Үй шаруасындағы әйелдердің бала туу мен оны бағып-қағу қызметін еңбек өтіліне есептеу керек пе?
Елімізде соңғы кездері балалы болып үйде отырған аналарға төленетін жәрдемақы көлемін өсіріп, декреттік демалысын еңбек өтілі ретінде есептеу туралы мәселе айтыла бастады. Тіптен бұл мәселе еліміздің заң шығарушы органы – Парламент қабырғасында да бірнеше рет көтерілгені бар. Алайда ресми органдар бұл ұсынысты «тиімді, тиімсіз» деп бағалаған жоқ. Біз осы мәселені мамандардың таразысына тартқан едік.
Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты:
Иә
– Бұл мені азамат ретінде көптен бері ойландырып жүрген мәселе десем де болады. Біз бала тәрбиесімен үйде отырған аналарға онсыз да айына 14-15 мың болса да жәрдемақы беріп жатырмыз. Менің ойымша, бұл жүйеге, яғни бала бағып-қағуға сәл басқаша өң беріп, олардың ардақты қызметін еңбек өтіліне келтіруіміз керек. Ал берілетін жәрдемақыны жалақы деп қарастыру керек. Осыдан соң аналарға зейнетақы қорына аздап ақша аудару мүмкіндігі туады. Үйде отырған аналарға ерте ме, кеш пе, әйтеуір, зейнетақы тағайындалады.
Уақытының көбі декретте өтуіне байланысты әйелдердің зейнетақысы онша көп бола қоймайды. Тіптен жұмыс істемейтін аналарымыз да бар емес пе? Жасыратыны жоқ, олардың барлығы дерлік ауылдық жерлерде тұрады.
Мұндай жүйеге көшсек, үйде отырған аналардың болашаққа деген сенімін де ұлғайта аламыз. Оның үстіне еліміздің демографиялық саясатына үлес қосып, өмірге адам әкеліп отырған аналарымыз «Үкімет бізге жәрдем беріп жатыр» деп қуанып қалар еді. Дамудың белесіне әлдеқашан жетіп алған батыс мемлекеттеріндегідей бала туған бетте оның депозитіне деп 10-20 доллар ақша сала алмасақ та, осы деңгейде неге көмек жасамасқа? Бұл мәселеге менен гөрі жақындау ғой деп, Парламент қабырғасындағы депутат ханымдарға үнемі айтып жүрмін. Жан-жақты қаралып, ақылға салынып жатыр. Бұл мәселе көтерілетін болса, депутаттар қос қолдап тұрып қолдайтын болар деген үмітім бар.
Аталмыш жүйе елдегі жұмыссыздар санын азайтатынын да ойлауымыз керек. Аналар үйде отырып-ақ бала тәрбиелегені үшін еңбекақы алып отырса, несі жаман? Бұдан мемлекетке айтарлықтай шығын келмейді деп ойлаймын.
Алмас ЖҰМАҒҰЛОВ, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің баспасөз хатшысы:
Жоқ
– Жұмыс істемейтін, үй шаруасында жас баламен отырған әйелдердің қызметін еңбек өтілі ретінде есептеу мәселесін көтеріп жүрген азаматтардың ойын жақсы түсінемін. Бұл – дұрыс ниеттен туындап отырған дүние. Алайда үй шаруасындағы немесе бала тәрбиесімен үйде отырған әйелдердің қызметін еңбек өтіліне ауыстыру тиімсіз. Заңдық тұрғыдан келгенде бұл дұрыс емес. Себебі үйде отырған аналардың жұмысы әртүрлі. Бұл жерде кімнің қаншалықты деңгейде жұмыс істегенін айқындай алмаймыз. Яғни ол жерде белгілі бір еңбек нормасы жоқ.
Екіншіден, олардың жеке бас құқығына қолсұғушылық болып есептеледі. Бұл жерде әділетсіздік туындайды. Үшіншіден, мұндай жүйенің қалыптасуы ханымдардың жалқаулығына әкеліп соқтырады. Үйде отырып, жұмыс істегісі келмейді. Үйде отырса да, жұмыс істесе де, сол өтіл болмақ.
Елімізде үй шаруасындағы әйелдерге жасалып отырған қамқорлықтар баршылық. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 20 маусымдағы Заңына сәйкес, азаматтардың барлығына бірдей зейнетақы тағайындау тәртібі белгіленген. Зейнетақы азаматтың еңбек өтіліне және орташа айлық табысының мөлшеріне негізделіп тағайындалады. Жұмыс iстемейтiн ананың жас балаларды бағып-күткен, бiрақ әрбiр бала үш жасқа толғаннан аспайтын, жалпы жиынтығы 12 жыл шегiндегi уақыт зейнетақы тағайындау үшін еңбек өтілін есептеу кезінде есепке алынады. Сонымен қатар заңда бес және одан да көп бала туып, оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген аналарға 53 жасқа толғанда жасына байланысты толық көлемде зейнетақы беру құқығы қарастырылған.
Ал үй шаруасындағы адам мүлдем жұмыс істемеген болса, онда жалпыға бірдей белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткенде оған мемлекеттік бюджет қаржысы есебінен жасына байланысты жәрдемақы беріледі. Бұл жәрдемақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызын құрайды. 2010 жылы бұл көрсеткіш 7476 теңге болды, биылдан бастап 8000 теңге көлемінде болмақ. Енді бұл жәрдемақының белгілі бір бөлшегін зейнетақы қорына және табыс салығына деп ұстап қалсақ, ештеңенің маңызы қалмайды.
Түйін
Өздеріңіз байқағандай, бұл сауал төңірегіндегі мамандардың пікірі әркелкі болып отыр. Бұл аталмыш жүйені әлі де болса зерттеу керек дегенді білдірсе керек. Расында, елімізде әлеуметтік жағдай жылдан-жылға жақсарып келеді. Соған сәйкес, берілетін жалақы мен жәрдемақы көлемі де айтарлықтай молайды. Дегенмен бұлардың барлығы қоғамдағы қажеттілікті толық қанағаттандырып отыр деуге тағы келмейді.
Халықтың санын өсіріп, «өмірге ұрпақ әкел» деп талап қою оңай болғанымен, ал сол шиеттей баланы бағып, адам қатарына қосу оңай емес. Қаншама материалдық шығын мен шыдамдылықты қажет етеді. Күнделікті күйкі тірлік пен тоқсан сайын мың құбылатын қымбатшылық тағы бар. Заман талабына сай қандай жүйе болса да толықтыруды, одан әрі дамытуды қажет етеді. Үйде отырған аналардың еңбегін қызмет өтіліне ауыстыру туралы ой осындай жағдайларға байланысты туындап отырғаны сөзсіз.