихат депутаттары бар. Оларды халық сайлап отырғандықтан, депутаттар бұл жауапкершілікті сезінеді деп ойлаймын. Олар үмітті ақтауы тиіс. Енді саяси мәдениет тұрғысынан келсек, еліміз мәдени тұрғыда сайлауға толыққанды дайын деп айтуға болатын секілді. Мен аралап жүрген елді мекендердің басым көпшілігінде мәслихатта бір емес, бірнеше мәрте қатарынан сайланып келе жатқан азаматтар отырғанын көрдім.
Демек, олардың саяси мәдениеті төмен деп айтуға келмейді. Қазір жалпы парламентаризмнің, насихат орындарының беделі жылдан-жылға артып келеді. Қоғамдық қатынастардың ілгерілеуі де аңғарылады. Осыған қарап, ел бұрынғыдай сауыншыны немесе көлденең бір көк аттыны әкім ете салу деген үрдістен айықты деп ойлаймын. Меніңше, мәслихат депутаттары іскер бизнес өкілдерін, елге сөзі өтетін беделді азаматтарды таңдайды. Осы тұрғыдан алсақ, біздің ел-жұртымыздың саяси мәдениеті де, сайлау мәдениеті де жетіліп қалды. Десек те, жершілдік, рушылдық мәселесінің алдын алуды, осы жайттың орын алмауы үшін насихат жүргізуді тоқтатпаған жөн. Мен соңғы күндері халықпен болған кездесулерімде осы мәселені жергілікті мәслихат депутаттарының назарына салып отырдым. Оларға жергілікті бос әңгімелерге ерік бермеу, сол жердегі беделді адамдар арасындағы келіспеушілікке бой алдырмау керектігін, басты бағытқа азаматтардың іскерлігін шығару қажеттігін насихаттап келдім. Әкім сайлауын бұған дейін халық асыға күтті. Енді өз таңдауын жасайтын, өз мәселесін өзі шешетін кезге келгенде көшелік һәм рушылдық әңгімеден алшақ болуға біліктілігіміз жетер деп ойлаймын. Сонымен қатар бұл бастаманың тиімділігі – әр жергілікті жердің өзіндік бюжеті болатындығында. Демек, әр әкімнің ауылдық жердегі қордаланған мәселелерді өзі-ақ шешуіне мүмкіндік туады деген сөз. Қаржы болған жерде тағы да саяси мәдениет мәселесі сөз болуы мүмкін. Меніңше, бәріміз де ауылдан шыққан қарапайым азаматтармыз. Ауылға жиі барып тұрамыз. Сол кезде аңғарғаным, ауыл азаматтарының, жалпы халқымыздың мәдениеті ешкімнен де кем емес. Олар елдің үмітін ақтай да, жауапкершілікті сезіне де алады. Бүгінгі саяси өмірдің ағымына ілесе алмай қалған бірлі-жарым әкімдер бар шығар. Бірақ басым көпшілігінің саяси көзқарасы қалыптасқан, біліктілігі мығым екеніне шүбә келтірмеймін. Жақын күндері әкімдікке сайлауға түсетін адамдар тәртібі, яғни өзін-өзі ұсына ма, аудандық әкім белгілей ме, партиялық тәртіппен сайлауға түсе ме – осының бәрі анықталады. Жер тырмалап жүріп беделге ие болған азаматтар бар. Сол азаматтарға да жол ашылады деп білемін.
Гүлшат Нұрымбетова, саяси ғылымдар докторы, профессор:
жоқ
– Жергілікті жерлерде әкімдер сайлауын өткізу мәселесі бұған дейін де айтылып келді. 2006 жылдары бірнеше ауданның әкімін сайлап, бұл саяси шараны тәжірибе жүзінде жүзеге асырып та көрдік. Енді, міне, осы мәселенің екінші толқыны тағы да көтеріліп отыр. Мысалы, 2012 жылдың аяғында жасалған Президент Жолдауында әкімдер сайлауы туралы нақты жайттар сөз болды. Меніңше, әкімдерді сайлау мәселесіне жергілікті халық дайын болуы керек. Объективті тұрғыда, бұл саяси шара барысында «менің туысым, менің руласым» деген үрдістерді нысанаға алмай, оның біліктілігіне, білімі мен іскерлігіне назар аударуымыз керек. Бұлай айтып отыруымның себебі, біздің бұқара психологиялық тұрғыдан әлі де болса әкімдер сайлауына саяси мәдениет тұрғысынан дайын емес.
Бірақ «біз сайлауға саяси мәдениет тұрғысынан толық дайын емеспіз» деп, бұл кешенді шаруаны кейінге қалдыруға болмайды. Саяси мәдениетіміздің жетілуін күтіп отырсақ, бұл үрдіс ешқашан да алға қадам баспайды. Бірінші сайлауда жұртшылық субъективті көзқараспен «туысым, руласым» деп дауыс берер. Екінші сайлауда туыс әкімі ойынан шықпағандықтан, дұрыс таңдау жасауға жол ашылады деп ойлаймын. Өйткені қазір саяси мәдениет мәселесінде патриархалдық кеңестік тұрғыдағы көзқарастан айырыла алмай келеміз деген пікір жиі айтылып жүр. Сондықтан да ел арасындағы азаматтардың арасында 20 жылдан бері сөз болып келе жатқан «өздігімізден шешім қабылдай алмаймыз», «мұндай шаруалар менталитетімізге сай емес», «сайлау тікелей жікке, рушылдыққа, бөлінушілікке әкеледі» деген сынды керітартпа ойларды ысырып, нар тәуекелге баруымыз керек. Себебі халықтың ситуацияны көріп, жағдайды басынан өткізбей, аталмыш саяси науқанға дайын болуы мүмкін емес. Қайталап айтайын, рушылдық, жікке бөлінушіліктен қорқып, бұл қадамнан бас тартсақ, алға ілгерілеу болмайды. Өйткені бүгінде елімізде жергілікті өзін-өзі басқару саласы толыққанды жұмыс істей алып отырған жоқ. Егер де қазір халықтың саяси сауатын арттырамыз, мәдениетін көтереміз деп жүре берсек, болашақта бұл шараның қажеттігін сезіне де алмай қалуымыз әбден мүмкін. Мәслихатқа халық өзінің сенім артқан азаматтарын сайлайды ғой. Олар әкімдерді таңдайтын болды. Сондықтан да мәслихат депутаттарын таңдауды да басынан бастау қажет секілді. Әкім дегеніміз саяси маман, әрі экономист, әрі іскер ұйымдастырушы болуы керек. Кез келген дамыған мемлекетті алсақ, көптеген мәселе жергілікті жерлерде шешіледі. Дәл осылай аймақтағы мәселелерді өздері шешпейінше, тағы да даму болмайды. Жоғарыдан қаржы күтіп, ол қаржы жетпей қалды деп шулап немесе қаржы игерілмей қалды деп байбалам салғаннан гөрі, әр әкімдік қаржыны өзі тауып, өз бюжетін қалыптастырып, әр істің ортақ іс екенін сезінсе, жауапкершілік те күшейеді. Сол себепті де саяси мәдениет мәселесіне дайындықты сайлау өткізіп, тәжірибе жүзінде ғана арттыра аламыз деп ойлаймын.
Бейтарап пікір
Сайын Борбасов, саясаттанушы:
– Менің пікірімше, жергілікті әкімдерді сайлау мәселесіне халықтың саяси мәдениеті дайын секілді. Өйткені біз Тәуелсіздік алғалы демократия мектебінен біршама өттік. Демократиялық сайлау, идеологиялық көзқарас, әлеуметтік толеранттылық, этникалық татулық, ұлтаралық, қоғамдық, әлеуметтік келісім мәселелері халқымыздың саяси мәдениетін арттырды деп ойлаймын. Десек те, елімізде жікке, руға бөліну түпкілікті жоғалып кетті деп айта алмаймын. Осы сын сағатта рушылдыққа салсақ, өкінішке қаламыз. Сол үшін де біз жершілдік мәселесі жақсылыққа апармайтынын аңғара білсек, болғаны.