Туыстарының түрмедегілермен кездесуін шектеп, сәлемдеме беруіне тыйым салу керек деген ұсыныс негізді ме?
Мәжілісте өткен Қылмыстық-атқару кодексінің жаңа редакциясын талқылау барысында ішкі істер министрінің орынбасары Амантай Күреңбеков туыстарының түрмедегілермен кездесуін шектеп, сәлемдеме беруіне тыйым салу туралы ұсынысты ортаға салды. Министр орынбасарының айтуынша, бұдан былай қысқа мерзімді кездесулер ғана қалдырылады. Бұл жазасын өтеушілердің қандай тәртіптегі түзету мекемесінде отырғанына байланысты болмақ. Егер жазасын өтеуші жеңіл тәртіптегі түзету мекемесінде отрырса, оның кездесу уақыты ұзартылады. Сондай-ақ, белгілі мөлшерде ақша аударымын алуға мүмкіндігі болады. «Бұл олардың тәртібін түзетуге септігін тигізеді» – дейді Амантай Күреңбеков. Алайда, кей мамандар «бұл жазасын өтеушілердің құқығын бұзу» -десе, енді бірі «бұл расымен де жазасын өтеушілердің тәртібінің түзелуіне септігін тигізеді» – дейді. «Алаш айнасы» осы ұсынысты тараптар талқысына салып көрген еді.
ИӘ
Мырзабек БЕКБЕРДІ, заңгер:
– Біздің елде жазасын өтеушілерге арналған түзету мекемелерінің сегіз түрі бар. Қатаң тәртіптегі түзету мекемесі, жалпы тәртіптегі түзету мекемесі, құқық саласында жұмыс істеп жүріп, қылмыстық жазаға тартылғандарға арналған түзету мекемесі, сонан соң көпшіліктің назарынан тыс ұсталатын арнайы түзету мекемелері бар. Яғни, бұлардың әрқайсысындағы жазасын өтеушілердің жасаған қылмыстары әртүрлі. Сондықтан «туыстарының түрмедегілермен кездесуіне және сәлемдеме беруіне тыйым салу керек» деген ұсынысты жан-жақты қарастырған жөн. Бұл менің жеке пікірім. Мысалы, жеңіл-желпі қылмыс жасағандарға туыстарымен кездесуге, сәлемдеме алуға рұқсат беруге болады. Өйткені, балалықпен, білместікпен тауық ұрлап қамалып жатқандар да бар. Ондайларға туыстарымен кездесуге, сәлемдеме алуға тыйым салудың керегі жоқ. Ондайлардың түзеліп, қоғамға қайта оралуына мүмкіндік жасау керек. Ал, ауыр және аса ауыр қылмыс жасап, қатаң тәртіптегі түзету мекемелерінде жазасын өтеушілерге туыстарымен кездесуге, сәлемдеме алуға тыйым салу қажет. Қатаң тәртіптегі түзету мекемесінде жазасын өтеуші түрменің ішкі ережесін бұзбай, жақсы жағынан көрініп жатса, онда ол азаматты белгілі мерзімнен кейін жалпы тәртіптегі түзету мекемесіне ауыстыру керек. Сонан соң ғана, оның туыстарымен кездесуіне, сәлемдеме алуына мүмкіндік қарастырған абзал. Бұл өз кезегенде, қатаң тәртіптегі түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан қылмыскерді тәртібін түзеп, жалпы тәртіптегі түзету мекемесіне ауысуға ынталандырады. Яғни, жазасын өтеушінің тәртібін түзеп, дұрыс жолға түсуіне мұрындық болады. Сонан соң, туыстарының жазасын өтеушілерге сәлемдеме беруін тоқтату арқылы тыйым салынған заттардың түрмеге кіруіне тосқауыл қоямыз деген сөздің де жаны бар. Түрме қызметкерлерінің қатысуынсыз тыйым салынған заттардың түзету мекемесіне кіруі екіталай. Тіпті мүмкін емес. Солай бола тұра, түрме ішіне заңсыз кірген заттар үшін ешкім жазаланбайды. Өйткені, «ол заттарды туыстары кіргізген» деп жылы жауып қоя салады. Егер сәлемдеме тоқтатылған соң да тыйым салынған заттар түрмелерде пайда болса, оны түрме қызметкерлерінің кіргізгені анық болады. Бұл кезде түзету мекемелерінің қызметкерлері мұндай жағдайларды жазасын өтеушілердің туыстарына жауып, жалтара алмайды. Онда, тексеру жүргізіп, кімнің заңды бұзғанын анықтау да қиынға соқпайды. Сонда түрмелерге заңсыз заттардың кіруіне тосқауыл қоюға болады. Қазіргі кезде түзету мекемелерінде тамақ жағы жақсарғанын тиісті органдар әр кез сөз етіп жүр. Сондай-ақ, түрме аумағында дүкендер де қызмет көрсетеді. Сондықтан менің жеке пікірім «туыстарының түрмедегілермен кездесуіне шектеу қою және сәлемдеме беруіне тыйым салу керек» деген ұсынысты түзету мекемелерінің ерекшеліктерін ескере отырып, күшіне енгізу керек.
ЖОҚ
Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ, Мәжіліс депутаты:
– Менің ойымша, туыстарының түрмедегілермен кездесуіне шектеу қойып және сәлемдеме беруіне тыйым салу деген ұсыныс негізсіз. Ондай қадамға баратындай ешбір себеп көріп отырғам жоқ. Бұл адам құқығын бұзу болып табылады. «Түрмеден түзеліп шықпайды» деген сөзді жиі естиміз. Әрине, егер біз олардың құқығын бұзып, отбасымен кездестірмей, сәлемдеме алдырмай жатсақ, онда оларда жүйеге, қоғамға қарсы көзқарас қалыптасады. Егер олардың құқықтары түрмеде отырғанда да, жазасын өтеп шыққаннан соң да бұзылып жатса, олар қалай қоғамға бейімделеді? Жазасын өтеп шыққан азаматтарды жұмысқа қабылдамай жататыны жайлы жиі сөз болады. Иә, қазір түзету мекемелерінде тамақ мәзірі жақсарып келеді. Түрме аумағында дүкендер де ашылып жатыр. Дегенмен, адамның туған-туысын сағынуы, үйдің тамағын аңсауы түсінікті жағдай. Мысалы, бірнеше күн іссапарда болып, үнемі асханадан тамақ ішіп жүрсеңіз, үйдің тамағын сағынып келесіз. Неге біз оларды ондай мүмкіндіктен айыруымыз керек? Олар шалыс басып, қылмыс жасап, түрмеге жабылғанман оларды конституциялық құқығынан ешікім айырған жоқ. Демек олардың да азаматтық құқығы сақталуы тиіс. Сонан соң, олардың арасында отбасылы азаматтыр көп. Неге біз оларды бала-шағасымен қауышып, аз уақытқа болса да сағынышын басудан мақұрым етуге тиіспіз? Меніңше, бұл заңдық тұрғыдан да, адамилық тұрғысынан да дұрыс емес. Түрмедегілер туыстарымен күнде кездесіп жатқан жоқ қой. Кездесудің де өз тәртібі бар. Өзін жақсы жағынан көрсетіп, түрменің ішкі ережесін сақтап, тәртіп бұзбай жүрген азаматтар туыстарымен жоспарлы кездесуге мүмкіндік алады. Ал, егер түрменің ішкі тәртібін бұзып, тәртіпті сақтамайтын азаматтарға туыстарымен жоспарлы кездесуге рұқсат берілмейді. Яғни, түзету мекемемелерінде отырған адамдар туыстарымен кездесу үшін тәртіпті сақтауға, ережені бұзбауға ұмтылады. Демек, бұл түрме ішінде тәртіп бұзушылардың да азаюына септігін тигізеді. Осы ұсынысты жасап отырғандар осы арқылы түрме ішіне тыйым салынған заттардың кіруіне тосқауыл қоямыз деп отыр. Түрмеде отырғандарға берілетін сәлемдеме қатаң тексеруден өтеді. Яғни, тыйым салынған заттардың өтіп кетуіне сол тексеру жүргізушілер себепші болып отыр. Олар не дұрыс тексермейді, не болмаса, көре-біле тұра, белгілі бір себептермен өткізіп жібереді. Түрме қызметкерлерінің «сыйақы» алып, тыйым салынған заттарды өткізіп, істі болып жатқан жағдайлары да жоқ емес. Демек, тыйым салынған заттардың түрме ішіне кіруіне туыстары емес, мекеме қызметкерлері себепші болады деген сөз. Өз жұмыстарын дұрыс жүргізіп, тексеруді, бақылауды күшейту орнына, «туыстарымен кездесуге, сәлемдеме беруге тыйым салу керек» деу ақылға қонымсыз. Егер әркім өз міндетін мінсіз орындаса, мұндай мәселе туындамас та еді. Сондықтан мен бұл ұсынысқа қарсымын.
Бейтарап пікір
Нұрболат АЕКЕШОВ, әлеуметтанушы:
– Бұл ұсыныстың артықшылығы мен кемшілігі де бар сияқты. Кемшілігі – жазасын өтеушілердің құқығы бұзылады. Өйткені олар да еліміздің азаматы. Ал, әр азаматтың құқығы сақталуы тиіс. Ал артықшылығы түзеті мекемелері қызметкерлерінің жемқорлығын жоюға болар еді. Өйткені сол мекемелердің қызметкерлері «туыстары сәлемдеме арқылы берген» дегенді сылтау етіп, тыйым салынған заттарды түрмеге өздері кіргізеді. Сол үшін пара алады. Сондықтан бұл ұсыныс таразылауды, жіте талқылуды қажет етеді.