Жеке із кесушілер қызметін заңдастыру тиімді ме?
Осыдан алты жыл бұрын Парламентте жеке із кесушілер қызметін заңдастыру туралы ұсыныс жасалған-ды. Алайда артынан пікірсайыс өршіп, жеке із кесушілерге үзілді-кесілді қарсылар басым түскендіктен, толғағы жетіп тұрған заң жобасы, ешкім ойламаған жерден келген ізімен кері қайтты. Енді міне, арада бірер жыл өткенде аталған қызметті заңдастыру мәселесі қайта көтеріліп отыр. Сонымен жеке із кесушілер қызметін заңдастыру керек пе? Оның тиімділігі қандай болмақ?
Таир НАЗХАНОВ, «Адвокаттар форумы» қоғамдық ұйымының төрағасы:
Иә
– Әлбетте. Жеке із кесушілер институттары құқықтық мемлекеттерде бағзы заманнан жұмыс істейді. Біздің елде бұл мәселе қызу талқыланып барып, басылып қалды. Алайда заман талабы болғандықтан болар, әйтеуір қайта айналып келіп отырмыз.
Мұндай қызмет түрінің Қазақстанға керектігіне дау жоқ. Ең негізгі себебіне келсек, өздеріңіз білесіздер, ешкімге жасырын емес те, еліміздің құқық қорғау органдары тікелей міндеттерін толықтай атқара алмауда, аяқсыз қалып жатқан істер жетерлік. Бір сөзбен айтқанда, еліміздегі қылмыстардың ашылу деңгейі төмен. Қылмыстың қай түрін алсақ та, көретініміз осы. Міне, осы орайда, жеке із кесушілер көмегі зор болар-ақ еді. Оған сенімім мол.
Ал адвокат ретінде айтарым, егер бізде де жеке із кесушілер қызметі құрылып, заңдастырылса, адвокаттар да олармен қоян-қолтық жұмыс істеп, қажетті ақпараттар алып отыруға мүмкіндіктері артқан болар еді.
Ал қандай да бір қылмысты ашу кезінде ең маңыздысы – ақпараттың молдығы. Осы тұста айта кетейін, қылмыспен қарсы күресте құқық қорғау органдары болсын, қорғаушылар болсын жеке із кесушілермен «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» бірлесіп жұмыс істесек, бұл деген қоғамдағы тыныштықты сақтауда таптырмайтын күш дер едім.
Жеке із кесушілердің қылмыстық істе де, азаматтық істе де көмек көрсете алады. Өздеріңіз білесіздер, жеке із кесушілікке баратындардың барлығы бұрынғы құқық қорғау органы қызметкерлері, яғни тәжірибелі мамандар.
Өздерінің жылдар бойы жинақтаған мол тәжірибелерін олар одан әрі жалғастырып, қылмысқа қарсы күреске жұмсаса, оның несі айып.
Бәрін айт та, бірін айт, көптеген сол бұрынғы тәртіп сақшылары зейнеткерлікке шыққан кезде азаматтық өмірге бейімделе алмай тоқырап қалады. Қоғамға әлі де болса пайдасын тигізуге мүмкіндіктері жетіп, күш-қайраттары тасып тұрған жастарында жұмыссыз қалса күйзеліске ұшырап қалмай ма. Сондықтан да олардың жетік меңгерген, ұңғыл-шұңғылына қанық істерін тоқтаусыз одан әрі жалғастыра берулерін құптар едім.
Оның үстіне жеке із кесуші дегеніміз қылмысты ашумен айналысып жүргендердің қатарын толықтырып қана қоймай, бәсекелестік тудырады. Ал бәсеке – сапа кепілі. Жеке із кесушілерді тергеушілердің яки қылмыстық іздестіру қызметінің бір балама түрі деп қана қарастырған жөн.
Алайда егер заң қабылданып жатса, жеке із кесушілердің ақпаратты құпия сақтауларына, оны ешқандай жағдайда да жария етпеулеріне, адамдардың жеке өмірлеріне қол сұқпауларына қатаң тыйым салынуына баса назар аударылуы тиіс.
Қысқасын айтқанда, жеке із кесушілер бізге аса қажет. Олардың қандай да бір істе тек пайдасы болмаса, еш зияны жоқ. Мұндай қызмет түрін заңдастыратын кез жетті.
Кәрібай ТАСШАБАЕВ, заңгер:
Жоқ
– Мен жеке із кесушілер қызметін заңдастыруға үзілді-кесілді қарсымын. Жеке із кесушілер қызметін заңдастыру арқылы солар араласқан істердің барлығының оң нәтижеге жете қалуы неғайбыл. Өз басым оған сенбеймін. Мәселен, нақты бір қылмыстық істі алайық: оны жеке із кесушісіз-ақ ішкі істер органы қызметкері ашуы мүмкін, ал оларсыз жеке із кесушінің қандай да бір істі әшкерелеуі екіталай. Олар арнайы білім алып немесе тың айла-тәсілдерді меңгерген және кәсіби машықтанған «Шерлок Холмстар» емес, өзіміздің бұрынғы ішкі істер органдары қатарынан шыққандар. Мәселен, солар мемлекеттік органда жүргенде неге суырылып алға шықпады, қылмыстың ашылу көрсеткішін неге жақсартпады? Осы тұста: «Жалақының аздығы ішкі істер органы қызметкерлерінің жұмысқа деген ынта-жігерін төмендетті», – деп жатамыз. Бір оймен ол да рас. Егер біз қылмысқа қарсы күресті жақсартамыз десек, ең алдымен олардың жалақысын көбейтуге қол жеткізгеніміз абзал.
Сонда кімнің болса да жүктелген міндетіне деген ықыласы артады. Жауапкершілікті сезінген болар еді. Үкімет ішкі істер министрлігіне аз қаржы бөліп отырған жоқ. Қаражат көлемі жылдан-жылға артып келеді. Елімізде «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы» және «Жедел іздестіру қызметі туралы» заңдар бар. Осы екі заңға сәйкес, қылмыстық іздестіру жүйесінің еншісіне де өте қомақты ақша тиіп отыр. Рас, бөлінген қаржының барлығы жөнсіз игеріліп жатқан жоқ. Қоғамның игілігіне жұмсалуда. Сонымен қатар ешкімге құпия емес, елімізде жасырын агентуралық жүйелер де бар. Оларды да Үкімет қаржыландырып отыр. Осыларға қосымша тағы да жеке із кесушілер қызметін құрудың не қажеті бар? Ертеңгі күні олар да мемлекет қоржынындағы қаражатқа көз салса ше? Осындай мәселелердің барлығы қалай шешілер екен? Бұрын болмаған қиындықтар, былық-шылықтар туындап жатпасына кім кепіл? Одан да жұмыс істеп жатқан құрылымдардың жұмыстарын жетілдіріп, жақсартқанымыз әлдеқайда тиімді.
Ең маңыздысы – қылмыс әр алуан. Оның ішінде жеке тұлғалар да, заңды тұлғалар да, мемлекеттік қызметкерлер де болып жатады. Демек, із кесушілер қызметін заңдастырып жатсақ, олар қылмыстың түрін таңдап жатпайды, бәріне араласа беретін болады. Ондай болса, мәселен, мемлекеттік құпиясы бар істерге жеке із кесушілерді араластырғанымыз қалай болар екен? Ертеңгі күні олар «бізге рұқсат берді» екен деп, адамдардың жеке өмірлеріне қол сұғулары да әбден мүмкін. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні», мәселен «Жедел жәрдемді» жеке адамдарға беріп қоюға бола ма? Әлбетте болмайды.
Енді ойланып көрейікші, жеке із кесушілер қызметін заңдастырған дұрыс па, немесе сіздер сұрап отырғандай, олар «даулы мәселелердің объективті шешуіне ықпал ете ала ма?» Қайдам...
Түйін
Балтабек ҚУАНЫШЕВ, Алматы ҚІІД аға тергеушісі:
– Өз басым жеке із кесушілер қызметін қолдаймын. Мойындаймын, кейбір азаматтар ішкі істер органдары қызметкерлеріне сене бермейді. Сонда олар өзге құрылымдарды таңдап жатса, несі жаман?! Бір айта кетерлігі, заңдастырылмаса да елімізде жеке із кесушілер бәрібір жұмыс істеп жатыр. Кейде олардың заңның аясынан шығып кететін кездері де бар. Сондықтан да ел қалаулылары жеке із кесушілер қызметін заңдастырғандары жөн болар еді. Заң шеңберінде жұмыс істесе жеке із кесушілердің қоғамда алар рөлі айрықша. Көпшілік полиция қызметкерлері қырықтан асқаннан кейін демалысқа шығарылады. Міне, осыдан кейін олардың барлығы болмаса да, қолынан іс келетіндер жұмыстарын жеке із кесушілер қызметінде жалғастырса, табыс көзінен айырылып қалмас еді.