Ұстаздарға арналған бірыңғай мектеп формасы керек пе?
Алматыдағы Білім саласы мамандарын қайта даярлау институты оқушылармен қатар ұстаздарға да бірыңғай формада киінуді ұсынып отыр. Әзірге бұл ресми түрде міндеттелмесе де, кейбір мектеп ұжымдары қызу түрде қолдап, ұсынысты іске асырып та үлгерген. Соның айғағы Алматы қалалық Түрксіб ауданына қарасты №85 аралас орта мектептің ұстаздары тізеден төмен етек пен ақ кофта және жиегі қазақы оюмен өрнектелген камзол үлгісіндегі арнайы мектепке арналған киім үлгісімен жабдықталып үлгерген. Ертеңгі ұрпақ тәрбиесіне тікелей жауапты ұстаз қауымының жүріс-тұрысы, киім киісі мен сөйлеу мәнеріне дейін үлкен жауапкершілік қажет ететіні даусыз. Осы орайда ұстаздардың бірыңғай мектеп формасы жөніндегі ойлары екіге жарылуда...
Бақтыбаева ДАНАГҮЛ, Алматы қалалық №85 аралас орта мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасары:
Иә
– Иә мектептегі ұстаздарға арналған арнайы мектеп үлгісі міндетті түрде болуы қажет. Қазіргі заман мұғалімдерден үлкен талап, жауапкершілікті қажет етеді. Ұстаз жан-жақты, ақпараттық технологияны меңгерген, жаңашыл, адам жанының жанашыры болуымен қатар сыртқы бейнесі де сол талаптарға үйлесіп жатуы тиіс. Себебі ұстаз оқу-біліммен қатар бойындағы бар жиған тергенін оқушының санасына сіңдіреді. Осы орайда ұстаздың сырт киімі де бала санасына тікелей әсер етеді.
Мәселен, мектепке университетті жаңа бітірген жас мамандар жұмысқа келеді. Олар сол университет қабырғасындағы үйреніскен киімдерімен – тырысқан джинсы, тіпті кейде қысқа кофтасымен денесі көрініп, білім беруге келеді. Тіпті жасы үлкен ұстаздардың да жастарға еліктеп бет-бейнесіне сай келмейтін киім киетіні байқалып қалады.
Ондай қалыпта білім берген ұстаздың да оқушы алдында қадірі болмайды. Тіпті оқушылардан бірыңғай форма болуын талап ете отырып, ұстаздардың өздерінің қалай болса солай киінуі де дұрыс болмас еді. Олардың әрқайсысына «қойыңдар, кимеңдер» деп ізінде жүру де ыңғайсыз. Арнайы бұйрық та шығара алмайсыз. Сондықтан арнайы бірыңғай мектеп формасы болғаны жөн. Әр ұстаз ақ кофта мен тізеден төмен етекті өз қалауымен алуына болады. Ең бастысы, етегінің тізеден төмен түсіп, ақ кофтасының ашық-шашық болмағаны жөн. Ал жиегінде ою-өрнегі бар камзол бірыңғай үлгімен өз өлшемдеріне сай тігіледі. Бұл камзолдың басты артықшылығы сол, мектептің ұстазы екенін сырт көзге ажыратуға оңай. Ұлттық киім – бұл да бір тәрбиенің көзі. Жиегіндегі қазақи ою-өрнек те ұлттық болмысымызға жақын, кішкене де болса, оқушылардың бойында ұлттық болмыстың сақталуына әсерін тигізеді деп ойлаймын. Бағасы да көңілге қонымды. 2500 теңге көлемінде, әр ұстаздың қалтасына сай белгіленген.
Қуанарлығы, 1 қыркүйек – білім күні алғашқы қоңырауда оқушыларымыз өздерінің бірыңғай мектеп формасымен, ұстаздар да өзіндік бірыңғай мектеп үлгісімен киініп шықты. Тіпті: «Бұрын алғашқы қоңырауға не киерімізді білмей дағдарып қалатын едік, мына форма сол қиындықтан құтқарды», — деп қуанып, алғысын білдірген ұстаздар да болды. Бұл – ұстаздардың қызу түрде қолдауының белгісі. Осыдан сегіз жыл бұрын Алматы қаласындағы мектептердің ішінен алғаш рет оқушылардың бірыңғай мектеп формасы болуы қажеттігін айтып, бастама көтеріп, оқушыларға бірыңғай мектеп формасын киюді міндеттеген едік. Артынша Алматы қаласының барлық мектептері оқушылардың бірыңғай мектеп формасына ауысқан еді. Қазіргі кезде Түрксіб ауданы бойынша №59 қазақ орта мектебі де біздің бастамамызға қолдау білдіріп, өз үлгілерімен киінуде. Олардың бізден бір ғана айырмашылығы – камзолдарындағы ою-өрнек жоғарғы бөлігінде бейнеленген. Осы орайда, бұл бастама алдағы уақытта Алматы қаласының басқа да мектептері тарапынан қолдауға ие болады деп ойлаймын.
Ернар МӘСӘЛІМ, Алматы қалалық №154 қазақ орта мектебінің директоры:
Жоқ
– Жоқ, ұстаздарға арналған мектеп формасы мүлдем қажет емес. Сырт көзге қарағанда ұстаздардың тауықтың жұмыртқасындай, бірдей болып жүруінің қажеті не? Дүниежүзілік тәжірибеде іскерлік dresscode шарттары сән үлгісі бар. Ол бойынша ең бастысы – омырауы, етек-жеңі жинақы болса болғаны. Сондықтан ұстаздардың бәрін бірдей, бір түспен киіндірмей-ақ белгілі бір талаптарға сай, тәртіппен киінсе болғаны деп ойлаймын.
Өткенге көз жіберер болсақ бұрын мектептегі оқушылар арнайы үлгідегі киімдер киді. Ала-құла, қымбат сақина-сырға тағу, сағат тағу, аса қымбат киім киіп, ерекшелену деген болған жоқ. Қазір де оқушыларды осы қалыптан шығармаған жөн. Бірақ ұстаздарға ол кезде де бірыңғай киім киюге талап болған емес. Қазіргі таңда да ұстаздардың бірдей киінуіне соншалықты қажеттілік көріп тұрған жоқпын.
Рас, ұстаздардың иығына шәлі жамылып немесе қалай болса солай киінетіндері бар. Бірақ ол үшін солардың бәрін бір қалыпқа түсіру қажет емес. Ең бастысы – оқушы үшін ұстаздың киімі емес, беретін білімі сапалы болса болғаны. Осы орайда ұстаздардың киіміне келіп тіреліп тұрған ештеңе жоқ. Ең алдымен оқушыларға беретін білім сапасына назар аудару қажет.
Егер ұстаздар да бірыңғай мектеп формасына ауысатын болса, оқушыларға қойылатын талап ұстаздарға да қойылып, олардың оқушылардан ешқандай айырмашылығы болмай қалады. Онсыз да оқушылардың бірыңғай мектеп формасы бар. Сол арқылы-ақ оқушы мен ұстазды айыруға болады. Және де ұстаздардың бәрі бірдей бұл талапты қолдай қояды деп ойламаймын.
Оның үстіне камзолмен ер мұғалімді елестетудің өзі қиын. Осы орайда ер мұғалімдер үшін сол костюм-шалбарынан артық мектеп формасы жоқ секілді.
Түйін
Ұстаз дегенде ішкі білім, ой-өрісі сыртқы тұлғасымен астасқан парасат иесі елестейтіні рас. Осы орайда оқушының ұстазына деген құрметіне селкеу түсірмейтіндей, эстетикалық тұрғыдан жоғары деңгейдегі, ұстаз бойына қонымды, әрі сәнді көрінетін киім үлгісі болса және ол ұлттық құндылықтармен астасып жатса, кәнеки...