Мүгедектердің зейнеткерлікке шығу жасын төмендету керек пе?

Мүгедектердің зейнеткерлікке шығу жасын төмендету керек пе?

Мәжіліс депутаты Тито Сыздықов мүгедектерді зейнетке бүгінгі күні қабылданған нормадан сегіз жыл бұрын шығару туралы ұсынысын Премьер-министрдің атына депутаттық са­уал ретінде жолдады. Мәжілісмен еңбек өтілі жетіп тұрған І, ІІ топтағы мүгедектерді мезгілінен бұрын зейнетке шығару қажеттігін айта отырып: «Ер-азаматтар – жасы 55-ке, әйелдер 50-ге толғанда зейнеткерлікке шықса дұрыс болар еді. Өйткені мүгедектердің алатын жәрдемақысы коммуналдық төлемдер мен дәрі-дәрмектерінен ауыспайды», – дейді. Депутаттың ұсынысы бүгінде қоғамның қызу талқысына түсуде. Сондықтан екі тараптың пікіріне құлақ түрген едік...

Әлима БЕЙСЕНБАЕВА, «Шырақ» мүгедек әйелдер қауымдастығы төрайымының орынбасары:
Иә

– Тито Сыздықов мырзаның бұл ұсыны­сын толығымен құптаймын. Шыны керек, бұл еліміздегі әрбір мүгедектің көңіл түкпі­рін­дегі арманы деуге болады. Сондықтан Мә­жіліс депутатының ұсынысы тиісті орын­дар тарапынан қолдау тапса, талай мү­гедектің арманының орындалуына жол ашы­лар еді. Айта кетер жайт, Тито Сыз­дық­ов мырза еңбек өтілі жетіп тұрған І, ІІ топтағы мүгедектерді мезгілінен бұрын зей­нетке шығару қажеттігі жайлы ұсыныс ай­тып отыр. Алайда бұл ұсынысқа бөле-жар­май, ІІІ топтағы мүгедектерді де мер­зімі­нен бұрын зейнетке шығару қа­жеттілігі жайлы ұсынысты да қоса айту керек. Өйт­кені қоғамымызда мүгедектерді жұмыс­пен қамтамасыз ететін мекемелер мүлдем жоқтың қасы. 
Ал алған әлеуметтік жәрдемақысы басына тартса, аяғына жетпей жатады. Осы ІІІ топтағы мүгедектердің де жетісіп жүргені шамалы деп айта аламын. Мүге­дектерге пәтерақысына, коммуналдық төлемдеріне, ішер тамағына, киетін киімі­не, тіпті дәрі-дәрмегіне шейін кішкентай жәрдемақысын тартқыштауға тура келеді. Сондықтан мүгедектерге қатысты зейнет­ақылық реформа қайта қаралуы тиіс.
Атап айта кетер жайт, тумысынан мүгедек жандар онсыз да зейнеткерлік жасына жете бермейді. Яғни зейнеткерлікке шығып үлгере алмай өмірімен қоштасып жатады. Осы орайда мүгедектер үшін 63 немесе 58 жаста зейнеткерлікке шығу мүмкін емес екені онсыз да түсінікті. Ендеше, мүгедектердің зейнеткерлікке шығу жасын сонша созудың не керегі бар? Шыны керек, бүгінгі күні мүгедектердің жәрдемақысы өзіне де жетпейді. Мәселен, мен І топтағы мүгедекпін. Алатын жәр­дема­қым – 24 мың теңге. Бұл жәрдемақы коммуналдық төлемдер мен ішіп-жемнен ауыспайды. Сонда мен қай қаржыға киініп, дәрі-дәрмек сатып алуым керек. Күнделікті тіршілікте кездесетін басқа да шығындарды есептемегенде бұл қаржының жеткіліксіздігі онсыз да түсінікті. Сондықтан зейнеткер­лікке шығу жасын төмендетудің маңызы зор.
Айта кетер жайт, Мәжіліс депутаты мүгедектердің еңбек өтілін есептей оты­рып, зейнеткерлікке шығару жайлы ұсыныс айтты. Ал мүгедектерді кез келген меке­менің жұмысқа алмайтыны белгілі. Ендеше мүгедек зейнеткерлікке қай еңбек өтілі арқылы шығады? Сондай-ақ жұмыс істеген күннің өзінде мүгедектердің салықтан босатылуына орай зейнетақы жарнасы аударылмайды. Сонда мені 24 мың теңге әлеуметтік жәрдемақыммен зей­нетке шығара ма? Осы орайда зейнет­ақылық жарнаның аударылмауына байла­нысты жұмыс істеген кездегі жалақым ескерілмей қала ма деген қорқыныш та жоқ емес. Яғни мұның өзі күрделі мәселе болып тұр. Сондықтан тиісті орындар мүге­дектердің мүддесіне сай дұрыс шешім шығармаса, бүгінгі күні олардың мәселесі толықтай тасада қалып отыр деп ойлай­мын.  

Жұлдыз АЙТБАЕВА, «Бауыржан» жеке қайырымдылық қорының президенті:
Жоқ

– Меніңше, мүгедектердің зейнеткерлікке шығу жасын төмендету олардың ең басты мәселесі емес. Мәселен, біз оларды өз­де­рінің мүмкіндіктеріне сай, жұмыспен қам­тамасыз ететін болсақ, олар мемлекеттен жәрдемақысын өсіруді де, зейнеткерлікке ертерек шығаруды да сұрамас еді. Өйткені олар мүгедек болғанымен, өмірге деген құлшыныстары жоғары, еңбек етуге деген қабілеттері де ерекше болып келеді. Біреуге қол жайып, телміріп отырғаннан гөрі, ешкімге салмағын салмай, өз жыр­тығын өзі бүтіндегенді, өз нанын өзі тауып жегенді артық көреді. «Мүгедек» деп кемсіткенді ұнатпайды. Ал біз олардың қоғамда орны бар жандар екенін сездіртетіндей мүм­кіндік беріп, жұмыспен қамтамасыз етіп, қоғамда өз орны бар жандар екенін білдіретіндей мүмкіншілік жасай алмай отырмыз.
Мүгедектердің барлығы дерлік үйле­рінен шыға бермейді. Оларды жұмыспен қамтамасыз ететіндей мүмкіндік мүлдем жасалмаған. Қоғам да олардың мәселесіне көз жұма қарайды. Мәселен, олар көңілде­рін бөліп, кинотеатр мен театрларға, мәде­ни орындарға бару үшін жағдай жасал­маған. Мұндай маңызды нысандарда мүгедектерге арналып пандус жолдар салын­баған. Тіпті олардың қоғамдық кө­лік­пен қамтамасыз етілуі де қоғамда мүлдем сөз болмайды. Сондықтан біз мүгедек жандарды көшеден өте сирек кездестіреміз. Тіпті көшеге шығуына жағдай жасалмаған соң, олар бүк түсіп үйлерінде жатуға мәжбүр. Тіпті алыс жолға сапар шегуі үшін пойыздарда да емін-еркін кіріп-шығуы үшін арнайы орындар ескеріл­меген. Кейбір мүгедектердің арбасы пойыз есігінен сыймай қалып, бірнеше тәулік бойына пойыздың тамбурында келгені жайлы да естіп, біліп жатырмыз. Мұның барлығы мүгедектің өзін толыққанды адам сезінуі үшін кедергі келтіреді. Сондықтан біз мүмкіндігінше олардың өзін кем сезінуі­не жол бермейтіндей жағдай жасауымыз керек. Мәселен, кез келген мекемеге пандус жолдар салынса, олар үйлерінде қамалып, өздерін басқалардан кем сезініп жатпас еді. Тіпті жұмыспен қамтамасыз ету арқылы олардың өздері жайлы сондай пессимистік ойға берілуіне мүмкіндік бермес едік. Сондықтан олардың толықтай жұмыспен қамтылуына, еліне еңбек етуіне назар аударуымыз тиіс. Біз олардың құқын қорғап, басқа он екі мүшесі тең адамдай өмір сүруіне жағдай жасаудың орнына кеміткен үстіне кемітіп, зейнеткерлік жасына ерте шығару жайлы неге әңгіме қозғаймыз? Неге одан гөрі зейнеткерлікке дейін өмір сүруіне тиімді жағдай жасап, қоғам­ға бейімделуге мүмкіндік туғызбай­мыз?!  Осы тұрғыдан келгенде, мүгедектер үшін маңыздысы зейнетақы емес, өмір сүруге бейімдеу дер едім.
Меніңше, бүгінгі күні жұмыспен қамти да алмай отырған мүгедектерді зейнеткер­лікке шығару жайлы әңгіме қозғаудың өзі күлкілі. Өмір бойына жұмыс істей алмаса, сонда олар қай еңбек өтілімен зейнетке шығады? Сондықтан мүгедектерді ертерек зейнеткерлікке шығару жайлы мәселеден гөрі, жұмыспен қамту, емін-еркін жүріп тұруын қамтамасыз ету жайлы мәселе күрделірек деп санаймын.

Бейтарап пікір
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
Мәжіліс депутаты:
Мүгедектердің зейнеткерлікке шығу жасын төмендету – жақсы бастама. Дегенмен І, ІІ, ІІІ топтағы мүгедектердің барлығының мүмкіншілігі бірдей емес. Бәлкім, сондықтан, әр топтағы мүгедектердің зейнеткерлікке шығу жасын әртүрлі қылып белгілеген дұрыс шығар. Өйткені көп жағдайда ІІІ топтағы мүгедек қосымша жұмыс істей алады, ал І топтағы мүгедек көбінесе еңбекке жарамдылық таныта алмайды. Сондықтан, оларды жікке бөле отырып, зейнеткерлікке шығу жасын белгілесек орынды болар еді.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста