Орман қорын тиімді пайдалану мақсатында санитарлық кесуге рұқсат құзыретін экологтарға беру керек пе?
Бүгінгі таңда бізде орманды отауға рұқсатты Ауыл шаруашылығы министрлігі береді. Алайда ормандағы ағаштарды кесудің өзіндік талаптары мен тәртібі бар. Тек дінінің диаметрі 40 сантиметрден асқан кәрі ағаштарды, қурап-шірігендерін ғана қырқуы тиіс. Дегенмен жақында осы мәселеге қатысты дау туындады. Басқа-басқа емес, орманшыларымыздың өзі Ауыл шаруашылығы министрлігі жап-жасыл қайыңдарды, жас ағаштарды да кесуге рұқсат беріп отыр дегенді алға тартты. «Аталмыш министрлік талды кесуге өздері рұқсат беріп, оны өздері бақылайтын болғаннан кейін жас тал-дарақтар да қалай болса, солай кесіліп жатыр. Экологиялық жағдай тіптен ескерілмей отыр», – дейді орманшылар. Сондықтан кейбір мамандар ормандағы жарамсыз ағаштарды санитарлық кесуге рұқсат құзыретін экологтарға беру қажет екендігін тілге тиек етуде. Шынында да, осылай ету керек пе? Алайда мұнымен келіспейтіндер де бар. Сонымен...
Мэлс ЕЛЕУСІЗОВ, «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы:
иә
– Бұл сұрақ өте орынды көтеріліп отыр. Шынында да, Ауыл шаруашылығы министрлігі орманды кесуге рұқсат қағазын өздері беріп, артынан оны өздері бақылайтын болғаннан кейін «бармақ басты, көз қыстылыққа» жол берілуі ғажап емес. Орманшылар тектен-текке шулап отырған жоқ. Онда экологиялық мәселенің де ескерілмейтіні – шындық. Негізі, бұрын 2000 жылға дейін ормандағы жарамсыз ағаштарды кесуге рұқсат қағазын беруді Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің Экологиялық комитеті жүзеге асырған болатын. Алайда кейін әлдекімдердің әрекетімен бұл функция Ауыл шаруашылығы министрлігіне жүктелді.
Осыдан кейін түрлі былықтар орын алуда. Орманды оңды-солды отай беру етек алды. Тіпті Ақмола облысындағы қайыңды орман қалай болса, солай оталып жатыр. Ең сорақысы, жас қайыңдар қырқылып жатса да прокуратура тексергенімен, ешқандай шара қолдана алмауда. Өйткені ағаш кесушілердің барлық құжаттары дұрыс болып шыққан. Оның үстіне, кейбіреулер орманды қасақана өртеп, күйген ағашты кесеміз деп, жас талдарды да қырқып әкетіп жатыр. Елбасымыз көгалдандыру туралы айтқанымен, мына жақта біреулер жайқалған орманды тып-типыл етуде. Бір өкініштісі, ағаш кәсібімен айналысатындарға рұқсатты ауыл шаруашылығы министрлігі беріп отыр. Сондықтан мұның алдын алу үшін орман ағаштарын санитарлық кесуге рұқсат құзыретін экологтарға беріп, оны қадағалауды ветеринария мамандарына, орманшыларға және қос министрліктің өкілдеріне жүктеу қажет. Арнайы комиссия құрып, орманның тектен-текке оталуына жол бермеу керек. Осылайша, орман қорын тиімді пайдалануда қос министрлік бірлесе жұмыс істесе, әлдеқайда нәтижелі болар еді. Тым болмағанда, АШМ ағаштарды кесуге рұқсат беретін мекемесін экологтармен толықтыруы керек. Әйтпесе экологиялық жағдайды түсінбейтіндер онда отырса, орман алқаптарына қауіптің төнуі тыйылмайды.
Қайрат ӨСТЕМІРОВ, АШМ Орман және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар басқармасының бастығы:
жоқ
– Ормандағы ағаштарды кесуге рұқсат құзыретін Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне берудің қажеті жоқ. Өйткені бір министрлік рұқсат беріп, екінші бір құзырлы орган оны бақылайтын болса, ертеңгі күні қос ведомство арасында түсінбестік орын алуы мүмкін. Қағазбастылық көбейіп кетеді. Артық қыламыз деп, тыртық қылып алуымыз ғажап емес. Бұл жерде орман отауға рұқсат беру құзыреті қай министрліктің қарамағында болсын, адами фактор орын алуы ықтимал. Сондықтан, ең бастысы, әрбір жауапты маманның жауапкершілігін арттырып, сыбайластыққа жол бермеуге үйретіп, бақылауды қатаңдатуымыз керек.
Қалай дегенмен де, ағаш кесуге рұқсат беретін маман пенде болғаннан кейін, ол мейлі эколог болсын, орманшы болсын, оның бармақ басты, көз қыстылыққа бармасына кім кепіл? Сондықтан бұл жерде мәселе ағаш кесуге рұқсат беретін қай министрлік екенінде емес, мамандардың жауапкершілігінде. Сол себепті біз мамандарға алдымен жағдай жасап, одан кейін олардың жауапкершілігін арттырып, бақылауды күшейтуіміз қажет. Ертеңгі күні заңсыз ағашты кесуге рұқсат берсе, тағы басқа келеңсіздіктерге жол берсе, қатаң жаза қолдануымыз керек. Сонда ғана мұндай әрекеттер тыйылатын болады.
Ал Ақмоланың Шортанды ауданына қарасты Бектау ауылындағы қайыңды ормандағы дау негізсіз туындаған. Ол жақта жас қайыңдарды ешкім кескен жоқ. Тек 50 жастан асқан кәрі ағаштар ғана қырқылған. Ондай ағаштарды кеспеске болмайды, өйткені олардың түбі шіріп, құлап қалуы мүмкін. Оның үстіне, онда кәрі қайыңдарды кескен кәсіпкер орнына жас талдарды екті. Бұл туралы бізге жергілікті тұрғындар арыз жазған болатын. Біз оны арнайы тексеріп, зерттеу жүргіздік. Барлығы заң бойынша орындалған. Бірден айтайын, жас қайыңды кескен фактілер бізде әлі кездескен жоқ. Жоғарыдағы негізсіз туындаған келеңсіздіктен кейін кейбіреулер «ормандағы ағаштарды санитарлық кесуге рұқсат құзыретін экологтарға беру керек» деген мәселе көтерді. Алайда мен бұған қарсымын.
Тағы да қайталап айтамын, бұл жерде ең бірінші адами фактор рөл ойнайды. Жауапты маманның сыбайластыққа жол бермеуін санасына сіңіруіміз керек, жемқорлыққа бару деген психологиядан арылту қажет, сонда ғана бұл мәселе өздігінен шешіледі.
Бейтарап пікір
Кәрібай ТАСШАБАЕВ, заңгер:
– Негізі, мұның барлығын заңдық тұрғыдан қарау керек. Қандай жағдай болмасын, жұртшылық заңға бағынып, оны орындауы қажет. Заңның орындалуы дұрыс жүзеге аспайынша, сыбайластық та, жемқорлық та, парақорлық та орын ала беретін болады. Бұл жерде мәселе орман кесуге рұқсат беру қай министрліктің қарамағында болғанда емес, заңға бағынбаудан, оны орындамаудан туындап отыр. Сондықтан көпшіліктің құқықтық мәдениетін көтеріп, заңды сыйлай, құрметтей білуіміз керек. Мәселен, Қытайда бір заң шықты ма, ол міндетті түрде орындалады. Егер оны бұзса, қатаң жазалайды. Ал бізде заң бұзған адам жұмыстан шыққанымен, көп ұзамай келесі бір жұмысты істей береді. Бұл жерде халықтың барлығын заң талабын орындауға үгіттеу қажет.