Қабылданатын заңдарды жеке тұлғаларға жаздырту заңның сапасын арттырар ма еді?
Еліміздің заңнамасынан олқылықтар мен кемшіліктер, тіпті қателіктер де шығып жатады. Үкіметтегі заң жазатын мамандардың кәсіби біліктілігіне қатысты да көп сын айтылады. Кейбір елдерде әр заңның тұсына оның авторы кім екені көрсетіледі. Оны жеке тұлғалар да ұсына беретін көрінеді. Кім жазса да, оны Парламент пен Президент қарайды. Демек, оны кім жазғаны емес, қалай жазғаны маңызды. Ендеше, еліміздегі әр саланың білікті мамандарына, көреген заңгерлерге мүмкіндік беру қажет пе? Бұл туралы сарапшылар көзқарасы біржақты емес.
Абзал ҚҰСПАНОВ, адвокат:
иә
– Біздің тәжірибемізде ондай жайттар жоқ деп айта алмаймын. Бірақ ол ресми түрде айтылмайды. Қателеспесем, «Көші-қон туралы» заңды бір жазушы ағамыз жазып шыққан. Қазір біздегі заң жобаларын сол салаға жауапты органдар жазып шығады. Тіпті Парламенттің өзі заң жазбайтын болып кетті. Тек Үкіметтің атынан кетіп жатады. Әр мекеме көрпені өзіне қарай тартуға дайын тұрады. Олардың заң мәтінін жазу барысында басшылыққа алатын ұстанымдары мүлде бөлек болады. Адам құқығы мен объективтіліктен гөрі өз мекемесінің құзыретін күшейтуге көп құмар. Сол заңның нақты өмірде іске асуы да – өз алдына бөлек мәселе. Сондықтан оны барынша бейтарап адамдардың жазғаны жақсы.
Екінші мәселе, Үкіметте заң жобасын дайындайтын кімдер? Қарап отырсаңыз, Үкіметте жұмыс жасайтын мамандар, мемлекеттік қызметкерлердің басым көпшілігі – жастар мен орта буын өкілдері. Қанша жерден білікті болса да, көп жағдайда өмірлік тәжірибесі аз. Олар Астана қаласында өмір сүреді, кабинеттен шықпайды. Сөйте тұра шалғайдағы ауыл шаруашылығына қатысты заң жобасын дайындауға мәжбүр болады. Одан қандай өнім күтуге болады? Ары кеткенде, пысықтық танытса, облыстардан ақпарат сұрайтын шығар. Бірақ ол жеткіліксіз. Қалай айналдырса да, нақты өмірден алыстап ресмиленіп кетеді. Біздегі көптеген заңдар теория жүзінде тұрғанымен, тәжірибе жүзінде іске аспай тұратыны – осыдан пайда болатын құбылыс.
Ал жеке адам ұсынған заңдарда қандай артықшылық болуы мүмкін? Әрине, оны көшеде өтіп бара жатқан кім көрінген жазбайды. Сол саланы жетік меңгерген, ыстық-суығын кешкен маман немесе сол саланың тіршілігімен жете таныс заңгер жазуы мүмкін. Мысал ретінде ветеринар маманды алайық. Ауылдағы малдың қалай күтілетінін, қандай мүмкіндіктер бар екенін білетін мал дәрігері кабинетте отырған шенеуніктен гөрі өмірге жақын заң жазып шығуы мүмкін. Заң жазып шықпаса да, көңілге қонымды ұсыныс айтуы мүмкін. Мәселені шешуде мемлекетке де, кәсіпкерге де, халыққа да тиімді болатын жаңалық ұсынып жатса, несі жаман? Мәселен, қазіргі «Ветеринария туралы» Заңға сәйкес, ауылда мал бағып жүрген малшы өзінің қойын өз үйінде өз бетімен сойып жей алмайды. Ол аудан орталығындағы арнайы қасапханаға барып, ақшаға сойдыруы керек. Логикаға сыя ма? Бұл заң елдің бәріне күлкі болып бітті. Заң жүзінде бар, қолданыста жоқ. Себебі біздің жағдайда, біздің тіршілікте оны сол күйі қолдану мүмкін емес. Мұндай заңдар қайдан пайда болады? Жаңағы кабинетшіл заң жазушылар мәселенің байыбын білмеген соң, шетелдің заңдарын сол күйі көшіре салады. Шамасы, бұл заң Еуропаның бір елінен көшіре салынған болуы мүмкін. Көп жағдайда Ресейдің заңдарын көшіреміз. Кейде өзіміздің жағдайға, өзіміздің реалиге бейімдеуге де ерінетін сияқты. Сондықтан жауапкершілікті өз мойнына алатын авторларға жаздыратын болсақ, авторлығын атап айтатын болсақ, мәселе басқаша болады. Жазушы роман жазғанда қандай ұқыптылықпен қараса, заң да сондай ұқыптылықпен жазылар еді. Заң жобасының мәтінін кім жазса да, оны қабылдайтын Парламент қой. Сондықтан оны міндетті түрде Үкімет немесе Парламент жазуы керек деп шектеудің қажеті жоқ.
Камал БҰРХАНОВ, Мәжіліс депутаты:
жоқ
– Біз бейберекет елде емес, заманауи мемлекетте тұрып жатырмыз. Құқықтық мемлекет орнатып жатырмыз. Заңнамалық құқық тек Президентте, Үкіметте және Парламентте бар. Үкіметтен келген заңдар бізге ұсақ-түйек мекеменің атынан емес, Премьер-министрдің қарауынан өтіп, қолы қойылып, мөрі басылып барып келеді. Министрлік заң дайындағанымен, Үкіметтің атынан келеді. Сонымен қатар депутаттардың да заң жобасын дайындауға құқы бар. Өз еркімен заң жазуға басқа ешкімнің құқы жоқ. Бұл біздің ғана ерекшелігіміз емес, әлемдік ортақ тәртіп десек те болады. Кей жағдайда Елбасы бастамасымен жазылған заңдар келеді. Бұл заңдар қалай болса солай жазылады деген ой тумауы керек.
Әр мекеменің артында қаншама заңгер, қаншама сарапшы маман бар. Сол ұжымдардың бірлесе отырып еңбек етуінің арқасында ғана жазылады. Заң жобаларының көбін Үкімет жазады, себебі оларда заңгерлер мен мамандар көп. Сол сияқты Парламентте де арнайы сараптамалық орталық бар. Онда әр саланың адамдары сұрыпталған. Заң жобасын жазып жатқан мекеме жан-жақтан өзіне қажетті мамандарды шақыртады. Заң жазу ісіне араласқысы келген білікті мамандар болса, олар да ұсыныс білдіре алады. Жалпы, заң жобасын жасауға атсалысатын мамандардың саны сол саланың күрделілігіне байланысты. Кейбір мәселелер мемлекеттік деңгейде маңызды әрі күрделі болады. Оны бір ғана сарапшының мойнына жүктей алмайсыз. Заң жобасын жазудағы жауапкершілікті арттыру керек деген пікірмен келісуге болады. Заң ұсынатын мекемелер жұмысшы топтағы сарапшылардың, кеңесшілердің, заңгерлердің санын бұрынғыдан көп етіп, мұқияттығын күшейтіп жатса, ол жақсы. Әр саладағы заңды жазуға сол саланың мамандарын жинап, бас қосып, пікірін алып жатса құба-құп. Денсаулық сақтау саласы қаралып жатса – дәрігерді, ғылым тақырыбы қаралып жатса, профессорларды шақырсын. Алайда оны кім көрінгенге жаздыру сапаны арттырады деп тіпті де ойламаймын. Яғни Конституция бойынша заңнаманы ұсынуға құқылы үш-ақ саяси объект бар. Оны өзгерту үшін үлкен реформа қажет болар еді.
Бейтарап пікір
Сайын БОРБАСОВ, саясаттанушы:
– Бұл – өте күрделі мәселе. Мұндай ерекшелікті бірден қабылдай қою мүмкін деп айта алмаймын. Себебі ол үшін заңнамалық реформа қажет. Дегенмен оны құптар едім. Тым болмаса белгілі бір салаға жауапты жекелеген институттар, азаматтық қоғамның институттары, арнайы құрылған шығармашылық ұжымдар да жазу мүмкіндігін алса жақсы болар еді. Әр салаға қатысты заң жобаларын сол саланы зерттеп жүрген мамандарға беру керек. Шенеунік жазған заңмен ғалым жазған заңда айтарлықтай ерекшелік болады. Екінші жағынан, бұл жауапкершілікті күшейтер еді. Заң жазу да – шығармашылық. Ендеше, оған құлшына кірісетін, барынша мұқият назар сала білетін адамдарға мүмкіндік беру керек. Ондай заңгерлер, мамандар біздің елімізде жетерлік.